Басты  /  мақалалар  /  Құр журналистика телевизия бола алмайды

Құр журналистика телевизия бола алмайды

Айқын-ақпарат
2511
Құр журналистика телевизия бола алмайды Маралбек САҒЫНҒАНОВ, «Еуразия Бірінші» арнасының жүргізушісі:

Танымал журналист, блогер, «Еуразия бірінші» арнасының жүргізушісі Маралбек Сағынғанов «Айқын» газетіне берген сұхбатында отандық телевизияның қазіргі жай-күйі мен өзі қызмет ететін арнадағы соңғы ауыс-түйістер туралы ой бөлісті. 

 

– Маралбек, тележурналист ретінде өзі­ңіз де байқап жүрген боларсыз, қазір әлем БАҚ-тарынан бастап отандық те­ле­визия мен ақпараттық сайттарда негатив ақ­парат тым көбейіп барады. «Еуразия Бірін­ші» арнасы мұн­дай ақпаратты «112» бағ­дарламасында ғана берсе, басқа отандық ар­налар жаңалық­тарынан тікелей беріп жүр. Жалпы, көрер­мен­де теріс ақпаратты көру-көрмеуде таңдау құқығы болуы керек пе? 
– Өзіңіз атап өткендей, біз негатив ақ­паратты «112» айдарымен бөлек беруге ты­рысамыз. Демек, көрерменге таңдау құ­қын беріп отырмыз. Оның үстіне «112»-нің мақсаты қорқыту емес, ескерту. Біз ақ­­параттың осы аспектіне баса мән бере­міз. Менің ойымша, бұл дұрыс тәсіл. Өйт­кені ақиқатында түрлі оқыс оқиғалар жаңа­лық емес. Бірақ қазір сондай бір нәу­бет туған сияқты: «анау өлді, мынау өл­тірді» деген ақпараттың бәрін жаңалық ре­тінде қабылдайтындар көбейді. Негізі, шын жаңалық көп қой. Мысалы, үкімет тарапынан жасалып жатқан реформалар, олардың қарапайым қазақстандықтың өміріне қалай әсер ететіні, міне, осыларды түсінікті түрде жеткізіп берудің өзі бір төбе. Осы арқылы журналистиканың негізгі ақпараттандыру, сауаттандыру сияқты фун­кциялары шындап атқарылар еді. 
– Естуімізше, сіз Лондонда оқып келіпсіз. Жалпы, кәсіби маман ретінде еуропалық журналистикадан бұл бағытта нені үйренуге болады деп ойлайсыз? Мәселен, жаңа­лық­тар­дан дәретхана шұңқырында жатқан сәби­ді немесе адамды қорлау видеоларын, тіпті, мәйітті көрсету қаншалықты дұрыс? Бұл жур­налистік этика мәселесі ме, әлде... 
– Сәл түзете кетейін, мен Лондонда емес, Англияның Йорк деген қаласында жар­ты жылдай тұрдым. Оқығаным тіл кур­сы ғана. Ал, шындап келгенде, Еуропадан үйренеріміз көп қой. Техникалық тұрғыдан да, кәсіби этика тұрғысынан да ойға түйе­тін нәрсе баршылық. Теледидардан тікелей эфирде, прайм-тайм кезінде дә­ретхана шұңқырында жатқан шақалақтың денесін немесе адамды итше тепкілеген сәтті көр­сету, әрине, дұрыс емес. Түсінемін, те­левизия видеосыз тағы болмайды. Алайда «мон­таж», «блюр» деген нәрселер бар. Тап көр­сеткің келіп бара жатса, блюрлап, де­мек видеоны бұлдыратып, анық емес қы­лып жіберуге де болады ғой. Ал ашық күйін­де көрсету – рейтинг үшін күрестің ең жиіркенішті көрінісі ғана. 
– Ресей мен Украина, Ресей мен Түркия ара­сында ақпараттық соғыс кезінде қанша­лық­ты «Еуразия Бірінші» арнасы обьективті бол­ды деп ойлайсыз? 
– Мен «Еуразия Бірінші арнасының» қа­­зақ­ша жаңалықтар бөлімі мен өз күші­міз­бен түсірілетін қазақша бағдарлама­ла­ры­на жауаптымын. Өзіме жүктелген салада мейілінше объективті болдым деп сеніммен ай­та аламын. 
– Алмас Алтай жүргізген «Ашығын айт­қан­да» бағдарламасының рейтингі жо­ғары бол­ғанын естіп жатамыз. Енді арнадан кә­сіби тележүргізуші кеткен соң, бұл бағ­дар­ламаның болашағы не болмақ? 
– Әділін айтсам, бұл бағдарламаның рес­ми рейтингі кейінгі уақыттарда құл­ды­рап кетті. Бірақ цифрлар төмен болғанмен, бағ­дарлама биыл «Халықтың сүйіктісі» сый­лығын жеңіп алды. Бір жерге бірге бар­сақ та, жұрт менен бұрын Алмасты танып жа­тады. Бағдарлама өзіне жүктелген мис­сиясын атқарды деп білем. Қазіргі тұр­мыс­тық мәселелерге дәстүр тұрғысынан қа­рап көруге тырыстық. Бірқатар бағ­дар­ла­малар резонанс туғызып, дауға да ұласып жат­ты. Қазір «Ашығын айтқанда» Алмас Алтайсыз түсіріліп жатыр. Жүргізуші Жан­жігіт Омархан деген кәсіби маман. Ол бі­рін­ші наурыздан бастап эфирге шықты. Дегенмен басшылық цифрлардың төмен­деуі­не байланысты бағдарламаны жабу туралы шешім қабылдады. 
– Жалпы, «Еуразия Бірінші» арнасында көрермен сұранысы қандай? Көрермен қа­зақ­ша хабарларды көбірек көргісі келе ме, әл­де орысшасын ба? 
– Қазақстанда телеаудиториялық зерт­теу жұмыстарымен «Гэллап Медиа» тобы ай­налысады ғой. Олардың зерттеуіне сен­сек, біздің арнаның негізгі көрермені орыс­тілді қалалықтар. Рейтингтер де соны мең­зейді. Мысалға, жаңалықтардың өзінде «Глав­ные новостидің» цифрлары бізден екі-екі жарым есе жоғары. 
– Бірақ олар кешкі сегізде, ал «Басты жаңа­лықтар» түнгі онда шығады ғой. Жалпы не­ліктен қазақша жаңалықтардың уақыты жиі өзгереді? Сенбі күні, тіпті, кешкі он бір­ден өте бастайсыздар. 
– Мұның бәрі рейтингті жақсарту үшін жа­салады. Орысша жаңалықтың цифрлары жоғары, сәйкесінше олар прайм-таймда тұр. Біз осыған дейін бір жарым жылдай кеш­кі алтыда шығып жүрдік, кейін алты мен сегіздің ортасында он бес минуттан үш рет шығып көрдік, одан соң 21:40, міне, ен­ді үш айдай болды жаңалықтарды 22:00-де бастаймыз. Сенбілік жаңалықтардың уақыты өзгермегелі біраз болды. Шүкір, соңғы уақыттарда біздің рейтингіміз де жоғарылап келеді. Әрине бірден рекорд ор­нат­тық дей алмаймын. Бірақ қыр­күйек­тен бергі динамика бойынша цифр тек жо­ғары өрмелеп келеді. Бұл қолға алған өз­герістердің арқасы деп ойлаймын. 
– Ол қандай өзгерістер?
– «Басты жаңалықтар» Қазақстандағы ең соңғы шығатын ақпараттық хабар. Бізге дейін жұрт күннің негізгі оқиғаларын, жаңа­лықтарын көріп болады. Демек, біз басқа бірдеңе ұсынуымыз керек болды. Осы­ған орай бірнеше жаңа форматты қол­дана бастадық. 
Біріншіден, «Басты жаңалықтар» қазір құр ақпараттықтан гөрі ақпараттық-сарап­тамалық жанрға келеді. Әр хабарда кемі бір толық сараптамалық сюжет шығаруға тырысамыз.
Екінші – «Медиақабылдау» айдары. Ол әл­дебір қиындыққа ұшыраған қарапайым отандасымыздың мәселесіне, оны ше­шуге арналған айдар. Білесіз бе, бізге күн сайын ондаған қоңырау түсіп, хаттар келіп жатады. Мұндай арыз-шағымдар ескерусіз қалмайды. Айдардың арқасында қаншама мәселе шешілді. Жуырда бес баласының үшеуі мүгедек болып қалған отбасы туралы сюжет көрсеттік, арада апта өткен жоқ, әл­дебір қайырымды жан оларға бес бөлмелі пә­тер сыйлады. Қанша емге мұқтаж жан­дарға ақша жиналды. Қиналған көп балалы аналарға көмек берілді. Айтып тауысу мүм­кін емес. 
Ал енді үшінші өзгеріс – «Басты тақырып» деген айдар. Бұл аптасына бір рет, жұ­мада шығады. Мақсаты: аптаның ең өзек­ті мәселесін мейілінше қарапайым тіл­мен, автор-журналистің көзімен көр­сету.
«Сенбілік жаңалықтар» бағдар­ла­ма­сын­да да көптеген қызықты айдарлар бар. Тіпті, көрерменнің өзі жаңалықтардың жа­салуына тікелей атсалыса алатын функ­ция да іске қосылды. Оның бәрін көру ке­рек. 
– Журналистикада, оның ішінде әсі­ре­се телевизияда тәжірибелі, білікті ма­ман­дар­дың орта жасқа қарай басқа салаларға кетуін немен түсіндіресіз? Жүргізуші, жур­налист жастардың көптігі – БАҚ-тың бағы ма, соры ма? Тұрақты тіркестерді бөліп-жа­рып, қате сөйлеп, қазақ тіліне қиянат жа­сайтындарға қатысты ойыңыз қандай? 
– Басқа салаға кетудің екі түрлі себебі бар сияқты. Өзіңіз айтпақшы, көбіне орта жас­қа қарай кетіп жатады. Демек, жур­на­листика ұсынған табыс бала-шағаны асы­рау­ға жетіңкіремейді деген сөз. Ал екінші бір себебі – амбициясын қанағаттандыру шы­ғар. Жақсы қызмет ұсынылды, ендеше ми­крофон ұстап, спикердің артынан жү­гі­ріп жүрудің не қажеті бар? Осылай ой­лай­тын шығар. Өз басым әзірге өмірімді те­левизиясыз елестете алмаймын. Қате сөй­леп, не айтып отырғанын өзі түсіне ал­майтын жүргізуші БАҚ-тың ғана емес, ха­лықтың соры. Әдебиетшілер ренжімесін, бі­рақ қазір тілді қалыптастыратын әдебиет емес, телевизия болып кетті. Ал жаңағыдай жүр­гізушіні осыдан кейін бақ деп қалай а­йтамыз?!
– Маралбек, сізді «Нұр Отан» партия­сы­ның қолдауымен өткен «Блогиада-2015» бай­қауының жеңімпазы атануыңызбен де құт­тықтаймыз. Бұл жеңіске жету қаншалық­ты қиын болды?
– Рақмет! Жеңістің қай-қайсысы да жақ­сы ғой. Бұл жеңісіме де шын қуандым. 2014 жылғы блогиаданың тәжірибесі де кө­мек болды, әрине. Жалпы осы ретте ұйым­дастырушы Аршат Оразға ерекше ал­ғыс айта кетейін. Бәлкім, оның өзі жаңа бастаманың маңызын сезінбейтін шығар, бірақ Аршат осы идеясы арқылы қазаққа, қа­зақ тіліне үлкен еңбек сіңірді. 
– Әлеуметтік желілерге қанша уақы­тыңызды бөлесіз? Жалпы, уақытты тиімді пайдаланасыз ба? 
– Журналистика мен әлеуметтік желі ты­ғыз араласып кетті ғой қазір. Менде де же­лінің бір-екеуі үнемі қосулы. Телміріп оты­ра берем деп айта алмаймын. Бірақ қай­та-қайта көз салып тұрам. Уақытты тиім­ді пайдаланам деп айта алмаймын. Ап­тасына алты күн, он-он екі сағаттан жұ­мыс­тамын. Жексенбіде де үш-төрт сағатқа ке­ліп кету керек. Міне, менің уақытты пай­далануымның сиқы. 
– Телевизияны өзгертуге қатысты өз арманыңыз қандай? 
– Менің арманым – телевизияның на­ғыз телевизия болатын күні. Өйткені те­левизия бұл тек журналистика емес, бұл дра­матургия, режиссура, хореография, та­ғысын тағысы. Құр журналистика те­ле­визия бола алмайды. Өйткені телевизияда ақ­парат құр ұсынылмауы керек, ол сце­на­риі, ақпараты, режиссурасы үйлескен, адам­ның назарын жаулап алатын, басқаға бұр­ғызбайтын өнерге айналып кетуі керек. 
– Сұхбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ