Басты  /  мақалалар  /  Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары

Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары

Айқын-ақпарат
2388
Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы аясында Алматыдағы Ұлттық кiтапханада отандық өнертану саласында тұңғыш рет жарық көрген «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» атты музыкалық-энциклопедиялық, ғылыми-танымдық антологияның тұсаукесері өтті.

Оған белгілі өнертанушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысып, «Сарын» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, корей және ұйғыр музыкалық комедия театрларының ұжымдары өз өнерлерін ортаға салды. Осы басқосуда бірегей еңбектің авторы әрі құрастырушысы, белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіповті әңгімеге тартқан едік.

–  Бұл музыкалық жобаның құндылығы неде? 
–  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен Қазақстан Респуб­ли­касында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген бұл еңбектің құндылығы сол, Қазақстанда тұратын жүзден астам этностардың әндері мен аспаптық мұраларының таңдаулы үлгілері енген. Халық музыкасы мәйегіндегі елдік рух бірлік туын бекем ұстаған көпұлтты Қазақстан халқы мен оның алуан түрлі руханият нұсқаларын бір арнаға тоғыстырып, ортақ тінге айналдыра алған ұлтаралық сипатымен ерекшеленетін басылым отандық ғылымның ұлттық өнертану саласында алғаш рет қолға алынып отыр.
Қысқаша айтсам, басылым екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім халық шығар­машылығы жанрларымен таныстыра отырып, әрбір этнос сазының төлтума болмысын, өзіндік ерекшеліктерін көр­сетеді. Екінші бөлімдегі 28 CD таспаға 330-дай орындаушы мен топтардың жеткізуінде 100-ден астам этнос­тың 600-дей музыкалық фольклорының таңдаулы үлгілері топ­тастырылған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылып, құрастырыл­ған. 
–Батыста көпмәдениет тәжірибесі біртіндеп дағдарысқа ұшырауына куәміз. Ал бізде көпэтникалы мемлекетіміздің тұрғын халқының бірлігі идеясы тарихи қысқа мерзім ішінде өзін толығымен ақтап шыққанына тағы куәміз. Бұл табыстың басты кілті неде?
– Бүгінде Қазақстанның ұлтаралық қаты­настағы оң тәжірибесі әлем жұртшы­лығы тарапынан мойындалып, ХХІ ғасырда ұлттық саясат жүргізудің өзіндік үлгісіне айналып отыр. Бұл – нақты игі істердің арқасында мүмкін болған жетістік. 
Табыстың басты кілті әрбір ұлт өкіл­дерінің тілін, халықтық салтын, ғұрпын, дәстүрін қалпына келтіру арқылы дамыту, тарихи тамырларын іздеу, төлтума әдебиетін, өнері мен мәдениетін өркендету арқылы табылды. Қазақстанда демократия­лық және құқықтық мемлекет құру үдерісінде диаспоралардың белсенділігін арттыруға септесу, олардың заңды құқық­тары мен мүддесін қорғау, халықтар арасындағы достықты нығайту, халық­аралық мәдени және экономикалық байланыстарды дамыту аталмыш игі бастамаларды негіздей түсті. 
Сөз жоқ, түптеп келгенде, бұлар өз кезегінде Қазақ елінің алуан келбетті мәдени кеңістігін қалыптастырды. Ал аталмыш істердің кесегін ең алдымен диаспоралардың музыкалық және драмалық театрлары, вокалдық-аспаптық ансамбльдері, фольклор­лық және эстрадалық топтар қалайды. Бұған өз қызметін этномәдени орталықтар, бірлестіктер, қауымдар, олардың жанындағы одақтар, қауымдастықтар, жастар қозғалыс­тары жұмысының аясында жүргізіп жүрген диаспоралар өкілдері де өз үлестерін қосуда. Сонда олар бір мезгілде екі істің – өз хал­қының қазына байлығын сақтау ісіне қолұшын беру және ұлтаралық келісім идея­сын бекемдеу ісінің үдесінен шығады екен.
– Елімізде бұрыннан бар өнер ұжымдары ретінде Республикалық орыс балалар және жастар театры, Ұйғыр музыкалық комедия театры, Неміс драма театры, сондай-ақ түрік, корей этнофольклорлық  ансамбльдерін білеміз. Тәуелсіздік жылдары бұл тізім ұзарды ма? 
–  Тәуелсіздік жылдары бұл тізімді жаңадан құрылған «Лада» орыс ансамблі, фольклорлық «Зори Семиречья» ансамблі, «Станичники» казак хоры, вокалдық ұжымдар «Веселка», «Ладушка», «Надежда», «Сударушка» фольклорлық ансамблі, орыс әнінің мемлекеттік халық хоры, «Сант» көркемөнерпаздар ансамблі, фольклорлық «Посиделки» ансамблі, фольклорлық «Бастеньки», «Товарушки», «Весняночка», «Перезвоны», «Злато», «Русская песня», «Истоки», «Алтайские узоры», «Гарусинка», «Рябинушка» ұжымдары, «Тучка» ән театры, құрамында бишілер тобы бар «Тэпин» дүнген этнофольклор тобы, корей ән-би фольклор­лық-этнографиялық «Ачимноуль» тобы, «Моранбон» хор ұжымы, «Хольмони» вокалдық тобы, «Чэн Сон» ән-би тобы, «Самульнори» ансамблі, «Алекс» хореография мектебі, ұйғырдың вокалдық-аспаптық «Дияр» тобы, «Ирада» ән-би ансамблі, «Нава» вокалдық-фольклорлық ансамблі, «Сада» вокалдық-хореографиялық ансамблі, «Яшлик» жастар-эстрада ансамблі, «Рухсара» хореографиялық ансамблі, этнофольклорлық «Яркент булбулири» тобы, украин халық биінің «Альтаир» ансамблі, украин әнінің «Семиречка» ансамблі, Қырғыздың көркемөнер ұжымы, ахыска түріктерінің халық аспаптары ансамблі, халық билерінің тобы, «Ахыска», «Шығыс» этнофольклорлық ансамбльдері, Гоголадзе әулетінің халық аспаптары ансамблі, Т.Гусейнова, Н.Алазова жетекшілік ететін би топтары, Әлиев әулетінің «АБО» ансамблі, «Гёзель», «Севда», «Арзу», «Мерке сеси» ансамбльдері, «Мико-шоу» сатира және әзіл театры, «Ядыгер-шоу» ша­ғын театры сияқты белгілі ұжымдар толық­тырды. 
–Жалпы, ұлтаралық қатынас саласын жақсартудың жолы –рухани құндылықтарды көбірек насихаттауға тірелмей ме?
–  Расында, ұлтаралық қатынастар саласын ізгілендірудің аса маңызды тетік­терінің бірі – елімізде тұрып жатқан этни­калық диаспоралар жөніндегі неғұрлым толық және шынайы мәліметтерді таратып, насихаттау десек қателеспейміз. Мұндай білім дестесі кісәпірлікті, жатүрейлікті, жағымсыз ұлттық дағдыларды жоюға көмектеседі, кісінің рухани дүниесін, талғамын байытады, ұлтаралық келісім, ынтымақтастық, өзара барыс-келіс, алыс-беріс ісіне негіз қалайды. Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің қазіргі жағдайын ұғып, тану үшін алдымен олардың халық ретінде шығу тегіне, қалыптасу тарихына, тұрмыс-тіршілігіне, мінез-құлық, діл, рухани мәдениет ерекшеліктеріне тереңірек бойлау керек. Өкініштісі сол, қандай да бір халықтың жан айнасы іспетті рухани әлемі, оның аса маңызды бөлігі этникалық саз өнері, бұл өнердің баршаға ұғынықты ауызша тілі бізде ұзақ уақыт бойы тілін тістеген үнсіздікте болып келді. 
Мәдени орталықтар жайында жекелеген есеп материалдар, БАҚ-тағы, интернет сайттарындағы анда-санда жылт етіп көрініп, жоғалып кететін азғантай жарияланымдар, диаспоралардың саз өнерінің тарихын зер­делеуге арналған кітаптардағы кейбір өнер шеберлерінің шығармашылығына қысқаша тоқталып өтетін мақалалар көңіл тоқырат­пайды. Әлбетте, ауызды қу шөппен сүрте алмайсың. Осы орайда бұрын көпшілікке «Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы» дейтін кітап ұсынған, қуғын-сүргінге ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры 2003 жылы кезекті жобасы аясында «Народы Казахстана» атты энциклопедиялық анықтамалық шығарды. Аталмыш басылымда алғаш рет Қазақстанда тұратын 125 этностар туралы мәліметтер жинақталып берілді.
Анықтамалық халықтану мәселелерімен айналысатын этнология, демография, тарих, лингвистика, дінтану, этносаясаттану, этнография, сондай-ақ өнертану салалары бойынша ғылыми деректерге негізделген. Бұл басылымда алғаш рет әрбір этностың өнері жайында қысқаша мәліметтер берілді. Әрине, анықтамалықтың өз сипатын және Қазақ­станда мұндай анықтамалықтың тұңғыш рет шығарылып отырғанын ескерген құрастыру­шылар этностардың рухани өмірін толығымен қамти алмады. Авторлар осы саланы, оның ішінде этностардың музыкалық өнерін зерттеу жөніндегі болашақ үлкен жобаға жол нұсқап, бағыт сілтеп қана өткен. Алайда бұдан кейінгі әлемдік қаржылық дағдарыс және басқа да бірқатар жағдайлар бұл ойдың жолын кескен сияқты. 
Дегенмен, араға он жыл салып, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қазақстандағы этникалық диаспоралардың музыкалық шығармашылығын зерттеуді қолға алды. Бұл жобаны Институттың өнер­тану бөлімі жүзеге асырды. Қолға алынған жобаның қорытындылары жеке кітап етіп шығарылды. Құрамына өнертанушы ғалым­даркірген шығармашылық топтың күшімен жарияланған материалдарды зерделеу, аймақтарда зерттеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде Қазақстанда тұратын этникалық диаспоралар – орыс, дүнген, кәріс, қырғыз, қарақалпақ, ноғай, ахыска түріктері мен ұйғыр музыкасының ерекшеліктері мен жанрлық көріністері анықталды. Сөйтіп, жинала келе, сан қырлы бір мәдени кеңістікті құрайтын аталған ұлттар өкілдерінің рухани құндылықтары аясына назар аударылды. 
Ал мына қолдарыңыздағы еңбек – болашақтағы тұтас мегажобаның бастамасы. Бастамалы істің заңды жалғасы ретінде жиынтық жұмыс атқарылып, сол аяда «Қазақстандағы этностардың музыкалық сөздігі» және «Қазақстандағы этностардың музыкалық энциклопедиясы» сияқты сүбелі басылымдар жасауды қолға алу шаралары да кезек күттірмейтін, күн тәртібінен түсіруге болмайтын өзекті мәселе деп білеміз.

Сұхбаттасқан Төреғали ТӘШЕНОВ