Басты  /  мақалалар  /  Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры, психология ғылымының кандидаты, PhD докторы: Қазақ баласына қызмет еткім келеді

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры, психология ғылымының кандидаты, PhD докторы: Қазақ баласына қызмет еткім келеді

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
4731
Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры,  психология ғылымының кандидаты, PhD докторы: Қазақ баласына  қызмет еткім келеді – «Ұлттық бірыңғай тестілеу алы­нып тасталып, оның орнына екі ем­ти­хан енгізіледі» деген әңгімелер оқта-текте айтылып қалады. Халықаралық сарапшы ретінде айтыңызшы, бұл қаншалықты оң шешім деп ойлайсыз?

– Елбасы «Қазақстан жаңа жаһан­дық нақты ахуалда: Өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында сөзінің әлқиссасын «бүгінгі жылдам өзгерістер заманында» деп бастады. Президент айтып отырған жылдам өзгерістер заманы бүгінгі білім жүйесінің де, адамзаттың да дамуына тікелей әсер етіп отырған жағдай. Жаһандану үрдісі, ақпараттық ағынның толассыз, үздіксіз жүріп отыруы бүкіл жүйенің өзгеруіне ықпал ететіндігі белгілі. Америкалық футуролог, публицист Элвин Тоффлер осыдан отыз жыл бұрын «Болашақтан шошыну» (Шок будущего) деген кітабында дәл бүгінгі күнді асқан көріпкелдікпен суреттейді. Ол өз еңбегінде «жылдам өзгерістер заманында адамдар депрессияға жиі ұшырайды. Өз-өзіне қол жұмсауға бейім тұрады. Өйткені таңертеңгі «танып-білдім» дегені кешке дейін сан құбылып, тіпті түбегейлі өзгеріп кетуі мүмкін. Ал тасқындаған жаңалықтар ағынына ілесіп отырудың өзі, оңай шаруа емесі анық. Мұның барлығы адам психологиясына кері әсерін тигізбей қоймайды» дей келе, «ХХІ ғасырдың адамы қалай жинақы болу керек?» деген сұраққа ой салдырады.
Баспа станогын жасаған неміс ғалымы Гутенберг өмір сүрген 1500 жылы Еуропада  бір жылда  мың түрлі кітап шығатын болған. Араға төрт жарым ғасыр салып, яғни  1950 жылы ғана, баспадан шыққан әртүрлі атаулы кітаптардың  саны 120 мыңға жеткен. Алысқа адымдамай-ақ бүгінгі ғаламтордың қызметіне жай ғана ой жүгіртіп өтейікші. Бүгінгі күні, теледидар мен радиоға қарағанда ел іші тұрмақ әлем жаңалықтарын халық фейсбук пен инстаграмм арқылы жылдам алып отырған жоқ па?! 
Осындай қарқынды даму уақытында тест жүйесінен түбегейлі бас тарту нағыз әбестік болуы мүмкін. Қанша оны сынап, мінесе де дәл осы нарықтық кезеңде бірден-бір дұрыс жол, ол тест жүйесі деп есептеймін.
– ҰБТ-ның  ұтымды жақтары неде?
– Ғалымдардың дерегіне сүйенсек, ХХ ғасырда алынған білім кейінгі 15-20 жылға еркін жетсе, ХХІ ғасырдың ба­сында әрбір 2,5 жылда ескіріп отырған. Былтырдан бастап 1,5 ай сайын ақпарат жаңартып отыру қажеттілігі туса, ал 2020 жылы жиған-терген іліміңіз әрбір 72 сағат сайын алмасатын көрінеді. Демек, бірінші курста оқығаныңыз екінші курс түгілі, бірінші курстың соңында мүлдем ескіріп жарамсыз болып қалуы мүмкін деген сөз. Сон­дықтан жылдам өзгеріс­тер заманында тестілеу жүйесі баланы жинақылыққа, жылдам ойлауға, жылдам дұрыс  шешім қабылдауға, уақытты үнемдеуге баулиды. Екіншіден, тоқсаныншы жылдардың орта шеніне көз жіберсек, жоғары мамандық алуды армандайтын үміткерлердің саны күрт төмендеп кетті. Ол кезде ел ішінде жоғары оқу орнына түсу үшін соғым беру «модаға» айналған уақыт еді. Естеріңізде болса, дипломды базардан сатып алуға болатын заманды да көз көрген жоқ па? Мәселен, жоғары оқу орнына қабылдау формасы ретінде тест жүйесі енгізілген 1999 жылы оқу гранттарының саны талапкерлер санынан екі есе көп болды. Білімі барлар, еш қиындықсыз қалаған оқуына түсіп кетті. Осыдан кейін бірте-бірте ата-аналарда да, оқушыларда да күштің білімде екеніне сенімдері пайда бола бастады. Ауызша емтихан алатын жоғары оқу орын­да­рындағы бүгінгі жағдайды алып қа­райықшы. Жақында ғана алдыңғы қатарлы ұлттық университетте кейбір сессиялардың ақшамен жабылатыны анықталып, оқытушы-профессор­лар­дың тұрақты тарифтері жарияланбады ма? Жемқорлыққа қарсы күрес қанша күшейсе де ЖОО-дағы сынақ уақытын­да пара алу мәселесі жойылмай келеді. Егер жоғары оқу орындарында ауызша сынақтың орнына тестілеу жүйесі ен­гізілсе, студенттер ешкімнің жемсауы­на айналмас па еді. 
Маған салса, мектепте де, жоғары оқу орнында да білімді бағалау жүйесін автоматтандыруға көшіру жолын қарастырар едім. Бұл заманауи талап. Мұғалімнің міндеті тек сапалы білім беру болып, ал оны тексеру тестілеу арқылы анықталса, мүмкін әділеттірек болар ма еді? Бұл да бір үміт қой!
– Дегенмен, тестің адал өтетініне де күдікпен қарайтындар жоқ емес қой...
– Тестілеу жүйесін қадірсіз, берекесіз етіп отырған біздің өзіміз. Ата-аналар, оқушылар, мұғалімдер, оның арасында аракідік ұйымдас­ты­рушылар да бар. Ұлттық тест орта­лығына барсаңыз, оқушылардан алынған «шпаргалкалардың», басқа да айла-шарғылардың түр-түрін көріп таңғаласыз. 
Тестілеу жүйесі біздің заманымызға дейінгі ІІІ мыңыншы жылы  пайда болған. 1936 жылы КСРО-да қолданысқа енгізілген. Бірақ сол уақытта да жан-жақтан тартқандар көбейіп, ақыры арнайы қаулымен тоқтатылады. Ал алпауыт мемлекеттер сол тұста тест жүйесінің қателіктерінен шошынбай керісінше, зерттеп зерделеп, әрі қарай дамыту жолдарына бас қатырып жатты. Солардың қатарында Америка, Финляндия, Канада, Франция, Израиль, Жапония сияқты алпауыт мемлекеттер бар.  Қазірде ол елдер экономикасы, тұрмыс сапасының жоғарылығы жағынан бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы мемлекеттердің сапында тұр.  
Егер біз де халық болып, Үкімет болып бұл жүйеге дұрыс көңіл бөліп, қамқорлық жасай алсақ, болашақ білімі бар жастардың қолына көшетіндігіне сенімдімін. Өкінішке қарай, біз керісінше, өре түрегеліп, осы жүйені қалайда жауып тастауға жан таласып жатырмыз.
– Кім де болса, баласының бола­шағына алаңдағандықтан, дұрыс жол іздеуге тырысады емес пе?!
– Ұл-қызының ертеңін ойлаған, қамқорлық жасағысы келетін ата-ана ең алдымен баласының сапалы білім алуына жағдай тудыру керек. Сәнді киім, қымбат көлік, бағалы телефон алып беріп, үлде мен бүлдеге орап, ешкім ұрпағын бақытты ете алмайды. Дұрыс білім беру арқылы ғана бақытты болашаққа бір қадам жасайтыны анық. Бүгін алып берген дүниеңіз түбінде шіриді, іриді, бұзылады, құриды, мәңг­і­лік емес. Ал оқу-білімге жұмсаған қар­жы еш уақытта зая кетпейді, бала­ңызбен бірге жасайды. 
Жасыратыны жоқ, кейбір ата-ана 11 жыл бойы баласының білім деңгейіне мән бермей жүре береді. Тек ҰБТ жа­қындаған кезде ғана «оянып», «қалай сұрақтарды сатып алуға болады? Қайт­сем, балам жоғары нәтижеге қол жет­кізеді?» деп ақшасын жинап қамдана бастайды. Жаны мұрнының ұшына әбден тақалғанда қимылдап, «оңай» жол іздестіреді. Маған мамыр айының соңында келіп, «5 мың долларым бар, бір амалын табыңыз» деп, тамырымды басқысы келетіндер бар. Оның орнына баласының білімін шыңдауға неге ұмтылмайтындары қайран қалдырады. Оқуға, еңбекке тәрбиелемей, өтірік жолмен табысқа жетуге үйретіп, кімді алдап отырмыз сонда? Жоғары оқу орнының дипломын сатып алғанды жақсы көреміз де, өз еңбегімен ізден­генін неге қаламаймыз? Қолынан жазу келмейтін журналистер, дәрігерлік көмек көрсете алмайтын дәрігерлер, сауатсыз мұғалімдер, ұшақты басқара алмайтын ұшқыштар, бір сөзбен айтқанда біліксіз мамандарды көбейт­кеннен елге де, Үкіметке де келер пайда қандай? Бәрі түсінікті. Байғұс ата-ана «балама қиындық көрсетпеймін» деп шырылдап әлектенеді, әрине. Ертеңгі кү­нін ойлады ма екен, сол ата-ана? Күн­дер жетіп, кәрілік алқымнан алған шақ­та артымызда білімі мен білігі жоқ әл­жуаз ұрпақ қалатындығын кім түсінеді?      
– Тест жүйесі енгеннен бастап, 11 сыныпта дәріс өтілмейді десек те бо­лады. Талапкерлер тек тест жаттаумен айналысады. Бұл тиімді әдіс пе? 
– Неміс психологы Герман Эббин­гауз өзінің «Ұмыту ауытқымасы» (Кривой забывание) атты еңбегінде жаттау тәсілінің  нәтижесіздігін дәлелді жазған. Ғалым жаттап алған білімнің ғұмырының қысқалығын айтады. Дегенмен, бұл шәкірттерге қарағанда көбіне ұстаздардың проблемасы. Он бірінші сыныпта «бәйге» қумас үшін білімнің негізін балаға бастауыштан бастап қалау қажет. Мектеп ұстаздарын да түсінуге болады. Біздің білімді  бас­қару жүйесінің қателігі бұл. Дегенмен, «білім басшылары төбемізден тоқ­пақтап жатыр, мектептің рейтингі төмендесе жұмыстан шығарып жібе­реді» деп жаппай жанұшырып,  нәти­женің соңынан қумай, ең алдымен балаларға жаны ашуы керек. Өкінішке қарай, бүгінгі күні облыстың әкімі де, білім басқармалары да, ауданның басшысы да, мектептің директоры да рейтингпен жанталасады. «Орта балл болмаса, болмайды» деген «дертке» шалдыққан. Бірақ қанша ала шапқын болып, тек қана жаттау әдісімен оқытатын болса, ол түбінде  ешқандай нәтиже бермейді. Тақырыпты  дұрыстап түсіндіріп, тапсырманы қадағалап тексеріп, тиянақты білімге күш салу керек. Психологиялық аспектілерге де байланысты. Рас, кейбір жақсы оқитын балалардың білімін өз дәрежесінде көрсете алмай қалады. Бұған көп жағ­дайда  қорқыныш, үрей кедергі жасай­ды. Ондай кезде баланың психо­ло­гиялық кедергілерден арылуына көмек беру жолдарын қарастыру қажет. 
Біздің зерттеуімізше, тест жүйесінен балалар емес, негізінен ата-аналар, мұғалімдер көбірек қорқады. Ата-ананың, ұстаздың ең үлкен рөлі – бұл баланы «таяқтау» емес, қолдау. Баланың амандығы қажет. Оның тірі болғандығы, денсаулығы, психикасының сау болғаны аса құнды. Бізге ҰБТ-ның нәтижесі емес, алдымен адам маңызды екенін түсінуіміз керек. 
– Жыл сайын «мектеп бағдар­ламасында жоқ сұрақтар келді» деген шу көтеріледі. Мұның себебі неде? 
– Оқулықтың негізгі фун­к­циясының бірі – ақпарат беру десек, кітап бағдарламалары сол міндетін толыққанды атқара алып отырған жоқ. Олай болатын себебі де бар. Жоғарыда айтылған жылдам өзгерістер за­манының тікелей әсері бұл. Әсіресе, информатика кітаптарын жыл сайын ауыстыру мәселесіне аса мән беруіміз керек. Мысалы, осыдан бес жыл бұрын барлығымыз түймесі бар «Нокиа» телефондарын қолдандық. Одан кейін оның орнын «Айфон» яғни сенсорлық экрандар басты. Бес жыл бұрын шығарылған информатика оқулығы бұл жаңалықтардан бейхабар қалып жатса, балаға қандай білім береді? Сондықтан жиі өзгерісті қажет ететін кейбір оқу­лықтардың кітап түрінен бас тартып, оларды электронды оқулықтарға көшіру дұрыс па деп ойлаймын.
– Білім жүйесіне қажет өз­гер­тулерді неден бастау керек?
– Бірінші Білім және ғылым министрлігіне кездейсоқ немесе біліктілігі аз жас мамандарға қарағанда, тәжірибесі мықты басшы педагог-мамандарды тарту қажет. Білім ми­нистрлігінде жұмыс атқару  –  баланың жолында жаныңды «құрбандыққа шалу» деген сөз. Ондай ерлікке бара алмайтын адам министрлікке келсе, ол бүкіл ұрпақтың алдында үлкен күнәға батады. Білім жүйесіне бей-жай қарау, баланың тағдырына балта шабумен бірдей. Ол өз кезегінде бүкіл ұрпаққа тас ату. Бұл саланы мемлекетшіл санасы бар, жүрегі қазақ деп соққан адам ғана басқара алады. Ал елдік қасиеті дүдәмал, санасы қаржыға, мансапқа алданған адамдар он жерден Оксфорд, Кем­бриджді оқып келсе де, Қазақстанның білім жүйесін аяғынан тұрғызуға қауқары жетпейді. Мүмкін, экономика, технология саласында пайдасы болар, бірақ ұлттық білім саласында олардың көмегі тиеріне күмәндімін. Кезінде бірқатар өзгерістер жасаған Шәмшә Беркімбаева, Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаев сияқты ірі тұлғалы азаматтар білім жүйесіне қан жүгіртіп еді. Абылай ханның «білекке сенген заманда, дес бермедік. Білімге сенген заманда қалай болады?» деп айтып кеткен сөзін білесіздер. Жалпы қоғам, ата-ана, басшылар болып, бір сәтке тоқтап, ойланатын кез келді. Құдайға шүкір, табанды еңбек ететін мықты білікті мамандар біздің де қандастарымыздың арасында жеткілікті. Білім жүйесінде қоғамдық кеңес құрып, білікті мамандардың ақылына жүгінетін уақыт жетті. Мысалы, Монтисори, Блум, Бабанский, Монаховтан бір мысқал кем емес жаңару технологиясын ойлап тапқан өзіміздің Жауынбай Қараев сияқты  ұлы тұлғалы ғалымдарымыздың тәжірибесіне неге сүйенбеске? 
– Бұл кеңес сынақтан өтпеген балалардың трагедиясын азайта ала ма? 
– Тестілеу жүйесінен жоғары балл ала алмау бала үшін емес, көп жағдайда ата-ана үшін «трагедия». Өйткені бізде «ұят болады» дейтін ұғым бар. «Ойбай, пәленшенің баласы түсті, менікі құлап қалды. Ел-жұрттың бетіне енді қалай қараймын, масқара болдық» деп байбалам салады. 
Өз-өзіне қол жұмсау ҰБТ кезінде ғана емес, өткен кеңестік дәуірдегі мемлекеттік емтихандарда да  бол­ғандығын ешкім ұмытпаған шығар. Ол кезде мұндай жағдайлар ашық айтылмайтын. Жалпы, көп адам мән бере бермейтін мәселенің тағы бір қыры бар.  Баланың суицидқа баруына жалғыз ҰБТ нәтижесі ғана емес, оған дейінгі уақыт бойы ата-ана мен ұстаздардың әбден миын жегідей жеп, жер-жебіріне жеткен әрекеті басты себеп болуы да мүмкін. Қазір пән мұғалімдері ҰБТ-ны пайдаланып оқушылардан ақша жинауды індетке айналдырып барады. Жекелеген мұғалімдер, тіпті кейде оған мектеп басшылығы да араласып, ақылы қосымшаға қатыспаған оқушыға, қысым көрсету орын алып келеді. Көнбегеннің бағасы төмендейді, ата-анасы жиналысқа шақырылып, сынға алынады. Тіпті мектептен қуылады. Үйге келсе, әке-шешесі баланы қолдаудың орнына «оқы» деп тарпа бас салады. Оларды да түсінуге болады. Енді қайтсін? Қолдан келер не шара? Ата-аналардың көпшілігі «қарыны тоқ, көйлегі көк, сонымен, менің ата-аналық парызым бітті» деп ойлайды. Әке-шешенің міндеті перзентіне дұрыс тәрбие, тура бағыт беру. Тәрбие деген не? Баланы жақсы көру, қолдау, түсіну. Бала сабаққа дайындалып  жатқанда бірге кітап оқып, тым болмаса газет-журнал қарау. Төмен балл алғаны үшін жылап-еңіреп, тауы шағылып, кінә артып табаламай, қайта оны күресуге, шыңдалуға рух, жігер беру.
– Репетитор жалдап немесе арнайы орталықтарға апарып, тестілеу жүйесіне дайындық жұмысын қашан бастаған жөн? 
– Бұл баланың білім деңгейіне, қабілет-қарымына байланысты. Егер оқушының білім деңгейі оныншы сыныпты аяқтағанда 60 баллдық деңгейде болса, жоғарғы нәтижеге қол жеткізу үшін соңғы бір жыл жетіп жатыр. Ал одан төмен деңгейдегі баланың дайындығын  тоғызыншы сыныптан бастау керек. Сонда баланың психологиясы мен физиалогиясына үлкен салмақ түспейді. 11 жыл бойына меңгермеген ауқымды материалды бір жылдың ішінде игеріп шығу оңай емес.
– Сіз басқаратын EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының қызметімен таныссақ...
– Орталық ашудағы мақсатым – баланы ҰБТ-ға қалай дұрыс даярлау керектігін нақты іспен көрсеткім келді. Қашанғы өзгелерден үйрене береміз. Бүкіл әлем бізден үйренсе деп армандаймын. Руына, түр-түсіне, әлеуметтік жағдайына қарамай әрбір қазақ баласының дамуына еңбек еткім келеді.  Біздің орталық әзірге тек Алматыда ғана, басқа қаладан ашқан жоқпыз. Ұстаздарымыз мектептегі жай сабақ беруден өзгеше технологиямен жұмыс істейді. Оқушының психо­логиялық ерекшеліктерімен таныса отырып, психолог мамандар әрқай­сысына  жекелеген көмек көрсетеді. Лидерлік қасиетін ашуға тырысады. Сондай-ақ талапкердің қарым-қабілетін тексеріп, қандай мамандық иесі бола алатындығын анықтайды. Төртінші кәсіби пәнін және қай жоғары оқу орнына, қай мамандыққа баруды таңдауға кеңес береді. Ол аз десеңіз, жоғары оқу орындарымен келісім-шартқа отырып, сол оқушыға грант немесе жеңілдік беру жолдарын қарастырады. Бес пәнді оқытып, ақшасын санап алып, «осыған риза бол» деп жібере салмаймыз. Талапкер мен факультет мамандарын беттестіріп, яғни оқушыны қолынан жетектеп отырып сүйікті оқу орнына жеткізуге кешенді түрде күш саламыз. ҰБТ-да келетін пәндерді меңгертіп қана қоймай, сол білімді өмірде пайда­ланудың тетігі мен жолын көрсетіледі. Түрлі тренингтер өткіземіз. EDTECH-KZ-те дайындалған бала, ҰБТ-ға ғана емес, жалпы өмірге дайын болып шығады. Тестілеу жүйесінде ғана емес, өмірде де табысты болуға жол ашылады. Бұндай жан-жақты жұмыспен басқа бір де бір орталық айналысып отырған жоқ. Қазақстан түгілі, әлемнен тап­пайсыз. Біздің технологиямызға қайта шетелдіктер қызығып, үйретуімізді сұрап жатқандар көп. Дамыған мем­лекеттердің өзінен мамандар келіп, тәжірибе жинақтап кетіп жатыр. Халықаралық сарапшылар тарапынан да қолдау тапты. Білім және ғылым министрлігі жанындағы дайындық курстарын қарастыратын Рес­пуб­ликалық оқу-әдістемелік орталықта зерттеліп, әдістемелік кеңесте біздің технологиямыз туралы бүкіл жоғары оқу орындарының дайындық курсына енгізілуге жарайды деген шешім шығарылды. Еңбегіміз зая кетіп жатқан жоқ, ел бағалап, кей ата-аналар екінші, үшінші баласын алып келіп жатыр. Он жылдың арасында бізден әлі үмітін үзбеген, сенімін арылтпаған тұрақты ата-аналарымыз бар. 
– Сонда дайындау техно­логия­сындағы ерекшелік неде?
– САР деп аталатын тестілеу жүйесіне дайындайтын онлайн жобаны іске қостық. Бұл жүйе бойынша кез келген оқушы компьютер арқылы білім деңгейін тексеріп, қай пәннен, қай сабақта, қай тақырыпты қаншалықты меңгерді немесе түсінбей қалғанын анықтай алады. Медицина мамандары науқастың тамырын ұстап, ауруын қалай тап басқаны сияқты, оқушының білім деңгейін дәлме-дәл көрсетіп береді және оны қалай  қалыпқа келтірудің жолын көрсетеді. Мұндай жүйені әзірге ешкім жасап көрген жоқ.
– Бұл жүйе жалпы мектептерге енгізіледі ме?
– Бұл біздің ІТ мамандар мен педа­гогта­рымыздың тоғысқан еңбегі. Пайда табу үшін жасаған жоқпыз, әуелгіде осы орталықтың балаларына көмек­тесеміз деп қолға алғанбыз. Ақырында біздің ашқан жаңалығымыз өзгелерге де жұғысты болсын деген ниетпен, бағдарламаны баршаға қолжетімді етіп жатырмыз. Ауылдың қаракөздерінің жазығы Алматыда тұрмағаны емес. Олар да осы жобаның игілігін көрсе деп ойлаймыз. Бірақ барлық мектептерге тықпалап, міндеттеп жатқан жоқпыз. Қазіргі күні Батыс Қазақстан өңірі, Жамбыл облысы қабылдай бастады. Ол үшін қыруар қаржы алып отырған жоқпыз. Тегін десек те болады. Түрлі тест кітаптарын сатып алған қаражат­тан әлдеқайда арзан. Мүлдем ақы қоймауға шарамыз жоқ, өйткені жүйені жасап жатқан адамдарға еңбекақы төлеу керек. Ол үшін Үкіметтен бізге бір тиын қаржы төленбейді. 
– Орталықты он жылдан астам уақыт ішінде қанша бала бітірді?
–  Шәкірттерімнің көпшілігі билік басында, ірі компанияларда қызмет істеп жүр. Елімнің болашағына үлкен сеніммен қараймын, халқымды сүйетін азаматпын. Ұжымдағы қыз-жігіттердің де жұмысы ел үшін, жастар үшін қызмет ету. Соңғы төрт-бес жылда он мыңнан аса бала біздің технология­мызды пайдаланды. Ал орталықтан жылына орта есеппен 500 ден аса бала дәріс алып шығады. Қазір бүкіл тех­нологияны бағдарлама ретінде қайта жазып, республиканы қамтуға  дайын­далып жатырмыз. Бізде дайындалу процесі үйінде жүрсе де, автобуста отырса да үздіксіз  жүре беретін онлайн жүйені құру үстіндеміз. Планшет арқылы дайындалатын болады. Баланың үй тапсырмасын, дайындық барысы орталықта компьютермен бақыланады. Түсінбей қалған жағдайда аудио көмек беріледі. Бірте-бірте бейнекөмекке, интерактивті онлайн сұраққа  көшеміз. Бала ауырып қалған жағдайда үйінде жатып онлайн сұрақ қойып, мұғалімнен дәріс тыңдай алады. Интернеті болмаса да ауылдың бала­сына қолжетімді болады. Репетитор, мұғалім керек емес. Бұл үлкен жүйе әзірге толыққанды дайын емес, көп қаржыны талап етеді. Үш жылдан кейін бұйыртса толыққанды жүзеге асады деп отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет! 

 

Әңгімелескен Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ