Басты  /  мақалалар  /  Шәкен қолтаңбасын қайталағым келеді...

Шәкен қолтаңбасын қайталағым келеді...

Айдана НҰРМҰХАН
2669
Шәкен қолтаңбасын қайталағым келеді... Жуырда көрерменге жол тартқан «16 қыз» фильмі көрсетілімiнің алғашқы аптасында 45 миллион теңгеден аса табыс жинады.

3 наурызда прокатқа шыққан туындыны алғашқы аптада шамамен 35 мыңнан аса көрермен тамашалаған екен. Бүгінге дейін 60 миллионнан астам касса жинап үлгерген отандық туындының режиссері Қанағат Мұстафинмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.  

 

– «16 қыздың» жақсы касса жинауы­ның себебі – жарнамасының жақсы наси­хатталуында сияқты. «Тек бір рет көруге болатын фильм» деген пікірлер айтылып жатты. Фильм мазмұнының жеңіл болуы о баста жоспарланған ба еді?
– Бұл фильм Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында түсіріле бастады. Қазақтың маңдайына біткен халық әртісінің ұлттық киноиндустрияға қалдырған қолтаңбасы – асыл қазына. Әйгілі режиссердің стилінде қазақы комедия жасағымыз келді. Әу бастағы мақсат – «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер» сынды фильмдердің биігіне жете алмаса да, ізін басар туынды жасау еді. Негізгі референс те – осы. Діттеген мақсаттың қаншалықты орындалғанын  уақыт көрсетер. Әрине, түрлі адам болған соң, саналуан талғам, әртүрлі пікір болатыны заңды. Кейбір көрермен «бір көруге ғана болатын кино» деген баға беріп те жатқан болар. Біраз уақыт өткеннен кейін бұл фильмге қайта сұраныс бола ма? Бұл мәселе де –  тек уақыттың еншісінде. Дегенмен оң бағасын беріп, жағымды пікір білдіріп жатқандардың да қарасы аз емес.  
– Жалпы, фильмнің идеясы неде?
–Баянауыл елді мекенінің 32 жастағы тұрғыны, ауылдағы ағылшын пәнінің мұғалімі, сүрбойдақ Бауыржан есімді азаматты үйлендіру мәселесі – фильмнің негізгі желісі. Баянауылдағы соңғы бойдақ қызды алып қашып кеткеннен кейін, ата-анасы баяғы белқұдалыққа уағдаласқан достарын еске алып, сол үйдің Айжан есімді қызымен отастыруды көздейді. Сөйтіп, ауылдың қарадомалағын Алматыға аттандырады. Біршама отырыңқырап қалса да, Айжан таңдайтын жігіт аз емес еді. Ол қалалық дәулетті отбасыдан шыққан азаматпен тұрмыс құрғысы келіп, Бауыржанмен отау құрудан бас тартады. Дегенмен әкесінің жан досының баласын ауылға құр қол қайтарғысы келмей, ауыл мұғаліміне сай жар іздей бастайды. Әрі қарай кейіпкер қалыңдық іздеу барысында түрлі қызық оқиғаға кездеседі. Көрермен туындының қалай аяқталатынын кинотеатрлардан көріп-біле алады. 
– Бірде «кез келген фильмде режиссердің халыққа айтар ойы, өскелең ұрпаққа берер тәлімі болуы шарт» деген болатынсыз. «16 қыздың» халыққа айтар ойы не?
– Жалпы, бүгінгі кинонарыққа түрлі жанрдағы әртүрлі фильмдер қажет. Дей тұрғанмен кез келген туынды тек қаражат табуды көздемеу керек. Онда авторлар мен режиссердің халыққа айтар ойы, өс­келең ұрпаққа берер тәлімі, яғни идеологиясы болуы шарт. Арзанқол дүние жасап, шыққан шығынын еселеп қайтаруды көздеген авторлардың алысқа бармайтыны анық. Мұндай режиссерлер екі-үш туындының айналасында ғана мансабын жасай алады. Себебі кез келген өміршең дүние сапалы әрі кәсіби деңгейде жасалуы қажет.
«16 қыз» туындысы арқылы қазақта ұмыт болып бара жатқан «белқұда» дәстүрін қайта жаңғыртуды көздедік. Бүгінгі жастардың басым бөлігі бұл ұғымды біле бермейді. Осы фильмді тамашалаған жастардың шамамен 30-40 пайызы Google іздеу жүйесіне «белқұда» сөзін теріп көрген болса, біздің мақсатымыздың жартылай орындалғаны деуге болады. Бұдан бөлек, басты рөлдегі Бауыржан қалаға Айжанмен танысуға келгенде, қалыңдықтың анасы «Үйленген соң қайда тұрасыңдар?» деген сұрақ қояды. Сонда кейіпкер «ауылда ата-анаммен тұрмақпын. Қара шаңырақта үш ұрпақ тұруы шарт емес пе?» деп жауап қайырады. Бұл эпизод арқылы бүгінде ата-анасын, қара шаңырағын да тастап, яки қарттар үйіне өткізіп кетіп жатқан безбүйрек балаларға ой салғымыз келді. Жалпы, «16 қыздың» қазақы табиғаты, ауылдың көркем көрінісі, ондағы қазақы салт-дәстүрлер, мамыражай ауыл тұрғындары арқылы үнемі қарбалас, күйбең тіршіліктің соңына түсіп қалаға безіп кеткен жастардың ауылға деген сағынышын оятқымыз келді.  
– Кинотеатрға келген көрермен 95 минуттық фильмді көрсе, телеарна арқылы екі сағаттық нұсқасын көретіні айтылып жүр. Қаншалықты рас және телеарналардан қашан берілмек?
– Екі сағатты қамтитын режис­серлік нұсқасы бар. Мұнда ауыл тіршілігі көбірек сипат алады және Әнуар Нұрпейісовтың біраз эпизодтары көрсетіледі. Кино­театрлардан көрсетілген нұсқасында жалпы мазмұны сақталды. Әу баста, фильм өңделіп біткеннен кейін үш жарым сағатқа созылатын туынды болды. Кейін «Қазақфильмдегі» шығармашылық ұжым және фильмнің түсірушы тобы ақылдаса келе, екі сағатқа қысқарттық. Маған мүмкіндік берсе, толық көрсетер едім немесе жарты сағатын ғана қысқартар едім. Әрбір режиссерге өз туындысы қашанда ыстық. Қазір фильмнің продюссері «Қазақстан», «Хабар», «7-арна» сынды телеарналардан келіп түскен ұсыныстарды қарап, «16 қыздың» толық нұсқасын отандық телеарналар арқылы көрсету туралы келіссөздер жүргізуде. Сұраныс жоғары. Жуырда еліміздегі арналардың бірінен «16 қыз» туындысының толық нұсқасын тамашалай аласыздар. 
– Фильм соңында бәстен жеңілген бір кейіпкердің Бауыржанның ернінен сүйетін көрінісі бар. Батыстың ерсі мәдениетін көрсету арқылы не ұттыңыздар? 
– Бұл – комедиялық жанр!
– Кезінде Шәкен атамыз ешқандай да ерсі қылықтарды көрсетпей-ақ комедия жасай алды емес пе?
– Талғам түрлі болған тұста әртүрлі пікір болатынын айттық. Бәлкім, ер азаматтың басты кейіпкерді ернінен сүйгені ерсі көрінген болар. Десек те, «осы эпизод аса күлкілі болды» деген пікірлерді де естіп жатырмыз. Өз басым режиссер ретінде бұл эпизодты ешқандай ерсі қылық деп есептемеймін. Оның үстіне, мұны басты рөлдегі кейіпкер жасауға құлшынып тұрған жоқ.   
– Басты рөлдегі Аша Матай өз кейіпкерін аша алды деп ойлайсыз ба? Неге таңдау бұл актрисаға түсті?
– Аша Матай менің бұған дейінгі бірқатар жобаларымда ойнап келеді. «16 қыздағы» кейіпкерін толық аша алды деп есептеймін. Берік Айтжанов, Аша Матай, Әнуар Нұрпейісовке арналып арнайы сценарий жазылды. Фильмнің редакциялық тобының мүшелігінде болған Сатыбалды Нарымбетов ағамыз «16 қыздың» кейіпкерлерін сомдаған артистердің жұмысына жоғары баға берген болатын. Бұл да – мен үшін үлкен жетістік.      
– Фильмде еліміздің көркем өңірлерінің әсемдігін операторлар сәтті бере алған. Операторлық топтың жұмысына тоқталып өтсеңіз...
– Айбар Қыдырбаев есімді оператормен он жыл көлемінде жұмыс істеп келеміз. Бірақ бұған дейін Айбар қысқаметражды дүниелер жасаумен шектеліп келді. «16 қыз» – тұңғыш толықметражды туындысы. Алғашқыда бүгінге дейін отыздан астам жоба жасап үлгерген кәсіби мамандарды шақырамыз деген ой болған, ақылдаса келе, бұл міндетті Айбарға сеніп тапсырдық. Нәтиже ойдағыдай, сенімді толық ақтай алды. Екінші оператор Айдар Оспанов есімді азаматпен осы фильмнің операторлық қырынан сәтті жасалуы үшін біраз еңбек етті. Жас операторларға мүмкіндік беру арқылы бұлақ көзін ашқандай болдық. 
– Фильмді түсіруге қанша уақыт және қаражат жұмсалды? 
– 400 мың АҚШ долларына жуық қаражат жұмсалды. 56 күнде толық түсіріп біттік. Бірақ фильмде еліміздің бірқатар аймағы қамтылғаннан кейін, жалпы үш ай көлемінде түсірілді. 
 – Бұған дейін «Қажымұқан» фильмін түсіруді қолға алғаныңызды естіген едік. Бұл жоспар жүзеге асты ма?
– «Қажымұқан» – үлкен жоба әрі менің режиссер ретіндегі арманым. Сол себепті, бұл жобаны асығыс түсіргім келмейді. Сапалы әрі салмақты үлкен дүние көп қаражатты қажет етеді. Фильмді түсіруге қол ұшын созатын демеушілер табылған да болатын. Бірақ келісімшарт жасалар сәтте Қажымұқан бабамыздың руы мен демеушілердің елі сәйкес келмей қалуы себебінен қаржылық қолдау көрсетуден бас тартқан еді. Өкінішке қарай, осындай қазақтың қанына сіңген рушылдықтың салдарынан жобаның жұмысы бір рет тоқтап қалды. 
Қазір демеуші іздестіріп жатырмыз. Дағдарыс кезеңі, жағдай түсінікті. Сол үшін де асығыстық жоқ. Алдағы 5-6 жыл көлеміндегі жоспарда бар. 
– Алдағы жоспарларыңыз?
– Қазір түрлі телехикаялар түсіруге ұсыныстар бар. Солардың арасынан идеясы, сценарийі қызық жобаны таңдап жатырмыз. Екі-үшеуінен бас тартып та үлгердік. Ал кино түсіруге байланысты нақты жоспарларды бөлісу әлі ертерек сияқты. Әртүрлі қызық тақырыптар, сценарийлер бар. Дегенмен өрбітіп, дамыту қажет. 
– Сұхбатыңызға рақмет!