Басты  /  мақалалар  /  Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ: АҚИҚАТТЫ АЙТУ ДА АРДЫҢ ІСІ

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ: АҚИҚАТТЫ АЙТУ ДА АРДЫҢ ІСІ

Гүлзина БЕКТАС
2459
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ: АҚИҚАТТЫ АЙТУ ДА АРДЫҢ ІСІ Қазақтың қабырғалы қаламгері Кәдірбек Сегізбайұлының қаламынан туған көркем шығармалар қазақ әдебиетінің жауһарына айналған қымбат қазыналар.

«Ашылмаған сыр», «Қойнаудағы ауыл», «Біз қалада тұрамыз», «Жол», «Беласқан» атты еңбектердің авторы. Әйгілі жеті жетімнің де бүгінде қатары сиреген. Кәдірбек Сегізбайұлы – өткен ғасырдың 60-70-жылдардағы әдебиетке келген буынның ірі өкілдерінің бірі. Қаламгермен әңгімеміз де әдебиет пен ұлттық мүдде тұрғысынан өрбіді. 

– Жеті жетімнің бірі – өзіңіздің до­сыңыз, жазушы Бексұлтан Нұрже­ке­ұлы балалық шағы туралы «Бір өкініш, бір үміт» романын жазды. Сегізбай­ұлының бал балалық шағы туралы біл­гісі келетіндер өте көп. Сауыр тауы­ның үстінде өткен күндерді жиі сағы­насыз ба?
– Балалық шағым Сауыр тауының үстінде өтті. Қойшының баласы болдық. Қазақстанды туған өлкеміз десек, Шы­ғыс Қазақстандағы Зайсан өңірі туған мекенім. Әлі күнге дейін Сауыр тауы­ның үстінде өткен күндерім есімнен кетпейді. Жылына екі рет, тым бол­мағанда бір рет елге барып қайтпасам, көңілім тыншымайды. Кеңес Одағының кезінде жылына бір мәрте әдеби қор қалам­герлерге демалыс орындарына жолдама береді. Басында демалайыншы деп жазылып аламын да, жеме-жемге келгенде, «туған жерден артық жер жоқ шығар» деп елге тартып отырамын. Қозы жайып жүрген кезеңдерімнің бәрі ерекше. Қолымнан Жюль Верннің, тағы басқа белгілі жазушылардың кі­тап­тары түспейді. Қойды өріске қапта­тып жіберіп, тастың үстінде отырып, кітаптың қызығына кірісіп кетемін. Бірде мынадай қызық болған. Әкем: «Балам, басым ауырыңқырап тұр. Кішкене қисайып алайын. Сен қойды Күркеліге қарай еңкейтіп, өзің жотада отыр. Әрі қарай шатқалға түсіп кет­песін» деді. Қойды қайырып, Күркеліге қарай еңкейттім де, өзім жалпақ тастың үстіне жатып алып, кітаптың қызығына түсіп кеткенмін ғой. Қарасам, күн тас төбеден өтіп кетіпті. Қойды қайырайын десем, терең шатқалға түсіп, көлеңкеден шықпайды. Шырылдап жүрмін. Әкем келіп: «Балам, бара ғой. Өзім қайырып аламын. Ана тастың үстінде жатқан кітабыңды ұмытпа» деді. Неден кінәлі болғанымды біліп тұр. 
Сол кездердің бәрі есте. Ол сағыныш бәрібір жүректің бір түкпірінде тұрады. Қазір елде ағайын-туғаннан да көп еш­кім қалған жоқ. Жора-жолдастың көбі басқа жаққа, қайсы бірі келмес сапарға кетіп қалды. Өлең жазуды мен де бала кезден бастадым. Ең алғаш ат бәйгесі туралы «поэма» жазғаным есімде. Ол «поэманы» ешкім оқыған да жоқ. Жо­ғал­ды. Ақын боламыз деп өстік. Ақын боламыз деп, Алматыға асықтық. Мек­тепті бітірген соң, ақындыққа үйрететін жер осы деп, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне құжат тапсырдық. Балы­мыз жетпей, оқуға түсе алмай қалдық. Ол кезде конкурс қатты болады. Екі жыл жұмыс істеп келген баланы кон­курстан тыс қабылдайтын мизам шық­қан. Сол екі жылдан соң филология факультетінің жанындағы журналис­тика бөліміне 25 бала қабылданыппыз. Қарасам, жиырма бестің бәрі ақын. Өңшең мықты ақынды көргенде өзің­нің өлеңдеріңді көрсетуге ұялады екен­сің. «Қой, мен өлең жазуды қояйын» деп, өлеңнен бас тарттым. Бірақ қата­рыңнан қалмау керек. Мақала жазып бастадық. Төртінші курста жүргенімізде марқұм Кәкімжан Қазыбаев бізге очерк жанрынан дәріс берді. «Балалар, сен­дерден емтихан алмаймын. Әрқай­сы­сың болашақ журналиссіңдер. Өздерің ойларыңнан очерк жазып келіңдер» деп тапсырма берді. «Ол. Оның әкесі. Оның баласы» дейтін үш тараудан тұра­тын очерк жазып келдім. Қойшының өмірі туралы жазылған дүние болатын. Кәкімжан аға әлгі очеркімді мақтады. «Жетісудың» редакторы болып қызмет атқаратын кезі. «Жетісуға» қызметке алар едім, оның өрісі тар. Одан да «Ле­нин­шіл жас» газетіне жұмысқа орналас. Шер-ағаңа айтып қойдым» деді. Төр­тін­ші курсты бітірген соң, «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа қабылдандым.
– Ол кездері Оралхан Бөкей жұмыс­қа қабылданып қойып па еді?
– Жоқ. Университеттің үшінші және төртінші курстарында Өскеменге барып, облыстық газеттен өндірістік тәжірибеден өткенмін. Орекеңмен сонда жүріп таныстым. Бірінші жылы Оралхан Қатон Қарағай аудандық газе­тінде жұмыс істейтін кезі. Облыстық газеттен келген кісіге біртүрлі қызыға қарайды ғой. Орекең де сөйтті. «Азған­тай жазған дүниелерім бар еді. Соны облыстық газетке ала кетсең, қайтеді» деді. Оқып қарасам, заулап тұр. Облыс­тық «Коммунизм туы» газеті оны сол жолы-ақ қызметке шақыртып алды. Өзім «Лениншіл жасқа» келгеннен кейін, Орекеңмен хабарласып тұрдық. Жазғандарын жастар газетіне жібере бастады. «Сарыарқаның жаңбыры» деген алғашқы материалы Сұлтан­махмұт Торайғыров туралы тарихи очерк екен. Шер-ағаң оқыды да, бірден «нөмірге» деп қол қойды. Содан мені шақырып алып: «Мына жігітті танисың ба?» деп сұрады. «Жақсы журналист» дедім. Шер-ағаңның көрегендігі мықты еді ғой. Жер-жердегі мықты жігіттердің бәрін редакцияға жинады. Универ­си­тет­те жүрген Ақселеуді, Серік Әбді­­рай­ы­­мовты жұмысқа шақырды. Шым­кенттен Мұхтар Шахановты алдыртты. Фаризаны Атыраудан шақырды. Жиыр­мадан жаңа асқан жігіттер топ­тас­тық. Тұтқабай Иманбеков, Болат Бодаубаев, Әнес Сарай, Оразбек Сәр­сен­баев, т.б. жігіттер еңбек етеді. Біз оларды «шалдар» дейміз. Жастар бөлек бір топ болып кеттік. Серік, Ақселеу, Кәрібай, Оралхан, Қуанышбай бар. Бек­сұлтан комсомолдың Орталық Комитетінде қызмет атқарады. Бізге бастық. Орекең марқұм бір күні жетеу­міз бірге тұрсақ қалжыңдап: «Әй, жеті жетім» дегені. Содан бастап, біреуінің әкесі, біреуінің шешесі болса да, сүйеу­шісі, демеушісі жоқ, тек өз күштеріне сенген рухани жетімдерге «жеті жетім» деген сөз қалыптасып кетті. Өкінішке қарай, жеті жетімнен ошақтың үш бұтындай болп үшеуміз ғана қалдық. Алдымен Орекең кетті. Кәрібай, Ақсе­леу, Серік кетті. Тіршілігімізде ең бақыт­ты кездеріміз дейтін сәттер – сол «Лениншіл жастағы» күндер. Бәріміз пәтерде тұрдық. Бір-біріміздің пәтерле­рімізді араларап, қыдырып жүруші едік. Қазір де сол қимас күндерді жиі еске алып отырамыз. Біздің бүгінгі міндетіміз – солар туралы есті сөз айту, естен шығармау сияқты болып тұрады. Оның бәрі ұмытылмайтын кезеңдер еді ғой. Үшеуміздің жетімсіреп қалғанымыз анық. Әке мен шешеден айырылу бір бөлек те, шын достарыңнан айрылу деген ең қиыны екен. Қарттар баяғыда: «Қатарыңды сиретпесін» деп жиі ай­ту­шы еді. Сол сөздің мәнін енді ұққан­дай­мыз. Өмірде талай-талай ащы-тұшыны бірдей көріппіз. Жаңа жоғарыда пәтер­де тұрғанымызды бекер айтқан жоқ­пын. Алты жыл пәтерде тұрдым. Он шақ­ты жыл пәтерде жүргендер де болды.
– «Біз қалада тұрамыз» деген шы­ғар­маңыз сол күндердің нақты елесі емес пе? Алайда бұл еңбегіңізде пәтер иесінің тағдырын көбірек суреттеген сияқтысыз. Неге?
– «Қалада тұрамыз. Неменеге жеті­сіп жүрміз?» деген әңгіме ғой. Шығар­маның негізгі желісі де осы. Өз басы­мыз­дағы халді пәтер иесі арқылы көр­сету. «Біз қалада тұрамыз» деп айт­қа­нымызбен, қиындықты көп көрдік. Бірде көшеде жаяу пәтер іздеп жүрге­німде, орыстың бір мыжырайған кем­пірінің ағаштың үлкен қуысын көр­сетіп, «Әне, саған керекті пәтер. Осы ағаштың қуысына келіп тұр. Бұларға қала неге керек екен?!» дегені. Жүре­гіме біреу ине сұғып алғандай болды. Әлі күнге сол кемпірдің айтқан сөзі ұмытылмайды. Кейін баспагерлерге арналып, қазіргі «Достық» даңғылынан 72 пәтерлі үй салынды. Сол үйді де тамыр-таныстықпен алмақ болғандар көбейіп, дәметіп жүрген біз құр қалатын түріміз бар. Редакторымыз – Сейдах­мет Бердіқұлов. Жиырма шақты адам­ның өтінішін ескермей, редакцияға бір ғана пәтер бөлініпті. Дәл сол кезде Мәскеуде партияның 24-съезі өтіп жатқан. Барлығымыз жиылып, съезге телеграмма салдық. «Партия съезінің шешімдерін жүзеге асыруға күш-қай­ра­тымызды аямаймыз» дегенді айта келіп, түгелге жуық үйсіз-күйсіз екені­міз­ді сөз соңында жазғанбыз. Бұл теле­грам­ма Орталық комитеттегілерді біраз абыр-сабыр қылды. Алдымен Сейд-ағаң­­­ды шақырып алып, қысты. Соған қара­мастан, жоғарыдағылар арызымыз­ды ескеріп, алты пәтер берді. Сөйтіп, бір қора адам бір бөлмеге әзер қол жет­кіз­дік. Осының бәрі де тіршіліктің шы­ғар­­маға айналған түйткілдері болатын. 
– «Қалай жазушы болдыңыз?» де­ген сауал қаламгерге көп қойылатыны рас. Дегенмен, сіздің журналист-бас­пагерліктен барып, жазушылыққа бет бұрғаныңызды жақсы білеміз. Мұның бәрі жазуға жасалған баспалдақтар бол­ды ма?
– Оның рас. «Қалай жазушы бол­дың?» деген сауал көкейде көп тұрады. Журналистиканың қазанында «қай­нап» жүре беруіміз мүмкін еді. Бірақ қасың­дағы азаматтар көркем дүниеге бет бұ­рып жатқан кезде, сен де мойын бұрмай тұрмайды екенсің. Оралханның әңгі­мелері шыға бастады. Болған оқи­ғаның ізімен «Ашылмаған сыр» деген алғашқы әңгімемді жазып, редактордың орын­басары марқұм Қалдарбек Найман­баевқа әкеліп бердім. Ол кісі оқып шы­ғып, біраз өңдеп, қысқартып, газетке берді. Сол алғашқы әңгіме маған әде­биетке жол ашты. 
– Оралхан ағамен екеуіңіздің бір­дей бура туралы әңгімелеріңіз бар. «Балабура» атты әңгімеңіздің жазы­луы­на Оралхан Бөкей себепкер болып­ты деген әңгіме естідік. Рас па?
– Хрущевтің заманында түйе атаулыға жаудай тиген кезең болды. Мәуітхан дейтін шал түйенің тұқымын сақтап қалайық  деген оймен бір бураны ешкімге бермей алып қалыпты. Сол кісі бурамен тұз артып келе жатқан кезде, оны таяғымен бір ұрса керек. Киелі жа­нуар ашуланып, тасып жатқан өзенге түсіп кетеді. Қария түйесінен айырылып қалады. Тасыған өзен бураны жабағы құрлы көрмей ала жөнеледі. Етекке ба­рып, өлігі шықты ма деп қараса, жоқ. Содан екі ай іздеп, бураның денесін таба алмайды. Елу екі күн дегенде, өзен­нің тасуы басылып, салынды айдап жүр­гендер биіктегі текшеге тығылып қалған бураны көреді. Сөйтсе, шала жансар, құр сүлдері қалған. Мәуітхан біраз жігіттерді жинап алып, төрт жігітпен арқанмен салбыратып, жерге түсіреді. Сонда түйенің бойында әлі жа­ны бар екен. Аяқтары денеге жабысып қалған. Құр теріге қапталған сүйек, ба­сына көлеңке тігіп, жоңышқаның ба­сын суға езіп беріп, ауру күткендей бақ­ты. Екі айдан кейін ғана түйе орны­нан тұрды. Осы оқиға ойымда жүрді. 
Әріптестеріміздің бірі үйленіп, соның тойында Оралханға осы әңгімені айтып бердім. Орекең: «мынауың қазақ­тың өліп барып, өліп барып аман қалған тағдыры сияқты екен. Жақсы әңгіме болады. Менің «Ақбота» деген әңгімем бар еді. Соған диптихболсын. Мен жазайын» деді. «Әй, саған әңгіме жазсын деп айтып отырған жоқпын. Өзім ойымда қорытып жүрген дүнием. Өзім жазамын» дедім. Үйге түнделетіп, жаяу бардым. Түнгі сағат үш. Суық сумен жуынып алып, «Балабура» деген әңгімемді жаздым. Күн шыққанда әңгімені де бітірдім. Ұйықтамастан, жұ­мысқа келдім. Келсем, үшінші қабаттан Оралханның даусы саңқылдап естіліп тұр. «Бураны жетектеген Қазақбай...» деп сайрап отыр екен. Ішім қылп ете қалды. Айтқанымдай, жазып қойыпты. Салиха Сәмбетова деген «Қазақстан пионері» газетінде істейтін келіншек болатын. Соған апарып бердім. Бас­тыр­тып алып, жоғарыға көтерілсем, Орекең қайқайып жатыр. «Жазбай қалай шы­даймын?» дейді. Шер-ағаңа барсам, Орекеңнің әңгімесіне «нөмір­ге» деп қол қойыпты. Орекең «Бура» деп та­қырып қойыпты. Менікі – «Балабура». Шер-ағаң: «Ой, шығыстың шырайлы­лары, сендерге не болды? Үкімет түйені халық жауындай ғып жатқанда, бұла­рың не?» деп бір күліп алды. «Айна­лайын, сенің де әңгімең жақсы екен. Бірақ бұл үшін ертең менің басымнан сыйпамайды. Мынадай жарлық боп жатқанда, екеуіңнің әңгімелеріңді бірдей бере алмаймын. Жаңа ғана «Жұл­дыздағы» жігіттермен келісіп қой­дым. Қазір апарып бер» деді. «Жұл­дызға» шыққан алғашқы әңгімем сол «Балабура» болатын.
– «Жеті жетімнің» қайсысы бірінші Жазушылар одағына мүше болды?
– Ең бірінші Оралхан мүшелікке қабылданды. Шығармашылық деген бәсекемен дамиды ғой. Бұл – жа­расымды, достық бәсеке болды. Оре­кеңнің «Қамшыгер» деген бірінші кітабы жарық көрді. Соның алғашқы бетіне: «Кәдеке, күн біз жақтан шыға­ды» деп жазыпты. Бір-екі айдан кейін менің «Ашылмаған сыр» деген бірінші кітабым шықты. Сосын мен: «Ореке, біз Ертістің лайланбаған өр жағында тұрамыз» деп қолтаңба жаздым. 
– Оралхан аға сіздің шынайы шы­ғар­машылық бәсекелесіңіз болса, Ақ­селеу Сейдімбекпен ерекше досты­ғыңыз болыпты. Ағаның қай қасиетін ерекше құрмет тұттыңыз?
– Ақселеу екеуміз оқуға бірге түс­тік. Бір бөлмеде төсегіміз қатар болды. Ақселеумен өмір-ғұмырымыз, тіршілі­гіміз бірге, ағайын-бауыр сияқты достар едік. Шындығы солай. Ақселеу­дің әңгімелерінің, повестерінің алғашқы оқырманы да өзім едім. Менің де алғаш­қы оқырманым сол еді. Ол біраз жақсы әңгіме-повестерін жариялап болған соң: «Көркем шығарма – тұспал, ал ғы­лым турасын айтады» деп көркем шығарма жазуды тоқтатты. Таза ғылым­ға бет түзеді. Өмірінің соңғы жылда­рында Астанада болды. «Ел айырылған» деген күйді сұңқылдатыа тарта беруші едің, басыңа келді ме?» деп қалжың­дау­шы едім Астанаға кеткенінде. Енді міне, өмірден де көшіп кетті. Қадыр түні болатын. Кешке жақын телефонмен хабарластық. Түнгі үште хабар келді. Есімізден танғандай болдық. Қуаныш­бай екеуміз бірге барып, жақсы досты мәңгі мекеніне тапсырып қайттық. Қалай дегенде де, мен үшін Оралханның орны бір бөлек болса, Ахаңның орны бір бөлек.
– «Серік Әбдірайымовтың да ар­тын­да жарыққа шықпаған қолжазба­лары қалды» деген пікірлер айтылады. Ол кісі өзінің жазған дүниелерінің бәрін жарыққа шығара алды ма?
– Серікпен кейіндері «Санат» бас­па­сында бірге жұмыс істедік. Екеуміз сыр жасырмас жақын достармыз. Менен ешқандай құпия жасырмайтын. Дінмұхаммед Қонаев аға қызметтен босаған соң, алдына екі рет бірге еріп бардық. Димекеңнің үйінде аса көп жиһаз жоқ, жұпыны бөлме. Әзіл-қал­жыңды жақсы көреді екен. Айтқан дүниелерін сол кезде жазып алмаппын. жазып қоймаппын. Серік ағаң Қонаевқа көп еңбек сіңірді. Асқаров туралы да жазды. Нұрғиса туралы да кітабы шық­ты. «Жақсы бір повесть жаздым» деп жүретін. Ол туралы балаларына айттым. Секең жаза білетін азамат еді. Оның кісі­лігі, жолдасқа адалдығы бөлекше еді. Сол үшін ерекше құрметтейтінбіз. 
– Қателеспесек, «Соңғы шабыс» деген әңгімеңіздің негізгі прототипі өзіңіз секілді. Бұл әңгімеңіз көптеген тіл­дерге аударылды. Бұл оқиға өмірде болған ба?
– Бала кезім. Әкемнің екі аты бол­ды. Бірі – Ақжал, екіншісі – Месторы. Месторының түрі жаман. Таңертең бір астау жем жейді, кешкісін бір астау жем жейді. Қамшы тисе болды, мөңкиді. Шабу, желу дегенді білмейді. Ауылда ол кезде 7 қарашада үлкен той өткізіледі. Сонда ат бәйгесі болады. Аттар жиырма бес шақырымға шабады. Ақ жалды ағай мініп шауып кетті. Артынан ілбіп, мен келдім. Айналма бәйгеге үш ауылдың жиырма бес жүйрігін үкілеп қосып жатыр екен. Кіл жүйріктер. Ел күлсін дедім де, астымдағы жаман Месторымен мен де қатарларына тұра қалдым. Қо­лым­да қамшым да жоқ. Бәрі лап қойды. Атымның басын тартсам, кері бұрыл­майды. Жолда екі канал бар. Бірінші ка­налға жеткенде тоқтай қалып, ішін босатты да, кері шапты. Содан 100 қадам­дай жерге барды да, кері бұрылып, каналдан қарғып өтті. Екінші каналға барғанда тағы тоқтады. Маған бағынуды қойған. Соңғы шақырым қалғанда Месторы барлық аттарды артқа тастап, алғашқы боп келдім. Ағам «аруақ-аруақ» деп айғайлап, жылап жүр. Бірін­ші келгенімді қайтейін, көпшілік: «Бұл заңсыз қосылған ат, бұған бәйге бер­мей­міз» деп дауласып кетті. Сөйтіп тұр­ғанда, үлкен кісілердің бірі: «Балам, атың дірілдеп тұр. Жетекте» деді. Же­тектеп келе жатыр едім, жануар гүрс етіп құлап, бірден жантәсілім етті. Кейіндері білсем, Месторы құнан-дөнен кезінде-ақ алдына мал салмаған жүйрік екен. Үлкен бір бәйгенің алдын­да қаскөйдің қолынан жарақат алып, қор болған мал екен. Әбден қартайған шағында өнерін көрсетіп үлгерген ғой. Мұндағы идея – бойыңда бар қасиетің болса, бір көрсетіп барып өлу. Месторы­ның соңғы шабысында қазақтың бойын­дағы осы өр қасиеті жатыр еді. 
– Цензураның қатал заңы бар. Мұн­дай идеяларды кеңестің бас идео­логтары қалай байқамай қалды? Мұ­ның бәрі қоғамға қарсылық емес пе?
– Байқаған жоқ. Өйткені ол кезде жұқалап ғана көрсетесің ғой. Тура жазсаң, қысқартып жіберуі мүмкін. Негізі, кеңестік қоғамға қарсылығымыз­ды тура осылай көрсетіп отырмасақ, тағы болмайды. Кеңес кезеңінде кез келген шығармада міндетті түрде екі кейіпкер болатын: жағымды және жағымсыз. Жағымды кейіпкерден жағымсыз мінез шықпайды. Соңында жамандықты жақсылық жеңеді. Осы үрдісті пайдалана отырып, қоғамның келеңсіз сәттерін кейіпкеріміз арқылы бейнелеуге тырыстық. 
– «Беласқанды» Мемлекеттік сый­лық­қа ұсындыңыз. Бірақ бұл шығар­ма­ның жолы болмапты. Атаққа құ­март­пауыңыздың бір себебі осында жатқан жоқ па?
– Тіліміздің білгірі Рабиға Сыздық апай «Беласқанды» оқып, біраз жаңа сөздер тауыпты. Бұған дейін Қалихан Ысқақтың, Орекеңнің шығармаларын оқып, жаңа сөздерді жазып отырады екен. Рабиға апай хабарласып: «Кіта­бың­ды таң асырмай оқып шықтым. Жақсы дүние екен. Маған өте ұнады. Ішінен біраз бұрын оқымаған сөздер таптым» деп алғысын білдіріп, «Қазақ әдебиеті» газетіне көлемді «Беласқан­ды» таң асырмай оқығанда» атты мақа­ла жазды. Белгілі әдебиетші, ғылым док­­торы Ш.Елеукенов ағамыз да кө­лемді мақала арнады. Басқа да мақала­лар шықты. Бәлкім, сол пікірлер қанат­тандырды ма, роман сыйлыққа ұсы­нылды. Бірақ екінші турдан аса алма­дық. Себебі өзім жүгіріп, комиссия мүшелерінің ешқайсысының алдына барғаным жоқ. Кітабымды сыйлағам жоқ. Сыйлық алмадым деген өкінішім де болған жоқ.
– Шығармашылықтың ерекше ләз­заты бола ма?
– Әрине, оның ләззаты ерекше. Жа­замын деп ойланып, қиналып жүре­сің. Өз-өзіңді алдарқатып жүресің. Бір бастасаң, бас алмай жазасың. Аяғына жеткенше асығасың. Шығарманы жазғандағы ерекшелігім – оның аяғы қалай аяқталатынын бағдарға аламын. Жолай қайда бұрылып, қайда тоқтай­мын – оған шығарманың өзі мені жете­леп отырады. 
– Көңіл неге алаңдайды?
– «Көңіл неге алаңдамайды?» деп сұрасаң, мұның жауабы жеңілдеу тиер еді. Алаңдайтын дүние көп. Бүгінгі қоғамда халықты алаңдатқан дүниенің бәріне жаның ауырады. Себебі қоғам­дағы әр қуанышты жетістіктер мен сәт­сіз қадамдар қаламгерлердің де жүрегі арқылы өтеді. «Балаларды үш тілде оқы­тамыз» деп жатырмыз. Білім министрлі­гінің басына 25 жылда 13 министр келіпті. Он үш министр де онға жуық реформа жасады. Соның қайсысы нәти­же берді? Немерелерім өз тілін білмей, мәңгүрттеніп кете ме деп алаң­даймын. Тілді білмесін деген сөз емес. Қанша тілді білгісі келсе де, өз еркі. Бала ең алдымен ана тілін меңгеруі керек. Содан кейін 13–14 жасында өзге тілді үйрене берсін. Оны даярлай­тын мұғалімдер дайын емес. Ағылшын тілін жақсы білгенімен, математика, химия, физика сияқты пәндерден хабары жоқ, бұл пәндердің методикасын білмей тұрған ұстаз балаға нені үйре­теді? Қа­зақ­стан тарихына реформа жа­саймыз деген де сөздер айтылуда. Ұлт тарихын білмей өскен бала қалай ұлт­шыл болады деп қамығамын. «Жерді жалға береміз, аукционмен сатамыз» деген де әңгіме шықты. Жерді кім са­тып алады, кім жалға алады? Қарапайым шаруаның қал­та­лыға жалданбасына кім кепіл? Ағылшын Уинстен Черчиль: «Саясат та соғыс. Соғыста бір-ақ рет өлесің. Ал сая­сатта қайта-қайта өлесің» деген екен. Саясаттан шалғай жүрген кісі болсақ та, осының бәрі жүрекке салмақ түсіреді ғой. 
– «Қаламгер алпысқа дейін барын сарқып тауысады. Одан кейін жазудың қажеті жоқ» деп пікір айтқан екенсіз. Оның бір себебі бар ма?
– «Алпысқа дейін сарқылып, тау­сыласың» демеген шығармын. Ақыл-ойдың толысып, ортаймай тұрған ша­ғын­да қай еңбектің де өнімді болатынын айтқан болармын. Жалпы, жас келген­нен кейін үлкен адамда ұмытшақтық дей­тіннің пайда болары рас. Мысалы, «Беласқан», «Жол» романдарымды жаз­ған кезімде ешқандай кітапқа қара­май-ақ, ерекше жігермен жазып шығып едім. Қазір жазу үстінде кейбір білетін сөздердің өзін ұмытып қаласың. «Осы Ғабең, Сәбең баяғы кітаптарының жал­ғасын неге жазбайды екен?» деп зама­нында ойлаушы едік. Сөйтсек, әр жас­тың өз тосқауылы болады екен. Бірақ әлі тоқтай қойған жоқпыз. Жазсақ па деген дүниелер әлі баршылық.
– Жарнаманы жаныңыз сүймейтін секілді. Насихатты қаламайсыз ба?
– Жазушылар одағына 70-жылдары мүше болыппын. Одан бері қырық жылдай уақыт зымырап өте шығыпты. Бірақ ойлап отырсам, Жазушылар одағындағы талай жиналыстарға, талай кездесулерге қатыстық. Біреуінде мін­беге шығып көрмеппін. Бұл менің сөз білмеймін, айтарым аз дегенім емес. Елдің алдына көп суырылмайыншы, көрініп қалуға тырыспайыншы деген принципім болса керек. Жалпы, наси­хат мәселесі, қазақтың барлық жазушы­сына қатысты. Қарап тұрсаңыз, қазақ­тың әдебиеті еш әдебиеттен кем емес. Тек оның насихаты кемшін. Әйтпесе, Әбіш кімнен кем? Қалихан, Сайын, Мұқағали қай елдің әдебиетшілерінен кем деп ойлайсыз? Рахымжан Отарбаев деген жазушы бар. Оның өзі алпысқа келіп қалды. Сол сияқты Асқар Алтай, Несіпбек Дәутайұлы, Әлібек Асқаров, Нұржан Қуантай, Айгүл Кемелбаева сияқты ізбасар қаламгерлердің кітап­тарын жиі оқимын. Шығармаларының «іші-сырты» жұп-жұмыр, өздерінің аяқ алыстары ширақ. Олардың да өздерін­ше тың соқпақ табуға талпыныс жасап жүрген жас ізбасарлары қаншама. «Әдебиет – өмірдің өңделген нұсқасы» дейтін тәмсіл бар. Әр шығармада ақи­қат­ты айту – ардың ісі. Өміріміздің өң­дел­ген нұсқасын жасап жүргендер көп. Демек, қазақ әдебиетінің бүгіні ешкімнен кем болмаса, ертеңінің де жарқын боларына сенемін. Ең жаманы – «ертең тындырамын» деп жүріп, есейгеніңді білмей қалу өкініш. Ал өміріміздің бұдан да жарқын болуы бар жүректің ақ тілеуі.