Басты  /  мақалалар  /  «ЭКСПО – 2017» АДАМЗАТ ПРОБЛЕМАЛАРЫН ШЕШУ БОЙЫНША ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ОРТАЛЫҚ БОЛАДЫ

«ЭКСПО – 2017» АДАМЗАТ ПРОБЛЕМАЛАРЫН ШЕШУ БОЙЫНША ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ОРТАЛЫҚ БОЛАДЫ

Қайыржан ТӨРЕЖАН
4170
«ЭКСПО – 2017»  АДАМЗАТ ПРОБЛЕМАЛАРЫН ШЕШУ БОЙЫНША ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ОРТАЛЫҚ БОЛАДЫ Ерлан СЫДЫҚОВ, «ЭКСПО – 2017» қоғамдық кеңесінің төрағасы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында құрамына қазақстандық және халықаралық танымал қоғам қайраткерлері, соның ішінде ғалымдар кіретін «ЭКСПО – 2017» қоғамдық кеңеске төраға болып Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан СЫДЫҚОВ сайланды. Бүгін Ерлан Батташұлы «ЭКСПО – 2017» қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде «Айқын» газетінің сұрақтарына жауап береді. 

– Ерлан Батташұлы, сіз «ЭКСПО – 2017» қоғамдық кеңесінің төрағасы болып сайланбай тұрғанда Астанада көрме өткізу туралы идеяны белсенді жақ­та­дыңыз. Бұл идеяны іске асыруға жан-жақты атсалыс­тыңыз. Осының себебін, осы бағыттағы өзіңіздің ұста­ны­мыңызды айтып берсеңіз?
– Бүгінде энергияның басқа көздерін, түрлерін пай­далануды жүзеге асыруға байланысты әлемдік мә­селені күн тәртібіне шығарып, қалыптастыратын өн­дірістің жаңа стратегиялық салалары пайда болды деп ойлаймын. «ЭКСПО – 2017» көрмесін Астанада өткізу біздің елімізге өте тиімді болмақ, бұл мәселе бойын­ша елімізге үлкен басымдық береді және «жа­сыл» экономиканың дамуында әлемдік көшбас­шы­лар­дың бірі болады. «ЭКСПО – 2017» іс жүзінде бұрын­ғыдан да сенімді және тепе-теңдікті қалыпта ұстай­тын болашақтың энергиясын әлемге жария­лай­тын халықаралық маңызды шара болатынына сенім­дімін. Осы бағыттағы ең озық, ең мықты жаңартылған технологияларды бір алаңға жинайтын көрме жар­қыраған жаһандық оқиға болмақ, «жасыл» эконо­ми­ка­ның болашақтағы дамуына және жаңартылған, бас­қа қуат көздерін пайдалануда жаңа тыныс береді. Ал жоғары білім беру мекемелеріне, соның ішінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне келсек, біздің барлығымыз үшін «ЭКСПО – 2017» ға­лымдар мен мамандардың жаһандық қарым-қатынас алаңына айналып қана қоймай, іс жүзіндегі және ғылымдағы зерттеулердің революциялық қарқынды қадамы болмақ. Мысалға алғанда, ғылыми трендтер, жобалар, мамандықтар пайда болады. Біздің университеттегі «Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқару және инжиниринг» кафедрасында қазірдің өзінде бірқатар бағыттарда зерттеу жұмыстары жүр­гізілуде. Атап айтатын болсақ – Қазақстан ланд­шафтарын климаттың өзгерулерін есепке ала отырып, оның өнімділігіне және сыйымдылығына экологиялық баға беру, «жасыл» құрылыстардың экологиялық проб­лемалары, жылу беру жүйесінде энергияны үнемдейтін жылу үрлегіштерді пайдалану және басқа да бағыттарда зерттеулер жүргізілуде. 
– Мен қарапайым тұтынушы ретінде сізге алдағы уа­қытта өткізілетін көрменің тақырыптары туралы сұрақ қоюыма болатын шығар. «Жасыл» экономиканың дамуы және энергияның басқаша түрлерінің көздері сияқты мәселелерге толығырақ тоқталып, жан-жақты түсіндіріп кетсеңіз?
– Қазіргі кездегі өмірдің шындығы барлығын, бү­кіл әлемдік экономиканы «жасыл» экономиканың энергияны үнемдеу технологиясы жағына бұрылуға мәж­бүрлеуде. Бұл климаттың өзгеруіне және шикі­зат­қа тәуелділіктен алшақтауға байланысты. Сіздерге, жур­налистерге белгілі, «жасыл даму» идеясы Қазақ­станның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясының негізгі басымдылығы болып табылады. 2013 жылдың 30 мамырында Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Респуб­лика­сы­ның «жасыл» экономикаға өтуі туралы концепция­сы» бекітті. Бұл ең алдымен – күн көзінің қуаты, жел­дің, жер астының қызуы энергиясы, биожанармай, сондай-ақ электр энергиясын үнемдеп және оның шығынын бірнеше есеге төмендететін жаңартылған энер­гия үнемдеу технологиясы сияқты энергия көз­дерін жаңартуға қатысты жұмыстар. 
– Өзіңіз білесіз, Жапония бір кездерде экономикалық дағдарысқа жауап ретінде өткен ғасырдың 50-жыл­дарында экономиканың жоғары технологиялық салаларына бет бұрған болатын, сөйтіп, арада он екі жыл өткенде электрондық өндіріс саласында әлемдік көш­бас­шыға айналды. Қалай ойлайсыз, «ЭКСПО – 2017» де біздің мемлекетіміз үшін аса қажетті дағдарысқа қар­сы жоба бола ала ма?
– Мен бұл жағынан толықтай сенімдімін. «ЭКСПО – 2017» шарасы қазақстандықтар үшін болашақтың энер­гетикасын дамыту үшін жаңа технологияны таңдап, оны игеруге аса қажетті болып табылады. Менің ойымша, көрмені өткізгеннен кейін тіпті оны сынға алып жүрген адамдар өздерінің адасқандарын сезіп, стереотиптік тар ойларының тұтқынынан шы­ғады деп ойлаймын. Біздің елімізге де бір үшін тиетін әлем­де болып жатқан жаһандық дағдарысқа қара­мас­тан, біз жаңа нысандарды іске қосып жатырмыз, онда­ған мың жұмыс орындарын ашудамыз, құрылысқа жүз­деген отандық кәсіпорындар тартылды, туристік клас­тер қарқынды көтерілуде. Астана қаласының және де еліміздің басқа өңірлеріндегі қалалардың инф­ра­құрылымдары жаңаруда, осының барлығы еліміздегі шағын және орта бизнестегі дамуына тың серпін бе­реді. 
Жалпы алғанда, егер мен «ЭКСПО – 2017» – бұл на­ғыз дағдарысқа қарсы жол картасы» деп айтатын бол­сам ешқандай артық айтқандық болмайды. Алайда, ең бастысы, біздің еліміздің пайдасын, ұпайын түген­деуге ғана басымдық беруге болмайды. Астана келесі жылы адамзаттық ең негізгі, басты проблемаларын ше­шетін орталыққа айналады. Мұны біз дұрыс түсінуі­міз керек. «ЭКСПО – 2017» бүкіл мемлекетіміз үшін қа­жет. Сондықтан да көрмеге қатысушы-мемлекеттер са­ны тұрақты өсіп жатыр, дәл осы жағынан келгенде «ЭКСПО» атынан көрмені өз елдерінде өткізуге бар­лық елдер ұмтылып, тырысады, сол үшін қашанда жан­таласқан бәсекелестік жүреді. 
– Сіздің жан-жақты, егжей-тегжейлі берген жауап­тарыңыздан кейін «Қазақстанға ЭКСПО қаншалықты қажет» деген сұрақты қоюдың керегі болмай қалды, одан да бұл көрменің елімізге қандай пайда әкелетіндігі тура­лы әңгімелесейік...
 – Көптеген қадам, алға есептелген бастамалар бар. Бұл жерде біздің Мемлекет басшысының екі бас­тамасына тоқталу керек. Өткен жылдың аяғында өткен Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «ЭКСПО – 2017» көр­месінің инфрақұрылымы негізінде жасыл техно­ло­гияны дамыту бойынша Халықаралық хаб ашуды ұсын­ды. Бұл өте маңызы зор оқиға. Ойлап қараңыз, бұл орталық энергияны үнемдеу және жаңартылған энер­гия көздері сияқты басымдық берілетін ба­ғыттардағы озық технологияларды дамыта алады қа­зір­гі кездің өзінде шетелдік мамандар хаб құру бас­тамасына үлкен қызығушылық танытуда. Біздің еліміз үшін мұндай жоба АҚШ-тағы «кремний алқабымен» немесе Қытайдағы Бейжің технологиялық орталы­ғымен барабар. Бұл инновациялық институттардың өз елдерінің экономикасына қандай ықпал жасағанын айт­қаным артық болар. Екіншіден, «ЭКСПО – 2017» инф­рақұрылымдарының негізінде құрылатын, ағыл­шын преценденттік құқық негізінде қызмет ететін жә­не міндетті түрде осы мәселені жасағанда Дубайдың тә­жірибесін зерттеп, пайдаланылатын «Астана» қаржы орталығы құрылмақ. Британдық заңнамалар бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие және заңды жүргізу бүкіл әлем­де сұранысқа ие, ағылшындық құқық негізінде заңды жүргізу бизнес-қоғамдағы заманауи трендтерге сәйкес. Бұл өз кезегінде елміздің экономикасына ше­телдік инвестицияларды тартудың күшті факторы бо­лады. 
– Әңгімеңізге рақмет!