Басты  /  мақалалар  /  «МЕЛОМЕННІҢ» МАҚСАТЫ – АЙҚЫН, АРМАНЫ – БИІК

«МЕЛОМЕННІҢ» МАҚСАТЫ – АЙҚЫН, АРМАНЫ – БИІК

Айқын-ақпарат
2152
«МЕЛОМЕННІҢ» МАҚСАТЫ – АЙҚЫН, АРМАНЫ – БИІК Ең алғаш «О Махаббат», «Арман шағала», «Келеді кездескім» сияқты хит әнде­рімен танылған «Меломен» тобы бүгінде көптің сүйіспен­шілігіне айналған.

Бұл топты 2007 жылы сах­наға белгілі композитор Бауыр­жан Есебаев алып шыққан болатын. Содан бастап, халық­тың көзайымына айналды. Биыл «Меломен» тобы 7 жасқа толып отыр екен. Сондай-ақ топ­тың тыңдармандарға да­йындаған жаңалықтары көп. 

– Жақында «Наурыздың 7 дәмі», «Меломеннің 7 әні» деп жаңа 7 ән шықты. «Меломен – 7» деген нені білдіреді? 
– Қайрат: Жалпы, жеті – қа­сиетті сан. Мысалы, қазақта жеті қарақ­шы, жеті қазына деген бар емес пе? Қасиеттің көбі жеті санынан тұрады. Сондай-ақ тек қазақ жұрты емес, мұсылман халқы той­лайтын Наурыз мерекесі бар. Сол мерекеге орай наурызкөже тағайындалады. Оған, әрине, жеті дәм қосылады. Біз сол қасиетті санға сәйкестендіріп, «Наурыздың 7 дәмі», «Меломеннің 7 әні» деп алуды жөн көрдік. Сонымен қатар биыл біздің тобымызға 7 жыл толды. 
– Жігер: Әз Наурыз – әр қазақ­тың сағына күтетін мейрамы. Бұл мереке өзімен бірге жаңа жылды ғана алып келмей, сонымен бірге тоқтықты, татулықты, бірлік пен берекені қатар әкеледі. Наурыз мерекесіне орай халыққа тосын­сый жасауды жөн санадық. Сөйтіп, наурызкөжемен байланыстырып «жеті дәм», «жеті ән» деп атадық. Бұл да біздің тыңдармандарымызға дайындаған «көжеміз» десек, артық айтқандық емес. Жалпы айтқанда, «Меломен» тобының наурыз меркесіне арнап дайын­даған тосынсыйы.
–Неге бірден жеті ән шықты? Бұл кімнің идеясы?
– Ғабит: Бұл, әрине, Бауыржан Есебаевтың идеясы. Сол кісінің қолдауымен туындаған дүние. 
–Топтың құрылғанына жеті жыл болды. «Меломеннің» көпші­лікке ұсынар сыйы қандай?
– Қайрат: Алда көптеген жос­пар­ла­рымыз бар. Мәселен, респуб­ликаны гастрольдік сапармен аралағымыз келеді. Алла бұйыртса, Республика сарайында күз айла­рының бірінде жеке шығарма­шылық кеш өткізу жоспарымызда бар. Бұл біздің Алматы қаласын­дағы ең алғашқы жеке шығарма­шылық кешіміз болмақ. Сәті түссе, Астана қаласына да кеш беру ойда бар. Сонымен қатар жақында «Бота-Бота» әніне бейнебаян түсір­дік. Әні – Бауыржан Есебаев­тікі, сөзін Қайрат Бисембаев жазды. Біздіңше, бейнебаян ойдағыдай шықты. Бірақ бағасын көрермен береді. Егер көпшіліктің көңілінен шығып жатса, ол біз үшін үлкен мәртебе. Жақында «Лау­лай­мын» атты әнге бейнебаян түсірмекпіз. Сонымен бірге «Сүй­генім бол» атты жаңа альбомызды ұсынамыз. 
– Қазір эстрада жұлдыздары инстаграм желісінде байқау жа­риялауды әдетке айналдырып алды. Бәйгені жариялаудағы мақсат­тарыңыз қандай?
– Жігер: Байқауды жариялау­да­ғы мақсатымыз – көптің пікіріне құлақ түру. «Ел іші өнер кеніші» демей ме, елде жүрген өнерлі жандардың идеясы болса, сонымен бөлісу. Baistars.kz сайтымен қосы­лып бәйге жариялаған болатынбыз. Шүкіршілік, барша тыңдарман, көрермендер атсалысып, екі жүз­ден астам пікірлер келіп түсті. Бай­қауда жеті әнге де жоғары дауыс жинадық. Байқаудың қорытын­дысы бойынша, үш әнге бейнебаян түсіретін болдық. Сол байқауда келіп түскен идеялардың арасынан ең тұшымды идея білдірген ав­тор­ды жеңімпаз етіп жарияла­дық.
– Естуімізше, ол идеяны сатып алыпсыздар. Құпия болмаса, қанша қаржы төледіңіздер? 
–Ол жерде біз тек тыңдарман­дардан идея сатып алдық. Ал оның сценарийін продюсеріміз жазды. Жүзден астам идея айтылды. Бірақ соның ішінде біреуін ғана таңдап алдық. Ал оған қанша қаржы төлегеніміз құпия болып қалсын. 
– Осылай байқау жариялаудың сыры бар ма? 
Қайрат Әшімханұлы, «Ме­ло­мен» тобының арт-директоры: 
– Бұл жігіттердің идеясы бітіп қалды деген сөз емес. Әрине, идея көп. Бірақ көптің пікірі бөлек ғой. Жақсы дүние ай­тылып жатса, ол көкейімізге қонып жатса, неге таңдап алмасқа?
– Бұған дейін продюсер бол­мапты. Жалпы, продюсерсіз жұмыс істеу мүмкін бе?
– Ғабит: Негізі, әр функция өзінің қызметін атқарғаны дұрыс екен. Продюсердің атқаратын қызметі бөлек, ал әншінің жұмысы басынан асып жатыр. Мысалы, әнші би мен вокаль жағымен айналысады. Сахна қозғалысы деген сияқты ізденістер үстінде жүреді. Продюсер қаржыны құйып қана қоймайды. Ол топтың дамуына көмек жасайды. Сондай-ақ концерттік, гострольдік сапар­ларын ұйымдастырады. Той-томалақ мәселелерімен де ай­на­лысады. Сол секілді продю­сердің атқаратын қызметі көп. Мысалы, кейбір жағдайда кез келген адаммен контактке шыға алмаймыз. Яғни келісімге келу, белгілі азаматтармен сөйлесу дегендей. Жалпы, басшы болған дұрыс. Хадисте Пайғамбарымыз «Сапарға шыққан екі адам болса, біреуін басшы етіп сайлаңдар» деп жазылған. Біз енді үлкен сапарда жүрміз деп есептейміз. Өнер саласы болғандықтан бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұн­да төрт жігіт жұмыс істейді. Өзі­міздің арамыздан басшы сай­ла­мауды жөн көрдік. Себебі өзі­міз­ден жасы үлкен бізді басқаратын, білікті, білімді кісі болған дұрыс.
– Осы уақытқа дейін Бауыржан Есебаев ешқандай топқа продюсер болмаған. Неге қалауларыңыз Есебаевқа түсті? 
– Қайрат: Бұрынғы продю­серіміз – Жанна Әбуова. Ол кезде де Бауыржан Есебаевпен қарым-қатынасымыз дұрыс болды. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада цирк коледжінде байқау жарияланды. Сол байқауда біз өнер көрсеттік. Сол кезде Бауыржан Есебаев біздің топты ұнатып қа­лыпты. Сөйтіп, ол кісімен бір жыл көлемінде бірге жұмыс істедік. Кейін арамыз ажырап кетті. Жанна Әбуовадан кеткен соң, шығарма­шылығымызбен өзіміз айналыс­тық. Сондай күндердің бірінде Бауыржан ағамен кездесудің сәті түсті. Ол кісі бізге жаңа әндерін ұсынды. Арамызда қайтадан тығыз шығармашылық байланыс орнай бастады. Ол кісі өнердің нағыз жана­шыры. Кейін біз оған «продю­сер болыңыз» деген ұсыныс тас­тадық. Аға ойлана келе, ұсынысы­мызды қабыл алды. Қазір бірге жұмыс істеп келеміз. 
– «Сүйгенім бол» жинағы жа­рыққа шықпақ. Бұл жинақтың ұсынар сыйы қандай? 
– Роллан: Жалпы, өнердегі бас­ты көздеген нәрсе хит болу. Әрбір саланың өзінің бір лидері болуы қажет. Сондықтан барлық әншіден асып түсеміз деген мақсат жоқ. Ең бастысы, орындаған әніміз көптің көңілінен шығып, елдің ықы­ласына бөленсе болғаны. 
– Он бес әннің бәрі көпке ұна­уы мүмкін бе?
– Роллан: Мүмкін емес. Бірақ ән­нің хит болғаны жақсы. Сол үшін қолымыздан келгенінше, жұмыс істеудеміз. Рас, кейде көп­шіліктің талғамын түсіне алмайтын сәттер болады. Көптің көңілінен шыға­ды-ау деген әнің емес, керісінше, бас­қа бір әнің хит болуы мүмкін. 
– Ғабит: Альбом 15 жаңа әннен тұрады. Ал жазылмай тұрған қан­шама әндеріміз бар. Бұйыртса, ол әндерді де жазу ойымызда бар. Бұл әндердің көпшілігінің авторы – Бауыржан Есебаев. Сөзін Махаббат Бигелдиев жазған. 
– Жігер: Осыған дейін тың­дар­манда­рымызға 7 ән тарту еткенбіз. Жеті хит әнді жібердік. Біз шоу-бизнеске есігін жай ашып, сығалап тұру үшін кел­медік. Қолымыздан келгенше, Алланың берген талан­тын көр­сетсек дейміз. Бойымызда күш-қуат барда соны пайдалан­ғымыз келеді. Тың идеялар мен тосын­сый жасауымыз да қажет.
–«Меломен» тобы репертуар­сыз қалды» деген де пікірлер айтылды. Оның бір ұшы бұрынғы продюсерге тірелмей ме?
– Жігер: Өкінішке қарай, бұ­рынғы әндерімізді айтуға тыйым салғаны рас. Бірақ ол кісі одан кейін артық әрекетке барған жоқ. Сол күйінде жабулы қазан жабулы қалды. Алда не боларын білмей­міз. Бірақ бізді қинайтын нәрсе – ол тыңдармандарымыз. Кейде көп­шілік біздің танымал әнде­рімізді орындап беруімізді өтініп сұрайды. Сондай сәттерде не деп жауап қайырарымызды білмей­мін. Жа­қын арада Қытайдың Оң қаласына іссапарға барамыз. Онда Алтынбек Қоразбаев ағамызбен бірлесіп «Әке мен бала» атты шығарма­шылық кеш өткізбекпіз. 
– Роллан: Бірақ біздің Жанна ха­нымға рақметтен басқа айта­рымыз жоқ. Ол кісінің еңбегі орасан зор. Ол кісімен еңбек еткен кездегі әндердің барлығы хит болды. Оның әндерге тыйым салуға да құқығы бар. Бірақ нақты ештеңе айтылған жоқ. 
– Бауыржан Есебаев «Меломен» тобына «Сүйгенім бол» әнін тарту еткен еді. Көп ұзамай қырғыз аға­йын­дар құда түсіпті. Қазір бұл әннің қырғызша нұсқасы орындалып жүр ме?
– Жігер: Ол рас. Жақында қырғыз ағайындарымызда жаңа­дан топ құрылыпты. Олар өздерінің продюсерлерімен ақылдаса келе, біздің «Сүйгенім бол» әнімізді сұрады. Ұялы телефонымызды қайдан алғандарын да білмейміз. «Сүйгенім бол» әні қазір қырғыз елінде хит болып жатыр екен. Бұл ән тек қырғыз елінде ғана танымал емес, сонымен қатар Татарстанда да орындалып жүр. Бұл мәселені продюсеріміз шешеді.
– «Меломон» тобы кімді үлгі тұтып, кімнен ғибрат алады?
– Жігер: Біз барлық жақсы адам­дарды үлгі тұтамыз. Көбісінен ғибрат алып қалуға тырысамыз. Жаман адамды жаман деп дат­тамаймыз.
– Қайырымдылық кештер жиі болып тұра ма?
– Роллан: Қазіргі уақытта тек шығармашылықпен айналысып жүргендіктен, оған көп көңіл бөліп жүрген жоқпыз. Өйткені уақыт тапшы болып тұр. Әрине, қайы­рымдылық шаралардың барлы­ғында атсалып жүрміз. 
– Ғабит: Негізінде, қайырым­дылықты жариялаудың өзі ың­ғайсыз. Пайғамбарымыздың хади­сінде: «Оң қолын бергенді сол қолын көрмесін» деген бар. Сон­дықтан мұндайды құпия ұстаған жөн. 
– Жігер: Садақа деген ислам діні бойынша, қайырымдылық мақ­сатында мұқтаж адамдарға бері­летін ақшалай немесе заттай көмек. Жолыңды кес-кестеп тұр­ған жаманшылықтан сақтайды. Кейде істерің жүрмей жататын сәттер болады. Сондай кездерде тек әніңмен қуантып қайтсаң да, арты берекелі болып жатқанын байқап қаласың.
– Өткен жыл сіздерді несі­мен қуантты? Ал биылғы жылдан не күтесіздер? 
– Қайрат: Биылғы жыл Аллаға шүкір, жақсы басталды. Өткен жылдың аяғына таман Бауыржан Есебаевтың «Сүйгенім бол» әніне бейнебаян түсірдік. 
– «Меломен» тобының жігіт­тері фильмге түсіп те үлгерді. Жі­герді «72 сағатта үйлену» фильмінен көріп қалдық. Бұдан өзге қандай жаңа­лықтарыңыз бар?
– Роллан: Топтың жеке фильм түсіру жоспарында бар. Ол қандай фильм болады, әзірге құпия сақталсын.
– Жаңа түсірілген «Бота-Бота» бейнебаянының оқиғасы қалай өрбиді?
– Қайрат Әшімханұлы: Жалпы, бей­небаян үш оқиғадан тұрады. Үш оқиға қатар жүріп жатады. Оқиға желісі Алматының көрікті жер­лерінде түсірілді. Бұл махаббат жайлы бейнебаян. Әзірге, құпия. Алда бұйыртса, жарыққа шыққан соң, көре жатарсыздар. 
– Роллан: Бұл бейнебаян өте қызықты болады. Себебі мұндай бейнебаян еш жерде түсірілмеген. 
– «Меломеннің» көрермен біл­мейтін тағы қандай құпиялары бар? 
– Роллан: Әрбір адамның іштей арманы болады. Ол арман сені биікке жетелейді. Мақсат – мұратқа жеткізеді. Сондықтан біздің де мақсатымыз айқын. Қазір тек жоспарларымызбен тұрақты жұмыс істеп жүрміз. 
– Қайрат Әшімханұлы: Біздің мақсатымыз – әлемді мойындату. Қазақ жігіттері өзге елдің сахна­сында ән айта алатынын көпке дәлелдесек дейміз. Қазақта «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар. Бұл сөз біздің жігіттерімізге де қатысты айтылған деп ойлаймын. Аянбай еңбек етсек, мақсатымызға жетеміз. 

 

 

Әңгімелескен Жадыра Пердебайқызы