Басты  /  мақалалар  /  Жаңа экономикамызға жаңа кадрлар дайындауымыз қажет

Жаңа экономикамызға жаңа кадрлар дайындауымыз қажет

Айқын-ақпарат
2401
Жаңа экономикамызға жаңа кадрлар дайындауымыз қажет Еліміздің экономикалық, әлеуметтік өмірінде ауылшаруашылығының айрықша орын алатыны баршаға белгілі.

Оның даму деңгейі елдің экономикалық қауіпсіздігін анықтайды. Ал ауылшаруашы­лығының аграрлық ғылымсыз алға баспайтыны бүгінгі күні ақиқатқа айналып отыр.Осы өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісу мақсатымен біз бүгін белгілі қоғам қайраткері, экс-министр, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаевты әңгімеге тарттық.
 
– Ақылбек Қажығұлұлы, өзіңіз білесіз, қазіргі күні азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру – маңызды мәселелердің бірі. Осы орайда өзіңіз қандай елдердің тәжіри­бесіне иек артқан жөн деп ойлайсыз? 
– Қазіргі кезде Үкімет тарапынан және жергілікті атқарушы билік тара­пынан бұл мәселе бойынша біраз жұмыс­тар атқарылып жатыр. Бірақ халықаралық тәжірибеге көз салсақ, дамыған елдерде былтырғы жылдың қорытындысы бо­йынша инфляция 0,2-0,7 пайыз болды. Бұл көрсеткіш бір жағынан сол елдердің экономикасының қуаттылығын көрсетсе, екінші жағынан, бұл мемлекеттерде тауарларды тиімді өткізу жүйесінің жақсы дамығандығын білдіреді. Осы орайда бір мысал келтірейін. Францияның астанасы Париж қаласының жанында «Ранжис» атты Үкіметтің тікелей қолдауымен құ­рылған үлкен логистикалық сауда орта­лығы бар. Сол орталық фермерлерге қашан және қандай бағамен көкөніс, жеміс-жидек әкелу туралы хабар беріп отырады. Еуропа, Франция фермерлері өздері өндірген жеміс-жидек, азық-түлік өнімдерін ешқандай делдалсыз өз ба­ғасымен тікелей сол орталыққа жет­кізеді. Сосын орталық өнімдерді ұсақ бөл­шектерге бөліп, мейрамханаларға, дүкендерге, сауда нүктелеріне жібереді. Сөйтіп, осы жүйенің арқасында Париждің және Париж маңындағы қалалардың 4 миллион халқы арзан азық-түлікпен қамтамасыз етіледі. Жақында Елбасымыз Оңтүстік Қазақстанда және басқа да облыстарда осындай терминалдар ашу керектігі жөнінде тапсырма берді. Мысалы, біздің есебіміз бойынша, оңтүстік облыстардан Астанаға келетін қияр, қызанақ секілді көкөністердің бағасы тұтынушыларға жеткенше 3-5 есе өседі. Осы мәселені шешу үшін, менің ойымша, біз де Париждегі сияқты терми­налдар, логистикалық орталықтар ашуы­мыз керек. Яғни арада делдалдар бол­майды...
 Ал бізде қалай? Бізде мүлде басқаша. Тауар бағасының қызығын жеміс-жидекті маңдай терімен өсірген фермерлер емес, ортадағы алыпсатарлар көріп отыр. Тіпті олар тауар өндірушілерді нарыққа да кір­гізбейді. Бізде бұл қазір жүйеге айналды. Осыны жоюымыз керек.
– Бүгінгі күні ауылшаруашылығының даму қарқынына қарқын қосу үшін не істеуіміз керек? Қандай жұмыстармен айналысқанды жөн деп санайсыз? 
– Менің ойымша ауылшаруашылығы саласына ең керегі – инвестиция. Мы­салы, Канада ауылшаруашылық сала­сы­на жыл сайын 12 млрд АҚШ дол­ларының инвестициясын құяды. Біздің елде былтыр 600 миллион доллардан сәл ғана асты, яғни көлемі – 20 есе төмен. Бизнес өз ақшасын әкелу үшін саланың тиімділігіне көз жеткізу керек. Мысалы, Австралияның астықты аймақтарында жауын-шашынның мөлшері бізге қарағанда екі есе аз, бірақ бидай өнімі екі есе жоғары. Неге? Өйткені, оларда қуаң­шылыққа бейімделген сорттар шыға­рылады. Тағы бір мысал келтіргім келеді. Айталық, бір сиыр Канадада жылына орта есеппен 10 мың литр сүт берсе, бізде әрі кеткенде 2900 литрден аспайды. Бұл да ғылымның дамуына байланысты. Мемлекетке қазір жаңа тәсілдерді білетін, жаңа формациядағы генетиктер, моле­кулалық биологияны меңгерген мамандар керек. Ал бізде мұндай мамандар жетіс­пейді. 
Біздің басты мақсатымыз – ауыл­шаруашылығы саласының іргетасы саналатын аграрлық ғылымды дамыту. Өкінішке қарай, қазір аграрлық ғылым деңгейі өте төмен. Сондықтан ғылымды дамытуымыз керек. Инновацияны біле­тін, инновацияны өндіріске ендіре ала­тын кәсіби мамандарды дайындауымыз керек. 

Қазіргі жағдайға келетін болсақ, біздің мына Солтүстік Қазақстан облысы­ның селекционер-ғалымдары сортты баяғы ескі, 1936 жылы шыққан «будан­дастыру» тәсілі арқылы жасайды. Сорттар әлі көз мөлшерімен жасалады. Ал шетелде мамандар сортты генетикалық деңгейде шығарады. Шетелдік ғалымдар Қазақ­станға келіп, өндірісімізді сараптап, ғы­лыми-зерттеу институттарымен, жоғары оқу орындарымен танысып мынандай кеңес айтты: «Сендер реформаны көп өткізесіңдер және тек қана басқару жү­йесін өзгертуге тырысасыңдар. Бұл дұрыс емес. Одан да ғалымдарға тиісті нәтиже шығару үшін жағдай жасау керек, яғни ғылыми-зерттеу университетін құрула­рыңыз керек» деді. Сондықтан шетелдік ғалымдармен жұмыс істеп, олардың тәжірибесін үйренетін кез келді. 
 Осыған орай біз АҚШ, Еуропа мемле­кеттерінің дамыған аграрлық ғылым-білім ордаларын зерттедік. Аграрлық-инновациялық ғылымда дүниежүзі бойынша бірінші орын алатын, әлем мойындаған әйгілі университетті таптық. Ол – АҚШ-тың Дэвис қаласындағы Калифорния университеті. Кезінде Калифорния университеті Чилидің, Малайзияның ауылшаруашылығының өсуіне үлкен көмек көрсетті. Қазір Вьетнам мен Қытай елдеріне көмектесу үстінде. 
 Біз осыдан 2,5 жыл бұрын Калифор­ния университетіне ұсыныс жасадық. Олар біздің тұрақты дамып келе жатқан жас демократиялық мемлекетімізді көріп, Елбасымыздың жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатына баға беріп, көмектесуге өз келісімін берді. АҚШ-қа өзім барып, келісімшартқа қол қойдым. Америкалық әріптестерімізбен бірге ғылыми-зерттеу университетінің бағдар­ламасын құрдық. Сөйтіп, олардың озық технологияларын, үздік білім жүйесін өзімізге енгіземіз деп отырмыз.
– Сіз басқарып отырған университет ауылшаруашылығы ғылымының дамуына қандай үлес қосып отыр? Бұл бағытта С.Сей­фуллин атындағы Қазақ агротехни­калық университетінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 
– Біз кадрларды жаңа тәсілмен дайын­дауымыз керек. Инновацияны білетін, өндіріске инновацияны енгізе алатын жаңа толқын, жаңаша ойлай білетін мамандар қажет. Соған байланысты біз қазір ғылыми-зерттеу университетін құруға кірістік. Халықаралық тәжірибеге сәйкес оқу орнының магистрлік бағдар­ламасын қайта жасадық. Университетте көп тілді білім беру бағдарламасы жақсы жолға қойылды, яғни жастарымыз қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім алып жатыр. Айталық, 2012 – 2013 оқу жылында бакалавриат пен магистратураға арналған 8 оқыту бағдарламасында бар болғаны 153 адам оқыса, 2015 – 2016 оқу жылына ол 48 оқыту бағдарламасына дейін өсіп, көп тілді бағдарлама бойынша оқитын студенттер саны – 974 адамға жетті. Қазір университетте көп тілді оқу бағдарламасына 164 мамандық көшті. 2012 жылдан бері арнайы бағдарлама аясында біздің университетімізге 105 шетел ғалымы келіп, дәріс оқыды. Ал оқытушы-профессорларымыз АҚШ, Сингапур, Малайзия, Венгрия елдерінен келген филолог мамандардан жыл сайын ағылшын тілінен дәріс алуда. Тағы бір үлкен жаңалығымыз – бұрын біздің университетте тәжірибеден өту мерзімі үш-ақ ай болатын. Үш айдың ішінде болашақ агроном немесе мал дәрігері не үйренеді? Олар аграрлық процестердің бәрін өз көзімен көруі керек деп есеп­теймін. Соған байланысты қазір тәжірибе мерзімін 7-8 айға дейін создық. Дамыған елдерде солай. Біз де сол дәстүрді қа­былдадық. 82 мамандық бойынша дуал­дық білім беру жүйесіне ауыстық. Бұл – біздің студенттер энергетика, ауыл­ша­руа­шылық, техникалық, сәулет өнері, экономикалық т.б. мамандықтар бойынша тек қана аудиторияда емес, өндіріс орындарына барып сабақ алады деген сөз. Оқытушыларымызды Дэвистегі Калифорния университетіне жібердік. Олар жаңа тәсілдерді, жаңа білім беру бағдарламасын үйреніп келген соң, оны өзімізге енгізеді. Соңғы 3 жыл ішінде 60 оқытушымыз «Болашақ» бағдарла­масы­мен шетелге барып білім алып келді. Олар – біздің университетіміздің бола­шағы. Егер осы жарқын жолдан айнымасақ, бұйырса 5 жыл ішінде жақсы мамандар дайындап шығатын мүмкіндігіміз болады. 
Елбасы әрқашан «Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, шетелде оның бәрі жасалған. Тек соны бізге әкеліп, бейімдеу керек» дейді. Жоғарыда айтқандай, біз өзіміздің алғашқы серіктесіміз – ауыл­шаруашылығы саласы бойынша бірінші орын алатын, әлемдегі ең үздік Дэвистегі Калифорния университетімен әрі қарай да тығыз қарым-қатынаста бірге жұмыс істейміз.
– Өзіңіз қалай ойлайсыз, жаңа техно­логияларды меңгеріп, экономикамызға ендіру үшін қанша уақыт қажет? Жастарды шетелге жібергенді қашан қоямыз? Сол озық технологиялар мен білімді өзімізге қашан енгізіп, қашан қолданамыз? Жарай­ды, бұл ұзақ жол делік... Қазір соның қай тұсындамыз?..
– Шетелдік әріптес-ғалымдардың айтуынша, Чили, Сингапур, Малайзия елдері кезінде ауыл шаруашылық саласы бойынша бізден де кейін қалған мемлекеттер болыпты. Сол елдердің қазір қандай деңгейге жеткенін барлығымыз білеміз. Осы мемлекеттерге, мына Қы­тайға сол Дэвистегі Калифорния универ­ситеті көмектесіп, ғылыми-зерттеу уни­верситеттерін құрған. Олардың қазір қандай мамандар шығаратыны баршаға аян. Сондықтан, бұл жұмысты бастауы­мыз қажет. Енді тек осыған тиісті қара­жатты бөліп, көңіл бөлуіміз керек. Егер осы бағытпен жүрсек, оған ешқандай күмәніміз жоқ, болашақта біз де осы деңгейге жетеміз. 
– Айтқаныңыз келсін!

Сұхбаттасқан Төреғали ТӘШЕНОВ