Басты  /  мақалалар  /  Әсия Беркенова, Халық ақыны: ОРЫСША БІЛМЕЙТҰҒЫН ОРЫС БАР МА, ӨЗ ТІЛІН БІЛМЕЙТІН ТЕК ҚАЗАҚ ҚАНА...

Әсия Беркенова, Халық ақыны: ОРЫСША БІЛМЕЙТҰҒЫН ОРЫС БАР МА, ӨЗ ТІЛІН БІЛМЕЙТІН ТЕК ҚАЗАҚ ҚАНА...

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА
3423
Әсия Беркенова, Халық ақыны:  ОРЫСША БІЛМЕЙТҰҒЫН ОРЫС БАР МА,   ӨЗ ТІЛІН БІЛМЕЙТІН  ТЕК ҚАЗАҚ ҚАНА... Сексенінші жылдары ақындық өнерімен танылған от ауызды, орақтілді Әсия Беркенованы таныстырып жатудың өзі артық.

Ұмытылуға жақын қалған айтыс өнерін қайта тіріліткен сол жылдардағы ақындардың үлесі зор десек, соның бірегейі – Әсия Әйіпқызы. Ойлы сөзімен көпті аузына қаратқан Халық ақыны бүгінде төл өнерге қазылық етіп келеді. Он бес жыл бұрын туған өлкесі Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университеттің жанынан өнер студиясын ашып, содан бері аймақтағы жастарды өнерге баулып жүр. Туған мекенін «Кішкентай Отаным – Әулиекөл» деп таныстырған ақын институт бітірісімен сол кезде жаңадан ашылып жатқан Қостанай облысына қарасты Науырзым ауданына жұмысқа келген. Бүгінде бес немере сүйіп отырған ақын айтыс өнерін сол жерден бастаған. 

 

– Орыс тілі мұғалімі бола тұра, орыс ұлты көбірек шоғырланған ай­мақта айтысты таңдау оңай емес. Бұл өнерге келуіңізге біреу се­бепкер болды ма? Кімге қарап бой түзеген едіңіз?
– Орыстарға өз тілін оқытып үй­ретуді жиырма бес жылдан кейін қойдым. Бойымдағы ақын­дық  дарын мектеп жасынан өнер­ге деген құштарлығымды арт­тыр­ды. Өткен ғасырдың сексенінші жыл­дары айтыс деген ұлттық өнер жаңаша серпілді. Шолпан Қы­дырниязова, Жұмаш Ос­пан­бекова сияқты қыздар шыққан үлкен республикалық ақындар ай­тысын көргеннен кейін өзім де ойға баттым. Оған дейін жиын-той­да, дастарқан басында отыр­ғанда домбыра тартып, ән са­ла­тын болғаннан кейін кейбі­реу­лерге импровизациялық эпиг­рам­малар, әзіл-қалжыңдар айтып жү­ретінмін. Сол айтыс рес­пуб­ли­ка көлеміне кең таралғаннан кейін, кейбірі «Әсия, сен суырып сал­ып бізге өлең шығарып жүрсің ғой, неге айтысқа бармайсың?!» дей­тін. Ол кезде республикалық ай­тысқа қатысу деген орын­дал­май­тын арман сияқты еді. Өйт­кені ол уақытта ауылдан Ал­ма­ты­ның сахнасына бірден шыға ал­майтынсың. Кейін ептеп қызыға бас­тадым. Үйдегі отағасының: «Ай­тысқа неге шықпайсың? Суы­рып салып айтасың, ән сала­сың, домбыра тартасың, қолың­нан келеді ғой» деген сөзі күш болған сияқты. Содан әуелі ау­дан­дық, облыстық, сосын рес­пуб­ликалық айтысқа шықтым. 
– Ең бірінші рет айтысқа неше жасыңызда шығып едіңіз?
– Отыз жасымда. Біздің ай­тыс­­қа келуіміз еліктеуден, қы­зы­ғу­шылықтан туды. Алдымыздағы Ма­нап Көкенов, Көкен Шәкеев, Тау­шан Әбуова секілді аға-апа­ларымызға ердік. Олар айтыс та­биғатының бастапқы ұлттық фольк­лорға тән қасиетін оятса, біз – Әселхан, Қонысбай, Қа­ти­мол­ла, сол дәстүрді жалғас­тыра­тын буын болып келдік.
– Айтысқа отыз жасыңызда кел­­сеңіз, содан бері төл өнердің маңын­да жүргеніңізге отыз жыл­ға жуық­тапты. Сол кездегі ай­тыс­тың қа­дір-қасиеті қандай және қа­зір­гіні қалай бағалайсыз? 
– «Әр заманның өз сұрқыл­тайы болады» дегендей, әркім өз за­ма­нының тұлғасы. Біз өз зама­ны­мыз­ға, сол кездегі қоғамдық талап­тар­ға қарай айтыстың бағыт-бағ­дарын, беделін сол кезде тірілтуге, жандандыруға, әрі қарай ел ал­дында абыройын көтеруге өзімізше үлес қостық. Жоспарлы түрде ай­тысты осылай жасау керек демеген шы­ғармыз, бірақ өнердің өлке­сін­дегі тірлігіміз, сайыстарымыздың өзі тыңдарман, көрермендеріміздің алдындағы абыройымызды аз да болса бір тұрақтылыққа алып келді. Содан өнерімізге тәнті болған біз­ден кейінгі буын келді. Бұдан 30 жыл бұрынғы айтыскерлер мен XXI ғасырдағы жаңа шығып жатқан айтыскерлердің деңгейін са­лыс­тыру­ға болмайды. Әрқайсысының өзінің артықшылығы бар. Тіпті бір лектің ішіндегі әр ақынның деңгейі әртүрлі болады. Сондықтан ай­тыс­ты «былтыр былай еді, биыл басқа болды» деуге келмейді. Ол әр ақын­ның мүмкіншілігіне, біліміне, ақы­лына, шеберлігіне, интеллектуал­дық потенциалына байланысты деп ойлаймын. Еліміз бір, жеріміз бір, ұлт­тық өнеріміз ортақ, тек әркімнің өзі­нің жұлдызды сәті, сахнада сән бо­латын кезеңі әртүрлі болатын шы­ғар. Бір сайыстағы 10 ақынның он түрлі мақамы, он түрлі ой түйсігі, он түрлі талғамы, он түрлі сөз ше­бер­лігі болады. Сондықтан оны бір ке­зеңге байланыстыруға болмайды деп есептеймін. 
– Айтыс қандай болуы керек? Мысалы, бір сарынды айтыстан гөрі, әзіл қосып, қарсыласымен сөз та­лас­тырып отырып айтысу – айтыстың көр­кін қыздыра түсер еді деген пі­кірлер көп... 
– Сахнадағы айтыскерлер – әр­түрлі темпераментті адамдар. Ай­тыс­кер халықтың мұңын ғана жоқ­тайтын заржақ, жылауық, жа­ман­нан басқаны көрмейтін адам деп те ойлауға болмайды. Өйткені адам­ның мінез-құлқы, білімі, тәрбиесі, са­насы, зердесі әртүрлі болса, ақын­­дар да солай. Бір адам шал­шық­ты ғана көреді, көргісі келген адам шалшықты да, жұлдыздың сәу­лесін де көре алады. Сол сияқты, ол ақындарға халықтың мұңын ғана жоқтай беретін, сайрап тұрған құ­рал ретінде қарауға болмайды. Әри­не, ақын деген елдің көзі, құлағы. Ел ішіндегі мыңның айта алма­ға­нын біреуі бірауыз өлеңмен айтып беруі мүмкін. Мысалы, Айбек Қа­лиев­ті алатын болсақ, оның тем­пе­ра­менті, мінез-құлқы – бәрі бай­сал­­ды. Біреудің желкілдеп отырып жет­кізгенін Айбек тырп етпей оты­рып, мәнді де маңғаз қалпымен жет­кізеді. Бір кезеңінде ойлы бо­лып айтысқан ақын келесі кезеңде әзілдесіп, ойнақы да айтыса алады. Ол шеберлікке байланысты. Оны қа­зіргі кезеңнің көрінісі деп қарауға бол­майды. ХХІ ғасыр­дағы жаңа ай­тыскерлік үрдісті өт­кен ғасырдағы айтыскерлік үрдіс пен шеберліктің үздіксіз жалғасы деп қарау керек. 
– «Отыз тістен шыққан сөз, отыз ру­лы елге тарайды» демекші, қа­зір ай­тыста іргедегі көрші елдер туралы ақындарымыз кейде қатты ай­тып жі­береді. Мұны астарлап жеткізуге болмас па? Жалпы, айтыскер ақын­дар­дың саясатты қозғағаны дұрыс па? 
– Әрине, астарлап айту керек. «Сен саясатпен айналыспасаң сая­сат сенімен айналысады» деген афо­ризм бар. Ақын ғана емес, кез кел­ген адам білімді болуы керек. Бі­лімді адам ақылды болуы қажет. Ақыл­сыз білім – өзіңнің сорың. Бір жер­дің алтынын кәріс алып қойды, мұнайын орыс, қытай алды деген сөздер айтылып жатыр. Оны беліне байлап әкетіп жатқан ешкім жоқ. Инвесторлар келуі керек. Елбасы жолдауының өзінде инвестиция туралы айтылған ғой. Мем­ле­ке­ті­міздің тәуелсіздік тойында отырып, мен орысты құртам деуге болмайды. Ол – еларалық арандатушылық. Бұл білместіктен, Елбасының жөн­сіл­теуін түсінбегендіктен туып отыр. Әйтпесе, кім байлығымызды кә­рістің, қытайдың қолына ұстатып беріп жатыр? Еліміздің өркендеуіне үле­сін қоссын дегенді дұрыс түсін­бе­гендіктен шыққан шығар деп ой­лаймын. Саясатты суға жүзген ба­лықтай бәрінің ретін, жөнін біл­сең ғана айту керек. Саясатқа қа­тыс­ты түсінбестікпен сөз айту дұ­рыс емес деп түсінемін. 
– Кейде халықтың, тіпті айтыс­кер­лердің өздері қазылардың баға­сы­мен келіспейтін кездер болып жата­ды. Жалпы, айтыскерлердің өнері қан­дай өлшемге қарап бағаланады?
– «Талғамға талас жоқ» дейді ғой, біреуіне қанық түс ұнаса, екін­шісіне ашықтау түс ұнайды. Сөзді де қабылдаудың, оның астарын түсінуде де әркімнің өз талғамы бар. Мыңдап емес, тіпті жүз-ақ көрер­мен болса, жеті адам солардың тал­­ғамынан шығады деу мүмкін емес. Өз басым айтыстың сахнасын­да қайнап піскен айтыскер болған­нан кейін өзіндік ой-пікірім, тү­сі­нігіммен баға беремін. Оның көп­ші­ліктің пікірімен қайшы келген ке­зі көп болмады дей аламын. Кей­бір адамдар жершілдікке са­лы­нып, анық көрініп тұрған жақсы ақын­ның өзін итеріп тастап, жер­лес­терін жақтап жатады. Қазылар алқасында болсын, жалпы өмірде әділетті жақтайтын турашыл екі адам болса, бірі өзім деп ойлаймын. Мил­лиондаған көрерменнің де көңі­лінен шықпай жатуымыз мүм­кін. Бірақ қазылықта өнерге жақын, өнерді түсінетін, «шымшық сойса да қасапшы сойсын» демекші, со­ның ретін, жөнін білетін адамдар оты­рады. 
– «Сен тұр, мен атайын» деген азуы алты қарыс айтыскерлер көбе­йіп келеді. Кімдерді ерекше айтар едіңіз?
– Бес-алты ғасыр бұрынғы жы­рау­лардың рухы бұл ақындарға риза шығар. Өйткені өткенді тірілтіп, өңін өзгертіп, бірақ орынды пай­да­ланып жататын шебер ақындар да бар. Өз ойын әдемі жеткізіп жата­тын ақындар да бар. Әрине, оларға үлкен ризашылық пен қараймыз. Мейірбек деген жақсы ақын шығып жүр. Иранғайып та, Болатбек те жақ­сы ақын. Сосын сахнада өзін ұстауы жөнінен қыздардың ішінде оралдық Жансаяның өзіндік орны бар. Әзілімен ерекше, Шорабектің әуеніне салатыны да өзінше. Айбек Қалиев, Рүстем Қайыртай өз ал­дына. Кешегі Қуаныш Мақсұтовты еске салып, жұлқынып шығып жүр­ген Аспанбек ақынымыз бар. Бәрі де әдеттен де, әдептен де озбай, өзі­н­дік орындарын айтыс сах­на­сы­нан, айтыстың тарихынан да ойып алатындай зердесі бар ақындар деп ойлаймын. Жалпы, өнер – өнегелі дүние. Ақынның аузынан шыққан сөзді халық жақсысынан үйреніп, жа­манынан жиреніп, үлгі қылып жү­реді. Жеңгің келген адамды әдемі сөзбен де жеңуге болады. Әзілдің әде­­місін пайдаланып, жанды қи­на­майтындай, ар-намысқа тимей­тін­дей, қарсыласының бетін тырна-май жеңіске жетуге болады. Айтыс­керлер этика, сыйластық жағын кө­бірек ойласа екен деймін. Қазіргі жастардың несібесі шығар, қомақты жүлделер алып жатыр. Біреуінің біз­дің түсімізге кірмей, Жүрсіннің бір жапырақ мақтау қағазы үшін де айтыстық. Ол кезде дүние-мүліктік, материалдық тұрғыдағы жүлделер миымызға кіріп те шыққан жоқ. Біз сол өнерге қызмет еткенімізге, өнер­­мен елге танылғанымызға, ел­дің есінде жүргенімізге, солардан құрмет көргенімізге шын бақытты боп жүрдік. Мысалы, кешегі «Ал­тын домбыраның» айтысында оты­рып, «жүлде кімге тиер екен, мен тұрғанда сен неге келдің? Осыны қайтсем де алып кетемін» деген сөз­дерді естігенде, әрине, көңіліміз қа­лып қояды. Сонда бұлардың ай­тысқа шыққандағы мақсаты – ата өнер­ге қызмет көрсету, ата өнер ар­қылы алашына танылып, құр­мет­ке ие болу емес, ең бірінші кө­кейін­де тұрған көк тиын ба? Соған кіш­кене қарным ашады. Қазіргі ақын­дар жалаңаш жүрген жоқ. Жүл­де тү­гілі, қатысқаны үшін кө­терме сый­лығын алып жүр. Қанағат деген болу керек.
Мысалы, айтысқа келгенде ақын­дарымыз өзінің пиғылын жайып салып отырады. «Ауырып отыр едің, неге келдің? Өлсең де ал­тынға тоймайсың ба?» деген сөз­дер айтылады. Өз басым соны жа­рат­паймын. Жастарды ойланбай, бір-бірінің көңіліне қарамай айтып салу сияқты ұрыншақтықтан ал­шақ­тату керек деп ойлаймын. Мы­салы, қыз балаларға «сен әлі отыр­сың, кәрі қызсың, етегіңе еркек шыбын қонбаған қызсың» деп жа­тады. Қыздардың тұрмыс құру-құрмауы қазір өзі қоғами, ұлттық, күрделі мәселеге айналып отыр. Ол трагедия демесек те, драмаға айна­лып отыр. Солай емес пе? Ал ол қыз­дың тұрмыс құрмауы жаман­ды­ғынан емес қой. Тағдыр солай болып отырған шығар. Қаншама тұрмыс құрмай, тұрмысқа шықпауға белін бекем буып, бауырларын өсі­ріп, жеткізіп жатқан, соған ғұмы­рын құрбан етіп жатқан қыздар бар. Ата-анасын қарайлайтын ешкім болмағандықтан тұрмысқа шықпай қалған қыздар бар. Сондықтан әліп­тің артын білмей, неліктен бұ­лай болып отырғанын, тағдырдың не­ге бұлай талқысында жүргенін біл­мей, жанын жаралау көргенсіздік деп ойлаймын.
– Iшкi парасаттың кемшіндегі көзге бірден ұратындай ма?
– Иә, көргенділік жағы кішкене кемістеу болып жатқан сияқты. Өйт­кені ол бір рет айтылмайды, сол қыз қанша рет сахнаға шығып, қан­ша жігітпен айтысса, сонша жігіт оның бетіне басады. Бұл моральдік тұр­ғыда адамның жанына жара сала­ды. Мүмкін, бірінші естігенде ол қыздың жылағысы келетін бо­лар. Екінші естігенде кішкене мұңая­тын шығар, артынан оның да еті үйреніп кетіп, оған кезекті жауа­бы да дайын тұрар. Бірақ ол қан­ша­ма жүйкесін қажытатынын қыздан бас­қа ешкім білмейді ғой. Сондық­тан ол жағына да абай болған дұрыс. 
– Әйел адамның айтыста жүргені қиын ба? Өзіңіз айтыс пен отбасы шаруа­сын қатар алып жүргендердің бірісіз...
– Әрине. Егер әйел адам отана­сы, біреудің жары және оның бала-шағасы болса қиын. Мысалы, ай­тыс­та жүрген кезімде баламның үше­уі де мектепке барды. Жұбайы­ның түсінігі мол, кең жүректі болса, ол – әйелдің бақыты. Егер олай бол­май, айтыстан қайтып келген са­йын үйде айтыс болып жатса, он­да қоя қойған дұрыс. Бақытыма қа­рай, айтысқа жолдасым өзі итер­мелеуші болды. Ешқашан айтыс са­пары жөнінде проблема болып көр­ген жоқ. Айтысқа шығып, кейін қа­тыспай қалған қыздар да бар. Өнерді қанша жақсы көріп тұрсаң да, өз отбасының шаңырағын шай­қалт­паған дұрыс деп ойлаймын. Егер шын жүйрік, өнерпаз боп тұр­саң, оған ер-азаматтың азаматтығы, ақы­лы жетіп, қолдап жүргені жақ­сы, әрине. Өйткені игілігін не өзі көр­мей, не ердің көрмеуі – өнерге деген қиянат. Сондықтан өнерлі жан­ға үйленгенде, алып жатқан жа­рының қандай адам екенін біле тұра үйленсе, оған қолдау жасау керек. 
– Сіздердің кезіңізде айтыскер­лер­ге белгілі бір талаптар қойылды ма? 
– Цензура болған жоқ. Біздің лек айтыстың реаниматоры сияқты болып келдік. Осы жолғы «Алтын домбыраның» республикалық түйін­деу айтысының өзіне 22 ақын шықты. Ал біздің кезімізде сондай көп ақын болған жоқ. Бізде респуб­ли­калық айтысқа елдің аузында жүрген 15-тей, тіпті саусақпен са­нар­­лықтай ақын қатысатын. Өйт­кені ауылда айтысып, Алматының сахнасына шығу деген болған жоқ. Қазір ауылында бір айтысып, көзге түссе, оны Алматының, Астананың сахнасынан көріп отырамыз. Біз ауылдан, ауданнан, облыстан ірік­те­ліп, содан кейін Алматының сах­на­сына жеттік. Біз де сол кездегі дұ­рыс жұмыс істемей жатқан мәде­ниет үйі бар ма, мектебі салынбаған ба, ауруханасы жоқ па, егіні уа­қы­тын­да орылды ма – соның бәрін жыр­ға қостық. Шынын айтқанда, өз заманымыздың сұрқылтайы бол­дық. 
– Көрген-білгеніңіз мол адам ре­тінде қазіргі айтыскерлерге не тү­зеу керек деп ойлайсыз?
– Қазіргі айтыскерлерде ақпа­рат алатын көздер көп. Ойына кел­ген әдемі көркем шумақтарын жа­зып алып, артынан зердесінде сақ­тау үшін құлақтарына қыстырып тың­дайтын да мүмкіндіктері бар. Біз­­­дің кезіміздегі зердесі мықты­лар­дың бірі – оралдық Қатимолла. Қа­зір киім үлгілерінің де неше түрі­мен сахнаны сәндеп құлпырып шы­ға алады. Тек сыйластық керек. Ме­нің бір ақынға: «Өзгені өз ба­сын­дай қадірлемей, ақынның абы­ройы асқан емес» деп айтқаным бар. Қарсыласыңды жауың, дұшпа­ның емес, ол тек сахнадағы жарты са­ғаттық сенің сайыскерің, сенімен жа­рысатын адам деп қабылдап, «ұрыс­пай айырылысқан, ұялмай көрі­седі» демекші, құрметпен қарау ке­рек. Ол сенің қарсыласың болса, сен де оған қарсылассың. Адамның жал­пы этикасынан айтыскердің эти­касы ажырамауы тиіс.
– Театрда және басқа да кейбір са­лаларда белгілі бір жасқа дейін жұ­мыс істейді. Мысалы, «Тәуел­сіз­дік­ке тағзым» айтысында Айбек аға­мыз қарсыласына «зейнетке шыға­рып сал» деп жатты. Айтыс өнерінде жас­қа шектеу бар ма?
– Жоқ қой. Жамбыл бабамыз, Нұр­пейіс Байғанинді мысалға алуға болады. Жалпы, құдайдың берген өне­рінің зейнетке шығатын кезеңі болмайды. Өмірде зейнетке шықса да, өнерде зейнетке шығу деген өте қиын нәрсе. Айтыс балет емес, би емес. Бұл сөз өнері, шешендік өнер. Адам жасына жас қосылған сайын, тәжірибе жинаған сайын, оның зер­десі кеңейген сайын айтатын сөзі де, байлығы да көбеюі мүмкін. Өйт­кені оның өмірде көргені, түйгені бар. «Сен жассың, ойнақысың, сон­дықтан сен қазір ойнай аласың. Ал салмағыңа бес келі қосылса, бұл сахнада бола алмайсың» дейтіндей бұл цирк емес. Жасына шектеу қою, тіпті өрескел дөрекі нәрсе. Мысалы, біз айтысқа айызымыз қанбай кет­кен ұрпақпыз. Өйткені біздің жа­сымыз келгенде жаңа келген жас­тар «сендер неғып жүрсіңдер?» деген әңгімелерге барды. Жақсы жүл­де қойылған бір айтысқа бар­ған­да, бізден кейінгі бір ақынның екін­­­шісіне «анау өлмей бізге жүлде жоқ» деп айтып отырғанын естідім. Бұл көргенсіздік деп білемін. Төле, Әйтеке, Қазыбек билердің, керемет сөз шешендерінің шешендік өнері жас кезінен қалыптасса, ұшқынын көрсетіп, кемеліне келгендігі оның жиырма жасы емес қой. Олардың ке­меліне келген жасы – елуден асып ел ағасы болып, алпыстан асып абызға айналған кезі. Бүгінгі жас­тар қырыққа келгенде ештеңе айта алмайды деген сөз емес. Қы­рық­қа келгенде қайта өз сөздеріне көшеді. Жасына жас қосылған сайын тәжірибесі көбейіп, зердесі кеңейіп, өміртанымы, ұстанымы, ұла­ғаты көбейген сайын айтатын үлгі­лі сөздері де көп болмақ. Ал Ай­бекті қарт дегенде, сонда біз ди­но­завр болдық па деймін. Айбек ел аға­лық жасына, енді ақыл айтатын жа­сына келе жатқанда кет деген дұ­рыс емес. 
– Соңғы жылдары ұлттық өнерге «Нұр Отан» партиясы қолдау көр­се­тіп келеді. Бұған дейін де өтіп жүрген айтысқа қолдау қажет пе еді?
– Әрине, бассыз, иесіз еш нәрсе бол­майды. Біреулер Жүрсін айтыс­ты шоуға айналдырды деп жатады. Шоу дегеннің өзі тамашалайтын кө­рініс. Ағылшын тілінен аудар­ғанда «шоу» – көрсету. Айтыс та көп адам көріп, тамашалайтын, қы­­зы­ғы, думаны мол өнер бол­ған­нан кейін неге ол шоу болмасқа? Шоу дегенде ұр да жық өнер емес қой. Бұл – сөзді дұрыс пайдалану­дың шоуы. Сөзбен керемет әсерлі ду­ман жасаудың шоуы деп қарас­тыру­ға болады. Жеке әншілер про­дю­сер алып, әр жерге барып кон­церт қоя алады. Ал жеке ақын жү­ріп, олай жасай алмайды. Сон­дық­тан ЮНЕСКО-ның тізіміне кіріп жат­қан адамзаттың рухани мұра­сы­на мемлекеттік тұрғыдан қамқор­лық көрсетілуі құптарлық іс. Өнер жанашырларын «кім жүлде береді, залды кім алып берер екен?» деп әр­кімнің қолына жалтақтатпай, мем­лекет осындай жүлде қорымен об­лыстарға барып, халықты рақатқа бө­лендіріп, өнер көрсетіп жатса, не­ге мұны құптамасқа?! Өйткені айтыс­қа әркім бір иелік жасағысы келген кезең де болды. Айтысты жа­саудың, айтыскерлерді жинау­дың, оны осындай бір жүйеге кел­тіру оңай емес. Сондықтан олар жол­да ысырылып қалды. Экраннан сах­наға дейінгі тірліктің Жүрсіннің төк­кен терінің, еңбегінің жемісі еке­нін түсінді. 
– Жүрсін аға айтысқа қолдау біл­діріп жүретін төрт әкімнің бар еке­нін айтып кетті. Мәселен, Солтүстік өңірдегілерді орыстілді деп жатады. Қостанайда айтыс қаншалықты жиі өтіп отырады және әкім тарапынан қолдау көрсетіле ме?
– Өзім студенттік, аймақтық ай­тыстар өткізіп тұрамын. Біздің же­ріміз ақындықтан ада, жұтап қал­ды деуге болмайды. Мына деңгейге же­те алмағанымызбен, облыс кө­ле­мінде жастардың арасында қа­нат­танып, талпынып жүрген адамдар бар. Айбектің өзі соған куә. Тоба, Ба­­тырлан, Қасым Нұрсұлтан, Сал­танат Өтелбаева деген ақындарымыз бар. Жалпы, республикалық дең­гей­де бізде он жылдан бері айтыс өт­кен жоқ. Нұрхан Ахметбеков, Нұржан Наушабаев, Омар Шипин, тіпті өзімді де қосып қояйын, Әсия шыққан өлкеде неғып үлкен айтыс болмай жатыр дейтіндер бар. Ол келешектің үлесінде болуы мүмкін деген үміттемін. Мұны біздің об­лыс­тың басшылары да естір, ой­ланар деймін. ЮНЕСКО-ге кірген өнерді облыс мойындамады деген­нің өзі ақылға сыймайды ғой. «Кез кел­ген әрекетті уағыз айтып жеткізе ал­майсың, үлгімен жеткізу керек» дейді. Өзің жасап көрсетуің керек. Айтып отырған тәрбиемізді, әре­кет­пен, іспен дәлелдеуіміз керек. Ел­басы, бас партиямыз қолдап отыр­ғанда, облыс әкімдеріне неге қол­дамасқа?! Егер өзіміз «бізге орыс болып кеткен, біздің жақта орысша сөйлейді екен» деп, қазақ тілінің мәдениетіне зор үлесін қосып, тілді на­сихаттайтын айтыс өнерін ең бол­маса бес жылда бір өткізбесек, тіл қай кезде тіріледі? Біздің өне­рі­міз бар екенін орыстар қалай біледі, қа­лай хабардар болады? Бүкіл қазақ бүгін филармонияда отыр десе, мүм­кін қызықпағанымен, оның қан­дай өнер екенін білгісі келер. Егер ол өнердің бір ұшығын да апар­­масақ, ол өнер туралы орыстың да, орысша ойлайтындардың да өмі­рі хабары болмайды. Өйткені қай тілде сөйлесең, сен сол тілде бо­лып жатқан думандарды ғана білесің. Кезінде менің: «Ұлтпыз-ау жүр­ген көпке мазақтала, Туыппыз бұл өмірге азапты ала. Орысша біл­мейтұғын орыс бар ма? Өз тілін біл­мейтін тек қазақ қана» деп айт­қаным бар. Жарайды, біз орыстың ортасында өстік, қазіргі ұрпақтың жазығы қанша? Осы күнгі ұрпақтың өз тілін білуі үшін бұл өнерімізді олардың санасына кіргізуіміз керек. 
– Ы.Алтынсарин атындағы да­рын­ды балаларға арналған мектеп-ин­тернатта да, «Өнер» студиясында да өнерпаздарды тәрбиелеп келесіз. Те­гін үйірме студенттерге де ыңғай­лы. Ал айтыскер шәкірттеріңіз бар ма? 
– «Дарын» мектебінде ақындық сыныбын ашып, он жыл қызмет ет­тім. Ақындыққа жеке-жеке да­йын­­дайсың. Бірден отыз шақты ба­ла келеді. Содан іріктей келе, он шақ­тысы қалса, ол – жеміс. Солар­дың барлығы тележурналист болып жүр. Сөйтіп, бойымдағы аз-маз өнер­ді жастарды тәрбиелеу бағы­тын­да пайдаланып, өнер саласын­да­ғы мүмкіншіліктерімді іске асы­ру­ға белді бекем будым. Ахмет Бай­тұрсынов атындағы Қостанай мем­лекеттік университетінің сол кез­дегі ректоры, марқұм Зұлқарнай Алдамжаров ағамыздың шақы­руы­мен сонда келіп, әуелі ақындар сы­ныбын аштық. Содан кейін оны үлкен «Өнер» студиясына айнал­дыр­ған болатынбыз. Онда хореог­рафия, вокал сыныбы, аспаптық, поэ­зия, көркемсөз оқу шеберлігі сы­ныптарын аштық. 
Ақындық сынып ашып, бойын­да ақындыққа икемі бар, ақын бол­ғысы келетін, әуелі Тәңірден там­шы­дай таланты бар адамдарды жи­надым. Бірақ ол айтыскер ақын бо­лып шыға ма, жазба ақын бола ма, әрі қарай оның мүмкіншілігіне байланысты. Мақтанышпен айта алатындай ақын боп шыққан шәкірттерім бар. Айтыспен бастап, со­ған қызығып келгенімен, көбі жаз­ба ақындыққа кетіп қалады. Мы­салы, Заңғар Санай, Мешіт Ға­зиз, Дархан Қастеров, Гаухар Тө­лек­баева, Әлия Сапарова, Марғұлан Ос­панов жазба ақындыққа қызы­ғу­шылық танытып, кейін жур­на­лис­ти­каға кетті. Солармен мақтана ала­мын. 
Биыл «Өнер» студиясына 15 жыл болады. Тіпті басқа факуль­тет­ті бітірсе де, осы студияда менен дәріс алған, кейін консерваторияға тү­сіп, Шахмардан Әбіловтың кла­сын бітіріп, опера театрында әнші боп кеткен Азамат Малышов деген шәкіртіміз бар. «Өнер» студиясына қатысып, өзінің дипломымен емес, менің берген сертификатыммен жұмыс істеп жүрген экономистер бар. Экономика, банк саласын қойып, студиямызда үйренген өне­гесі­мен, содан алған тәжірибесімен мә­дениет үйінде қызмет етіп жүрген 3-4 студентіміз бар. Болашақ ма­ман­дығы өнермен ешқандай бай­ланысы жоқ жастарды өнерге әке­ліп, өнерге қызықтырғаным ол да менің жемісім деп ойлаймын. Сон­дай өнерпаздарымды мақтан ете­мін. Сондай-ақ біздің репер­туа­рымызда 15 би бар. Бәрі кос­тюм­дер­мен жабдықталған. Бұрыннан «Бадрисафа» би тобы бар, осындай топты қазір Ауылшаруашылық бө­лімінде де аштым. Ол бөлімде оқи­тындар бас ғимаратқа келіп, жол ақ­шаларын шығындамас үшін сол жер­де домбыра мен хореография бө­лімін аштым. Ғылыми кеңеске са­лып, соңғы жылдары ең үздік сту­денттерге қоғамдық мамандық сер­­тификатын бергізетін болдым. Кей­бірі кәсіби әншіге айналуда. Біз­ден үйренген 15 биді өзің билеп, өз­геге де үйрете алатын болсаң, хо­­реог­раф-постановщик (би қою­шы) сер­тификатын неге бер­мес­ке? Мы­салы, аудандық мә­дениет үйлерінде кәсіби хо­реог­рафтар жоқтың қасы. Студиядан шық­қан қыздар сонда хореограф болып барып жатыр. Ол да ең­бе­гімнің жемісі шығар.
– Сол уақыт аралығында ай­тыс­­қа келгені бар ма? 
– Айтысқа келмеді. Айтыскер дайындау менің мақсатым болған да жоқ. Өйткені өздерінің жан дү­­ние­лерінің қалауы бойынша бірі поэ­зияға, екіншісі – жур­на­листкаға ке­тіп жатады. Тілін сүйіп, поэзияны ұғы­нып, кез кел­ген өлеңді қабыл­дай­тын жан­дар тәрбиеледім дей ала­мын. 
– Айтыстағы кездер жиі еске түсе ме?
– «Атың барда жер таны же­ліп жүріп, асың барда ел таны бе­ріп жүріп» дейді ғой. Біздің аты­мыз айтыс болды. Айтыстың ер­тоқымына  отырып, Алты алаш­тың елді мекендерін араладық. Бірде тәуелсіздікке арналған ай­тыс Әуезов атындағы театрда өт­ті. Шорабек екеуіміз шықтық. Фариза апамыз төрайым болып төрде отырды. Бір қағыстық, енді мен айтамын десем, Шорабек «құлағым естімейді» деп сахнадан тұрып кетті. Отырғандар «Әсия, ай­тыса бер, саған бір жігіт шық­сын» дейді. Кім шығады екен деп жан-жағыма қарап мен отырмын. Әрқайсысы өз жұбымен тұрған соң, ешкім шықпады. Кенеттен болған жағдайдан, айтысты жал­ғастыру мүмкіншілігінен айы­ры­лып қалдым. Айтыс бітіп, қоры­тын­дылап жатқанда, Фариза апай «Шорабектің құлағының мү­кісі бар екен, Әсияға обал бол­ды. Бірақ оған Әсияның ешқан­дай кінәсі жоқ, сондықтан 400 сом көтерме сыйлық береміз» де­ді. Оған менің былай айтқаным бар: «Ашылмай айтысқанмен жыр бұлағы, Шабытым шынар құздан бір құлады. Шорабек тұ­та­сымен қымбат шығар, 400 сом тұ­рады екен бір құлағы» деп сый­л­ығымды алып кеткен кездер бол­ған. 
– Айтыста әзілдің қолданылуы қаншалықты маңызды? Дұрыс әзіл айтылып жүр ме?
– Әзіл қарсыластың ғана емес, көрерменнің де көңілін кө­­тереді. Шаншу, шымшу, ке­кету, мұқату емес, әдемі әзілдің ха­лықты мәз қылып тастайтын кез­дері болады. Сөйтіп, кетіп қал­ған Шорабекпен он жылдан кейін Қарағандыда өткен ай­тыс­та кездестім. Сөйтсем, Шора­бек­тің мұрны пысылдап, тұмауратып қалыпты. Сонда былай дегенмін: «Көңі­лім өткенді айтсам налушы еді, өзіңді амалсыз еске салушы еді. Шорабек, меніменен айтыс­қан­да, құлағың істен шығып қалу­шы еді. Тұрғандай бүгін се­нен ыстық келіп, сахнада көңі­ліміз­бен құштық келіп. Құлағың «кап­ремонттан» шыққанымен, мұр­ның қалыпты ғой «стук» бе­ріп». Намысқа да тимейтін әдемі әзіл деп ойлаймын. Яғни «сен се­міз­сің, сенің бетің бұжыр, құ­ла­ғың қалқан» демей, әдемі әзіл­мен сөз қағыстыруға болады.