Басты  /  мақалалар  /  Шахрат НҰРЫШЕВ, ҚР Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі: Қазақ-қытай стратегиялық әріптестігінің жаңа кезеңі басталды

Шахрат НҰРЫШЕВ, ҚР Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі: Қазақ-қытай стратегиялық әріптестігінің жаңа кезеңі басталды

Айқын-ақпарат
4752
Шахрат НҰРЫШЕВ, ҚР Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі:  Қазақ-қытай стратегиялық  әріптестігінің жаңа кезеңі басталды – Елші мырза, сіздің Қытай Халық Рес­пуб­ликасында жүргеніңізге біраз уақыт болды. Қытайда алғаш болған сәтіңізді еске түсіріңізші?

– Мен Қазақстанның ҚХР-дағы Төтен­ше және өкілетті елшісі лауазымына 2015 жылдың ақпан айында тағайындалдым. Бұл – осы елге шеккен ұзақмерзімді бесінші сапа­рым. Қытайдың тарихы, мәдениеті және тілімен тұңғыш таныстығым 1989 жылы Қазақ ұлттық мемлекеттік универ­си­тетінің Шығыстану факультетіне түсуімнен басталды. 1991 жылы Кеңес Одағының түк­пір-түкпірінен жинақталған студенттердің тобында Бейжің тіл университетіне оқуға келуге жолым түсті. Сол уақыттан бері өмі­рім Қытаймен тығыз байланысты. Қазақ­станның ҚХР-дағы елшілігі ашылған 1992 жылдан бастап мен коменданттан дипло­матиялық өкілдіктің басшысы лауазымына дейін қызмет атқарып, барлық кәсіби сатылардан өттім.
Елбасы мені жаһандық үдерістегі саяси және экономикалық тұрғыдағы рөлі мен беделі уақыт өткен сайын артып келе жатқан Қытай сияқты алып мемлекетке елші етіп тағайындауын үлкен сенім әрі жауапкер­шілік деп бағалаймын. Сондықтан да маған жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, Қазақстан-Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайтуға барынша атсалысуға ынталымын. 
– ҚР мен ҚХР арасындағы екіжақты бай­ланыстардың қазіргі деңгейін қалай баға­лайсыз?
– Біздің мемлекеттеріміз арасындағы өзара байланыстардың тамыры терең. Екі ел арасындағы ынтымақтастық – Қазақстан­ның сыртқы саясатындағы тұрақты басым­дықтарының бірі. 2017 жылдың 3 қаңтарында Қазақстан мен Қытай арасындағы дипло­матиялық қатынастардың 25 жылдығы атап өтіледі. Бұл мерзім ішінде екі мемлекет ара­сындағы көп деңгейлі байланыстар дос­тыққа, тату көршілікке және өзара сый­ластыққа жалғасты. 
1990 жылдардың басында Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқаннан кейін Қытай ядролық бестіктің мүшесі ретінде қауіпсіздік кепілін берді. Бұдан кейін шекара мәселесінің түбегейлі шешілуі саяси сұхбатты және өзара сенімді нығайтуға жол ашты. Соның арқасында екі мемлекеттің басшылары тек соңғы екі жыл ішінде 10 рет кездесті. Мұндай кездесулер халықаралық және аймақтық мәселелерді пысықтап, екі­жақты байланыстар үшін барынша тиімді бағыттарды айқындауға мүмкіндік береді.
Саяси байланыстардың қарқынды дамуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ын­тымақтастыққа қосымша серпін берді. Қытай ұзақ жылдардан бері Қазақстанның ең ірі сауда әріптестерінің бірі болып табы­лады. Қазақстанның сыртқы сауда айналым­дағы Қытайдың үлесі 20 пайызға жетті. 
Биыл екі ел арасындағы сауда айналымы көрсеткіштерінің төмендеуі байқалуда. Бұл Қазақстанның экспортқа шығаратын өнімдеріне бағалардың түсуіне байланысты болып тұр. Дей тұрғанмен, қазіргі таңда Қазақстан өнімдерінің Қытайға экспортын әртараптандыру бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде. Алдағы уақытта қытай нарығына қазақтың астығын, ұнын, май өнімдерін, мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауды заңдастыратын қажетті келісімдерге қол жеткіземіз деп үміттенемін. Қазір Қытай ең ірі аграрлы елдердің бірі болса да, ол әртүрлі органикалық және экологиялық тұрғыдан таза өнімдерімізді импорттауға қызығу­шылық білдіруде.
Энергетикалық ынтымақтастық та қар­қынды даму үстінде. Біздің елдеріміз мұнай-газ құбырларының толық кешенді жүйесін құруға қол жеткізді. Күні кеше ғана «Қазақ­стан-Қытай» магистральды газ құбырының Түрікменстан, Өзбекстан, Қазақстан мен Қытай арасын жалғастыратын үшінші бөлігі (С бөлігі) іске қосылды. Транспорттық байланыстар саласында да біраз алға жылжушылықтар бар. Ляньюньгань Қытай портындағы терминалдың әлеуетін тиімді пайдаланудың нәтижесінде Қытай жүк контейнерлерін Қазақстан арқылы Ресей мен Еуропа, Орталық Азия мен Каспий аймағы елдеріне тасымалдауға жол ашылды. Бұл көрсеткішті жыл аяғына дейін 250 мың, ал 2020 жылға қарай 500 мыңға жеткізуге мүмкіндік бар. 
Қазір трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу туралы келісімнің жоба­сын келісу бойынша жүйелі жұмыс жүргі­зілуде. Екі тараптың сарапшылары Транс­шекаралық өзендерді тиімді пайдалану жө­ніндегі қазақ-қытай Бірлескен комис­сиясы аясында орнатқан сындарлы сұхбаты екі мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық сипаттағы барлық мүдделеріне сай өзара тиімді нәтижеге қол жеткізеді деп үміттенеміз. 
Ірі халықаралық іс-шараларды өткізу жағынан мол тәжірибесі бар Қытай «ЭКСПО – 2017»-ге қатысуын ресми түрде растады. Қазіргі таңда 73 млн адам көрген «ЭКСПО – 2010»-ды сәтті өткізген Шанхай­дың тәжірибесі жан-жақты зерттелуде.
Сонымен қатар 2017 жыл Қытай ту­ризмі­нің Қазақстандағы жылы болып жарияланды. Алдағы уақытта КХР-дан турис­тік топтарды ұйымдастыруды заңдас­ты­ратын келісімге қол қою жоспарлануда. Себебі тек 2014 жылдың өзінде 110 млн қытай азаматы турист ретінде алыс-жақын шетел­дерге шығып, 140 млрд АҚШ долла­рын жұмсады. Топтық туризмді дамыту Қазақстандағы шағын және орта бизнестің дамуына, жалпы алғанда, туристік, қонақүй, мейрамханалық бизнестің дамуына себепкер болады. Бұл жұмыстардың бәрі «ЭКСПО – 2017»-ге жұмсалған қаржының өзін-өзі ақтауына да септігін тигізеді деп ойлаймын. 
Жыл өткен сайын гуманитарлық-мәдени байланыстарымыздың деңгейі де көтерілуде. Биыл Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігі Абай оқуларын өткізді, қазақтың ұлттық ойыны «Тоғызқұмалақтың» таныстыруын ұйым­дастырды. Қытайдың Орталық телеар­насы арқылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың өмір жолынан сыр шертетін «Ұлт Көшбасшысы жолы» киноэпопеясының көрсетілімін ұйымдастырды. 
ҚХР Азиядағы ықпалдастық және өзара сенім шаралары кеңесіне 2014-2018 жылдар аралығында төрағалық ету арқылы Қазақ­станның бастамасына қолдауын білдірді. Әлем және дәстүрлі дін өкілдерінің Астанада өткен барлық жиындарына өз өкілдерін жіберді. ШЫҰ аясындағы тығыз ықпал­дастық аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты ілгерілетуге мүмкіндік береді. 
– Сарапшылар Қазақстанның «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты мен ҚХР-дың «Жібек жолы экономикалық белдеуінің» түйі­сетін тұстары көп дейді. Осы туралы не дейсіз?
– «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасы туралы бастама ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылдың қыркүйегінде Қазақстанға шеккен мемлекеттік сапары барысында көтерілді. Ол кейінірек Қытай көшбасшысының тағы бір идеясы – «ХХI ғасырдағы Теңіз Жібек жолы» құрылысы» идеясымен ұштастырылып, 2015 жылы нау­рыз айында «Бір жол – бір белдеу» тұжы­рымдамасы ретінде жарық көрді.
Бұл бастама бұрын кеңінен пайдала­нылған шетелдік тәжірибені, технологиялар мен жабдықтарды Қытайға тартудан кері­сінше, Қытайдың кәсіпорындарының өз жабдықтары, технологиялары мен қара­жатымен бірге шетелдік нарыққа шығуына бағытталған. Бұл бастаманы жүзеге асыру мақсатында жарғылық капиталы 100 млрд АҚШ долларын құрайтын Азиялық инфра­құ­рылымдарды инвестициялау банкі және 40 млрд қоры бар «Жібек жолы қоры» құ­рылды. 
Жібек жолының экономикалық белде­уінің басты мақсаты – инфрақұры­лымды жақсарту, сауда, қаржы және инвестициялық дамуға серпін беру. Қазақстан осы белдеу бойында орналасқан бірінші мемлекет болғандықтан бұл бастамаға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті және өз үлесін қосуға кірісіп кетті. Біздің қомақты үлесіміз – Қазақстан аумағындағы ұзындығы 2700 шақырымға созылған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің құрылысы. Ол пайдалануға берілген соң, Қазақстан аумағындағы автокөлік тауарларын тасымал­дау жылына 30 млн тоннаға жетеді деп кү­тілуде. 
Қытаймен логистика және көлік сала­сындағы байланыстарымыз сауда-инвести­ция деңгейінің өсуіне алғышарт бола алады деп сенеміз. 
Қазіргі таңда екі стратегиялық бастама­ларды өзара үйлестіру мақсатында арнайы жұмыс тобын құру мәселесі пысықталуда. 
Жалпы айтқанда, «Нұрлы жол» және Жібек жолының экономикалық белдеуінің құ­рылысын үйлестіру біздің мемлекет­тері­міздің арасындағы инвестициялық ынты­мақ­тастықтың көкжиегін одан ары кеңей­теді. 
– Қазақстан мен Қытай индустриа­лизация және инвестициялар саласында немесе қытайлық әріптестеріміз айтқандай, өндірістік күш-қуаттарды көшіру бағытында үлкен ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Осы жұмыстар қалай атқарылуда?
– Бұл саладағы келісімдерге ҚХР мем­лекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянның 2014 жылдың 14-15 желтоқсанда Қазақстанға ресми сапары барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесуі нәтижесінде қол жеткізілген. Екі тарапта өзара экономикалық ықпалдастыққа инновациялық сипат беруге, өндірістің жоғары технологиялық және ғылыми жа­ғына басымдық беруге мүдделі. Қазақстанда өндірістік қуаттылығы жоғары біріккен кә­сіпорындар құрылысы басталды. Ғалам­шарда экономикалық белсенділіктің төмен­деуі кезінде мұндай жұмыстардың әлеу­меттік маңызы жоғары. Бұл бағыттағы жобаларды алға жылжыту үшін ҚР Инвестиция және даму министрлігі мен ҚХР-дың Даму және реформалар бойынша мемлекеттік комитеті арасында индустриалды және инвести­ция­лық ықпалдастықты дамыту туралы Кеңес құрылды. 2014 жылдың желтоқсанынан бері 7 рет басқосу өтті. Оның қорытындысы бо­йын­ша жалпы құны 20 млрд АҚШ доллары­нан асатын 45 біріккен жобалар іріктеп алынды. 
2015-2020 жылдарға арналған Индус­триал­ды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес негізгі басымдық металлургия, мұнай өңдеу, машина құрылы­сы, құрылыс материалдарын шығару және азық-түлік өнімдерін шығаруға берілген. Осы салаға қызығушылық білдірген шет­елдік инвесторларға мемлекет тарапынан жеңілдіктер мен преференциялар қарасты­рылған. Бұл салалардың бәрі ҚР мен ҚХР арасындағы индустриалды-инновациялық ынтымақтастығында қамтылған. Қазір жоғарыда айтылған жобалардың үштен бірі жүзеге асырылу барысында, екінші жартысы – жартылай дайындық үстінде, ал үшінші жартысы – келіссөздер деңгейінде.
Осы орайда жоғарыда айтып өткен жобалардың барлығы жаңа жобалар екенін атап өткім келеді. Ешкім Қытайдағы ескір­ген өндіріс орындарын Қазақстанға көшіруді көздеп отырған жоқ. Керісінше, қазақ­стандық мамандарды жаңа технологиямен жабдықталған жаңа кәсіпорындарда жұмыс істеуге дайындау туралы уағдаластықтар бар екеніне назар аударамын. 
– Елші мырза, өтіп бара жатқан жылды қалай бағалайсыз? Ол қазақ-қытай байла­ныстарында несімен ерекшеленді? 
– Мен 2015 жыл екіжақты байланыстар үшін өте қарқынды болды дер едім. Екі ел басшыларының өзара сапарлары өтті, көпжақты іс-шаралардың аясындағы бірне­ше мәрте кездесулері орын алды.
Өтіп бара жатқан жылдағы басты іс-шара – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың 2015 жылғы 30 тамыз-2 қыркүйек аралығындағы ҚХР-ға мемлекеттік сапары болды. Елбасы осы сапар кезінде Ұлы Жеңіс­тің 70 жылдығы құрметіне өткізілген салтанатты іс-шараларға қатысты. Сапар қоры­тындысы бойынша жан-жақты стра­тегиялық әріптестіктің жаңа кезеңі туралы Біріккен декларацияға қол қойылды. Бұл екі ел – қазақ-қытай арасындағы байланыс­тардың жаңа кезеңінің басталғанының айғағы. 
ҚР және КХР арасындағы Ынтымақтас­тық комитетінің тең төрағалары – Премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейіндегі тұрақты сұхбат тетігі қалыптасты. Салалық министрлер мен аймақ әкімдерінің кездесу­лері де жүйелік сипатқа ие болды. 
Жоғарыда айтылғанның барлығы екі мемлекеттің ұзақмерзімді және көп жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға мүдделі екенін айқын дәлелдейді.
– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан 
Гүлбаршын САБАЕВА