Басты  /  мақалалар  /  Анарбай БҰЛДЫБАЙ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты: Қарияның бата бергенінен ешкім ақын боп кетпейді

Анарбай БҰЛДЫБАЙ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты: Қарияның бата бергенінен ешкім ақын боп кетпейді

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
2700
Анарбай БҰЛДЫБАЙ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты: Қарияның бата бергенінен ешкім ақын боп кетпейді – Қазақ әдебиеті мен фольклористика тарихында шайыр мен ақын, жырау мен жыршы жайында бір-біріне қайшы келетін пікірлер кездеседі. Сондықтан жырау, ақын, жыршы терминдеріне толығырақ талдау жасап берсеңіз...

 – Ақынның да, жыршының да әркез шығарған өлеңдері, терме, толғау, дастан­дары күнделікті тұрмыстық тіршілік жағ­дай­ды дидактикалық, публицистік, кейде лирикалық сарында бейнелеумен ерекше­ленеді. Қайсысы болмасын, өздері куәсі бол­ған ел өміріндегі елеулі оқиғаларға, жү­ректерін толқытып, көңілге қозғау салған құбылыстарға үн қатпай қалғандары кемде-кем. Бұл – олардың ақындық, азаматтық борыштарын терең сезінгендігінің куәсі. Жеке бастық сезім, толғаныс-тебіреністер жалпы халықтық, тіпті әлемдік мәні, мағы­насы бар кесек, ірі құбылыстарға жал­ғасып отырады. Дегенмен, қазақтың өлең, жыр айтушыларының барлығын бірдей суырып салып айтушы ақын деуге болмай­ды. Ақын­дық өнердің тарихы бар, зама­нына, дәуірлеріне қарай әртүрлі атануы бар. Өлең-жыр шығарып, не жаттап айту­шы­лар­ды қазақ ақын ғана демеген, одан басқа өлеңші, жырау, жыршы деп те атаған.

Жырау – қоғамдық ғылымда толық зерттелмеген, сыры ашылмаған күрделі ұғым. Жыраулар – қазақтың тарих сахна­сына «қазақ» атымен шығып дербес хандық құру кезеңінде пайда болды. Ол – өз жаны­нан өлең-жыр шығарып айтатын және эпи­ка­лық дастандар мен толғауларды орындай­тын халық поэзиясының өкілі. Махмұт Қаш­ғари жырау сөзін «йарығу», «өлең шы­ғарушы, музыкант» деп түсіндіреді. Орта ғасырлардағы қазақ поэзиясында жыраулар жетекші рөл атқарды. Олардың шығарма­лары дидактикалық сипаттағы филосо­фия­лық толғаулар түрінде келеді. Жырау тол­ғау­ларында өзінің замана жайындағы түй­­ген­дерін, мораль, этика хақындағы ой­ла­рын баяндайды, елеулі қоғамдық әлеу­меттік мәселелер көтереді. Жаугершілік заманда жорықтарға қатысып, кейде батыр, қолбасы бола жүріп, ел қорғау, азаматтық тақырыптарға арналған өлең-жырлар ту­ғызған. Туындылары адам көңілін дөп басар әсерлілігімен, мірдің оғындай өткір­лілі­гімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған мық­тылығымен, қиыннан қиыстырған көркем­дігі және қуатты серпінділігімен ерек­­ше­­ленеді. Қазақ әдебиетінде жыраулар поэзиясының тұңғыш өкілдері ретінде XV ғасырда өмір сүрген Асан қайғы, Қазтуған есімдері аталады. XVII–XVIII ғасырларда өмір сүрген Жиембет, Марғасқа, Ақтам­берді, Үмбетей жыраулардың поэзиясында Отанды қорғау, жат жерді басқыншыларға қарсы күрес тақырыбы ерекше жырланды. XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі – Бұқар жырау, Қабан жырау жырау­лық поэзияны жаңа биікке көтеріп, оның тақырып аясын кеңейте түсті.

– Ақын сөзінің этимологиясы жайлы пікіріңіз қандай?

– Ақын деген сөз қазақ, қырғыз, қара­қалпақ, тағы басқа халықтарда нақты мағы­наға ие. Көрнекті әдебиет зерттеушісі, ғалым Е.Ысмайылов «Қазақтың әдебиет, фольклор дүниесінде ақын бір ғана жыр­лаушы (певец), әңгімеші (сказитель) мағы­насында жүрмейді, шығарып айтушы (поэт) мағынасында да қолданылады. Сон­дықтан бір ғана ақын деген сөздің аума­ғында әрі поэт, әрі певец, әрі сказитель, әрі суырыпсалмалылық (импровизатор) ұғым­дары түгел сиятын сияқты» дейді.

Қазақта «ақын» деген сөзбен «шайыр» термині қатарласа, кезектесе айтыла береді. Мұның дәлелді, түбірлі себептері бар. Мә­се­лен, Үндістаннан Татарстанға дейінгі ара­лықтағы ондаған елдерде ақынды «шайыр» дейді. Біздің көне әдебиетімізде де сондай ұғым бар. Мұның өзі мазмұн жағынан бұл екі сөз бір-біріне жақын екен­дігін сипаттаса керек. Бізде кейде ау­ыз­ша өлең шығарушыларды ақын, жазба туын­ды­лар авторын «шайыр» дейтіндер бар. Кейінірек өлең шеберлерінің барша­сын жіктемей, салаламай, «ақын» деген жалғыз-ақ сөзбен жаппай атау басым түсіп, «шайыр» сөзі ұмытыла бастаған. Осы тұста профессор Р.Бердібаевтың пікірін келтіре кеткен жөн: «Шындығында «ақын» да, «шайыр» да синоним ретінде бірін-бірі алмастыруға хақылы. Қайта, бұл екі сөзге ерекше қосалқы мән сыйғызып қолдануы­мызға болады. Әсіресе, шығыс поэзиясы дәстүрінде жазатындарға «ақыннан» гөрі, «шайыр» келіңкірейді. Сонда «шайыр» өзінің о бастағы ұғымына, жазбаша ақын деген түсінікке жақындайды. Бұдан қазақ­тың суырыпсалма сөз шеберіне берген ежелгі атауы – «ақын» деген сөзге келіп жат­қан зиян жоқ».

– Сонда өлеңшілер кімдер?

– Өлеңші – өлеңді айтушы, таратушы. Ш.Уәлиханов: «Белгілі өлеңшілер шығар­ған, иә, бұрыннан бар өлеңдері домбыра­ның, қобыздың, болмаса қимыл-қозға­лыс­тың сүйемелдеуімен айтып берушілерді өлеңші­лер дейміз» дейді. Дәл осындай пікірді кезінде А.Ивановский де айтқан. Ол «Жеті­су мен Семей қазақтарының арасында азды-көпті ақындығы мен әншілігі бар сауықшыл адамдарды өлеңшілер» деп атаған дейді. Академик С.Қасқабасов: «Қа­зақ еліндегі неше түрлі сөз майтал­мандары (осы күнгі жыршылар, жыраулар, өлеңші­лер, ертекшілер, әңгімеші-шежірешілер) – ең алдымен ежелгі мұраны сақтаушылар» деп жазып кеткен болатын.

– М.Әуезов суырыпсалма ақындарды «қынаптан қылыш суырғандай жалт еткіш, өткір өнер иесі» деп бағалаған екен. «Қазір суырыпсалып өлең айтушылар, яғни импро­ви­заторлар жоқтың қасы» деген әңгімелер естиміз...

– Халық ақындарының көбі – суырып­салма, шешендер. Суырыпсалып өлең ай­туда үлкен шығармашылық жауапкер­ші­лік бар. Бұл қасиет – ақынның жараты­лы­сын­да ана сүтімен кірген, сүйекке сіңісті қасиет қана емес, бұл – бұрынғы дәстүрді да­мытуға, машыққа, үздіксіз үйренуге, тө­селуге бай­ла­нысты туып, дамып, шыңда­ла­тын өнер. Талантқа қарай талғам, тақы­­рып­қа қарай білім керек. Өмірден бейхабар, ауыл-аймағынан басқа, алысты көрмейтін адамнан қанша құйма құлақ, зейінді болса да арқалы ақын шықпайды. Білген адамға көңілінде, шығармашылық қиялында тол­ғағы жетіп, күйіне келіп жүрген тақырыбы болса, ол туралы сұлу да мінсіз, ойлы да өр­некті өлең шығару қиынға соқпайды. Ақын мұндайда бар­лықпайды, қайта де­ле­бесі қозып шалқи жөнеледі. Ал білгені шамалы, тақырыбы танымал емес, ойла­ғаны шығармашылық қиялынан әлі де бекем орын теппеген тосын дүние болса, ондайда ешқандай ұтқыр өлең тумайды. Айтқаны ала-құла шығады, айтыс үстінде сүріншек болады, өлеңі күлді – көмеш, кеудірлек болып, бір сілтеуі кем соғып, жетіспей жатады.

Суырыпсалып өлең айту үшін көпші­лік­тің қошемет-құрметі керек және көп­ші­лік жырды ықыласты тыңдауы керек. Ақын­дық шабытқа қайрап салатын өткір сын да, ерекше ызаландырып, қайғыр­татын, намыстандыратын оқиғалар да ақын­ның суырыпсалмалылығына түрткі болады. Суырыпсалмалық – халық ақында­ры­ның шығармашылық қасиетінің бірі, ол қасиет – ақындық талант шабытының сыртқы бейнесі, көркем ойдың көрінісі, образды ойдың түйіні.

В.Белинский ақынның тың шығарма­лар­ды жазуға жығыла беріліп отырған ме­з­гі­лін ақындық шабытының жалындаған, қа­наттанған шағы, онда шығармашылық қи­налумен қатар, оның ой дүниесінде ерекше қуаныш сезімі өрлейді деп қарайды. В.Бе­л­инскийдің қағидасынша, ақын өмірдегі құбылысты басқалардан бұрын тез сезеді. Өзі көріп, сезгеніне сүйінуі де, күйі­нуі де шапшаң. Ақынның жаратылысында жас баланың мінезіне ұқсас белгілер бар. Ол бір сәтте өмірдегі бір көрген тамаша қы­зықты әсерге қуанып, шаттанып отыратын болса, енді бірде өзіне жайсыз әсер еткен бір оқиғаны көріп, сезіп күйінеді, ызала­на­ды. Ақынның мінезі қазір күліп-ойнап жүріп, қазір ашуланған балаға ұқсайды. Міне, осы мезгілде ақын бүкіл дүниені, жара­тылыс, жер, көк әлемін бір ғана өзінің шығармашылық қиялында көріп, өмірден алған әсерлерін түйіндеп жырлап кетеді, об­разды ойын қорытады. Халық ақын­да­рының суырыпсалмалықпен жырлауы да – сондай образды ойдың, ақындық сезімі­нің жарқын көрінісі.

Кейбір фольклорист ғалымдар «суы­рып­салма ақындар өз өлеңін өзі жазып алу дәрежесіне жеткеннен соң, суырыпсалып айтқыштық дағдыдан айырылады» дейді. Әрине, мұның бір ғана шартты шындығы бар. Халықтың тұрмыс қалпы төмен күйде тұрған заманда, мәдени тірлікке жазу-сызу енбеген кезде өлең-жыр, сөз жоқ, ауызша шығарылып айтылған. Ақын неғұрлым халық өмірімен тығыз байланыста отырса, оның өнері де өмірлі болмақ. Ал халықпен үні үндес, ұраны бір шығармашылық адамы жұртшылық жүлдесіне ие, әрдайым ел ардағы, қауым құрметтісі саналмақ.

Суырыпсалмалық өнердің ақындар сауатты болған соң да жойылмайтынына ел білетін ақындарымыздың шығармашылығы дәлел бола алады. Мысалы, айтыскер ақын­­дар Аманжол Әлтаев, Елена Әбді­ха­лықова, Мэлс Қосымбаев, Балғынбек Имашев – филология ғылымдарының кан­­ди­даттары. Ал басқа ақындарымыз жоғары білімді, өз шығармаларын өздері жа­зып алуға мүмкіндігі бар екеніне қара­мастан, суырыпсалма талантын әлсіретпей, қайта шыңдай түсуде.

– Ақын мен жыраудың арасында қандай ерекшелік бар?

– С.Мұқановтың айтуына қарағанда, ақын типі жырау типінің негізінде дамыған. Демек, ақындардың ең көне түрі – жырау­лар. Бұл пікірді ғалым Е.Ысмайылов та қостайды: «Тарихи деректерге қарағанда, жырауларды ақындардың ең көне типі деп есептеуге болатын сияқты» дейді ол.

Алайда ақындар мен жыраулардың репертуары мен атқаратын міндеттерін салыстырып қарасақ, ақындардың бойынан көне дәуір сипаттарын, ал жыраулардың бойынан одан кейінгі дәуірдің сипаттарын байқаймыз.

Біріншіден, ақындардың арасында ер­кек­тер де, әйелдер де кездеседі. Жыраулар болса, тек ер кісілер арасынан шыққан. Мұ­ның өзі жыраулардың тек патриархаттың әбден нығайған кезінде пайда болғандығын көрсетеді.

Екіншіден, ақын – рудың өкілі. Айтыс кезінде ол өз руының атынан сөйлейді. Жырау болса, бүкіл елдің, яки тайпалар ода­ғының – жүздің, хандықтың өкілі. Ақын ауыл ішінде жүрсе, жырау хан ордасында жүреді, бүкіл хандықтың, елдің тіршілігіне байланысты жағдайларда ол ханға, бүкіл елге ақыл айтады, кеңес береді. Осыдан жыраулардың бұрын жеке-жеке өмір сүрген тайпалардың тайпалық одақ құрып, біріге бастаған дәуірде пайда болғандығын бай­қауға болады. Ақындар кейінгі дәуірде ғана пайда болып, жыраулар дәстүрін әрі қарай жалғастырған сәтте, олар жыраулардың бүкіл елдің атынан сөйлеу дәстүрін де жал­ғас­тырған болар еді.

Үшіншіден, бұл болжамның негізсіз емес екендігін мынадан да байқауға болады. Ақын – ырыми рәсімдерді атқарысуға қа­ты­сатын адам, оның үстіне ол тек қатысушы емес, ол ырыми рәсімдерді басқарушы мін­детін атқарады. Аса көңіл аударарлық жайт, бұл рәсімдер ең көне рәсімдердің қатарына жатады. Мысалы, үйлену салтына байла­нысты басты ырымдарды ақын атқарады. Ал жыраулардың атқаратын негізгі міндеті – өлген кісінің аруағын мадақтап, толғау, жыр айту.

Төртіншіден, ақын типінің көнелігін дәлелдейтін тағы бір жайт, ақындар өнері туралы ұғымдардың ішінде тотемдік ұғым­дар кездеседі. Тотемдік ұғымдар ең көне наным-сенімдер қатарына жататындығы белгілі. Мысалы, Жамбылдың және басқа ақындардың айтуынша, әр ақынның аң, құс кейіптердегі жебеушісі болады-мыс. Бұл жебеуші тек ақынның көзіне ғана көрі­неді. Ал жырауларға тотемдік ұғымдар тән емес.

Бесіншіден, ақын типінің тамырлары­ның өте ерте дәуірдің тереңінде жатқан­ды­ғын олардың негізгі жанры – айтыс жанры екендігін де байқауға болады. Ертедегі жыраулар болса, айтысқа түспейді.

– Кей ақындардың түсіне ақсақалды аталар кіріп, бата беріп, жолы ашылыпты деп жатады. Демек, бұл түсінік тотемдік ұғым­дар­дан туған ба?

– Бұл – дүние жүзіндегі фольклористи­ка, әдебиеттану ғылымының, эстетиканың ұзақ уақыттан бері зерттеп, сан түрлі ғылы­ми айтыс, тартыс талқыларына салып, әлі күнге дейін толық шешілуіне жете алмай келе жатқан түйінді мәселелердің бірі.

Қалай болғанда да ақындық өнер – көркем өнер. Екінің бірі ақын бола алмай­ды. Сонымен бірге жаратылысынан, тұқы­мынан ешкім де ақын болып тумайды. Рас, ақын болатын адамның бойында ақындық талант, қабілет, бейімділік болады. Ақын­дық таланттың адамда болуы – оның тегіне, өскен ортасына, жас күніндегі тәрбиесіне де байланысты.

Ал халық ақындарының ақындық туралы ұғымы әртүрлі, бір-біріне қарама-қарсы қайшылықты көзқараспен айтылған. Мәселен, ақындықты түсінде көріп қабыл­дау, ақындықты батамен алу, ақындық ұрпақ, тұқым қуалап қону, үйренумен, ең­бекпен ақын болу деген сияқты. Қазақтың бұрынғы-соңғы ақын жырауларының «қалай ақын болдыңыз?» дегенде айтатын жауаптарының негізі осы төрт түрлі ұғымға, әдетке айналып соқпай кетпейді. Бірталай ақындар – ақындықты киелі, әруақты қасиет деп түсінеді. Әрбір өнердің белгілі бір қолдаушысы, иесі болады деген көне дәуірдегі шамандық дін ұғымының қалдығы кейбір ақындардың ақындық жөніндегі түсініктерінде осы күнге дейін сақталып келген. Міне, осыдан келіп ақындық түстегі киелі «әулиеге», әдейі арнап қонатын бел­гілі ғайып күштің бейнесіне айналады. Ақын­дардың айтуына қарағанда, ақын болар кезде түс көргіш болады, шошып оянып, мазасы кетеді, ол түсінде белгісіз ақсақалды көреді немесе ертеде өткен, атын естіп білетін, яки, сол өзінің еліне мә­лім атақты ақын келіп, аян беріп домбы­ра­сын ұсынады, не белгісіз қария, не белгілі ақын, мұны мазалап ақындыққа шақыра береді. Мәселен, Шашубай Қошқарбаев «Он төрт жасымда түсімде ақындық пайда болды, таудан-тауға құс болып ұшып қо­нып, жеміс жеп жүр екенмін, сол түстен кейін өлеңді айтып кеттім» дейді. Осындай, ақындықты түсінде қабылдау туралы аңыз­ды қазақтың бұрын-соңғы ақындарының көбі айтқан. Түсінде ақындық қону деген наным өзбек, қырғыз, түрiкпен, тағы басқа елдердің жыршыларының әдетінде де бар.

Бұл аңыз әңгімелердің түйіні – ақын­дық­ты киелі – «иелі» деген көне дәуірдегі ескі магиялық (сиқырлы күшке сену) на­ным­дарға, ақындық түбі – ғайыпты болжау­шылық, бақсылық деген шаманизмнің ұғымына тығыз байланысты көзқарастар.

Дүниедегі, жаратылыстағы құбылыс­тар­дың, жан-жануарлардың өз алдына тәңірісі иесі бар деп табыну сияқты, ер­теректе көп халықтар ақындықтың да иесі, тәңірісі бар деп сенген, табынған. Бұл киелі нәрсе ақындардың жыры мен аңызында ақсақалды қария, жылы жел, сұлу қыз, тұл­пар ат, домбыра, сұңқар, аққу, үйрек, кеп­тер құстар бейнесінде өздерінің жан серігі, рухани досы болып айтылады, жырланады.

Ақындық – адамның жан дүниесіне байланысты құбылыс. Оған құмартып, жығыла берілсе, сол арман еткені ұзақ уақыт орындалмаса, сөз жоқ ол адамды ауыр рухани азапқа салады, түс көргіш, түсінен шошып оянғыш болады. Кейде есінен шатасқандай да қылықтар көрсетеді. Ұйқылы-ояу өң мен түс арасында өлең айтып, ән салып жүреді. Оның есінен жатса да тұрса да ақын болу кетпейді. Осындай халде жүргенде ескі сенімдегі жасқа ақын­дық қону, ұялау, бата, жәрдем жайындағы сан алуан жақсы түстер кездеседі. Соның өзі ептеп демеу болады да, әрі бұған дейін жаттап үйренгені бар, әрі осы қиналып жүр­генде шығарғаны бар, ол енді өзін се­німді ақын санап, біртіндеп жырлап кетеді.

Түсінде ешқандай ақындық келіп қонбайтынын, ақындық киелі, иелі нәрсе емес екендігін халық ақындарының бірқа­тары өздері де айтқан. Бұл пікірді көбінесе хат танитын, қазіргі ғылыми, тарихи, көр­кем әдебиетті өз бетімен оқып алатын орта жастағы ақындар қолдайды.

Халық ақыны Ж.Нұрмағамбетов: «Шешем және нағашым сал Төлебай ақын еді. Солардың үлгісін көріп он алты жасым­нан ақындық жолға құмарта берілдім. Түсімде ешқандай ақындық қонған жоқ» деп айтады.

Ақындық киелі, түсте қонды деген пі­кір­ді жырау, жыршы, ақындар ертедегі наным-сенімдерге байланысты түрде айтып, тарататын болса, бұрынғы жазба ақындардың бірталайы ақындықтың жебеушісі, «музасы» бар, ол тәңірінің берген өнері деп түсіндіреді.

– Адамның кейбір кездері

Көңілде алаң басылса,

Тәңірінің берген өнері,

Көк бұлттан ашылса, – деп Абайдың өзі «ақындық адамның көңіліне келіп қона­тын, құйылатын тәңірінің ерекше бір қа­сиеті, сипаты» дейді.

Рас, ақындық сезім, оның көңіл тол­қын­дары күрделі, сан алуан құбылмалы болады. Ақын өлеңін есепшінің есебіндей немесе инженердің сызбасындай өлшеп, есептеп шығара салмайды. Белгілі қоғам­дық жағдай, ортаға байланысты ақынның көңіл күйлері, шығармашылық қуаты өр­леуі мүмкін немесе тоқырап қалуы ықти­мал. Бабы келмесе қыран тояттамайды, жүйрік шаппайды. Ақын бабы да сол сияқты деп ойлаймыз.

«Түсте ақындық келіп қонды, менде ақындық аруақ бар» деген тотемдік наным­дар түсінігінің бір көрінісі ғана. Ақын жас кезінде өлең, әнге, домбыраға үйір болады, ақындықты арман етіп, өліп кеткен ақын­ның аруағынан, еліндегі тірі ақындардан көмек сұрайды. Белгілі ақынға барып өзі­нің ақындық өнерін сынатып, бата бе­руін өтінеді, бата берілмесе, ақындығына жол ашылмайтын сияқты көреді. Алайда ақын­ның қарт ақыннан бата сұрауы – кейде жас шәкіртінің ұстаздан сабақ алғанына, үлгі алып үйренгеніне ұқсайды. Алайда шәкірт ақын сол ақындық өнерге бой ұрып, жетілу жолында жүрген шағында бір ақынның «батасына, ақыл-кеңесіне қанағат етіп қоймайды, өз тұсындағы аға ақындардың бәрінің де сынына түседі, кездескен жерде өлеңін сынатып бата алғысы келеді. Шындығында, батамен ғана ақын болдым деу – ақындардың өзін-өзі алдандыруы сияқты наным. Егер қарт ақын көңілі түсіп бата берген адамның бәрі ақын бола берсе, ақындық дүниедегі ең оңай дүние болып шығар еді. Батаны сан рет алса да ақын бола алмай қалып қойған дарынсыз, талантсыз өлеңшілер аз болмаған. Шындығында, жас ақынның бата алуы – өзінен үлкен аға, белгілі ақынды құрметтеу, оның алдына бас иіп, өзіне ұстаз тұту сияқты әрекет. Атақты ақын­ның алдын көріп, оның өзі туралы ойын, сынын есту, одан ақыл алу – жас ақын үшін өте маңызды, аса қызықты да. Жас ақынның қарт ақыннан бата алу әдеті өз­бек, қырғыз, түрікпен, қарақалпақ жыр­шы, ақын, бақшыларының дәстүрінде де бар. Бірақ олар да жалаң батамен ақын, жыршы болып шықпайды, айлар, жылдар бойы қарт ақыннан тәлім-тәрбие алады, үйре­неді, үлкен сындардан өткеннен кейін қарт ақын жас ақынға жыршылық, ақын­дық жолға бата береді.

– Профессор Р.Бердібаев: «Қазақта өлең мен жыр атаулары қатар қолданылып келгені белгілі. Олай болса өлең айтушыны – өлеңші дегені секілді, жыр жаттағанды – жыршы деп атап кетуі де мүмкін. Көршілес өзбек, түрік­мен, тәжік халықтарында «жыр» осы күнде де «өлең» мағынасында қолданылады» дей­ді... Жыршылар туралы не айтар едіңіз?

– Сөз өнерінің дамуына, таралуына және сақталуына айрықша қызмет сіңіріп келген жыршылар еңбегі үлкен ілтипат көр­сетуді, арнайы сөз етуді керек етеді. Әдетте жыр, толғау және басқа түрлі жанр­дағы поэзиялық туындыларды жатқа ай­тып, домбыра немесе қобызға қосып айта­тын дарын иелерін «жыршы» деп атайды. Елдің көбінің түсінуінше, жыршылар тек белгілі мәтіндерді жаттап, оларды жұрт алдын­да бұлжытпай, қайталап орындау­шылар болып саналады. Бірақ жыршының тұлғасы да, сөз өнерінің өзге өкілдері секіл­ді, сан қырлы. Жыршылар ертеден келе жатқан дастан, эпосты жаттап таратушылар ғана емес, оны белгілі дәрежеде дамытушы­лар да болып есептеледі.

Жыршылардың көрнекті өкілдері соңғы кезге дейін өмір кешіп келді. Атағы әйгілі ақындардың кейбіреулері уақытында жыр­шылықты да қатар жүргізгендер болатын. Қабан, Сүйінбай, Бақтыбай, Жамбыл, Мұ­рын, Нұрпейіс, Иса, Кенен, С.Аққожаев­тың және басқа кісілердің көп жырды жатқа айтқаны анық. Жыршылық талай ақынның «қосалқы» кәсібі болғандай. Өнер иелері реті келсе өлең жарысына түс­кен, той бастаған, кейде халықтың қалауы бойынша жыр, терме айтқан. Жалпы, бұрын­ғы жыршы, ақын, сал, сері, өлеңші атауларының бесаспап, әмбебап болып келгендігі де осы айтылғанға байланысты. Қандай ортада қайсы өнер өтімдірек екенін аңғарған ақын, әнші, термеші, жыршылар бірде жыр, бірде өлең айтып, бірде термелеп әлеумет тілегін қанағаттандыруға ұмтылған.

Халықтың ауыз әдебиеті мұрасын жа­дында сақтап, ғасырлар бойында айтып келген өзгеше өнер иелері – жыршылар ке­шегі көшпелі немесе жартылай көшпелі өмір жағдайында бір өзі тұтас театр қыз­метін атқарған десе де болады. Оларды жұртшылық ақыннан кем бағаламаған. Егер ақындар өмірдің күнделікті нақтылы сауалдарына өз шығармаларымен жауап айтса, жыршылар негізінде өткен дәуір оқиғалары мен адамдарының ғибратты, қызықты тарихын қайта жырлап, елестетіп отырған. Академик С.Қасқабасов: «Қазақ поэзиясында үш атау, талант иелерінің үш сипатын, әр дәуірге сәйкес үш түрін, дәлірек айтқанда – үш кезеңін (стадиясы) мінездейді. Бұлар – импровизаторлық өнердің үш ғана өкілі емес, сонымен қатар ауыз әдебиетінің өмірді, ел тағдырын, қоғам тіршілігін бейнелейтін үш тәсілдің иелері десе де болады. Жырау – хандық мемлекеттің бас идеологі ретінде толғанса, жыршы – елдің тәуелсіздігін негізгі та­қы­рып­қа айналдырады, ал ақын – адамның тіршілігі мен сезімін суреттейді» деп ой толғайды.

Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің тоғысар тұсында бұқарашыл ойдың туын биік көтерген Махамбетті көреміз. Тек, бір ғана Махамбет емес, халық мүддесін бұрын-соңды жыр еткен Абыл мен Нұрым, Ақтан мен Шернияз, Қашаған мен Ығылман, Қабан, Сүйінбай, Бақтыбай, Жамбыл, Құлмамбет, Нұрпейіс, Кенен, Үмбетәлі, Нұрқан, Қалқа, Шашубай, Көдек сияқты жыраулар, ақындар, жыршылар есімдері бұған дәлел. Олар үстем тап саясатын ма­дақ­таудан гөрі, бұқара мүддесі тұрғысынан адамгершілік пен адалдықты толғады, өз дәуірінің бет пердесін риясыз ашып отыр­ды. Мұндай халықтық дәстүр, жыршы­лар­дың осынау шығармашылық игі өнегесі, ежелгі заманнан күні бүгінге дейін әр дәуір­ге сай өзіндік сипатымен жаңғырып, жаңа­рып келеді. Жыршылық дәстүр белгілі бір әдеби ортада қалыптасып, дамиды. Қазақ жерінің әр аймағында да көрнекті ақын, жыраулар, жыршылар бастаған дәстүрлі орта болған. Жетісу аймағындағы Қабан, Сүйінбай, Жамбыл бастаған имп­ро­визатор ақындар тобы, Шығыс Қазақстан алқа­бындағы Абай өнегесімен өрбіген жазба әдебиет дәстүрі, Арқадағы Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Есенбай Сасанұлы арқылы танылатын әншілік, ақындық салт, Сыр бойының ежелгі оғыз дәуірінің үлгі­сін­дегіжыр айтушылықты дамытқан Жиен­бай, Нұртуған, Нартай, Дүр Оңғардың жыр айтушылық ортасы, Қа­зақ­станның батыс өлкесіндегі Асан қайғы, Сыпыра жыраулар­дан тараған Мұрат, Нұрым, Қашаған, Мұрын­ның ақындық, жыраулық, жыршы­лық дәстүрі – бұлардың бәрі телегей теңіз­дей халық әде­биетіне құятын арналы дәстүрлі бас­таулар.

– Қазіргі таңда жыршылық дәстүр өз міндетін қаншалықты атқара алып отыр?

– Жыршылық дәстүрді жалғастыру­шылар еңбегін бағалағанда, Р.Бердібаев төрт түрлі нәрсені есте сақтауымызды айтады. Біріншіден, жыр нұсқаларын көп өзгеріске түсірмей, дәстүрлі поэтикалық көркемдеу құралдарын сақтай отырып айтушылық. Екіншіден, жыршылардың репертуарындағы айырмашылық мәселесі. Әрбір өлке, өңірдің бұрыннан келе жатқан эпикалық дәстүріне орай, айтушылардың жыр құрамы да өзге болып келеді.

Үшіншіден, орындаушылық шеберлігі­нің түрліше болушылығы. Бұл айтушының дарын қуатына, тәжірибесіне және көрген тәліміне байланысты нәрсе. Жыршылық мектеп ерекшелігі репертуардан ғана көрі­ніп қоймай, эпос варианттарының көлемі­мен де, көркемдігімен де белгіленеді. Жыр­шылар еңбегі орындау қабілетіне, эпосты мол, яки, шағын білетіндігіне қарай да ба­ға­ланған. Мәселен, қырғыздар «Манастың» үш үлкен бөлігін түгел жатқа айтатындарды «шоң манасшы», эпостың жекелеген бөлім­дерін ғана орындаушыларды «шала манас­шы» деп атаған.

Төртіншіден, эпос, дастандарды алғаш­қы түп негізінен күрделі өзгеріске түсіріп айтушылық дәстүрі.

Көріп отырғанымыздай, жыраулық, ақындық, жыршылық өнер – сан қырлы, талай сырды ішіне бүгіп жатқан, қазіргі кезде көп халықта жойылып, тарих тереңіне кеткен өнер болса, біздің халқымызда тамырын тереңге жайып, өзінің тылсым сырын ашуды ғалымдардан сұрап тұрған өміршең өнер.

 

Әңгімелескен

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ