Басты  /  мақалалар  /  Көлсай сатылмайды, жалға беріледі

Көлсай сатылмайды, жалға беріледі

Айқын-ақпарат
2536
Көлсай сатылмайды,  жалға беріледі Ұлттық парктердің жалға берілетіндігі туралы газетіміздің өткен сандарында егжей-тегжейлі баяндаған болатынбыз. Бұл жолы ұлттық парктердің қашан, кімге, қанша уақытқа жалға берілетінін, инвесторларға қатысты қаулыда қандай заңдылықтар барын анықтадық.

Сол мақсатта жалға берілуге ұсынылған ұлттық парктердің бірі – «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Хамит Ахметовпен әңгімелескен болатынбыз. 

– «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи пар­кінің 2009 жылы бекітілген бас жоспары бар. Соған сәйкес туризмді дамытуға, соның ішінде инфрақұрылымды арттыруға басымдылық берілген. Паркке келген туристерге жағдай жасау үшін туристік нысандарды ұзақ және қысқамерзімді түрде жалға берілу қарастырылған. Мұны қазіргі заман талабына сай мемлекеттік жекеменшіктермен серіктестік деп түсі­нуіміз керек. 
– Инвестор табылса, инфрақұрылым дамиды дегенге сенуге бола ма? 
– Ұлттық паркте инфрақұрылымды да­мытудың екі жолы бар. Біріншісі – паркті өзі күшімен дамытуға болады. Екін­шісі – инвестор тауып, солар арқылы инфрақұрылымды дамыту. Бұл дегеніміз – паркке келетін туристерге жағдай жасау, қонақжайлар салу, туристік соқпақтарды абаттандыру, т.б жұмыстарды жүргізу. Қазіргі дағдарыс заманында бюджетте қа­ражат жоқ. Ал біз – бюджеттік мекемеміз. Парктің негізгі қаражаты бізге мемлекеттік бюджеттен түседі. Ол қаржы жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғауға жұмсалады. Ал қалған қаражат осы туристік қыз­мет­тен түседі. Қазіргі күні туристік қызметтен тү­сетін қаражат өте аз болып тұр. Ол инфра­құрылымды дамытуға мүлдем жетпейді. Сол себепті инвесторлардың көмегіне зәруміз. 
– Демек, инвесторларға парктің белгілі бір бөлігі ғана бөлінеді, ал тұтастай парк мем­лекет қорғауында қала береді, солай ма? 
– Иә, парктің негізгі мақсаты – өсім­дік­тер мен жануарлар дүниесін қорғау. Сондықтан ол функциясы бұрынғыша қалады. Біз тек бас жоспарға сәйкес Көл­сайдағы бес-алты нысанның екеуін ғана жалға беруге шығарып отыр­мыз. Бо­лашақта тағы төртеуін ұсынып кө­реміз. Бірінші кезекте Көлсай көлінің маңын­дағы 18 гектар жер мен одан төмені­ректен фарель шаруашылығы мен аттрак­циондар салуға арналған тағы да жер қарасты­рыл­ған. Яғни ол жерлерді жалға алған ин­вестор туристерге арнап құрылыс нысан­дарын тұрғызуға құқылы. Бүгінде Көл­­сайдағы нысандардың көбі заман талабына сай емес. Сондықтан жалға ала­тын адамдар алдымен осы нысандарды жаңғыртуы керек. Сол арқылы туристерге қызмет көрсететін нысандардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Туристерге тартымды демалыс беру арқылы отандық туризмді дамытуға болады. 
– Құпия болмаса, Көлсай көлін жалға алғысы келетін инвесторлар туралы айтып берсеңіз, арасында шетелдіктер бар ма? 
– Қазіргі уақытта инвесторлар тара­пынан көптеген өтініш келіп түсті. 25 ақ­пан күні тендерлік комиссияның отырысы болады. Сол кезде, кімнің жеңімпаз бол­ғаны анықталады. Олар туралы мәлімет беруге әлі ерте, дегенмен, араларында шетел­діктер жоқ. 
– Өтініштерді қарау, жеңімпазды анық­тау, мұның бәрі белгілі бір қаулы бойынша жүзеге асатын шығар? 
– Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер­де туристік және рекреациялық қызметті жү­зеге асыру үшін пайдалануға берілген мемлекеттік ұлттық табиғи парк­тердің учаскелерін құрылыс объектілері үшін пайдалануға рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы № 910 қаулысы шыққан. Осы қаулыда Ұлттық парктердегі туристік және рекреациялық қызметті жү­зеге асыру тәр­тібі толықтай көрсетілген. Яғни «Ұлттық парктерде туристік және рекреациялық қыз­мет туристік және рекреациялық қыз­мет, шектелген шаруа­шылық қызмет аймақтарында рекреация­лық жүктеме нормаларын ескере отырып, рекреациялық орталықтар, қонақүйлер, кемпингтер, мұражайлар мен туристерге қызмет көрсе­тетін басқа да нысандар салу және пайда­лану, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды жүргізу, туристік маршрут­тар, соқпақтар ұйымдастыру, демалу аял­дамалары мен тамашалау алаңдарын жай­ғастыру арқылы жүзеге асырады» делінген. Туристік және рекреациялық қызметті туроператорлық қызметке арналған лицен­зия бар болған кезде тікелей ұлттық парк­тер, жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыра­­тыны айтылған. «Ұлттық парктердің учаскелері туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін жеке және заңды тұлғаларға 49 жылға дейінгі мерзімге ұзақмерзімді пайдалануға және ұлттық парктің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарына сәйкес туристік, рекреациялық және шаруашылық қызмет шектеулі аймақ­тарға 5 жылға дейінгі мерзімге қыс­қамерзімді пайдалануға бері­леді» деп анық көрсетілген. 
– Инвесторларға нақты қандай талаптар қойылып отыр? 
– Міндетті түрде туристік мамандығы болуы керек. Сонымен қатар табиғатқа үйлесімді қонақжайлар салу керек. Кімнің алып келген жоспары жақсы болса, сол жалға алу мүмкіндігіне ие болады. Қазір тоғыз адамнан тұратын комиссия құрыл­ды. Оның ішінде мемлекеттік емес ұйым­дар өкілдері, аудандық әкімшілік, соның ішінде, жер қатынастары бөлімінің ма­мандары, орман шаруашылығы маман­дары, сосын тендерлік комиссияның төраға­сы ретінде өзіміздің басшымыз қатысады. Олар бәрі бірігіп № 910 қаулыға сәйкес инвесторлардың жұмыстарымен танысып, өздерінің жобаларын жасайды. Бізге тендерге қатысатын адамдардың көп болғаны жақсы. Себебі ұсыныс көп бол­ған сайын жақсы жобаны іріктеп алуға бо­лады. Жасалған жобалардың ешқайсы­сының табиғатқа зияны тимеуі қатаң ескеріледі. Ол жерде көмір жағуға рұқсат етілмейді. Себебі экологияға кері әсерін тигізеді. Тек қана күн көзінен, болмаса Көлсайға құйып жатқан өзеннен электр энергиясын алуы мүмкін. Инвесторларға қойылатын ең бірінші талап – жалға алған жерін абаттандыру. Содан кейін келетін туристерге жағдай жасау. Жатын орнынан бастап биотуалеттерге дейін қамтуы тиіс. Алдағы уақытта EXPO көрмесіне Көлсай да қатысады, бірлескен меморандумға қол қойылды. Сондықтан EXPO-ға келген туристерді Алматы облысының көрікті жер­лерін көрсетуге жұмылдыру қажет. Осы мақсатта облыстағы бес ұлттық парк – Шарын, Алтынемел, Көлсай, Іле және Жоңғар Алатауына үлкен міндет жүктелді. Сондықтан алдағы уақытта шетелдік туристерге де қажетті жағдай жасауымыз қажет. Әр келген турист бюджетке біраз ақша құйып кетеді. Сондықтан туризмді дамыту ел экономикасына оң серпін береді. Ұлттық парктерді жалға берудің де негізгі мақсаты – осы. Мысалы, былтыр 20 мыңдай турист келген болса, биыл оның санын екі-үш есе көбейтеміз деген ойымыз бар. Ол үшін туристік маршрут­тарды, соқпақтарды абаттандыруымыз керек. Соқпақпен жаяу жүретін адамның демала­тын орындықтары, от жағатын жері болуы қажет. Таудағы жаяу жүруге қиын­дық туды­ратын жерлерге ағаштан трапалар жасауды көздеп отырмыз? 
– Тағы да айналып, инвестор туралы сұ­райын деп отырмын. Инвестор қандай адам болуы керек? 
– Ол ең алдымен табиғаттың жанашы­ры болуы керек. Құр бизнесті ғана ойлаған адам емес, табиғатты сүйетін жан болға­нын құп көремін. Инвесторларға ұлттық парктің бір ағашын да кесуге рұқсат беріл­мейді. Тендерді тек ашық алаңқайларға ғана қойып отырмыз. Сондықтан инвес­тордың басқа жерлерді бүлдіруіне жол жоқ. Инвестор бірінші жылында жобалық-сметалық құжаттарын дайындайды. Сосын үш жылдың ішінде құрылыстарын салып бітуі қажет. Үш жылда салып үлгер­месе, жалға алу құқығынан айырылады. Ал табиғатты қорғау жұмысымен бұрын­ғыдай мемлекеттік инспекторлар айна­лысады. Қазір кейбіреулер «Көлсайды сатады екен» деп шулап жүрген көрінеді. Көлсай сатылмайды, тек жалға беріледі. 49 жылға дейін инвесторларға бірлескен қызметке беріледі. 49 жылдан кейін салған дүниесінің барлығы мем­лекеттің мен­шігіне өтеді. Жекеменшікке сату деген сөз жоқ. Өйткені ұлттық парк­тің жері еш­қашан сатылмайды. 


– Өзіңіздің басқа қандай ұсыныс-тілегіңіз бар? 

– Барлық нәрсе қолжетімді болып, демалыс бағасы аспандамауы қажет. Қо­нақжайды қалтасы көтермейтін адамдарға палаткаларда тұруға рұқсат беру керек. Парктің аумағында үш ауылдық округ бар. Паркті жалға алған адам осы үш ауылдың тұрғындарын жұмыспен қамтыса деген тілек бар. Өйткені біз жергілікті халықпен бірге жұмыс жасауымыз қажет. Себебі ұлттық парк – халықтың дүниесі, халық­тың демала­тын орны.
Сұхбаттасқан
Серікбол ХАСАН