Басты  /  мақалалар  /  Бақтыгүл МАХАНБЕТОВА: Әдеби агент – рухани құндылықты насихаттаушы

Бақтыгүл МАХАНБЕТОВА: Әдеби агент – рухани құндылықты насихаттаушы

Айқын-ақпарат
3300
Бақтыгүл МАХАНБЕТОВА: Әдеби агент – рухани құндылықты насихаттаушы Әдеби агент кім? Оның атқаратын функциясы қандай? Елімізде әдеби агенттік дамыған ба? Қазақ әдебиетінің, қазақ қаламгерлерінің насихаты неге кемшін? Джоан Роллингтің бір ғана «Гарри Поттері» авторға миллиондаған пайда әкелді.

Не себепті? Өйткені Роллингтің әдеби агенттері оның тауар ретінде қыруар қаржы табуына жұмыс істеуде. «Гарри Поттерді» он орап алатын қазақтың көркем әдебиеті шаң басып, баспаханада жатыр. Демек, қазақ әдебиеті табыс таба алмайды деген сөз. Әлде, біз қателесеміз бе? Марат Ахмеджанов пен Бақтыгүл Маханбетова болса бұл саланың  жілігін шағып, майын ішкен мамандар.  Бізді мазалаған сауалға кейіпкерлеріміз не дейді?


 

– Сіздің ағылшын тілін үйретумен шұғылданатыңызды жақсы білеміз. Одан бөлек, әдебиетті өркендетсем, қазақ әдебиетінің жауһарларын әлемге танытсам деген ойыңыз бар. Мұны айтып жүргеніңізге де бірнеше жыл болды. Бірақ жүзеге асатын түрі жоқ. Мүмкін бұл жобаның жүзеге асуына қаламгерлеріміз сенбей ме? 
– Сенбейді деп айтуға келмес. Әрбір адам баласы секілді, қаламгерлеріміз де жақсыдан үмітті. Біздің қазіргі қоғамда қозғап жүрген негізгі мәселеміз – ұлттық құндылықта­рымызды барынша дәріптеу, әлемге паш ету. Ұлттық жауһарларымызды бүгінгі ұрпақтың жадына сіңіру, мәдени мұрамызды насихаттау. Өйткені ұлттық мәдениет – қоғамдағы ең қозғаушы күш. Алғаш рет бұл ой қазақ тілін дамыту барысында келген. Қазақ тілін дамытуда біз тек қана оқу-әдістемелік құралдарды пайдалануды ғана мақсат тұтыппыз. Тілді әдебиетпен қатар бергенде ғана дамиды екен. Осылайша, біздің тіліміздің ерекше құбылыс екендігін өзге тіл үйренуші өзінің жүрегінен өткізе алады. Әдебиетімізді қалыптастырған қазақ әдебиетінің кіл мықтыларының туындылары қазақ баласына ғана емес, адамзатқа ой салатындай құнды дүние екендігіне көз жеткізе алады. Біз осыған қызмет етуіміз керек. Тіл маманы болғандықтан, қазақ тілін орыс аудито­риясында оқытуда көп тәжірибе жинақтадым. Әрі шет тілінің тәжірибелі маманы бол­ғандықтан, түрлі аудиториямен кездесемін. Ұлттық жоғары оқу орындарында, ірі-ірі компанияларда тіл үйренуге байланысты жобалар жасағанымда көзім жеткен бір нәрсе – біз шығармаларды оқыту арқылы тілді үйренуде, тілді үйретуде көп жетістіктерге жете алады екенбіз. Өйткені қазақ әдебиетін қатар оқыту барысы адамның негізгі қағидаларды бойға сіңіруіне, көзқарасын дұрыс қалыптастыруына ерекше әсер етеді. Дегенмен, әдебиетті оқырманға жеткізудің жолында әлі де кедергілердің кездесетіні анық. Бұл тұрғыда көптеген ой-идеяны жүзеге асырсақ деген ниетіміз бар. Үлкенді-кішілі жиындарда, дөңгелек үстел барасында, кездесулерде осынау кедергілер жайында жиі мәселе қозғап жүрмін. Әдебиетті толыққанды насихаттай алмай отырғанымыз рас. Құдайға шүкір, қазақ әдебиеті елімізде қамқорлықсыз емес. Түрлі әдеби интернет-порталдар ашылды. «Әдебиет порталы», «Кітап.кз» жұмыс істеуде. «Әдебиет порталы» 1730 авторды насихаттаса, «Кітап. кз» порталында бес жүздей автордың шығармалары енгізіл­ген. Олардың арасында қазақ қаламгерлері­мен қатар, әлем әдебиеті өкілдерінің де шығармалары бар. Осылайша, әлем әдебиеті қазақ аудито­риясына таныстыруды мақсат тұтып отыр.
– Дегенмен, әлем әдебиеті қазақ ауди­ториясына аударма арқылы жетті. Ағылшын, француз, неміс, жапон әдебиетін түпнұсқадан емес, орысша оқыдық. Сол сияқты қазақ қаламгерлерінің арасында әлемдік деңгейге жеткендер бар ма?
– Әлемдік деңгейге жеткізе алатын шығарманы осы күнге дейін ағылшын тілінде насихаттамағанымыз – ұят нәрсе. Егерде біз қазақ әдебиетін әлемге дәріптей алдық деп айтар болсақ, ендеше, неге біздің қазақ әдебиетінің жауһарлары бестселлер қата­рынан көрінбейді? Бұған біреуді кінәлаудың да қажеті жоқ. Өйткені егемендік алдық деп, өзімізге сеніммен қарай бастағанымызға көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ 25 жылдың өзі де аз емес. Шоқтығы биік, біртуар тұлғала­рымыздың аманат етіп қалдырған мұраларын дұрыс насихаттай алмай отырғанымыз жаныма батады. Қазақты әлемге танытатын спорт пен мәдениет қана емес. Сонымен бірге әдеби мұраларымыз. Өйткені рухани құндылығымыз жұртқа жұтаң көрінсе, онда бұл елдің әдебиеті мүлдем жоқ деген ұғым туады. Тіпті кейбір жазушыларымыздың ұрпақтарының өзі аталарының әдеби мұрасына жауап­кершілікпен қарап отырған жоқ. Олардың өзі әдеби тілден мақұрым қалған. Өз аталарының еңбектеріне немқұрайды қарайтындығына қарным ашады. Олардың кейбірімен ұстаздық ету барысында жүздескен де жайым бар. Британдық әдістерді оқу барысында көз жеткізген тағы бір дүние – олар әдебиеті ықшамдап, мазмұнын ғана беріп, оқыр­манды ойландырып тастайды. Оқыр­ман сол шығармаға қызығатын болса, ары қарай іздей бастайды. Түпнұс­қасын оқиды. Соңғы екі-үш жылда жазушы мен оқырманды бетпе-бет кез­дестіріп, түрлі форум­дарда, сим­позиумдарда дайындаған жоба­ларымды көрсетіп, ұлттық жауһар­ларымызды насихат­тауды қолға алдым. Кейбір ұжым­дар­ға бар­ғанымда, өздерінің мәдениетін, әдебиетін таныстырып қана қоймай, менің жобаларыма да қызыға бастады. Олар біздің әдебиетімізді сатып алуға дайын. Бірақ қаржылық қолбайлау болып, бұл жобаларымның дені толығы­мен іске аса қойған жоқ. Жас оқырмандар­дың дені қалың романдарды оқуға құлықсыз. Оларға шағын бестселлерді оқыған ұнайды. Қазір ақпараттардың дамыған заманы. Жылдан-жылға технология зымырап дамып барады. Жаңа технологияның мүмкіндіктерін пай­даланғанымыз абзал. Әдебиеттің наси­хатталуының тағы бір кемшін тұсы – анонс, жарнамаға көп көңіл бөлмейміз. Мәселен, университетте сабақ беріп жүргенімде, студенттерге бір шығар­маны таныстырар болсам, міндетті түрде оның әлемдік деңгейде қалай насихатталып жүргенін, жарнамалық роликтерін көрсетуге тырысатын едім. Кітапты оқыған оқыр­мандардың пікірі қандай? Осылардың бәрін жинақтап алып, студентке шығармамен қосып ұсынатын едім. Жарнамасын көр­геннен кейін, оқырманның жағымды пікірін оқығаннан кейін олардың да кітапты оқуға ықыласы ауады. Жарнамалық ақпарат болмағандықтан, әдебиет оқылмай қалады.
– Ағылшын аудиториясына жарнама арқылы танылған қазақ шығармасы бар ма?
– Ағылшын тіліне жеке дара аударылып жүргендер бар. Бірақ ол шығармалар керемет табыс тапты деп тағы айта алмаймын. Өйткені әлі де толық, пісіп жетілмеген шығармаларды шетке шығардық та, ол әлемдік деңгейде таныла алмады. Қарасаңыз, қазақ тілі – өте бай тіл. Ең құнарлы, көркем, әдемі тілдердің бірі. Сол әдемі тілді өзге тілге аударғанда, аудармашыларымыз ұлттық бояуын жоғалтып алып отыр. Көрдіңіз бе? Біздің оқырман өзге тілден аударылған шығармаларды сүйсініп оқиды. Не себепті? Оның себебі, біздің қаламгеріміз оның ұлттық бояуын жоғалтпай, таза қазақша сөйлетуге тырысты. Ал сыртқа шығаратын мамандар әлсіз. Қазақ шығар­маларына аударма жасайтын кезде қатты қиналдым. Оны өзім де аудара аламын. Бірақ та көркем шығарманы жалғыз аударуға болмайды. Оған жұмылып еңбек еткеніміз дұрыс. Қазақстанда жұмыс істеп отырған мамандардың көпшілігі қазақ тіліне шолақ екендігіне көзім жетті. Қазақ тілінен тікелей ағылшынға емес, орыс тіліндегі нұсқасын көбірек пайдаланады екен. Тікелей аударатын мамандар жоқтың қасы.
– Орыс тіліне аударылғанда ұлттық бояуынан айырылып қалса, ағылшын тілінде қалай болмақ?
– Мазмұны бар, бірақ тілдің құнары жоғалып кетеді. Жарқырап тұрған зат пен көмескіленген тауарды салыстыра алмайсыз ғой. Әрине, жарқыраған затқа ұмтылады көбі. Солғын тартқан дүниенің сапасы да болмайды. Шет тіліне аударылды деген авторлардың өзінің шығармалары бестселлер қатарында көрінбеуінің сыры осында. Өйткені аударма ойды дұрыс бермеген. «Аударма агенттігін ашамын» деп талпыныс жасап, қаншама ақын-жазушылармен кездестім. Олардың шығармаларының желісінде керемет фильмдер түсірілсе деп армандаймын. Америкалық нарықта біздің орнымыз жоқ. Олар бізге орын бермейді. Бірақ солармен деңгейлес, әлемдік нарықты өзіміз жасауымыз қажет. Оған миллиардтар құюымыз керек. Жеміс бермейтін дүниеге ақша бөлгеннен гөрі, әдебиетті насихаттауға қаржы бөлсек құба-құп. Істеймін, осы жобаны жүзеге асырамын деген адамдарға мүмкіндік беру керек. Әдебиетті насихаттасақ деп жүгіріп жүрміз. «Қазақ әдебиеті ағылшын тіліне аударылуы қажет» деп шырылдап жүрміз. Ол үшін әдеби агенттер болуы керек. Шығармашылық бағыттағы жұмыстың ең басты көзі – жазушы кітабының насихатына бас ауыртпауы тиіс. Жазушының бүкіл шаруасын әдеби агент шешеді. Әдеби агентке керегі – жақсы көркем дүние. Жазушының міндеті осы. Әдеби агенттің ары қарайғы мақсаты – оны әлемдік нарыққа шығару. Өз тауарынан пайда табу. Бұл – үлкен бизнес. Оған көпшілік бизнес деп бас ауыртқысы келмейді. Осы үшін бас­паханаларға да бардым. Баспа иелері «сіз осыны жүзеге асырыңыз» дейді. Оны қалай жүзеге асырамын? Бұл – миллиондаған қаржыны қажет ететін жоба. Рас, аударма мәселесі – менің дертім. Қазақша шығарманы аудармасыз әлемге тарата алмаймыз. Оны ең алдымен сапалы аударып алғанымыз абзал. Тіпті сол шығарманың қысқаша мазмұнын, яғни синопсисін апара алсақ, оның өзі үлкен жетістік. Бір беттен тұратын синоп­систері­мізге ағылшындар елең ете қалуы керек. 
– Әдеби агент ретінде неге бір ғана жазушымен айналысқыңыз келмейді?
– Бір ғана жазушымен айналысамын. Бірақ әдеби агенттік дегеніміз – сол жазу­шыны таныстыратын бірден-бір негізгі фи­гура. Жазушы өзін-өзі таныта алмайды. Оның тіпті уақыты да жоқ. Жазушының өнімін таныту үшін оны ең алдымен баспаға апарам. Жазушының шығармасы оқырманға таны­луға лайықты деп баспаны сендіруім керек. 
– Әдеби агент мәселесі туралы жазушы­лармен сөйлескенімізде, олардың кейбірі мүлдем хабарсыз екен. Арасында Рақымжан Отарбайдың ғана әдеби агенті бар екен. Оның өзі Мәскеуде тұрады. Қазақстанда әдеби агенттікті дамыту мүмкін емес пе?
– Елімізде тұңғыш әдеби агенттікті құрамын ба деп өзіме мақсат қойып, жұмысты бастап кеттім. Осыған байланысты БАҚ беттерінде бірнеше рет мәселе де көтердім. Тіпті бірлесе жұмыс істеуге де дайын болғам. Бірақ мұны жүзеге асырғысы келіп отырған адамдарды көріп отырғам жоқ. Соған қарамастан, өз идеямнан бас тартпақ емеспін. Бұл мәселе бастап, тастап кете салатын дүние емес. Бұл қазақтың игілігі үшін қажет нәрсе. Біздің қазақтың ұлылығын, дарқандығын, кеңдігін, жомарттығын көрсететін шы­ғармаларды әлем оқуы тиіс. Ата-ба­бамыздан ұрпаққа аманат болып қалған ұлттық құндылығымызды жер бетіндегі адамзат баласына дәріптей алсақ, ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Қазір адамдар азғындап кетті, көптеген құндылық ауысып кетті. Ұлттық құндылықтардан гөрі материал­дық құндылық алға шығып кетті. 
– Қазақ жазушыларының ең басты кемшілігі кітабына тауар ретінде қарай алмай­тындығы шығар. Қалай ойлайсыз?
– Жазушы мен оқырман екі бөлек дүние. Сол екі бөлек дүниені біріктіріп, ортасына алтын көпір болғым келеді. Жазушыны әспеттейтін, оны құрметтейтін оқырманы – оның қасынан табылмай тұр. 
– Сіздің әдеби агент болғыңыз келетініңізді ұғып, сенім артқан қаламгер бар ма?
– Біраз жазушыларымыз әдеби агент туралы естігенде, елең ете қалды. «Мынау жақсы идея екен. Қолдаймыз» дегендері де болды. 
– Қазақта «Гарри Поттер» секілді мил­лиардтаған қаржы табатын шығарма бар ма?
– Бар. Қазақ әдебиетінің кейбір жау­һар­ларын оқығанда, оған кез келгеннің көзі жетеді. Тек оны насихаттауды жолға қойсақ болғаны. Әдеби агенттер осыны жүзеге асырса, біздің әдебиет те миллион­дарды еркін бағындырар еді. 
– Бір кездері арнайы әдеби аударма бөлімі жұмыс істеді. Әдеби агентті дамыту үшін осындай арнайы бөлім қажет емес пе?
– Рас, арнайы бөлімдер жұмыс істеді. Бірақ олар әлемдік деңгейде керемет насихатталып кетпеді. Сол бос кеңістікті толтыратын уақыт жетті. Ол үшін бізге жұмысты дер кезінде бастау қажет. Әдеби агенттіктің тарихын қарасаңыз, ол 141 жыл бұрын пайда болған. Демек, біз бір жарым ғасыр кейін қалып қойдық. Көрші Ресейдің өзінде тәжірибелі агенттер бар. Ол ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да орыс әдебиетін кеңінен насихаттап жүр. Біраз әде­би агенттермен байланысып көрдім. Ондағы мақсатым – олардың жұмыс процесін салыс­тырып көргім келді. Қазақ жазушысының көркем шығармасы – материалдық құнды­лығын арттыратын тауарға айналатын кез жетті. Материалдық құндылық – рухани құн­дылықты арттыратын тегеурінді күш. Жазу­шының қалтасы қалың болса, оның қабілет-қарымы да артар еді, ынтасы да күшейер еді. 
– Бұл жобаны жүзеге асуы үшін не қажет?
– Қаржылық қолдау қажет. Мемлекет осы идеяны қолдап, қаржылық көмек берсе, әдебиетімізді дәріптеуге жол ашылар еді. Тек өндірісті ғана емес, интеллектуалдық, рухани дүниелеріміздің де нарық заманында пайда әкелетін өнімге айналуына қолдау білдіретін кәсіпкер азаматтарды күтемін. 

 

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС


 

 

Марат Ахмеджанов: ТМД елдерінде баспа ісі дамымаған

Баспагер Марат Ахмеджановтың туған жері – Өзбекстанның Жизақ қаласы. Алайда соңғы он жылдан бері Лондонда тұрады. 1998 жылдан бері баспа саласының пұшпағын илеп жүр. 2002 жылы Ұлыбритания астанасынан Silk Road Media компаниясын құрған. Содан бері Орта Азияға арналған кітаптарды шығарып келеді. Алматыға келген сапарында Марат Ахмеджановпен жүздесіп, Еуропадағы баспа ісі, кітап бизнесі туралы сұрадық.

 

Баспагер деген кім?

 

ТМД елдерінің ешқайсысында баспагер мамандығы туралы дұрыс ұғым қалып­таспаған. Бұл елдерде баспагер деп баспахана қызметкерін айтады. 
Қазіргі уақытта авторлар бір бөлек, баспагерлер бір бөлек қалды. ТМД елдеріндегі бір авторға 15 презентация жасаған баспаны айтып беріңізші? Өкінішке қарай, мұндай баспа жоқ. Тіпті, еуропаланған Латвия мен Литвада да баспа ісі дамымаған. Сондықтан, ең алдымен, баспагердің кім екенін білуіміз керек. Баспагердің 8 түрлі бағыты болады. Өзі редактор, өзі журналист, өзі PR-шы, өзі SMM-ші болуы керек. Өзі баспасөз баянын жазып, сұхбат алуы қажет. Сонымен қатар ұйымдастырушылық қабілеті бар, әлеуметтік желілермен жұмыс істей алатын, промобукты білетін, яғни авторларды тауып, олардың еңбегін елге таныстыру, презентация, флаер жасау, кітап жәрмеңкелерін, поэзия кештерін ұйымдастыру секілді қызметтерді атқарады. Офис-менеджер, проджект-менеджер, ивент координатор, керек кезінде аудармашы да болуы керек. Проджект-менеджер автордың жұмысын аудару, редакторға ұсыну, иллюстратормен жұмыс жасау секілді жұмыстан бастап, кітаптың сатылымына дейінгі шаруаның бәрін атқарады. Ал сэлес энд маркетингті білетін адам кітапты сатумен айналысады. Кітап нүктелерімен байланысу, тапсырыс, жарнама берушілер, демеушілермен жұмыс істеу секілді жұмыстар сэлес энд маркетингтің міндетіне кіреді. Міне, осы айтылған мамандықтарды меңгерген адамды баспагер деп атауға болады.

 

Кітап қалай жасалады?

 

Қазір біз өзбек жазушысы Шараф Рашидовтың «Кашмирская песня» кітабын ағылшын тіліне аударып жа­тырмыз. Кітаптың презентациясы 2017 жылдың қарашасында Лондонда өтеді. Былай қарағанда, әлі екі жылдан астам уақыт бар. Бірақ кітаптың бүкіл жұмысы қазір жасалуда. Кітап солай жасалады. Кемінде бір жарым жылға алға қарай дайындау керек. Кітаптың веб-сайтын ашып, ол кітапқа пікірлер жинау қажет. Мысалы, Шараф Рашидовтың араласқан адамдарын тауып, оларға хат жазу, тіпті өздерімен кездесу керек. Кейін сол пікірлерді жинастырып, сайтқа салып, ол туралы мақалалар дайындаймыз. Сонда ғана ол кітаптың өтімділігі жоғары болады. Әрине, жұмысты сонша қиындатпай, кітапты тезірек баса салуға да болады. Алайда ол кітаптың шығуын асыға күтетіндей дәрежеде шығару бір басқа. Міне, осындай үлкен жұмыстар жасалған кезде біз ол кітаптың шығуын қанша адамның сарыла күтіп отырғанын білеміз. Баспагердің жұмысы сонда ғана өнімді болады.

 

Ағылшындар Абайды неге білмейді?


Магистратурада оқып жүрген кезімде маған Лондонда жарық көрген Орта Азия жазушыларының ағылшын тіліне аударылған кітаптары туралы таныстыру тапсырмасы берілді. Сөйтіп, Лондондағы бүкіл кітап дүкендерін аралап шықтым. Сізге өтірік, маған шын, бірде-бір жазушыны таба алмадым. Осыдан кейін Орта Азия қаламгерлерінің кітаптарын шығаруды қолға алдым. Алғаш рет орыс-ағылшын тілдерінде балаларға арналған алғашқы кітабымызды шығардық. Орыс тілінде 5 мың, ағылшын тілінде 2 мың кітап сатылды. Кейін тағы да 10 мың кітапқа тапсырыс түсті. Осыдан кейін кітап бизнесімен айналысуға мүмкіндік туды. Артынша «Қандай авторларды шығаруымыз керек?» деген сұрақ туындады. Кез келген жазушының кітабын шығара салуға болмайды. Классиктердің кітабын шығару да оңай емес. Себебі, көзі тірі классик аз. Оларды фестивальдерге сүйреп әкеле алмайсың. Оның үстіне ол кісілер бұл жерде классик. Олар бұл жерде ұлы адам болуы мүмкін. Бірақ әлемде оны ешкім білмейді. Мысалы, Абайды бүкіл қазақ біледі. Орта Азия халықтары да таниды. Лондонның көшесіне шығып өткен-кеткендерден «Абай деген кім?» деп сұраңызшы, ешкім білмейді. Ал «Шерлок Холмс кім?» деп сұрасаңыз, тым құрығанда жүз адамның біреуі білетін болып шығады. Неге олай, мұның бәрі насихатқа байланысты. Бұл Абай нашар ақын деген сөз емес. Англияда Абайды насихаттайтын жұмыстар жасалмаған.

 

Авторды қалай танытамыз?

 

Мәселен, бір жазушының шығармашылығы мықты дейік. Ол әлемге танылғысы келеді. Ағылшын тілінде кітабын шығаруды армандайды. Бірақ қалтасында ақшасы жоқ. Ол жазушы қайтеді? Фестивальдер мен әдеби байқауларға қатысады. Себебі, байқаулардың жеңімпазының кітабы тегін шығады. Авторды танытудың ең басты жолы – фестиваль, әдеби байқауларға қатыстыру. Осы мақсатта біз түрлі байқаулар өткізіп келеміз. Жеңімпаздың шығармасын өзіміз аударып, кітабын шығарып, Лондонда презентациясын жасаймыз. Ол үшін автор бізге бір тиын да төлемейді. Тіпті керек десеңіз, ол авторға біз автосалоннан ең қымбат деген көлікті мінгізіп жібере аламыз.
Жылдағы дәстүр бойынша ол байқауымыз биыл да өткізіледі. Шамамен, мыңға жуық ортаазиялық қаламгер қатысады деген ойымыз бар. Бұл байқауға кез келген тілде жазылған шығарманы жолдауға болады. Ол шығарманы біз ағылшыншаға аударып, үзіндісін сайтта жариялаймыз. Сайт арқылы қай шығарманың жақсы оқылғанын бақылаймыз. Сосын қазылар алқасына оқуға береміз. Жеңімпаз деп танылған шығарманы кітап етіп шығарып, сатуға қоямыз. Авторға белгілі бір пайызы қаламақы ретінде төленеді. Бұл фестиваль бізге мықты деген жаңа авторларды табуға көмектеседі.

 

Біз – коммерциялық ұйымбыз

 

Сондықтан табыс әкелетін кітаптарды шығарамыз. Баспа ісіне бизнес ретінде қарауымыз керек. Қайта-қайта эксперимент жасап, автордың кітабын тегін шығаратындай аса бай емеспіз. Сондайда түрлі ұйымдар мен мекемелердің демеушілігіне жүгінеміз. Мәселен, Еуропада түрлі әдеби премиялар өтеді. Мысалы, біз ВВС арқылы екі мәрте грант ұтып алдық. Ол премиялардың бір жақсысы, авторлардың кітабын қаржыландырады. Кейде авторлар бізді өздері іздеп келеді. Біз кітапты қалай шығарамыз? Алдымен 1000 таралымын шығарамыз. Ол кітапты барлық жерге таратамыз. Егер тапсырыс пайда болса, қайтадан шығарамыз. Мұндайда автор екі рет шығындалмайды. Себебі, екінші басылымын өз мойнымызға аламыз. 
Мен – бизнесменмін. Сондықтан авторлардың мық­тылығын кітабына деген сұраныстың мол болуына қарай мойындаймын. Мысалы, бизнесмен шай сатады делік. Ол үшін бизнесмен алдымен шайдың бірнеше данасын тегін таратуы керек. Ол адам шайды ішіп көріп, пікірін білдіруі қажет. Оны жарнамалап, басқаларға ұсыну керек. Кітап та  – сондай өнім.

 

Сауатты аудармашы қат

 

Бізде орыс тілінен ағылшыншаға аударатын аудармашылар бар. Бірақ қазақшадан аударатындарды табу оңай болмай тұр. Шынын айтайын, осы уақытқа дейін қазақ тілінен тікелей ағылшыншаға аударған емеспіз. Аудармашы таланты сонда –  қазақша ұғымдарды ағылшыншаға дәл жеткізуінде. Қазақстанда шетелдік классиктерді қазақшаға аударатын аудармашылар көп болар. Бірақ қазақшадан ағылшыншыға аударатын адамды таппай жүрмін. Біз бір кітапты аударып көргенбіз. Бір оқығанда барлық сөзі түсінікті сияқты болды. Бірақ автордың не айтқысы келгенін ұқпадық. Ол кітапты алты аудармашыға бердік. Әзер дегенде біреуін іріктедік. Сондықтан алдымен ағылшыншаға сауатты аударатын аудармашы табу керек. Ағылшын шығарманы оқып отырып, оны ағылшын авторы жазғандай әсер алуы керек.

 

Ең жақсысы – электронды кітап

 

Кітаптың электронды форматын шығарудан қорықпау керек. Ол тез дайындалады, бағасы да арзан. Қазір әлемде электронды кітаптар өтімді болып жатыр. Ол кітаптарды компьютерден ғана емес, телефондардан да оқуға болады. Мұндай кітапты сатып алудың жолы жеңіл. Экологияға пайдасы көп. Баспагерлер үшін оның табысы қағаз кітап сатқанмен бірдей. Электронды кітапты шығару қағаз кітапқа қарағанда бес есе арзан. Қағаз шығындамайсың, тасымал жасамайсың. Сақтандыруға бермейсің. 
Жалпы, Ұлыбританияда баспагер он пайыздай таза пайда көрсе, табысты бизнес жасаған болып есептеледі. Ал электронды нұсқада табысың елу пайызды құрайды. Бағасы арзан болғаны­мен, таза табысы қағаз кітаппен бірдей.

 

Кітаптың табысы қанша?


ТМД елдерінде авторға еңбегі үшін қаламақы ғана төленеді. Онда да кітап таралымына қарай бір рет қана төленеді. 100 мың кітап шықса да, 100 мың теңге төлеуі мүмкін. Ал Еуропада автор сатылған кітаптың 10 пайызының ақшасын алуға құқылы. Англияда қанша кітаптың сатылғаны кітап дүкендеріндегі barcode немесе ISBN сканерлеу арқылы бір базаға тіркеледі.
Ол кітап жайлы бүкіл дерек Нильсон базасында жинақталады. Егер жазушы өзінің қанша кітабы сатылғанын білгісі келсе, Нильсон арқылы білуіне болады. Кітаптың қаншасы, қай уақытта, қанша бағада, қандай дүкенде сатылғаны туралы мәліметтің бәрін алуға болады. 

Кітап әлі де ұзақ өмір сүреді
Қазіргі жұрт кітапты бағаламайтын болды. Кітап қолжетімді әрі арзан болып қалды. Адамдар арзан кітапқа ұмтылған сайын қорқамын. Ешкім оқымайтын кітаптар үшін кесілген ағаштарды аяймын. Екі жүз жылдың алдындағы сияқты, кітап коллекциялық түрде шығуы керек. Оның бағасы қымбат, түрі әдемі болуы қажет. Адам ол кітапты қолына алғанда ләззат алмаса одан не қайыр? Бірақ алдағы жиырма жылда дәл солай болатынына сенемін. Елу жылдан кейін қағаз кітаптар коллекциялық түрде басылып, өте қымбат бағамен сатылады. Ол кезде авторларға деген құрмет те артады.

 

Бізге баспагер қажет

 

Өкінішке қарай, қазір ТМД-дағы бірде-бір университет баспагер мамандығын дайындамайды. Сондықтан осы елдердегі баспа ісіне қызығатын жастарды тәрбиелегіміз келеді. Әр елде баспа ісін шемішкеше шағатын мамандар болуы керек. Мәселен, мен Лондоннан баспа ісі бойынша магистратура бітірдім. Бізді сол кезде жоғарыда айтқан мамандықтардың бәрін меңгеруге баулыды. Одан бөлек бізді кітап дизайнын жасау, түстің психологиясын дұрыс таңдауды үйретті. Қазір мен университеттен алған сол білімім мен жиырма жыл бойы жиған тәжірибемді жастарға үйреткім келеді. Алдағы уақытта Астанадан баспа ісін үйренгісі келетін жастарды іздеймін. Ол маған не үшін керек? Егер Қазақстанда біздің баспа ісін білетін мамандарымыз болса, жұмысымыз жеңілдер еді. Қазақ қаламгерлерін шетелге танытудың жолы ашылар еді. Авторды өзіміз келіп іздегеннен гөрі, осы жердегі баспагерлерімізбен байланыс жасау әлдеқайда тиімді. Олар біздің осы жердегі серіктесіміз әрі дистрибьюторымыз болар еді.

 

Жазып алған Серікбол ХАСАН