Басты  /  мақалалар  /  Өтініштерді қарау – прокуратура қызметінің маңызды бөлігі

Өтініштерді қарау – прокуратура қызметінің маңызды бөлігі

Айқын-ақпарат
2430
Өтініштерді қарау –  прокуратура қызметінің маңызды бөлігі Өтініштерді қарау мен азаматтарды жеке қабылдау Бас прокуратураның құқық қорғау қызметінің ажырамас бөлігі ретінде қадағалау органы қызметкерінің жұмысында маңызды орын алады.

Бүгінгі күні ақпараттық технологиялардың тұрақты дамуы мен құқық саласының өркендеуі кезінде Бас прокуратура республика азаматтарының өтініштерін қарау мәселесін жеңілдетуге байланысты шаралар қабылдады. Бас прокуратураның өтініштерді қарау туралы заңдардың қолданылуын қадағалау және іс жүргізу департаментінің бастығы Ілияс Жанар Мұхаммедрахымқызы қадағалау органдарына өтініш жазуда жаңартылған жүйенің тиімділігі мен жаңалығы туралы айтып берді.

– Жанар Мұхаммедрахымқызы, бүгінде прокуратура органдарына азаматтар өті­ніштерін түрлі тәсілдермен бере алады. Сол туралы нақтырақ айтып өтсеңіз.
– Дұрыс айтасыз, прокуратураға өті­ніш берудің халық үшін жеті тәсілі ұсы­нылды. Қазір азаматтар мен заңды тұл­ғалардың өкілдері өздерінің өтініштерін облыстық халыққа қызмет көрсету ор­талықтары, «Қазпошта» АҚ пошталық бөлімшелері, бас прокурор мен облыс прокурорларының блогтары, «115.kz» немесе «Электронды Үкімет» порталдары немесе тікелей прокуратура органдары арқылы, оның ішінде прокуратура жетек­шісінің жеке қабылдауы кезінде бере алады. Бұл өтініш беру тәсілдерінің кей­бірі халық үшін өте ыңғайлы әрі пайдалы, одан бұрын уақыт пен материалдық қажеттілікті үнемдеуде көмегі зор. Бірақ ең бастысы, азаматтардың құқығы бұ­зыл­ған жағдайда жедел әрекет етуге, оларға қажетті ақпаратты тез әрі ыңғайлы түрде беруге жағдай жасайды.
– Бас прокуратураның Call-орталығын азаматтардың қадағалау органына өтініш білдірудегі тиімді тәсілі деп атайды. Кез кел­ген адам, шынында да, үйден шықпай-ақ өзінің ақшасы мен уақытын үнемдей оты­рып, прокуратураға өтініш бере алады. Жанар Мұхаммедрахымқызы, сіз Call-орталық қызметінің аралық қорытындысын атап өте аласыз ба?
– Call-орталыққа еліміздің кез келген жерінен ұялы немесе стационарлы теле­фоннан тегін 115 нөмірі арқылы хабарла­суға болатынын еске салғым келеді. Ор­талық желісі 2011 жылдың тамыз айында іске қосылып, шағымның алты түрін қа­растырады: қылмыстық қудалау орган­да­рының қызметіне, кәсіпкерлер құқық­тарының және азаматтардың еңбек құ­қықтарының бұзылуына, білім беру мекемелерінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қарсы әрекеттерге, тегін медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемі шеңберінде медициналық қызмет көрсету кезінде заңсыз төлем алуға және прокуратура органдары қызметкерлерінің жемқорлық сипатындағы әрекеттеріне шағымдану. Сонымен қоса, Call-орталық анықтамалық сипаттағы ақпаратты береді, прокуратура органдарының қызметі ту­ралы ұсыныстар мен пікірлерді қабыл­дайды және тіркейді, мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібін түсіндіреді.
Азаматтардың ақпаратқа жедел қол­жетімділігін қамтамасыз ету үшін біз Call-орталық құзыретінің шегінен шықтық және қазіргі таңда кез келген қоңырауларға жауап береміз. Одан басқа, бізге түсетін балалар, әйелдер және мүгедектер құқық­тарын қорғау туралы өтініштерді тіркеу тізімін кеңейту керек деп шештік.
Өткен жыл мен 2016 жылдың үш айы ішінде орталыққа 82 мыңнан астам қазақ­стандықтар хабарласқан. Олардың 52 мыңы ақпараттық сипаттағы қоңыраулар: адамдар мемлекеттік және құқық қорғау органдарының мекенжайларын және олардың сенім телефондарын сұраған және т.б. Сонымен қатар бізге өз өтініш­терінің қаралу барысын қадағалап отырған азаматтардан 25 мың қоңырау түскен, 5 мыңнан астам адам прокуратура орган­дарының мемлекеттік қызмет көрсетуінің тәртібін түсіндіруді сұраған.
– Бас прокуратура барлық мекемелер қызметкерлерінің еңбекақысын уақытылы төлеу мәселесін ерекше бақылауға алып отыр. Сіздерге еңбекақысының кешігуіне бай­ланысты шағымдар түсе ме? Түскен жағ­дайда ол мәселе шешімін таба ма?
– Өткен жылы және ағымдағы жыл­дың өткен кезеңінде Call-орталыққа түскен өтініштер бойынша прокуратура органдары жалпы сомасы 131 млн теңгені құрайтын кешіктірілген еңбекақының өтелуін қамтамасыз еткен. Мысалға, 2016 жылғы 4 ақпан күні Call-орталыққа ха­барласқан Төлебай есімді азамат өзінің еңбек құқығын қорғауға өтініш білдіруіне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратура органдары қабылдаған шаралар бойынша бір айдан кейін, яғни 2 наурыз күні Denaraxsaz corporation және Denaraxsaz Kazakhstan ЖШС 350 жұ­мыскердің алдында 50 млн теңге көле­міндегі еңбекақы қарызын өтеген. Сол сияқты тек Алматы қаласының прокура­тура қазметкерлерінің араласуымен, «Марум Жар Голд» ЖШС-ның басшылығы өз жұмыскерлеріне 27,9 млн теңге мөл­шерінде еңбекақы төлеген.
– Жалпы, сандық көрсеткіштерге сүйен­сек, Бас прокуратураға түскен өті­ніштер өсуде ме?
– Соңғы жылдардағы статистика бойын­ша прокуратура органдарына 300 мыңға жуық, кейде одан да көп өтініш түседі, жалпы аталмыш көрсеткіш жыл сайын өсуде. Мәселен, 2013 жылдан бас­тап Бас прокурор мен облыс проку­рор­лары­ның порталдарына түскен электрон­ды өтініштер саны 60 пайызға өскен, анық­тал­ған барлық заңбұзу­шы­лықтарға бай­ланысты ықпал ету шаралары қол­да­нылды. Осылайша, өткен жылдың соңын­да Қос­танай облысы Рудный қаласы ІІБ қыз­меткерлерінің саусақтардың таңбасын негізсіз алуға қатысты заңнан тыс әре­кеттеріне байланысты Василенков есімді блогты қолданушының дәлелдемелері расталған. Кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты прокурорлық ықпал ету шара­ларымен тәртіптік өндіріс қозғалды. Біз­дің талдау көрсеткендей, арыздану­шы­лардың көбі – азаматтық және қылмыстық процеске қатысушылар, яғни айыпталу­шылар, сотталушылар, адвокаттар, қор­ғаушылар, жәбірленушілер, талапкер не жауапкерлер және олардың өкілдері. Ең аз бөлігін түрлі кәсіпорындар мен мем­лекеттік органдар құрайды.
Арызданушылардың өтініштердегі қоятын сұрақтарының аясы кең: 40 пайыз­дан астамы қылмыстық қудалау орган­дарының әрекеттері (әрекетсіздік) мен актілеріне қатысты шағымдар, 30 пайызы әлеуметтік-экономикалық салаға қа­тыс­ты өтініштер, 10 пайызы сот актілерінің заң­дылығы және олардың орындалмауына қатысты түскен шағымдар.
Көтеріліп отырған мәселелер мен заң­нама талаптарына сәйкес, прокурорлар негізінен түсіндіру береді, олар 67 пайыз­дан жоғары. Қанағаттандырылған өтініш­тер 15 – 17 пайызды құраса, қабылданба­ған­дар саны 17 пайызға жуық. 2013 жыл­дан бергі прокурорлар қарастырған өтініштер қорытындысы бойынша, 11 мыңнан астам прокурорлық қадағалау актілері енгізілген, нәтижесінде, 6 мыңнан астам лауазымды тұлғалар түрлі жауап­кершілікке тартылған.
– Азаматтардың өтініштерін қараудың сапасын көтеруге байланысты тағы қандай жоспарлар бар?
– Өтініштердің өсіміне мүмкіндік бе­ретін себептер мен алғышарттарды жоюға қа­тысты біз өтініштермен жұмысты ұйым­дастыру жөніндегі салалық нұсқау­лыққа өзгерістер мен толықтырулар ен­гіздік. Осыған дейін өтініштер бірнеше рет қалалық, аудандық прокуратураларда, кейіннен облыстық прокуратурада қара­латын. Осы сатылардан өткеннен кейін ғана арызданушы бас қадағалау органына өтініш білдіре алатын еді.
Ал қазір түсіндіру және бас тарту си­патындағы жауаптарды қалалық, аудан­дық прокуратураларда тек прокурор, ал облыс прокуратураларында облыс про­куроры мен оның орынбасары бере алады, яғни қабылданған шаралар бойынша өтініштерді қарастырудың көпсатылы рәсімі қысқартылды. Сонымен қатар облыс прокуратурасының төменгі про­куратураларға қайта жасалған өтініштерді жіберу тәртібі өзгертілді, енді мұндай өтініш­тер бақылауға алына отырып, қарастыру қорытындысы туралы қалалық, аудандық арнайы прокурордың қолымен ақпарат беру талабымен жолданатын болады.
Одан басқа, азаматтардың өтініш бе­руіне қолайлы жағдай жасау және уақытын үнемдеу үшін өтініштердің үлгілері жасал­ды, олар жақын уақытта прокуратура ор­гандарының көпшілікке қолжетімді орындарына орналастырылатын болады.
Оған қоса, біз оны Бас прокуратураның сайтына жарияладық, бұл азаматтардың үйде отырып-ақ интернет желісі арқылы дайын бланкте өз дәлелдемелерін жазып, оны прокуратураның қарауына жіберу үшін ыңғайлы болмақ. Азаматтармен жұмыс құқық қорғау функциясын атқа­ратын прокуратура үшін маңызды бөлік­тердің бірі. Сондықтан біз келешекте прокуратураның халық үшін үнемі ашық және қолжетімді болуы үшін жұмысты нығайтуға, өтініштерді жан-жақты әрі сапалы қарауды қамтамасыз етуге, бұзыл­ған құқықты жедел түрде қалпына кел­тіруге, азаматтардың өз шағымдарының қаралу нәтижелері туралы ақпарат алуды жетілдіруге мүдделіміз.
– Әңгімеңізге рақмет! 
Сұхбаттасқан Еркін ҚАЛДАН