Басты  /  мақалалар  /  Шыңғыс МҰҚАН: Атырау демографиясында дағдарыс жоқ, дүмпу бар

Шыңғыс МҰҚАН: Атырау демографиясында дағдарыс жоқ, дүмпу бар

Айқын-ақпарат
7043
Шыңғыс МҰҚАН: Атырау демографиясында дағдарыс жоқ, дүмпу бар Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның негізгі мамандығы – журналист. Кезінде қаламының қарымымен танылған оның қазіргі қызметі – облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары. Есімі облыс қана емес, ел көлемінде үлкен құрметпен ата­лады.

Біз әкімнің орынбасарымен әңгімеде Атыраудың әлеуметтік тынысын сөз еттік. Атқарылған жұмыстармен қатар, шешімін күтіп тұрған өзекті мәселелер назардан тыс қалмады. 

– Шыңғыс Жұмабекұлы, Атырау облысы – Үкімет шешімімен орал­мандарды қабылдайтын жеті өңірдің бірі. Бұл жұмыс қазір қалай жасалып жатыр?
– Шетелдерден көшіп келген қандастарымыздың географиялық орналасуына жіті мән беріліп отыр. Көштің басы демографиялық өсімі төмен солтүстік өңірлерге бұрылуда. Әрине, Атыраудың демографиясында дағдарыс жоқ, дүмпу бар. Туу көрсеткіші бойынша, Атырау – Оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облыстарынан кейінгі үшінші орында. Дегенмен, Атырау облысы Ресейдің Астрахань өңірімен шектеседі. Ата қоныс. Бөкей хан, Сейтек пен Құр­ман­ғазы аталарымыз жатыр. Астрахань облысында шамамен екі жүз мыңдай қандасымыз тұрады. Атырау облысы әкімінің өзі де Астрахань облысында дүниеге келген. Қызылжар, Володар, Құмөзек, Икрян, Қарабайлы аудан­дарда қазақтардың саны басым. Қызылжар, Володар, Икрян аудан­дарын қазақтар басқарып отырғанын айта кеткен жөн. Облыс әкімі Бақты­қожа Ізмұхамбетов «Елім деп келіп жатқан жұртқа, «біз қабылдай алмай­мыз» деп қалай айтамыз?» деп, Атырау көш тоқтар өңірлер тізіміне енді. Ел­басы заң жобасына қол қойды. Үкі­мет квота бекітеді. Жұмыс заң­намада белгіленген тәртіп бойынша жүреді. 
– Өткен жылы Махамбет атындағы Қазақ драма театрында діннен адасу­дың соңы үлкен трагедияға әкеліп соғатын ащы шыңдығы бейнеленген «Хақ жолы» драмасы қойылса, биыл бес сериялы «Өмірзая» көркемфильмі түсіріліп, көрерменге жол тартты. Ел ішінде бұл спектакльдің идеясы Шыңғыс Мұқанға тиесілі деген сөздер жиі айтылады.
– Наным-сенімге құрылған дін жүйесінің адамзат дамуындағы орны бөлек. Себебі сенім – пенденің табиғи қажеттілігі, ал дін – ғаламат күш. Исламның шексіз әлеуетін дінді дәстүрге, дінді отбасыға, дінді мемле­кеттік құрылымға қарсы пайдаланған пасық пиғылдардың, тіпті әлемнің саяси үдерісіне үлкен әсері бар екенін көріп отырсыз. 
Осындай жағдайда бұғанасы қатпаған балғындарға жол сілтеу – қоғам міндеті. Олай болса, діннің мәселесімен тек діндарлар ғана емес, қоғамның барлық өкілдері айналысуы тиіс. Махамбет театры «Хақ жолы» спектаклін қойды. Бұл тақырып театр тарихында тұңғыш рет көтерілді. Үкілеп баптап өсірген ұлын Араб еліне оқуға жіберген отбасы жөнінде. Дұрыс емес, бұрыс ілімді оқып келген жігіт ортаны бұзады, әке-шешесіне қарсы шығады, ең соңында жарылыс жасап, темір торға қамалады. Түрмеде жат­қанда қайғыдан қан жұтқан анасы бақилық болады. Жас жігітке өмірдің мәнін түсіну үшін барынан айырылу қажет пе еді?..
«Өмірзая» көркем фильмі дәстүрлі дін жолындағы және деструктивтік ағым жетегінде жүрген екі жігітті бей­нелейді. Барлық облыстық телеарна­лардан көрсетілді. Бұл тақырып та ұлттық кинематография тарихында алғаш рет көтерілді.
Биыл діннен адасқандардың ақы­рын айтыс ақындары ортаға салды. Қа­зір «Дінді ұстай алсаң – қасиетің, ұс­тай алмасаң – қасіретің» атты рес­пуб­­ликалық мүшәйра өткізіп жа­тыр­мыз. Қысқаметражды кинолар түсірі­луде. 
Ақпараттық-насихат жұмыстары жан-жақты жүріп жатыр. Жыл басынан бері 182 мыңнан астам тұрғынның қаты­суымен 1300-ге жуық іс-шара ұйым­дастырылды. 
Теріс ағымдар адами қасиеттерден айырған осындай жастардың санасын оятайын деп, биыл 80 мың дана ақпараттық материал таратылды. Жыл соңына дейін 110 мың данаға жетеді.
6 веб-сайт аштық. Ақпарат құрал­дары арқылы 3 мыңнан аса ақпарат таратылды. 
Былтыр қазан айынан бері «Руха­ният әлемі» газетін шығарып, мешіт жамағатына тегін таратып жатырмыз. 
Биыл теологтарымыз 900-ге жуық азаматқа жеке кеңес беріп, оңалту жұмыстарын жүргізді. 
Осылай жастарға ақпарат тамшы тама берсе, бірі болмаса, бірі сана­лардың саңылауын табар деген үміт бар.
Облыс әкімі жан-жақты қолдап отыр. Дін басқармасының басшысы Еркінбек Шоқай бастаған азаматтар емін-еркін жұмыс жасап жатыр.
Қоғамда өз жарасын өзі жазатын қасиеттер бар. Ол үшін ірің атқылап тұрған ісікті емдеуге халықты жұмыл­дыра беруміз керек. 
– Атырау облысында дін тақы­ры­бында халықаралық конфе­ренцияның өткізілуіне бастамашы болдыңыз. Бүгінгі таңда Атыраудағы діни ахауал қандай деңгейде? Жас­тардың жат ағымның жетегінде кетпеуі үшін қандай шаралар атқарылуда? Себебі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Сирияда жүрген қазақстандықтардың біразы Атырау облысынан деген пікірлер айтылып қалады.
– Ақпарат құралдарына жүгінсек, қазір Сирияда кім жүрген жоқ? Әлемнің жұмырбасты жуындысы ағылып жатқан жоқ па? 
Осы орайда, өз қазанымызда қай­най бермей, Атырауға жеті ел өкілін шақырып, «Ислам мәдениеті: қазіргі заманғы сын-қатерлер мен оларға қарсы тұрудың жолдары» атты ха­лықаралық конференция аясында ақылдастық. Адасқан жастарды жөнге шақыру үшін не істеуміз керек? Шындығына келгенде, арабтардың өздері де білмей отыр, салафизм-уахабизмнен әбден мезі болған. Пайғамбар шыққан, әрі Құранның тілінде сөйлейтін арабтардың өзі адасып жатқанда, не арабша білмейтін, не қасиетті кітапты түсінбейтін біздегілерден не сұрайсың? Барлығының ұсынысы бір – діни сауаттылықты арттыра беру керек, арттыра беру керек. Діни сауатты адамда ғана жалған жолдан сақтайтын иммунитет бар. Теріс ағымдар, әзірге, рак ауруы сияқты нақты диагнозы болғанымен, оның емін ешкім таба алған жоқ.
– Атыраудың мешітіне ту іліп қойдыңыздар... 
– Жалпы, қазір әлемнің жалғыз жауы бар – бұл діни экстремизм мен терроризм. Қазақстанға да қатер келсе, мұнай бағасынан немесе басқадан емес, теріс діни ілім қайшылығы­нан келеді.
Теріс ағымдар – отансыздыққа үндейді. Отан былай тұрсын, олар үшін бұл дүниенің де құны жоқ. Демек, өмірдің де мәні жоқ. Өз бастарын құрбандыққа оңай тігетіні де содан.
Мешітке ілінген туды дәстүрлі жамағат жақсы қабылдады. Ал дуаланғандар «Бұл не, жануарға қарап тұрып намаз оқумыз керек па?», «Алланың таза үйіне лас сая­саттарыңды араластырмаңдар!» деп шықты. Ей, айналайын-ау, жануар емес, қыран құс бейнеленген туымыз емес пе? Туымыз болмағанда елімізде осынша мешіт салынар ма еді?! Отансыз деп отыр­ғаным – сол. Опасыз десек те болады.
Осылар жөнінде әдеби шығарма жазғалы жатырмын. Көбімен кездестім. Мектепті әзер бітіргендер. Кітап бетін ашып көрмеген. Соған қарағанда, миы бос адамдардың басын айналдыру оңай болып тұрғандай. 
Мұсылман елі емес, Қытайдың өзі мешіттерге туын іліп тастаған. Түр­кияның қызыл байрағы мешіт мін­берлеріне шығып алған.
Отанды сүю иманнан болса, туын жерге жықпас үшін ғасырлар бойы күрескен бабалардың аманатындай келген қасиетті көк байрағымызды қасиетті мешіттерге неге ілмеске?! Кез келген мешіттің іші-сырты қай елдің мешіті екенінен хабар беріп тұру керек. Бір күн болмаса, бір күн адасқан бауырлардың көзіне туымыздағы күн сәулесі шоқтай басылып, жүрегіне жол ашар. 


– Атырау облысы демографиялық көрсеткіші жөнінен елде алғашқы үштікке кіреді. Бұл – жақсы көрсеткіш. Осы бағытты әрі қарай дамыту қалай жалғаспақ?
– Халықтың географиялық орналасуына қарасаңыз, елдің жар­тысы Алматы – Шымкент – Талды­қорғанның арасында. Осы екі облыс пен бір қала Қазақстанның 10 па­йыздан сәл-ақ асатын жерін алып жатқанымен, халықтың 40 пайыздан астамы осы аралықты қоныстанады. 
Ал Атырау болса, табиғаты қаталдау, шекараның шетінде, желдің өтінде дегендей. Империяның жорығы да, аштықтың құрығы да атырапты айналып өтпеген. Сондықтан да болар, атыраулықтар Қазақстан халқының үш-ақ пайызын құрайды екен.
Дегенмен, қазағы қалың өңір болғандықтан, халықтың өсімі жоғары. Мәселен, егемендік алған жылдардан бермен қарай жалпы Қазақстан халқы 6,6 пайызға өссе, атыраулықтар 24 жылда 25 пайызға өсіпті. 441 мың адамнан 591 мыңға жетіп отырмыз. Бұйыртса, келер жылы 600 мыңдық меже бағынады. Осы жылдарда 286 мың бала дүниеге келген. Қазіргі екі атыраулықтың бірі – тәуелсіздік түлегі. 
Мемлекет демографиялық дүмпуді сақтап қалу үшін не істеп жатыр? Атыраудың мысалында айтар болсақ, ең бірінші, инфрақұрылым. Халықтың 97-98 пайызы ауызсу мен табиғи газ­дың рахатын көріп отыр. Жақсы жолдар 50 пайызға таяды. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасымен Ақтөбе – Атырау – Астрахань жолы жөнделсе, жолдың шаруасы да бір ыңғайланып қалады.
Балалардың 82 пайызы балабақ­шамен қамтылып отыр. Мектептердің есігі ашық, жылдан-жылға жаңар­тылды.
Медицина саласына соңғы 3 жыл­дың өзінде 9 млрд теңге салы­ныпты. 23 денсаулық сақтау нысаны берілді.
Индустриялық-инновациялық жобалар аясында жұмыс орындары ашылып жатыр. 
Әкімнің атына «баламды айлығы жақсы жұмысқа тұрғызып бер» деген хаттар келіп жатады. Жақсы еңбекақы алу үшін алдымен жақсы маман болу керек.
Қолынан іс келетін адамға жұмыс табылады. Жергілікті газеттерде «маған жұмыс керек» деген хабар­ландыру жоқ, керісінше, «мынадай маман керек» дегеннен көз сүрінеді.
Мемлекет деген не? Мемлекет – негізгі қажеттіліктерді жасақтаушы, құ­қығыңды қорғаушы, тәртіп қа­лып­тастырушы. Мемлекет жолыңды салып берсе, газ бен суды тартып берсе, балаңды оқытып жатса, қауіп­сіздігіңді қамтамасыз етіп отырса, біздің – Қазақстан азаматтарының рөлі қандай? Мемлекет тағы жұмыс орнын ашып беруі керек пе?
Әбіш аға Кекілбаевтың бала кезінде жазған бір шумақ өлеңі бар:
Дүние деген – жәрмеңке,
Келдің бе – көріп кет.
Дүние деген – жәрмеңке,
Алдың ба – беріп кет.
Әр адам өмірден алғанын барынша өмірге беріп кетуi керек. Кәсіп­керлікпен айналысып, жұмыс орнын ашу арқылы бересің бе, өнер жолын қуып, мәдениеттің қазанын қайна­тасың ба, спорттың жолына түсіп, рекордтар жаңартасың ба? Бір түрік азаматы айтып еді, «жинап алатын адамға Қазақстанда ақша шашылып жатыр» деп. Соған қарағанда, нарық­тық тәжірибеміз әлі жеткіліксіз сияқты. 
Дегенмен, тәуелсіздік жылдары халықтың жағдайы жақсарып келе жатқанын ешкім жоққа шығара алмас. Демография да бұл сөзімізді растап отыр. Осыдан 10 жыл бұрын Атырауда жылына 10 мың сәби туылатын, қазір жылына 16 мыңнан астам бала өмірге келеді. Жыл сайын бұл көрсеткіш 500-1000 балаға өсіп отыр.
Еліміздегі тұрақтылық сақталып қалса, күніміз де түніміз де тыныш болса, халық араласып, отаулар тігіліп, өсіп-өнудің тоқтамайтыны сөзсіз.
– Атырауда өткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сый­лықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Атырау қаласының Құрметті азаматы, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығарма­шылығына арналған халықаралық театр фестивалінің жаңғырығы әлі басылған жоқ. Алған әсеріңіз қандай?
– Болмысы бөлек жазушы-дра­матург Рахымжан Отарбаев сезімін сөзге, сөзді суретке айналдырса, ал театр саңлақтары осы суретті халыққа жеткізіп, атыраулықтарға рухани мереке сыйлады. 
Атырау өңірі қашанда таланттардан кенде болмаған. Талантты тірі кезінде бағалау деген ой жетелеп, халықаралық театр фестивалін өткізу ұйғарылды. Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев сынды біртуар ағаларымыздың өздері де бір-бір театр ғой. Рахымжан Отарбаев арқылы қазақ өнері Атырауға бір аптаға көшіп келді. Өмірге келдің екен, қай саладан да алдында болып, осы кісілер сияқты елге беру керек қой.
Рахымжан ағаның шығармашылық жоспары өте көп. «Ұлттық мәдениетті дамытып отырған таланттарына емін-еркін шығармашылықпен айналысуға жағдай жасауға Атыраудың әлеуеті жетеді, – дейді облыс басшысы. 
– Сіздің бастамаңызбен қазақ ақындарының 10 томдық жыр жинағы жарық көрді...
Бұл менің бастамам емес, Атырау облысы әкімінің бастамасы. Аймақ басшысы бірінші томына:
Жылдар өтер, ғасырлар, заман өтер,
Тарихтың қойнауына судай батып.
Тұңғиықтан жарысып жырлар жетер,
Бәйгеден ақын қосқан атойлатып, – деп эпиграф жазды. 
Бақтықожа Салахатдинұлы өте өнерлі адам, түрлі музыкалық ас­паптарда ойнайды, өлең де жазады. 
Бұрын-соңды қазақ халқының арғы тарихынан белгілі баба жыраулардан бастап бүгінгі жас таланттарға дейін қамтылған. 678-ге жуық ақынның ең таңдамалы шығармалары енген «Жыр маржаны» атты 10 томдық қазақ поэзия антологиясы оқырманға жол тартты. 
Атырау облысы әкімдігінің тапсы­рысымен «Мерекенің баспа үйі» жарыққа шығарды.         
– 2014 жылғы күнделігіңізде «Десе де, жыл соңында «Қазақтың 50 үздік әңгімесі» және «Қазақтың 100 үздік өлеңін» анықтау мақсатында сауалнама ұйымдастырылып жатқанын айттыңыз. Қашан шығады? 
– Сауалнама ақын-жазушылар мен әдебиетшілер және әдебиет пәнінің мұғалімдері арасында жүргізілді. 10 мыңнан астам маман қатысты. Қазақтың ең үздік 100 өлеңі мен 50 әңгімесі анықталды. Қазір баспаға дайындалып жатыр.
Негізгі мақсатымыз – әдебиеттің қос қанаты – поэзия мен прозаның үздік үлгілерін, ең алдымен қазақтың өзіне, жас ұрпаққа таныстыру, екіншіден, өзге тілдерге аударып, ұлттық әдебиетті шетелге шығару.
Сәтін салса, жыл соңына дейін шығарамыз ба деген ойымыз бар. 
– Жуырда ғана «Тіл жанашыры» деген медаль алдыңыз. Құтты болсын! 
– Иә, осыдан 4 жыл бұрын, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап жазған «10 причин, почему важно знать и говорить на казахском языке» деген кітап жазғанмын. Марқұм Герольд Бельгер шыққан кезде пікір білдір­ген болатын. Оның алдында «Әдеби әлем» порталын ашуға мұрын­дық болғаным бар. Осы еңбектерді ескеріп, ұсы­ныпты. 
Тіл – барлығымыздың жанды жеріміз. Барлығы да адамның қолымен жасалады. Қайтсек, ана тілімізді жарылқаймыз деген ойдан туған кітап еді. Қазір тіл де тауарға айналып кетті ғой. Құны қаржымен емес, лексикалық қорымен емес, сол тілде жинақталған ақпаратпен және сол тілде сөйлейтін адамның санымен өлшенетін. 6-7 мың тілдің 95-сі ғана мемлекеттік тіл екен. Соның бірі – қазақ тілі. Рейтингте шамамен 40-орында тұр. Сезімге берілмей айтар болсақ, қазіргі қазақ тілінде сөйлейтіндер санымен де, жинақталған ақпаратымен де басқа жұртты қызықтырмасы анық. Сондықтан қазақ тілінің болашағы Қазақстан мемлекеттілігімен тығыз байланысты. Қазақстанда өмір сүріп жүрген жұмысқа жарамды, эконо­микаға бір тиын болса да үлесі бар кез келген адам, қай ұлттан болсын, қай тілде сөйлесін, түптеп келгенде, мемлекеттілік үшін, демек, ұлттық барымыздың берекетіне біліп-білмей қызмет етіп жатыр.
Дайындағандар
Гүлбаршын САБАЕВА,
Тұрсын ҚАЛИМОВА