Басты  /  мақалалар  /  Марат ПІРІНБЕКОВ, Алматы қаласы «Алматы паркинг» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры: Жолдың бәрі паркоматқа барып тіреледі

Марат ПІРІНБЕКОВ, Алматы қаласы «Алматы паркинг» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры: Жолдың бәрі паркоматқа барып тіреледі

Төреғали ТӘШЕНОВ
2512
Марат ПІРІНБЕКОВ,  Алматы қаласы «Алматы паркинг»  мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры:  Жолдың бәрі паркоматқа барып тіреледі – Марат Үсенұлы, оңтүстік астанамыздың орта­лы­ғын­да темір тұлпарды уақытша қалдыратын орын табу оңай емесі белгілі.

Енді ақылы автотұрақтар ашылмақ кө­рінеді. Ақылы автотұраққа бұрынғыдай тротуардың жие­гі де жата ма, әлде ол үшін арнайы орын бөліне ме? Со­сын бұл тағы да біреулердің бизнесіне айналып кет­пей ме? Себебі, мұндай тәжірибені басымыздан өт­кер­дік қой. 
– Біздің мақсатымыз – жол қозғалысын оң­тай­лан­дыру мен жүйелеу, қала көшелерінің «тыныс ал­уына» мүмкіндік туғызу, ал қалалықтарға жаяу да, ве­лосипедпен де, автокөлікпен де еркін қозғалуға жағдай жасау. Біріншіден, орын ақылы болғандықтан, көшелер көбірек бос болады. Қараңыз, орталықта тәуліктің қай уақытында болмасын көлік қоятын орын жоқ. Тіпті тротуармен де еркін жүре алмайсыз. Ту­ристер осыдан кейін біздің қаламыз туралы не ойлайды?
Ал енді бұл біреулердің бизнесіне айналып кетпей ме дейсіз, енді ол жерден жилет киген адамды көр­мей­тін боласыз, төлемақыны паркомат қабылдайды. Бұрынғыдай қолма-қол ақша төлеу деген болмайды. Жап­пай автоматты жүйелер орнатылады. Біз бұған дейін ірі қалалардың көлік қатынасына қатысты жүйелерімен жіті танысып шықтық. Еуропаны да, Дубайды қарастырдық. Бізге ең жақыны – Ресей. Мәскеу мэрі Сергей Собянин осы мәселемен айна­лы­сатын компанияға қаржысын төлеп, зерттеу жұмы­сын жүргізуді тапсырған. Олар өз кезегінде бір жыл­дай зерттеу жүргізіп, осыдан бес жыл бұрын осындай жүйе енгізу керек деген шешімге келіп, ол жұмыстарды бастады. Екі жарым жыл ішінде заң құжаттарын рет­теп, тәртіпке келтірді. Соның арқасында Мәскеу қа­ласының орталығы жап-жақсы реттелді. 
Ал Алматыда қалай? Қоятын жер тегін болған соң, мыңдаған қалалықтар да, шеттен ағылып келетіндер де, жай ғана сандалып жүргендер де орталыққа еркін кі­ріп-шығып, кез келген орынға көлігін қоя беретін­дік­тен, сауда орындары мен базарлардың алды был­ы­ғып кеткен. Бұлай болмауы тиіс. Лондон секілді қала­лар­дың орталығына көлікпен кірудің өзіне қомақты ақы төлейсіз. Не үшін метро салдық? Не үшін қоғам­дық көліктерге жол босатып бердік? Әркім орта­лық­тағы жұмысына барып-қайту үшін сексен теңгелік қо­ғамдық көліктерді пайдалана ма, жоқ әлде көлігін қымбат автотұраққа қоя ма, өзі шешсін дедік. Алматы эко­логиясының жетпіс пайызын автокөліктер бүл­діріп жатыр. Жан-жақтан келетін көлік тығынын азайту үшін осындай жаңа жүйені енгізуге мәжбүрміз. Ірі қалалардың өзіндік заңы болуы керек. Осылайша, Мәскеудің жүйесін қарастырып жатырмыз, Алма­ты­ның өзіндік ерекшелігі бар, соның бәрін реттеп, бағ­дарлама қабылдаудамыз. Оның бәрін жүзеге асыру қара­жатқа тіреледі, ол арзан нәрсе емес. Қала әкімі компанияның жетпіс пайыз үлесін жекеменшік ин­весторға сату туралы шешім шығарды. Конкурс өтуде. Көктемнен бастап осы шаруаны бастаймыз. Авто­матты автотұрақты жаздың басында іске қосатын боламыз. Алдымен Көк базардың айналасынан бас­тай­мыз деп отырмыз. Орталықта ақылы тұрақ қым­баттау болады. Қолма-қол ақша төлеуден түбегейлі бас тартамыз. Төлем мәселесінің төрт түрін таңдап отырмыз. Ең көп төлем мобильді бағдарлама бойынша жүзеге асырылатын болады. Смартфон жұрттың көпшілігінде бар, сондықтан бұл қиындық тудыр­май­ды. Еуропада мобильбді бағдарлама бойынша төлем жет­піс бес пайызды, Мәскеуде жетпіс пайызды, Ресейдің басқа қалаларында алпыс пайызды құрайды. Яғни төлемдердің барлығы мобилдік қолданыс арқылы өтеді. Әркім оның шартын өзінің телефонына енгізеді, мәселен, тұрақта бір сағат тұрамын деп, одан ертерек шықса, ақшасы қайтарылып беріледі. Сол себепті мобильдік қолданыс әлем бойынша ең тиімді, ең пайдалы, ең жылдам төлем түрі саналады әрі дүние­жүзінде бұл төлем түрі ең көп қолданылады. Екін­ші, кімде смартфон жоқ, жай телефон болса, онда­ ол операторға СМС жібереді, белгіленген уа­қыттан ертерек шықса, тағы да СМС жіберіп, алғашқы жіберіп қойған ақшасы қайтарылады. Үшіншісі, пластикалық карточка арқылы жасалатын төлем түрі. Бұл – енді минут сайын емес, бір сағатқа ал­дын ала жасалатын төлем. Төртіншісі, қағаз ақ­шаны қолданбаймыз, оның орнына темір тең­гелерді қолданамыз. Мұндай жағдайда бір сағатқа төлейді, жарты сағаттан кейін шығып кетсе, ақшасы қайтарыл­майды. Қағаз ақшаны қолданбайтын себебіміз, ондай техникалық аппарат қымбатқа түседі. Қолданатын аппараттарымыз заманға сай күн батерияларымен жұмыс істейтін болады. Бәрі элект­ронды түрде жүзеге асатын болғандықтан, «блатной» нөмір иелері де, көкесі барлар да заңсыздыққа бара алмайды, заңды бұз­са, ірі көлемде айыппұл салынады. 
– Дұрыс-ақ делік. Ал енді жүргізушінің теле­фо­нын­да, не карточкасында аяқасты ақшасы болмай қалды дейік, ондай жағдай өмірде болмай тұрмайды ғой. 
– Бұл жағынан «Қазкоммерцбанкпен» келісімге ке­ліп жатырмыз, карточкамен немесе телефонмен төлейтін ақшасы болмай қалған жағдайда, банк кім-кімге де микронесие беру арқылы көмекке келе алады. Аяқ астында ақшаңыз болмай қалған жағдайда, банк сізді құтқарады. Телефон операторларымен де бұл орайда келісімге келудеміз. 
– Көлік тығынын азайтуды көпқабатты автотұрақ­тар салу арқылы шешуге болмас па?
– Көпқабатты автотұрақтар салу кеңес заманында салынған қаламызда ескерілген жоқ. Оның үстіне сала қоятындай қала ішінде бос жер жоқ. Қазір Үкімет тарапынан қайтарылып алынуға жататын бос жерлерге зерттеу жүргізілуде. Егер бос жер табылса, біз салуға даярмыз. Еуропадан да темірден құрас­ты­рыл­ған көпқабатты автотұрақтар алдыруға болады. Бұл енді, бетоннан салғанға қарағанда өте арзан. Көп қа­бат­ты паркингтер салынған соң жолдың шетіне кө­лік қойғызбаймыз. Түбінде осыған келеміз. Өкінішке қарай, дәл қазір қалада бос жер жоқ. Алдымен жер мә­селесін шешіп алуымыз керек. 
Ендігі бір мәселе көпқабатты үйлердің аулаларына қа­тысты. Көлігін өз үйінің жанына қоятын тұр­ғындар да ақы төлейтін болады. Ақы сол үйдің тұр­ғыны үшін өте арзан болады. Ол үшін сол үйдегі көлігі бар тұр­ғын­дарды тіркейміз, барлық мәліметті база­мызға кір­гіземіз, айналасындағы тұрақтарға кодын енгізіп қоя­мыз, сонда онда да жеңілдікке ие болады. Бұл бюд­жетке көп пайда түсіреді. Мәскеу, мәселен, осын­дай жолмен аулаларды реттеп отыр. Бұл үлкен жұмыс, соны біз бастадық. 

 

Әңгімелескен Төреғали ТӘШЕНОВ