Басты  /  мақалалар  /  Алданыш НҰРЫМОВ, экономика ғылымдарының докторы, Еуразия халықаралық экономикалық академиясының академигі: Ұлт жоспары – баянды болашақ кепілі

Алданыш НҰРЫМОВ, экономика ғылымдарының докторы, Еуразия халықаралық экономикалық академиясының академигі: Ұлт жоспары – баянды болашақ кепілі

Айхан ШӘРІП
2412
Алданыш НҰРЫМОВ, экономика ғылымдарының докторы, Еуразия халықаралық экономикалық академиясының академигі: Ұлт жоспары – баянды болашақ кепілі – Алданыш Арыстанғалиұлы, қазіргі дағдарысқа Қазақстан қаншалықты дайын болды?

– Әлем бүгінде шынында тектони­калық қозғалыстарды бастан кешуде. Жер-жаһанда жаңа өмір шынайылығы туындауда. Бұл жағдайда көптеген елдер дамудан жан бағуға көшуге мәжбүр. Кейбірі, тіпті дағдарысқа дейінгі өмірдің қайта оралатынын күтіп отыр, экономи­касын да сол деңгейге кері қайтаруға жан салуда. Бірақ ең дұрысы, жаңа дәуірдің талаптарына мойынсұнып, экономиканы соған сәйкес қайта құрып, бүгінгі өмірден өз орнын табуға ұмтылу болмақ.

Бұл ретте Қазақстан «жан бағу такти­ка­сынан» «даму стратегиясына» көшкен алғашқы мемлекеттердің бірі болып отыр. Оған бай-бақуатты кезеңде жиған қазына-қорымыз мүмкіндік беруде. 
2000 жылы Президентіміз кезекті рет дана шешім қабылдап, өз Жарлығымен Ұлттық қорды құрды, мұнайдан түскен түсімдердің бәрін сол қорға құйды. Нәти­жесінде, қазір Ұлттық қорда 64 миллиард доллар активіміз бар. Оған Ұлттық банк құзырындағы алтын-валюталық резер­ві­мізді қосқанда, Қазақстан өз мемле­кет­тілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызар 92 миллиард доллардай беріктік қорына ие. Салыстыру үшін айта кетелік, 2007 жылдың соңында, яғни алдыңғы жаһандық қаржылық дағдарыс қарсаңын­да республикамыздың жалпы резерві небәрi 38,6 миллиард доллар болған еді. Бірақ дағдарыс екен деп, Үкімет Ұлттық қор қаражатын оңды-солды жұмсап, ысырап етпейтін болады. «Бұған тиіс­пейсіңдер» деді Президент. Мемлекет ішкі резервтерді іздеп, солар есебінен экономиканы қолдаудың, дағдарыстан алып шығудың жолдарын қарастыруда.
Жалпы, шын дағдарыстың енді басталатынын Елбасы бұдан бірер жыл бұрын ескертіп, қиын күндерге тас-түйін дайын болуға шақырған еді. Көреген саясатының арқасында Қазақстан қапы қалмай, күйзеліс құрдымына құламай, күнібұрын дағдарысқа қарсы шаралардың толық кешенін қолға алды. Осы орайда бес институттық реформаны жүзеге асы­руға бағытталған Ұлт жоспарында Мем­лекет басшысы жаңа өмір шынайы­лығында өркендеу үшін әр салада не істеу ке­ректігін «100 нақты қадаммен» белгілеп берді. Біз биылғы жылдың басынан бас­тап тек экономиканы ғана емес, мемле­кеттің өзін де, қоғамды да жаңартатын осы реформаларды практикалық іске асыруға кірісіп кеттік. 
Негізі, әлемде дағдарыс болмай тұр­майды. Дамудың заңдылығы солай: цикл бойынша 5-10 жылда қайталанады. Бұл ретте дағдарыс қиыншылығымен бірге мүмкіншілігін әкеледі: күйзелістерге төтеп беріп, өзгерістерге бейімделу арқы­лы адамзат күшейе түседі. Мұндай дәуір сынынан дүниежүзіндегі мемлекеттердің бар­лығы бірдей өте алмауы мүмкін, – дейді Елбасы. Ал сынға морт сынбай, шың­дала түсу үшін мемлекет экономика­лық және басқа саясатын жаңа жағдайда дұрыс жүргізу жолдарын іздеп, таба білуі шарт. Мұның жөн-жобасы мен жүзеге асыру тетіктерін таяуда «Нұр Отан» съезін­дегі бағ­дарламалық баяндамасында Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев нақты, егжей-тегжейлі түсіндіріп, көрсетіп берді. Енді Қазақстан халқы, барлық мемле­кеттік құрылымдар және қоғамдық күш­тер осы міндеттерді орындауға жұмылуы қажет. 
Съездегі сөзінде Қазақстан Көшбас­шысы қайталап айтты: халқымыз талай тар жол тайғақ кешуден, тарихтың қиыр-шиыр кезеңдерінен өткен. Бұл қиын­шылықтан да өтеміз.
– Жаңа дәуір еліміздің бағын ашып, байлығын еселеуі, өрісін ұзартып, өркенін биік­тетуі, сөйтіп, түптеп келгенде, жаңа қазақ­стандық арманымыздың орындалуына септесуі үшін мемлекет пен халық не істеуі керек деп ойлайсыз?
– Оның барлығы бес институттық ре­форма мен Ұлт жоспарында айтылған. Білесіз бе, менің ойымша, тіпті көптеген дамушы елдерге де тыңнан ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ, тек біздің осы стра­тегиялық бағдарламамызды назарға алса, жеткілікті. 
Бес институттық реформа аясында мемлекет экономикаға көп араласу, оны қолмен басқару саясатынан кетуге ден қойды.
Қазақстанда мемлекеттің экономикаға араласу деңгейі жоғары. Бүгінде квази­мем­лекеттік секторды қоса алғанда, мем­лекеттік ұйымдардың, яғни Үкімет мен­шігіндегі нысандардың, ұлттық ком­­­­па­­ниялардың, зауыт-фабрикалардың саны 26 мыңға жуық. Олардың баланстық құны 9 триллион теңге тұрады. Мемле­кеттік активтің жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қатысы 43%-ға жетеді. Яғни ЖІӨ-нің осынша орасан зор көлемі мемлекеттің жанама бақылауында. Ал әлемдегі эко­номикасы озық, дамыған мемлекеттерде мемлекет меншігінің үлесі шамамен 15 пайыздай ғана. Осыған байланысты ел басшылығы 2020 жылға қарай осы межеге жету туралы міндет қойып отыр. Бұл рет­те мемлекеттік активтің басым көп­шілігі – 22 мыңы коммуналдық кәсіп­орындар. 
Дәл қазір, күрделі шақта экономика­мыздың қозғаушы күші – бизнеске өркен жаю үшін кеңістік ұсыну, салалардағы орындарды босату маңызды. Мемлекет кәсіпкерлікпен бәсекелеспеуге тиісті, ол тек отандық бизнестің дамуына жағдайлар жасауы керек. Президент жариялаған жаппай жекешелендіру осыны көздейді. 
Осы мақсатта 2016 – 2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары белсенді іске асырылуда. Оның аясында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, «Бәйтерек» пен «ҚазАгро» холдингтерінің басқаруын­дағы, мемлекеттік меншіктегі 65 аса ірі ком­пания, «Самұрық-Қазына» қол астын­дағы 173 еншілес және тәуелді ұйымдар жеке секторға беріледі. Соны­мен бірге 545 ұйымнан тұратын жеке­шелендіру нысандарының қолданыста­ғы тізімі де өзектілендірілуде. 
Елбасы айтқанындай, мемлекеттік меншікті жекешелендіру, квазимем­лекеттік сектор активтерін бәсекелестік ортаға беру отандық кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатын көздейді. Яғни ірі бизнес үшін жаңа өріс ашылады, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жаңа серпін беріледі.
Бұған қоса, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында Қазақстанда заңды тұлғаларды оңалту және банкроттау мәсе­лелері шешілді, жаңа заң қабылда­нып, бұл ресімдер заңнамалық деңгейде нақты және түсінікті реттелді. Өйткені дағдарыс уақытында көптеген кәсіпорын-компа­ниялар дамуға қаржы, өнім өткізуге нарық таба алмай, тұйыққа тіреледі, дәрменсіздікке ұшырайды. 
«Компаниялардың банкроттығы, әлемдік тәжірибеге сәйкес, кәсіпорын­дардың жұмысшыларын қысқарту арқылы тоқтап қалуына алып келмеуі тиіс» деп нықтады Мемлекет басшысы.
Әйтпесе, бұрын «банкрот болу» деген компания-кәсіпорынның құруын білдіретін. Ал енді жаңа заңға сәйкес, өндірістің өміршеңдігі мен жұмыс орындарын сақтау үшін кәсіпорынның төлем қабілетсіздігін сотқа дейінгі тәртіппен реттеудің жаңа тетігі жасалды. Ол борышкер мен кредиторға кәсіп­орынды қаржылық сауықтырудың жол­дарын бірлесе іздеп, қайта құрылымдау мәселелерін ортақ шешуге мүмкіндік бе­реді. Банкрот болған компанияның өр­кендеу мүмкіндігі шамаланады. Құрыл­тайшылары тізе қоса отырып, компа­нияны бір-екі жылда дәрменсіздік құрдымынан сүйреп шығарудың жоба-жоспарын жасауы керек. Бұл үшін мәселен, кәсіпорын бәсекеге қабілетті, нарықта сұранысқа ие басқа бір өнім шығаруға, жаңа сала-тауашаны игеруге бейімделуі ықтимал. 
Бұған қол жеткізілмесе, компания жабылып, өз орнын басқа кәсіпорындарға босатады. Бұл – бүкіл дамыған елдерде қолданылатын тәжірибе. АҚШ-та да, Еуропада да мыңдаған компаниялар жа­бы­лып, олардың орнына өзгелері келіп жата­ды, нарық үнемі жаңғырып отырады. Себебі бәсекелестікте жаңа технология­лары бар, жаңа өнімдер өндірісін жолға қоя алғандардың мерейі үстем болады. Бұл – өмір заңдылығы. Көне тозады, жаңа жеңеді.
– Қазақстанның басты экспорттық тауары – шикізат, соның ішінде мұнай баға­сының күрт құлдырауы жағдайында еліміз қандай салалардан даму резервін таба алады?
– Қазіргі жаһандану заманында Қазақстан экономикасы әлемдік нарық­қа, әлемдік саудаға кеңінен тартылған. Сондықтан жаһандық экономикада болып жатқан өзгерістер бізге ықпал етпей қоймайды. 
Расында, экономикалық қиындық­тарды туындатқан бір фактор – мұнай баға­сының күрт түсіп кетуі болды. Осыдан бірер жыл бұрын «қара алтын» бағасы 140-150 долларға дейін барды. Қазір 30 доллардың ар жақ, бер жағында айналуда. 
Осы жағдайда мемлекетіміз ел экономикасын әртараптандыруға белсене кірісуге тиіс. Оның анық бір жолы – индустрияландыру. Бұл ретте қанша күйзеліс қысса да, Қазақстан индус­триялды-инновациялық даму бағдарла­масын қолдау көлемін қысқартуға барған жоқ. Биылғы 2016 жылы бағдарлама аясында 157 жаңа жоба іске қосылады деп күтілуде. Оған 900 миллиард теңге ин­вестиция құйылмақ. Яғни бұл жаңадан жұмыс орындары ашылады, жаңа кәсіп­орындар ел игілігіне беріледі, экономи­камыз кеңейеді деген сөз. Оның үстіне «Қазақстанда жасалған» таңбалы, бәсе­кеге қабілетті жаңа бұйымдар шығарыла бастайды. 
Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында Қазақстанның мұнайға көп сүйенбей-ақ өмір сүргенін айтты. Ол кезде «қара алтын» арзанға бағаланатын, тіпті «қара алтын» сөзі негізінен көмірге қатысты қолданылатын. 
Бұдан былай да республикамыз экономиканың өзге салаларына көбірек иек артқаны жөн. Мысалы, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығында біздің үлкен резервтеріміз барлығына назар аудартты. Әлемде бір миллиардқа жуық адам ашаршылық зардабын тартуда. Сондай-ақ планетамыздағы тұрғындар саны артқан сайын, азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс та ұлғая бермек. 
Ал Қазақстанның Жаратқан ие берген ұлан-ғайыр жері де бар, онда агроөнеркә­сіптік кешенді өркендетудің мол мүмкін­дігі де бар. Тағы бір ескерер жайт, біз азық-түлік өнімдерінің үлкен көлемін шетелден импорттаймыз. Оның барлы­ғын өзіміз шығаруымызға болады. Яғни бұл салада «импорт алмастыру» өзекті. Шетелден тасуды қою керек. Азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, артығын экспортқа шығаруымыз қажет. Сондықтан да дағдарысқа қарамастан, ауыл шаруашылығы саласына мол қаражаттар бөлінуде. Оның тиімді жұмсалуы қадағаланады.
– Осы орайда баға бойынша бәсеке­лестік мәселесі алда тұр. Ашаршылықтан азап шеккен елдер болсын, басқасы бол­сын, арзан өнімдерді таңдайды. Ал тікелей мұхитқа шыға алмайтын Қазақ­станның өнімі төрткүл дүниенің басқа бұрышына жеткенше, еселеп қымбаттайды, құны ал­тынға теңеледі. Мәселен, «егер субсидия­ламаса, қазақ астығы көп жерде баға бо­йынша бәсекеге қабілетсіз» дейді аг­рар­шылар. Бұл тұйықтан шығар жол қайсы?
– Ол үшін еңбек өнімділігін арттыру, өнімнің өзіндік құнын арзандату тетіктері мен шаралары қолданылуға тиіс. Біздің зауыт-кәсіпорындар, барлық саладағы өндірістер жаңа технологияларға, заманауи техника түрлеріне көшуі керек. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетеді. 
Біздің мұхитымыз – Қытай мен Ресей. Оның сыртында бізде Каспий теңізі бар. «Ақтау порты» да дамытылуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқасында қаншама даңғыл жолдар салынуда, темір жолдар төселуде. Олар әлемді шарлайтын халық­аралық дәліздердің бір бөлігіне айналады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық автокөлік магистралінің қазақ­стандық бөлігінің құрылысы биыл бітеді деп күтілуде. Парсы шығанағына шығарар темір жол бағыты да жолға қойылуда. Осындай жобалар да жол шығынын азайту арқылы түптеп келгенде, қазақ­стандық өнімдердің өзіндік құнының арзандауына ықпал етеді. Бұл мәселелер бойынша бүгінде отандық ғылыми-зерттеу институттары, шетелдік әріп­тестерімен бірлесіп, жұмыс жасауда.
Әйтпесе, үнемі бюджеттік субсидияға қол жая берсе, бизнес алысқа бармайды. Бұған дейін отандық өндірушілер суб­си­дияға малданып, өзіндік құнды азайту бо­йынша ізденбейтін де. Ел қазынасын­дағы қаржы шектеулі, әр тиын санаулы қазіргі кезде олардың өзіндік құнды ар­зан­­дату жолдарын қарастырғаны дұрыс болады.
Табысты молайтудың тағы бір жолы бар. Айталық, астықты сол күйінде сат­пай, өңдеудің бірнеше сатысын құрғаны, ұн, макарон өнімдері, тіпті кейбір алкоголь өнімдері түрінде халықаралық нарыққа шығарғаны жөн. 
– Отандық кәсіпкерді қолдаудың бір тетігі – салық жүйесінде емес пе?
– Біз бизнесмендерді салық бойынша қолдау жөнінен әлемде алдыңғы орын­дарда келеміз. Мұны шетелдік белді эксперттер мойындап отыр: Дүниежүзілік банк түзетін Doing business жаһандық рейтингі бойынша Қазақстан ғаламдағы 189 мемлекеттің ішінде 17-орында тұр. Көрші Ресейдің өзі кейінгі 40-орында жүр. 
Нәтижесінде, қазір 6-7 мың ресейлік кәсіпорын Қазақстанда қайта тіркеліп алды. Мұның мәнісін сұрастырсақ, олар өздері үшін салықты біздің республикаға төлеу ұтымды екенін айтады. «Тек салық­тың өзінен біз екі есе пайдаға шығамыз» дейді олар. 
Тарата айтар болсақ, бізде мысалы, қосымша құн салығының (ҚҚС) көлемі 12 пайыз ғана, Ресейде – 18. Жұмыс берушілер, кәсіпорын-компаниялар әр жұмысшысы үшін мемлекетке төлейтін әлеуметтік салық мөлшері Қазақстанда небәрі 11 пайыз болса, РФ-да 36 пайыз. Не деген сұмдық десеңізші! Жеке табыс салығы бізде 10 пайыз болса, көршіде – 13 пайыз. Бұл ретте Елбасының идеясы болып табылатын Еуразиялық экономи­калық одақ компанияларға Қазақстанда тіркеліп, Ресей нарығында жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Қазір көршіміздің билігі әкімшілік жолмен ұстап тұр, әйтпе­се, олардың компаниялары жаппай Қазақ­станға ауып, бізде қайта тіркелер еді.
Біздің Үкімет тек осы қолдаумен шек­телмейді. Мысалы, бізде көптеген зауыт-фабрикаларда құрал-жабдықтар, құрыл­ғылар, негізінен, кеңес кезінен қалған, көнеріп, тозығы жеткен. Соны жаңалауға мүмкіндік беру үшін Салық кодексіне жаңалық енгізілді. Ол бойынша отандық өндірушілер мүлік салығын тек ғимарат, құрылыстар үшін ғана төлейді, ал құрал-жабдықтар мүлік салығынан босатылды. Одан босаған қаржыға отандық зауыт-кәсіпорындар заманауи, инновациялы құрал-жабдықтар сатып алып, табыста­рын көбейтіп, бәсекеге қабілетті бола түсуге тиіс. Ал солтүстік көршімізде өндіру­шілер барлық құрал-жабдықтары үшін салық төлейді. 
– Кәсіпкерлік дамуы үшін бұдан артық не керек?
Ел алдына шағын және орта бизнесті өркендету, оның ЖІӨ-дегі үлесін 40-50 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылды. Мемлекет оларды да салығын жеңілдету арқылы қолдауда. 
Қазақстан шетелдік ірі компаниялар үшін де салық «жаннатына» айналуда. Біздің мемлекет соңғы 10 жылда 190 миллиард доллардай тікелей шетелдік инвестиция тарта алды. Бұл – Орталық Азияға келген барлық инвестиция ағынының 80 пайыздайы. 
Әйткенмен, осы жеткенмен тоқтап қалуға болмайды. Экономика инвести­циямен үнемі қоректендіріліп отыруы керек. Бұған да алғышарт туғызылды. Жаңа заңнамаға сәйкес, егер шетелдік компания экономикамызға, әсіресе, алты басымдықты салаға – металлургия, химия, мұнай химиясы, машина жасау, құрылыс материалдарының өндірісі және тамақ өнеркәсібіне кем дегенде 12 миллион доллар инвестиция салса, онда ол 10 жылға корпоративтік табыс салы­ғынан және жер салығынан, ал 8 жылға мүлік салығын төлеуден босатылады. Бұл үлкен қолдау шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттырып, олардың сүйемелдеуімен экономикамыздың өрлеуіне ықпал етеді.
Бұрын Қазақстанға келген шетелдік инвесторлар барлық құжаттарды жинау үшін әр министрлік пен мекеменің кабинеттерін жағалап, жүгіріп жүретін. Қазір шетелдік инвесторға арналған «бір терезе» ашылды: құжаттар топтамасы, керекті анықтамалар мен рұқсатнамалар бір жерден ұсынылады. Бар мәселесін олар бір жерден шешеді.
– Салық демекші, Үкімет салықтық әкімшілендіруді жеңілдету мақсатында «қосымша құн салығының» (ҚҚС) орнына «сатуға салық» (налог с продаж) енгізуді ұсынды. Елбасы оның қаншалықты орынды екенін қарауды тапсырды. Экономист ғалым ретінде бұған сіздің пікіріңіз қандай?
– «Сатуға салық» негізінен, Америкада қолданылатын салық түрі. Оның өзінде АҚШ-тың әрбір штаты өз ставкасын белгілейді. Ал әлемнің өзге елдерінде, басым көпшілігінде, қосымша құн салығы (ҚҚС) қолданылады. Мысалы, Еуропалық одаққа мүше боламын деген елдерден де осы талап етіледі.
Қосымша құн салығы шетелге экс­портқа өнім шығаратындарға қайтары­лады. Нәтижесінде, ҚҚС-тан түскен бүкіл салықтың кейде елу пайызға дейін­гісі салық төлеушіге кері оралып жатады. Бюджетте тек қалған жартысы ғана қалады. Салықтың осы түріне қарсы шығушылардың басты бір дәйегі де – осы. Ал сатуға салық өнімді, тауарды сату кезінде жиналады. Көлемі 5-10 пайыз мөлшерінде болуы мүмкін. 
Бұл мәселе жан-жақты зерттеуді, барлық оң және теріс жақтарын мұқият қарауды қажет етеді. Біріншіден, біз қазіргі уақытта Еуразиялық экономика­лық одақтың мүшесіміз. Оған мүше ел­дер­дің барлығында ҚҚС жүреді. Егер біз біржақты түрде сатуға салынатын салыққа көшіп алып жатсақ, бұл қандай да бір қай­ш­ылық туғызбай ма? Екіншіден, шет­елдік компаниялар да, өз өнімін әлемдік нарыққа саудалайтын отандық өндіру­ші­лер де сыртқа өнім шығарған сайын, ҚҚС-ты бюджеттен қайтарып алуға бой үй­реткен. Оралған қаржы өндірісті дамы­туға бағытталатын. Енді ол қалай болады?
Үшіншіден, «сатуға салық» ендірілуі үшін әрбір тауар саудасы нақты тіркелуі шарт. Шетелге барсаңыз, қолма-қол ақшамен есеп айырысу деген аз. Қай жерде де банк картасы жүреді. Ал бізде базар түгілi, сауда орындарында, ірі дүкендерде де чек бере бермейді. Жаңа салық түрі өмірге табысты жолдама алуы үшін осы мәселелер де түпкілікті шешіл­гені жөн. Сондықтан Елбасы бұл іске абайлап бару үшін «енгізіледі» деп кесіп айтпай, Үкіметке барлық оң және теріс жақтарын таразы басына тең тартуды тапсырды. 
– Ұлт жоспары кәсіби мемлекеттік аппарат құруды көздейді. Кәсіби мемлекет құру үшін оның адамдары да жаппай кәсіби болуы керек емес пе?
– Қазақстанда мемлекеттік функция­ларды бизнеске беру жөніндегі арнайы комиссия құрылды, оны Премьер-министр Кәрім Мәсімов басқарады. Комиссия қандай мемлекеттік функция­ларды жеке секторға тапсыру керектігін анықтайды. Өйткені мемлекетке қара­ғанда, бизнес анағұрлым жақсы менеджер деп саналады.
Мемлекеттік қызметінің біразы биз­неске берілгеннен кейін мемқызмет­шілер қатары да қысқартылуы ықтимал. Бұл ретте мемлекеттік қызметте тек кәсіби, компетенциялық өрісі кең мамандар ғана қалуға тиіс.
Мемлекетті кәсібилендіру үшін маман кәсіби болуы керек. Ол өзі ісінің тек теориясын меңгерумен шектелмей, жұмыс жасаудың жөнін, озық тәжірибені білуі шарт. Сол себепті Қазақстанда «Мем­лекеттік қызмет туралы» заңнама толық жаңартылды. Енді мемлекеттік қызметке келген әрбір адам сол саланың ең төменгі сатысындағы қызметтерден бастауға, мансап сатысымен бірте-бірте өсуге міндетті болады. Әйтпесе, бұрын сырттан келгендер бірден бастық болып шыға келгені аз емес. Басшы болады, бірақ тәжірибені, саладағы өмірді біл­мей­ді. Абай айтқандай, «көшеде жүр­ген па­қыр­ды, әкім бол деп шақырдының» кері ке­летін. Бұл да экономиканың өсуіне, мем­лекеттік дамуына кедергі келтіретін кесір.
Сот жүйесінде де осы қағидат енгі­зілуде. Ендігі жерде меритократия қағи­даты бойынша маман төмен саты­дағы лауазымда ең кемі 5 жыл жұмыс жасауы қажет. Бұл Жапония және басқа да дамыған елдер тәжірибесі. Бұл жаңалық бірте-бірте қоғамымызға дендей еніп, өмір салтына, мемлекеттік қызмет қалы­бына айналады.
Осының арқасында әрбір қызмет-лауазымда тәжірибесі бай, біліктілігі жоғары, лайықты адамдар отырады. Мемлекет өркениетті елдер тәжірибесі арқылы дамыған отыз елге қосылу арманына жақындай түседі.
– Мұнай бағасы әрі қарай арзандай алмайтын өзінің түпкі шегіне келді деп ойлайсыз ба?
– Менің байламымша, бұл нарық сол межеге жақындап қалды. Сарапшылардың көбінің болжамынша, 2016 жылдың аяғы­на таман мұнай баррелінің құны 40-50 дол­ларға қарай көтеріле бастайды. Ар жағында 60 долларлық меже тұспалда­нады.
«Қара алтын» бағасы 20 долларға де­йін түспейді деген ойдамын. Дегенмен, әзірге 30-35 доллар маңайында құбылуы мүмкін.
Бізге әрине, мұнай бағасының көте­рілгені керек. Мысалы, жақын уақытта «Қашаған» қайта іске қосылады деп күтілуде. Бірақ одан шығатын мұнайдың өзіндік құны ғана 60-70 доллар. Оны қалай 35 долларға сатуға болады? Ал Иран мұнайының өзіндік құны – 10-ақ доллар. Біздегідей, бес мың метрлік тереңнен суырмайды, бұрғы салса бұрқақтап, атқылай бастайды. Ресейдікі – шамамен 20 доллар делінуде. 
Қалай болғанда, Қазақстан көмірсу­текті шикізат есебінде сатудан кетуі керек. Одан көп пайда таба алмаймыз.Табыс молаюы үшін сол шикі мұнайды өңдеумен айналысуымыз керек. Одан бірнеше жүз түрлі өнім алынады. Сен­бесеңіз, көшеге шығыңыз. Аяғыңыздағы аяқкиіміңізден бастап, аяқ астындағы асфальтқа, қабырғалардағы бояуларға, сөрелердегі тауарларға, пластиктен жасалған бұйымдарға дейін – мұнай өнімдері. Күн сайын кезіктіретін қаншама өнімде қандай да бір түрде мұнай кездеседі. Мұнайды отын ретінде жағу ақшаны жағумен бірдей.
Сонымен бірге Қазақстанда жаңа, заманауи мұнай өңдеу зауыты салынуы қажет-ақ. Мысалы, Қытай соңғы жыл­дары 60-70 мұнай өңдеу зауытын салып тастады. Сонда бензиніміз де арзан болар еді. Яғни, тіпті бағасы өссе де, мұнайдың ендігі болашағы өңдеуге байланысты.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Айхан ШӘРІП