Басты  /  мақалалар  /  Қылмыскерлер қайда жүрсе де жазасын алады

Қылмыскерлер қайда жүрсе де жазасын алады

Қайыржан ТӨРЕЖАН
1505
Қылмыскерлер қайда жүрсе де жазасын алады Қазіргі кезде Қазақстанда қылмыс жасап шетелге қашып кеткен адамдарды қайтару бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бұл бағыттағы қылмыспен күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – қылмыс жасауға күдікті немесе айыпты, сондай-ақ өзге елде жасырынып жүрген және сот төрелігінен қашып құтылуға тырысатын адамдарды экстрадициялау болып табылады. 

Бас прокуратурадағы Халық­аралық ынтымақтастық департамен­тінің бастығы Сергей Досполовтың айтуынша, былтырғы жылдың жел­тоқсан айында, 1993 жылғы Қылмыс­тық жазаны шетелде өтеудің амери­ка­аралық конвенциясына қо­­­сы­­луы­­­мызға байланысты, Қазақ­стан­­ға Америка құрлығында жазасын өтеп жатқан азаматтарымызды ауда­рып алу мүмкіндігі туды. Мысалға, қазір АҚШ-та әртүрлі мерзімге сотталған екі азаматымызды әкелу бойынша жұмыс нәтижелі аяқталды. Өткен 5 жылда іздеуде жүрген 349 адам Қазақстанға жеткізіліпті, ал қазір 100-ден астам сұрау шетелдің құзырлы органдарының қарауында жатыр. Біздің құқық қорғау ор­гандары да қол қусырып қарап отырған жоқ, шет мемлекеттерге біздің республикада жасырынып жүрген 555 қылмыскерді ұстап берді. Ұстап беру туралы біздің сұраулардың көпшілігін бұрынғы кеңестік елдер қанағаттандырады, олар – Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Украина.
– Әрекет етуші 45 екіжақты халықаралық шарттың 23-і соңғы 5 жылда қабылданды (10-ы құқықтық көмек бойынша, 6-ы тапсыру және 7-і сотталғандарды беру бойынша). Тек қана өткен жылы Италия, АҚШ, Монако, Венгрия, Ұлыбритания, Үндістан мемлекеттерімен шарттарға қол қойылды.1993 және 2002 жылғы Азаматтық, отбасылық және қыл­мыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы ТМД конвенциясы, сонымен қатар 1998 жылғы сотталған және бас бостандығынан айы­рылғандарды беру туралы, сондай-ақ 1997 жылғы психикалық аурулармен ауыратындарды беру сияқты көп­жақты халықаралық шарттардың әмбебаптылығы мен тиімділігін ескере отырып, 2015 жылы Бас про­куратураның бастамасымен 1992 жылғы қылмыстық істер бойынша өзара көмек көрсету, 1993 жылғы жазаны шетелде өтеу туралы амери­кааралық конвенциялар ратифи­кацияланды. Осы аталған бағыттар бойынша жұмыстар әрдайым жетіл­дірілуде. Қазірдің өзінде қылмыспен күрес мәселесіне қатысты шетелмен 38 шарт жасасу туралы келіссөздер жүргізілуде, – дейді Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Сергей Досполов. 
Жүйелі жүргізіліп отырған ша­ралар арқылы Бас прокуратура алыс шетелде қашып жүрген қылмыс­керлерді сол жақтың құқық қорғау жүйесі арқылы елге қайтарып жатыр. Мысалы, соңғы екі жылдың ішінде Біріккен Араб Әмірліктері Қазақ­станның жасырынып жүрген 8 аза­матын біздің құқық қорғау орган­дарына тапсырған, біздің сұрауымыз бойынша Испанияда, Румынияда, Болгарияда, Германия мен Финлян­дияда қашып жүрген күдіктілер елге жеткізілді. Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қылмыскерлерді ұстап беру туралы 2009 жылғы келісім бойынша жақында БАӘ құзырлы органдары ірі мөлшердегі алаяқтық үшін Алматы қаласының ІІД іздеу жариялаған 28 жасар Николай Капустянскийді ұстап беру туралы Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауын қанағаттандырды.Ка­пустянский 2013 жылы алаяқтық жолмен коммерциялық мекеменің 5 миллионға жуық сомадағы ақшалай қаражатын иемденіп, шетелге қашып кеткен болатын. Жақында Бас про­куратура мен ішкі істер органда­рының қызметкерлері Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің қол­дауымен Н.Капустянскийді қыл­мыстық жауапкершілікке тарту үшін экстрадициялады. Қазіргі уақытта Н.Капустянский Астана қаласының тергеу изоляторына қамауда отыр. Осы кезде жазаның сөзсіз орындалу қағидасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстанда қылмыс жасап, өз елдерінде жасырынып жүрген қылмыскерлерге қатысты 422 қыл­мыстық іс жіберіліп, жауаптарын тосып жатыр. 
Тек қана 2011 мен 2015 жылдар арасында прокуратура органдары 14 мыңнан астам құқықтық көмек көрсету, экстрадиция, қылмыстық қудалауды жүзеге асыру, сот­тал­ғандарды тапсыру және де оларды Қазақстан аумағымен транзиттік жолмен алып өту туралы сұра­ныстарды қарады. Мұндай сұраулар жыл сайын артып келе жатыр. Өткен бес жыл кезеңінде Қазақстан біздің 152 азаматты қабылдады. 2015 жыл­дың тамыз айынан бері Қытайдан тоғыз жерлесіміз қабылданды, тағы да екеуін жақын арада күтудеміз. Мысалы, наурыз айында қытайлық тарап 42 жасар Алматы тұрғыны Маранди деген азаматты жазасын әрі қарай өтеу үшін бізге берді. Ол 2003 жылы Үрімшіде адам өлтіру айыбы бойынша ұсталған. 2004 жылы Қытай сотымен өмір бойы бас бостанды­ғынан айырылып, кейін жаза мерзімі қысқартылды. Ол жазасын Үрімші түрмесінде өтеп жатқан болатын. Осы уақыт ішінде бізде сотталған 265 шетел азаматы өз елдеріне беріліпті, сөйтіп, оларды ұстау үшін жұмса­латын 375 млн теңге шығындалмай, Қа­зақстан бюджетін үнемдеді. 
– Біз халықаралық ынтымақ­тастықты Конституцияға, халық­аралық шарттарға, Қазақстанның Қылмыстық-процессуалдық кодексіне және заңдарына сай жүзеге асырамыз. Біріншіден – ол қыл­мыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету, экстрадиция, қылмыстық қудалауды жүргізу, сон­дай-ақ халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу. Екіншіден – Қазақстанның халықаралық шарттарды қабылдауы, орындауы мен күшін жоюының заңдылығын қадағалау, құқық қорғау органда­рының қылмыспен күрес мәселелері бойынша халықаралық ынтымақ­тастық әрекеттерінің тиімділігін арттыру мен үйлестіру. Сондай-ақ біз қылмыспен күрес мәселелері бойынша халықаралық-құқықтық базаны кеңейту және жетілдіру, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, соның ішінде қылмыстық сот өндірісі саласындағы екіжақты халықаралық шарттарды жасау және көпжақты халықаралық шарттарға қосылу бойынша жұмыс істейміз. Шетелмен қылмыспен күрес жөніндегі ынтымақтастықты реттеу мақсатында жыл сайын он­даған халықаралық шаралар ұйым­дастырылып, өткізіледі, мысалы, 2015 жылы 52 кездесу өтті. Олардың ішіндегі маңыздысы ретінде Астанада 2015 жылғы тамызда өткен ШЫҰ мүше-мемлекеттерінің бас прокурорларының 13-отырысы және ТМД елдерінің бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің 25-отырысын айтуға болады. Аталған оты­рыс­тардың нәтижесі бойынша әртүрлі қылмыстармен, оның ішінде тер­роризммен және есірткі қылмыс­та­рымен күрес жөніндегі маңызды шешімдер қабылданды. Былтырғы жылдың қыркүйегінде экстремизм мен терроризмге қарсы іс-кимыл форумы өткізілді, – дейді Бас прокуратураның Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Сергей Досполов.