Басты  /  мақалалар  /  Актердің өресі биік болуы керек

Актердің өресі биік болуы керек

Айқын-ақпарат
2185
Актердің өресі биік болуы керек Дәрия ЖҮСІП, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты

– Т.Жүргенов атындағы Өнер ака­демиясын тәмәмдап, М.Әуезов театрының сахнасында жұ­мыс істеп жүріп, Абылайхан атындағы халықара­лық қатынастар және әлем тілдері университеті­нің ағылшын тілі факультетін, Құрманғазы атын­дағы консерваторияның вокал факультетін бітірген көрінесіз. Мүмкіндігің болса, өмір бойы ілім-білім жинағанға не жетсін, дегенмен осының бәрі сізге не үшін керек болды? 
– Біздің театр және кино актерларын даяр­лайтын тобымыз Театр және көркемсурет (ол кезде осылай аталатын) институтын 1993 жылы бітірді. Соңғы курстың басында, ол күз айы бола­тын, Әуезов театрының басшысы Ә.Мәмбетов біздің курстық емтиханымызға дайындап жатқан дипломдық қойылымдарымызды көріп, біразы­мызды театрға қосалқы актерлық құрамға қабылдап алған болатын. Сөйтіп, оқуымызды бітірмей тұрып-ақ қызметке қабылданып, театр­дағы жұмысымызды бастап кеткенбіз. Әуелде анамның айтуымен Қыздар педагогикалық ин­сти­тутына, ал өз қалауыммен Театр және кино институтына қатар құжат тапсырдым. Екеуіне де түсіп тұрған жерімнен ақыры өнерді таңдап, өз жолыммен кететін кезімде анам менің аузымнан «тіл үйреніп шығамын» деген уәдемді алып қалған болатын. Театр институтының алғашқы курсында жүргенде, «осы менен бірдеңе шыға ма, жоқ па» деген екіұдай күйде болғаным жасырын емес, сабақтар, ең бастысы, актер шеберлігі өте қиын болды. Қазақ тілінен нашарлығым тағы бар, былайғы «дені дұрыс» басқа институтта­ғы­лардай кітаптан жаттап келіп емтихан тапсыру жоқ, өзіңмен өзің арпалысасың, актерлік эле­менттерді әп дегеннен меңгере, я түсіне алмай қатты қиналдым. Содан не де болса шет тілдер институтына барып, ағылшын факультетіне құ­жат тапсырмақ болып, проректорымен ақылда­суға барғанымда, зачеткамдағы кілең бестіктерді көрген ол кісі «сен алдымен осы институтыңды бітір, содан кейін кел, сені өзім міндетті түрде оқу­ға қабылдаймын» деген. Алайда қайыра құжат тапсыратын жылы ол кісі Америкада іссапарда жүрді де, жұртпен бірге өз күшіммен емтихан тапсырып, түстім. Мұны ішкі есеппен жасалған мақсат немесе қандай да бір жағдайдағы «қосал-қы аэродром» деп айта алмас едім, өмір әйтеуір қақ­пақылдап әкеп осылай жасатты. Шет тілдер инсти­тутының ағылшын факультеті Әуезов театрының арқа тұсындағы көшенің қарсы бетіне орналасқандықтан, бір жақсысы, жұмысыма көп кедергісін келтірген жоқ. 
Консерваторияға түсуім де ойламаған жер­-ден болды. Бір жылдары марқұм Қайрат Сүгір­беков Дидар Амантайдың «Сәлеметсің бе, қоңыр мұң?» деген шығармасын сахнаға дайындап жатты. Маған жүктелген кейіпкерімнің ән айта­тын жері бар екен. Бір кісідей дауысым болған­мен, ешқашан арнайылап ән айтпағам, бірақ жақсы билейтінмін. Қысылғанымнан көмек сұ­рап, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында вокалдан дәріскер таныс апайым Людмила Яро­севичке барып, әннен сабақ ала бастадым. Ол кісі бірде: «Жап-жақсы дауысың бар екен, азырақ дайын­далсаң, консерваторияға да түсетін мүм­кіндігің бар», – дегені. Сол екі аралықта Яросе­вич Ресейге көшіп кетті де, маған Амангелді Сембин ағамыз сабақ беретін болды. Жеке өз басыма Амангелді ағамыздың: «Әйгілілік деп аталатын таудың ең ұшар шыңына көтерілгенімді білемін, қалай аунап түскенімді өзім де сезбей қалдым» деп басталатын өз басының тағдыры жайлы өкінішті әңгімелерінің әсері өте күшті болды. «Операның отаны Италияны дүр сіл­кін­діріп, елге оралғанда халқым мені әппақ «Волга­мен» күтіп алып, алақандарына салып аялады, амал не» деген күрсінісі есімнен кетпейді. Аман­гелді аға да үнемі «сен консерваторияда оқуың керек-ау» деп отыратын. Консерваторияда во­калдан сабақ беретін ұстаз Роза Әдікенқызы да менің дауысыммен әр кезде айналысып жүріп, сол оқу орнына түсу керегін айтатын. Бірақ театр­дағы басты-басты рөлдерімді көргеннен кейін, актриса ретінде таныла бастағанымда ән­шілік кедергісін келтіреді деп ойлады ма, бірде «консерваторияға бармай-ақ қойшы» деді. Өзім де ойланып, тартынып қалған едім, құжат қа­былдаудың соңғы күндердің бірінде Тұңғышбай Қадырұлы: «Дәрия, сен консерваторияға түсем деуші едің ғой, құжаттарыңды қашан тапсы­расың? Тездетсеңші», – дегені. Сөйтіп, тағы да тәуе­келге бардым. Түстім, оқып шықтым. Му­зыка маған не берді? Ең алдымен, дауысымды түзеді, үннің адамға деген әрекетті әсерін, жү­ректі толқытар, Абай атамызша айтқанда, «құ­лақтан кіріп, бойды алар» сиқырын ұқтырды. Менің ұяң дауысыма қосымша қуат берді, өз даусымды өзім естіп, оны реттеуге, қысқасы, өз даусыма өзім еге болуға үйретті. Актрисаға қа­жетті артық қанат бітірді. Музыка маған осы бақытты сыйлады.
–Театрдағы әріптестеріңіздің өзі сіздің жан-жақтылығыңызға, еңбеқорлығыңызға сырты­ңыздан тәнті болып жатады. Сұлулығыңызды, сымбатыңызды айтпағанда, тіл білесіз, тамаша билейсіз, әншілігіңіз де әдемі, бірақ осы мүмкін­дігіңізді пайдаланып, өзге әріптестеріңіз секілді сіз неге жарқ-жұрқ шоу әлемін жағаламадыңыз? 
– Менің өз әлемім бар, соған берікпін, мей­лінше ұнайды. Өзіме-өзім жоқ жерден жұмыс, қиындық тауып алып, соны шешу үшін алашап­қын болып «қиналып» жүрмесем, мазасыз күй кешетін сияқтымын. Мінез бе, қасиет пе, мақсат па, білмеймін? Не бұл? Мұрнымнан шаншылып, уақыт жеткізе алмай, ұршықша үйіріліп, зыр жү­гіріп шаршап жүргенді қалаймын ба, қайдам... Бүкіл жұмыс күнімді айқын әрі нақты етіп ал­дын ала жоспарлап қоямын да, сол уақыт ара­лығында діттеген шаруаны міндетті түрде орын­дауға ты­рысамын. Ал шоу бағдарламалар, неге екенін білмеймін, мені онша қызықтырған емес. Бұл танымал болғым келмейді деген сөз емес, олай десем өтірік айтқан болар едім, бар мүмкі­ндігім мен қабілет-қарымымды сахнада ғана жарқы­ратып жайып салғым келеді. Бірақ теледи­дарда­ғылардай сапырып көп сөйлегенді ұнат­паймын. Тілшілер қауымы менімен сөйлескісі, сырлас­қы­сы келсе, театрға, спектакльдеріме келсін. 
– Қай арнаның түймесін басып қалсаң да, кино мен сериалдың бәрінде театрдың артистері ойнап жатады. Сізді олардың арасынан да таба алмай­-мыз ғой...
– Рас, көркем фильмдерге түсуге көп шақы­рылмадым. Сериалдарға щақырады, бірақ со­лар­дың бәрінің дерлік оқиға түзу әдістері маған бір­түрлі арзандау, жеңіл-желпі сияқты. Биыл да бір-екі сериалдың кастингісінен өттім, бірақ келісімге келе алмадық. Меніңше, кейбір режи­ссерлер кәсіби артистерді бағалай алмайды, әйтеуір кино түсірді деген атқа ие болғысы келе ме, білмеймін, жасап жүргендері шынайы көркем шығарма ма, әлде жай еріккеннің ермегі ме, белгісіз. 
– Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз бір сұх­батында: «Менің үнемі өнер әлеміндегі әділет­сіздіктер, жөнсіздіктер мен кемшіліктердің себеп-салдарын жауапты адамдардың беттеріне басып, тайсалмай шындық айтатын мінезімнен Дәрия да зиян шекті. Кезінде мүмкіндіктеріне сай рөл берілмеді, қажет кезінде еңбегі де әділ бағаланған жоқ» депті. Осы рас па?
– Мүмкін, бірақ мен ол айтқандай соншама жапа шектім деп айта алмаймын, себебі менің еншімде көрерменнің жиырма жылға таяу көзайымы болған Турандоттың рөлі болды. Сахнада он алты жыл бойы аншлагпен жүрді, зал бір күн орта болған емес, қашан болса да аузы-мұрнынан шығып отыратын. Содан кейін театр­да «Тұзды шөл» атты спектакль қойылды. Тамаша қойылым еді. Кейінірек репертуардан алынуына өзім «мұрындық» болып едім. Соған әлі өкінемін, қайдан білейін, жастығым болар, «Турандотқа» халық лық толып жиналады, ал «Тұзды шөлге» орта зал ғана отырады, ендеше көрермен бұл спектакльді онша ұнатпайтын шығар» деп ойлаппын. Бірақ сол спектакльдегі басты рөл Айғанышты ойнап жүріп, өзімнің актриса ре­тін­де «есейіп», «өсіп» келе жатқанымды аңдамап­пын да. Осы күнге дейін ойнай бергенімде, рөлім одан ары ашылып, ширап, қырлана түсер ме еді? Бүгінге дейін сахнадан түспей келе жатқан «То­мирис» ше? Барлық рөлім бір төбе, Томирисім бір төбе. Томиристің өзі-ақ талай жоқтың орнын толтыра алады. Рас, кейде кино әлемінде, өкі­нішке қарай, тамыр-таныстықтың да салқыны соғады екен, кезінде киностудияның кейбір бас­шы­ларынан Көкеме де (Дәрия күйеуі Тұңғышбай ағаны осылай да атайды екен), маған да рөл берілмесін деген астыртын бұйрықтар болған екен деп естимін. Алайда театрда «мынау менің рөлім еді, менен қиыс кетті» деп ешкімге кінә арта алмаймын. Егер Турандотсыз, Томириссіз жүрген болсам, мүмкін, іштей қиналар ма едім? Бұл аралықта мен Алланың бұйрығымен екі ұлды болдым, яғни Ақсұлтаным мен Ақсұңқарым бар, Аққу атты қызды болдым, екі жоғарғы оқу орнын бітірдім.
– Қазақтың белгілі өнер қайраткері ретінде, ұстаз ретінде және жарыңыз ретінде Тұңғышбай әл-Таразиден не үйрендім деп ойлайсыз? Ол кісі­-нің қандай қасиеттерін бөліп айтар едіңіз? 
– Ол кісі өте күрделі адам, көп адамның ың­ғайына көніп, біркелкі, бірыңғайлы өлшемде жүре бермейді, өз ойы, өз ұстанымдары бар. Абай атамыз айтпақшы, «көп айтса – көнді, жұрт айт­са – болды» емес. Ол кісі де өзіне жоғары та­лап қоя біледі, соның бір дәлелі, қазақ актер­ларының ішінде сахнадан қол үзбей жүріп-ақ, алғаш және жалғыз өзі өнер мен театр теория­сынан канди­даттық диссертация жазып, оны абыроймен қорғап шықты. Білігі мығым, білімі терең бол­ғандықтан да, өмір мен өнердегі шала­лықты, босбелбеулікті, білімсіздікті, әсіресе жалған кеу­демсоқтықты жек көреді. Ал ол кісіден үйрену жағына келсек, алдымен актерлік мек­тептен өттім және оны үстірт түсінбеуге, терең әрі жауап­ты қарауға бейімделдім. Актерлік ше­берлікке баулу тұсында ылғи жоғары талабына, қатаң сынына ұшырап отырдым. Бұл маған үлкен көмек етті деп ойлаймын, мен де өзіме өзім қатал болуға үйрендім, босаңсып, бойкүйезденуге ерік бермедім. 
– Қазақ театрының «Тұмар падишасы» атан­дыңыз. Турандот рөлі әлі күнге сіздің атыңызбен байланыстырылады. «Үнемі басты кейіпкерлерді, героиняларды ойнай беру шаршатады» деп «қа­жып» отырған әріптестеріңізді де көріп едім. Рөл таңдайсыз ба, әлде басты, жанама, қосымша деп бөле-жара қарамайтындардың қатарынансыз ба?
– Менің сахналық кейіпкерлерім тек басты рольден ғана тұрмайды. Рөлдерімнің бәрі аралас. Есейген сайын рөлдің құнын басқаша бағалай бастайсың. Кішкентай рөлдің өзі де оттегі секілді спектакльге жан беріп, жандырып жіберетін кез­дері болады. Жалпы көрерменге байқала бер­мегенімен, интеллектісі жоғары көрерменнің ин­туи­циясы мұны бірден сезеді және бағалайды. Қалай дегенмен де бүгінгі көрерменнің өресі биік деп ойлаймын. Ол анау-мынау арзанға таңырқай қоймайды. Оны таңғалдыру үшін актердің өресі де биік болуы керек. Сол себепті мен ешқашан «мынау басты рөл, мынау қосалқы, ал мынау соңғы қатардағы рөл» деп бөлген емеспін. 
– Шетелге шыққанда театрларына арнайы барып, қазіргі батыстағы бағытпен арнайы таны­сасыз ба? 
– Міндетті түрде бірінші кезекте театрға ба­руға тырысамын. Кезінде ұлым Ақсұлтанды Лондонға бір айлық оқуға апарғанда, сондағы театрлардың ең үздік спектакльдерінің біразын көріп шықтым. Десе дегендей, олардың сахна­сынан осал дүние байқай алмадым. Бірінен бірі өтеді. Әрине, батыс спектакльдерінің идеялық жағынан да, формалық жағынан да бағдар-ба­ғыты мүлде басқа, әлдеқайда дамыған, мүм­кін­дік­тері жоғары, сахна техникасы өркендеген, бір спектакльдің төңірегінде кемі жүз адам қызмет ететін шығар. Спектакль үшін табиғи, жанды музыка, яғни тұтас бір оркестр ойнап тұрады. Аптасына бір рет, айына 4-5 рет тек осы спек­такльді ғана сахнаға шығаратын болғандықтан, бүкіл театр бар мүмкіндіктерін іске қосып, осы қойылым үшін ғана жұмыс істейді екен. Яғни, театрдың басты мақсаты таза өнер жасау мен қомақты табыс табу болғандықтан, бар ақшасын аямай осыған салады. Ал біздегі ұғым мен негізгі мақсат тек қана табыс табу емес, ұлттық идеоло­гияға қызмет ететін кәсіби өнер жасау болған­дықтан да театрымызды мемлекет қаржылан­ды­рып отыр.
– Сізге біреудің мақтағаны ұнай ма? Бай­қаймын, театрда актерлер мен актрисалар бірін-бірі аямай мақтап жатады...
– Жоқ, мен мақтауды тек үй ішінде, от­ба­сымдағы адамдар арасында ғана естігенді жөн санаймын, өйткені театрдағы мақтаулар әрқилы ғой, біреу біліп айтады, бірі әдейі дегендей, өмір ғой... Егер мен қателік жіберіп, соған қарамастан мені жорта мақтап жатса, өзім бірден қайтарып тастаймын. «Көз– көңілдің терезесі», қанша жерден жаныңа майдай жағып тұрса да, рас-өтірігін көзінен көріп тұрасың. Сахнада жіберіп алған қателігім үшін тап сол жерде қиналып, қамықпауға тырысамын. Өртеп бара жатқан ұяттан аттап, спектакльді соңына дейін ойнап шығуың керек. Өйткені залда менің кірпік қаққаныма дейін қадағалап көрермен отыр. Соншалықты ұят жандырып бара жатса, үйге келгеннен кейін де аһ ұрып, азаптануға болады. Сол күнгі спектакльдегі ойыныма көңілім толмаса, оны өзім анық сеземін және білемін. 
– М.Әуезов театрындағы ағылшын тілін жетік меңгерген бірден-бір актрисасыз. Соңғы уақытта қазақ театр өнері ағылшын тілінде спектакль қоюды қолға ала бастаған сыңайлы. Бірақ әзірге қажеттілік те, сұраныс та, тіпті сахналаудың алғы шарттары да жоқ сияқты. Қалай ойлайсыз?
– «Бейбарыс сұлтанды» ағылшын тілінде сахналауға о бастан қарсы болғам. Мысалы, Шекспирді ағылшынша ойнаса, жарасады. Ал ұлттық драматургияны... Қиындау. Бірақ бұл жерде тілден гөрі актерлық жұмыс бағаланады. Алдымен оқыдық, содан соң бір жыл жаттадық. Драма тілі тұрмыстық тіл емес, оның да актер үшін ауыртпалығы бар. Шыны керек, бұл театр өнеріндегі жаңалық қана емес, таза еңбек болды. Белоруссияға, Брест қаласындағы халықаралық театр фестиваліне де қатыстық, алайда олар қазақтардың ағылшынша ойнағанына «ауыз­дарын ашып» таң қала қойған жоқ, керісінше қазақтың өз тілінің, ұлттық үнін естігіміз келіп еді деген наз айтты. Ағылшын тілінде ойналған менің режиссурамдағы В.Шекспирдің «Асауға – тұсау» спектаклі аяқ асты осылай пайда болды. Ұстаздар мен жанашыр көрермендердің пікі­рін­ше, сол жылғы ең үздік дипломдық қойылым болды деп жатыр, кім біледі...
– Тамаша билейсіз және тігін тігетін өнеріңіз­дің бар екенін біреу білсе, біреу білмес... 
– Қазақтың ұлттық биі «Қамажай болса», одан кенде емесім белгілі, ал мен испанның ха­лық биі фламенкомен «ауырып» жүргеніме екі жылдай болды. Әуелде М.Әуезов театрының кіші залында үлкен ұстазым Хадиша Бөкеева апа­мыздың құрметіне арнап, өз тарапымнан жеке концерт берген кезімде испанша ән айтатын болып, сол әнімді бимен көмкеріп жіберу үшін жай ғана үйренбек болғанмын. Ақыры фламенко мені арбап алды. Бұл биді үйрену оңай емес, элементтері өте қиын. Оны бірден меңгеріп кету тіпті де мүмкін емес. Ұшы-қиыры жоқ, шетсіз, шексіз ырғақтан, асқақты эмоциялық құбылысқа құрылған тұтас процестен, үйренудің үстіне үй­рене беруден ғана тұратын ерекше би. Не азап екенін білмеймін, күйзеліп, шаршап-шалдығып, зыр жүгіріп-үлгеріп осы биді үйреніп жүрмін. Білмеймін, әйтеуір өзіме қатты ұнайды. Елдің алдына шығып билеу мақсат емес, тек өзім үшін ғана меңгерсем деймін. Алдағы уақытта бір кон­церт сияқты ма, ерекше шығармашылық кеш жасау ойымда жүр. Жеті жылымды арнаған кон­серваторияны бітіргеннен кейін, алған білімімді, ізденістерімнің нәтижесін әуелі өзіме, реті келсе халыққа көрсетуім керек сияқты. Тігіншілік мә­се­ле­сіне келсек, оны жай ғана жас күнімдегі әуестіктерімнің бірі десем, дұрыс болар. Мек­тепте бұрындары еңбек сабағы деген жүруші еді ғой, білесіздер, сол сабақтарда өзіме сарафан, белдемше секілді ұсақ-түйек киімдерді тігіп үйрендім. Кейіндері, келе-келе құрбыларыма да әртүрлі бұйым тігіп беретін болдым. Ал қазір он­дай зәрулік жоқ, ақшаң болса, жаннан басқасы­ның бәрі дүкен сөрелерінде самсап тұр. Арзанын десең арзанын, қымбатын аламын десең қым­батын сатып аласың. Тек еңбек ет те, тапқан-таян­ғаныңды жан қалауың үшін жұмсай біл! Өзіңнен аяп не керек...
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан 
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ