Басты  /  мақалалар  /  Бүгінгі жетістіктің барлығы да – тәуелсіздіктің арқасы

Бүгінгі жетістіктің барлығы да – тәуелсіздіктің арқасы

Айқын-ақпарат
1830
Бүгінгі жетістіктің  барлығы да – тәуелсіздіктің арқасы Сәкен ЕСЕНКЕЛДИН,«КА-Строй ЛТД» ЖШС-ның Бас директоры, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Құрмет»орденінің иегері:

–Сәкен Есенкелдіұлы, өзіңіз басшылық жасап отырған құрылыс компаниясының қызметі туралы айтып өтсеңіз?
– Біздің «КА-Строй ЛТД» ЖШС-і елімізде құрылыс саласының дамуына өз үлесін қосып келеді. 2004 жылдан бері құрылыс нарығында еңбек етудеміз. Ат­қа­рылған жұмыстар аз емес. Біздің құрылыс компаниямыздың өзіндік қолтаңбасы бар. Халыққа қажетті әлеуметтік объектілерді салу, инженерлік жүйе, электр желісі, мұ­най, су, газ құбырларын тартумен айна­лысады. Яғни, қызметі – көп салалы. Бір­қатар өңірлерде мектептер мен бала­бақшалар, спорт кешендері мен алаңдары, сонымен қатар Ақтау қаласында маман­дандырылған халыққа қызмет көрсету ор­талығы салынды. Тұрғындарға қызмет көрсетуде сыбайлас жемқорлық болмауы үшін және қызмет сапасын арттыру мақ­сатында Елбасының «бір терезе» қағи­да­сын іске асыру жөнінде тапсырма­сы бол­ға­ны белгілі. Соған орай аталған орта­лықты біз Қазақстанда бірінші болып сал­дық. Ол жедел жұмыс істеуі керек бол­ды, сондықтан біз орталықтың құрылысын 7 айда бітірдік. Атырау облыстық және Маңғыстау облыстық прокуратураның бас әкімшілік ғимараттарын салып бердік. Екеуінің де жобасы бірдей, жаңа заманның барлық талаптары ескерілген. 
Бүгінгі таңда Жамбыл, Алматы, Маң­ғыстау, Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы, Ақтау қалаларында құрылыс жұ­мыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. 
Қазір жаһандық қаржы дағдарысы әлемді толғандырып отыр. Еліміздегі әр­-бір саналы азаматты да ойландыратыны анық. Алайда, осындай қиындығы мол қаржы дағдарысы заманында біз жұмыс орнын көбейтіп жатырмыз. Ұжымдық кеңесте ақылдасқанда, дағдарысқа дайын болуымыз қажет екені жиі айтылады. Қан­дай мәселені шешсек те, оны жан-жақты қа­растырып, тиімді жолдарын іздестіреміз. Сонымен қатар біз еліміздің әр өңірінде жұмыс жасап, мол тәжірибе жинақтадық. Ел-жұрттың ризашылығына бөлендік. Ком­панияның да, ұжымның да беделі жо­ғары. Адамға абыройдың бәрі жасаған жұмысының арқасында келеді. Еңбегің сапалы болса, Сізді сыйлайды. Ал егер сөзің мен ісің бір жерден шықпай жатса, сенімнен айырыласыз. Екінші жолы тап­сырыс беруден бас тартады. Жаратқан иеміз­дің қолдауымен және ұжымның жауап­тылығының нәтижесінде бізге сенім артқан өңірлердің, адамдардың алғысына бөленіп жүрміз.Басты қағидамыз – бізге тапсырылған жұмысты уақытында әрі сапалы бітіру. 
– Мүмкіндігінше объектіні мерзімінен бұрын бітіреді екенсіздер. Мұның сыры неде?
– Құрылыс саласының өзіндік ерек­шелігі бар. Объектіні мерзімінен бұрын тап­сырсаңыз, қаражатты көбірек үнем­дей­сіз, шығын аз болады. Ал құрылыс ұзақ­қа созылған сайын қосымша қаражат жұмсау қажет болады, шығыны күн артқан сайын көбейеді. Әрі ұзақ салынып, ара­сында тұрып қалған ғимараттардың кейбір бөліктері жарамсыз болып, қайта салуды керек етеді. Содан келіп, жыл сайын қар­жы бөлуді өтінетіндер бар екені белгілі. Өзі­міз үшін және халыққа ертерек беру мақсатында бізге жүктелген міндетті мер­зімінен бұрын орындауға тырысамыз.
– Ерте бітіруді ойлаған кезде, сапа жағы ескерусіз қалмай ма?
– Біз құрылыс объектісінің сапалы болуына бірінші кезекте мән береміз. Қандай ғимарат салсақ та, оның алғашқы қадасы қағылғаннан бастап жұмысы толық аяқталғанға дейін сапалы болуы үшін бәріміз де жауаптымыз. Осы күнге дейін қаншама құрылыс объектілерін салған болсақ, солардың бірде-біреуінің тарапынан реніш естіген жоқпыз. Біз өзі­міз салған ғимараттың сапалы екенді­гіне екі, не үш жылға кепілдік береміз. «Егер ғимараттың бір жері сынса не сылағы түсе­тін болса, өзіміз келіп, жөндеп береміз» деп уәде береміз. 
– Мамандарды таңдауда қандай қағи­даны негізге аласыздар?
– Әрине, бізге адал еңбек ететін адам­дар қажет. Қазіргі заман «еркелікті», кө­тер­мейді. Қай маманды да тест бойынша және бір-екі айға сынақ мерзімімен ала­мыз. Ертеңгі күні ұжымды ұятқа қалдыр­мауы тиіс. Елге қызмет жасаған соң, бәрі ұқыпты, жауапты болуы керек. Маманды аларда қоятын бірінші талабымыз – оның тәртіпті болуы. Адам бір сөзді, тәртіпті, тәрбиелі болса, ұжымның да беделі артады. Ал маман ретінде іскерлігі, біліктілігі жо­ғары болуы тиіс. 
– 1930 жылдары болған қаржы дағ­да­рысы кезінде Америка елі құрылысқа баса мән берген екен. Қазіргі дағдарыста да құрылыстың рөлі бар деп ойлайсыз ба?
– Иә, құрылыс саласы қаржы дағ­да­ры­сына қарсы күрестің бір жолы деп есеп­теймін. Мемлекет басшысы осы қиын­дықтан шығудың жолдарын іздеп, «Нұрлы жол» бағдарламасын ұсынды. Қазір іске асып жатыр. Әр өңірде тұрғын үй, жолдар, газ құбырлары салынып жатыр. Жаңа жұ­мыс орындары ашылуда. Жаңа жобалар­дың іске асырылуы халықтың жағдайы жақ­саруына тікелей әсер етеді. Бүгінде өңір­лердің инфрақұрылымдарын дамы­туға үлкен мән берілуде. Азаматтар Тұрғын үй жинақ банкі арқылы несиеге үй алуға қол жеткізіп жатыр. 
Қаржы дағдарысына қарсы тұратын біздің елдік, халықтық бір күшіміз бар, ол – ел ішіндегі тұрақтылық. Осы тұрақты­лық­тың арқасында қандай қиындықты да же­ңіп шығамыз. 
– Әр мекеменің алдына қойған жос­парлары болады. 2016 жылы сіздердің ал­дарыңызда қандай міндеттер тұр?
– Бізде жоспар – біреу, ол – өзімізге жүктелген міндеттерді орындау. Объек­ті­лерді уақытында, сапалы тапсырып, бізге сенім артқан мекеменің де, халықтың да ризашылығын алу үшін еңбек етіп жа­тыр­мыз.
– Елді дамытуда құрылысшылардың еңбегі өте зор ғой? 
– Кезінде Маңғыстау облысындағы алты-жеті ауылға газ құбырын тартып бердік. Ол – 350 шақырымды құрайтын жоба. Екі жылға жоспарланған жобаны біз 9 айдың ішінде орындап шықтық. Бас­тапқыда бөлінген қаржы аз болды, екі жыл­дық жоба болған соң, тапсырыс бе­руші негізгі көлемді қаражатты келесі жылы аударатынын мәлімдеді. Бірақ бізге тоғыз айдың ішінде тапсыру жөнінде тапсырма берілді. Содан тәуекел деп қар­жы көзін өзіміз іздестірдік әрі мате­риал­-дар жеткізушілердің және бізге қызмет көрсететін банктердің алдында компа­ниямыздың беделі бар, материалдарды қарызға алдық, банкіден несие алып, уақытында сапалы тапсырдық. Ал келесі жылы тапсырыс беруші қаражатын тө­леген кезде алған қарыздарымызды өтеп тастадық. Көгілдір отынмен қамтылған ауылдардың қуанышында шек болған жоқ. Қазір тамақты газбен пісіреді, үйді газбен жылытады. Ауылды көгілдір отынмен қам­тамасыз ету кезінде Соғыс және Ең­-бек ардагерлерінің үйлеріне құбырларды тегін тартып бердік. 
– Бойында имандылық қасиеті бар адамдар қашанда қайырымды болып ке­-леді. Сіздер жасаған қайырымдылық істерді ел-жұрт үлкен ризашылықпен айтып жүр­генін естідік. Мұны кеңесе отырып шеше­сіздер ме?
– Ұжымдағы кеңесте ақылдаса келіп, шешім қабылдаймыз. Бекет атаның салған бес мешіті бар. Соның бірі – Маңғыстау ауданындағы Тобықты мешіті. Жалпы, осы Тобықты мешітінің сақталуына, қайта қалыпқа келтірілуіне сол өңірде тұратын 86 жастағы Есмырза Жаңбыршиев деген ақсақалдың көп еңбек сіңіргенін айта кет­кеніміз жөн. Бір жолы бізге Тобықты ме­шітінің имамы, Бекет атаның жетінші ұрпағы Қуандық Аққұлұлы өтініш жасап келді. Тобықты мешітіне зиярат етіп ба­рушылар үшін ешқандай жағдай жасал­ма­ғандығын айтты. Барған адамдар атаның рухына құран бағыштап, сол жерде түнеп шыққысы келеді. Өзіміз барып, жағдайдың мән-жайымен таныстық. Шынымен де, тас­тан қашалып жасалған шағын мешіттен басқа ештеңе жоқ екен. Баратын жол да жоқ, бір кішкентай үй тұр, не жарығы, не газы, не суы жоқ. Мешіттен 350 метрдей жерге зиярат етушілер тоқтайтын үлкен үй салдық, мешіт пен үйдің арасын жалғайтын жаяу жүргіншілерге арналған тас жол салып бердік. Электр желісі тартылды. Аудан әкімдігі де қолдау жасады. Сумен, газбен қамтамасыз етілді. 2012 жылы салтанатты жағдайда ашылу рәсімі өтті. Адамдар өте көп жиналды. Бекет атаның ұрпақтары келді. Қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Бәрі де алғыстарын айтты. Көңіліне демеу, жаны­на рухани қолдау іздеген адамдар қазір Тобықты мешітіне көп барады. Бекет ата­ның шарапаты тиген жандар аз емес дейді. 
Сондай-ақ бабалар үйіне қайы­рым­ды­лық жасап тұрамыз. Елдегі бұқаралық спорттың дамуына қосқан үлесіміз болсын деп спорт кешендері мен алаңдарына қа­жетті құрал-жабдықтарды алып беруге көмектесеміз.
– Көкейіңізде жүрген қандай ойлары­ңыз бар? Қазақтың келешегі туралы не айтасыз? Бәріміз де бала өсіріп жатырмыз, қазақ балалары қандай болуы керек?
– Әр адам өзін жасынан тәртіптілікке, адалдыққа тәрбиелеуі тиіс, тапсырған жұ­мысты мұқият атқаратын жауаптылығы және білімі жоғары болуы керек. ХХІ ға­сыр – білімді және білікті адамдардың ғасыры. Сондықтан ата-ана да, бала да білім алуға көбірек мән бергені абзал. Жаңа заман технологиясын меңгеруге ұмтылуы қажет. 
– Отбасының тірегі – ер азамат. Бүгінгі қоғамда жігіттердің лайықты жұмыс таппай қалатыны немесе кейбірінің «жұмыс жоқ» дегенді сылтау етіп, еріншектікке бой алды­ратыны бар...
– Иә, ойыңызды түсіндім. Ер азамат қоғамдағы, отбасындағы рөлін түсіне білуі керек. Ол – отбасының негізгі асырау­шысы. Сондықтан еңбек етіп, табыс әке­луі қажет. Әрине, мектептен кейін кәсіптік не жоғары білім ала алмай қалған болса, оған өкінбеу керек. Білім алу қай уақытта да кеш емес. Тіпті шетелде адамдар қар­тайғанда қайта оқып, жаңа мамандық иесі атанып, жаңа кәсіппен айналысып жата­ды. Саналы азамат өзін өмір бойы жетіл­діре беруі тиіс. Сонда еңбегі де нәтижелі болады. Өзін сыйлайтын адам ешкімге масыл болмайды. Қолынан келетін жұ­мыс­ты істеп, табыс табады. Мысалы, Ел­басымыз еңбек жолын қарапайым жұ­мысшы болып бастаған ғой. Білім мен біліктілігінің, Алла берген қабілетінің ар­қасында ел басқарып, тәуелсіз мемлекеті­мізді бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына жеткізді. Енді дамыған 30 елдің қатарына қосылу міндетін алға қойып отыр. 
– Қазақтың қыздары қандай болғаны жөн?
– Қай халықтың да салт-дәстүрінің сақталуы, ұрпағының өнегелі, тәрбиелі болып өсуі анаға байланысты. Адам өмірге келгенде ананың сүтінен нәр алады, ана­ның берген тәрбиесін бойына жинайды. Қазақ қыздары – біздің болашағымыз. Олар тәрбиелі, инабатты, мәдениетті, бі­лімді болып, ұлттық құндылықтары­мыз­ды, салт-дәстүрімізді бойларына сіңіре білсе, өскелең ұрпағымыз да бақытты, бе­ре­келі, әлем алдында беделді, абзал аза­маттар болып өсетініне кәміл сенемін. 
Ана – отбасының ұйытқысы. Мүмкіндігі бар отбасыларда аналар балалар санын шектемесе екен деймін. Өйткені ұлттың саны мен сапасы ұрпақ өсіміне тікелей байланысты екенін ғалымдар дәлелдеген. 
– Тәуелсіз мемлекетіміздің қадір-қа­-сиеті туралы не айтар едіңіз?
– Өз елін сүймейтін, қадірлемейтін азамат бола ма? Біз де осы елдің бір пер­зентіміз. Туған жерге, елге ештеңе жет­пейді. Жұмыс бабында шетелге шығып тұрамыз, құрылыс материалдары бойынша шарт жасасу үшін және жаңа құрал-жаб­дықтар алуға барамыз. Сонда үш күннен кейін елді сағынасың. 
Заманауи технологиялар өзімізде шық­қанын қалаймын. Осы бағытта кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір көптеген зауыттар өзімізде ашылып, озық үлгідегі өнімдерді шығара бастады. Шетелдік тех­нологиямен қамтамасыз етілген отандық өндіріс орындары сапалы құрылыс ма­те­риалдарын да өндіруге кірісті. Мұның бәрі ел ырысының артуына ықпал етуде. Жал­пы, импортқа тәуелді болмауымыз керек. Осындай жетістіктердің бәрі – тәуел­сіз­діктің арқасы!
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Батыр ЖАСҰЛАН