Басты  /  мақалалар  /  Бекжан ТҰРЫС: Қазақтардың ішінен қазақ іздеп жүрмін мен...

Бекжан ТҰРЫС: Қазақтардың ішінен қазақ іздеп жүрмін мен...

Гүлзина БЕКТАС
2845
Бекжан ТҰРЫС: Қазақтардың ішінен қазақ іздеп жүрмін мен... Қазір заман бұзылды дейміз. Заман емес, адамдар бұзылған секілді. Мейірім мен кешірім жетпейді.Бір-бірімізді талауға әзірміз. Ұрпақ азғындап жатқан бүгінгі қоғамдағы кейбір қауіпті олқылықтар сахна Иесінің қорқынышын тудырмай қоймапты.

Ойға салыпты. Уайымдатыпты. Сондықтан ұлы Мағжан екеуінің арасындағы сыр-сұхбат арқылы ұлтқа жанашырлығын, ағалық ақылын, болашаққа деген қомақты ойларын жеткізгісі келеді. Белгілі актер Бекжан Тұрыстың «Ұлым, саған айтам...» дегендегі ойы да – осы. 

– Бекжан аға, «Ұлым, саған айтам...» деп, ұлтыңызға айтқыңыз келіп отырған не нәрсе? Сізді мазалайтын дерт қандай? 
– Қазіргі қаупіңіз, қорқынышыңыз не десеңіз, бүгінгі ұрпақтың ұлт мінезінен ай­нып бара жатқандығы. Үнемі ұл-қыздарыма айтып отыратыным да осы – «ұлт бойындағы тектілікті тірілтейік» деймін. Қазір мойын­дауымыз керек, бұрынғыдай емес, ұрпақ ұсақталып барады. Тарихын, тегін білмейтін жастар жетіліп шықты. Сондықтан сахнада жастарға айтарымыз көп. Ұстыны бөлек, қазақ дейтін елдің, ешбір ұлтқа ұқсамайтын ерекше халықтың, есігіне ала жіп байлап, алты айшылық жолға алаңсыз шығып кететін қазақтың адалдығын айтқым келеді.
– Кештің форматы бөлек секілді. Әке мен ұлдың диалогынан құрала ма?
– Ұл арқылы бүгінгі өзекті мәселелерді әнмен, жырмен, қара сөзбен жеткізгім ке­леді. Ақ өлең де бар. Мағжанды сол кештің қоздырғыш күші ретінде пайдаланып отыр­мын. 
– Диалог кезінде ұлыңыздың сіздің пікі­ріңізбен келіспейтін де сәттері бола ма?
– Келіспейтін тұстары да бар. Жас­тар­дың бүгінгі көзқарасы мүлдем басқа. Мен өткенді аңсап жылаймын. «Түрің қазақ, ділің дүмбілез һәм дүбәра, батып жатқан күнәра, батпан-батпан күнәға» деп ақ ұрамын. «Қазағымды жылатпашы, құ­дайым!» деп тілеймін. Мағжан болса: «Әке, сіз жылайтындай ештеңе көріп тұрған жоқ­пын. Сан ғасырлар армандаған азатты­ғы­мызға қол жеткіздік. Жастардың қай елде оқығысы келсе де, оқуға мүмкіндігі бар. Жолы ашық» дейді. Соны айтып-айтып келеді де, менің көңіліме жақпайтын бір сөзді тастап жібереді. «Әке, қазақ болайық дей бермей, өзгелердің де көңіліне қараңыз. Қазақстандық бола салайық» дейді. Содан: «Біз – бәрімен бауырмыз, доспыз. Бірлігіміз бірге. Түтініміз түзу шығып жатыр. Олар неге бізді бауыр көрмейді?» деймін. «Олар неге бізді бөтенсіп тұрады?» деп қиналамын.
– Ал әке ше? Баланың сөзіне құлақ аса­тын тұсы бар ма?
– Бар. Өзімнің болмысым қазақы бол­ған соң, ұлымды да солай тәрбиелеуге ты­рыстым. Кейде ұлымның маған: «Әке, сіздің мына көзқарасыңызбен бүгінгі қоғамда өмір сүру мүмкін емес» деп айтатын сәттері болады. «Қазір заман басқа, адам басқа. Сіздердің кездеріңіздегідей тазалық, адал­дық жоқ» дейді. Осы жерде ұлым қателеседі. Барлығын заманға тіреп қоюға болмайды. Барлығына төреші бар, ол – Жаратушы. Біз Жаратушыдан асып ешқайда кете алмай­мыз. Қазаққа қасиетті мінезді Алла көп бер­ген. Қасиетті мінездердің бәрінен айы­рылып бара жатқанымыз рас. Жаһандық жасанды мәдениеттің соңында кетеміз деп, адасып барамыз. Бұл жасанды мәдениет келе­ше­гімізге кемел, болашағымызға бедел бола алмайды. 
– Көбінде өнер адамдары кеш өткізгенде, бенефис жасауға құмар. Сіз ерекшеленіп, жаңа форманы ойлап тауыпсыз. Бұл – кімнің идеясы?
– Қырық жасымда театрдың сахнасында бенефис жасағанмын. Ол кезде Мағжан кішкентай. Кішкентай ұлым бүкіл кештің жүгін арқалап шықты. Елуге келгенде, ер­кек­тің айтар ойы бөлек болады. Елуге келгенде ұлтым деп, ет-жүрегің елжіремесе, езілмесе, онда менің азаматтығым кімге керек? Сондықтан ішімдегі жүрген шерімді, көкірегімді керген кейбір мазасыз ой­ла­рымды әніммен, сөзіммен жеткізсем дей­мін. Сценарийін белгілі ақын Бақыт Бе­делханға жаздырдым. Бақытты күнде қа­сыма отырғызып қойып, бұрынғы сұх­баттарымда айтқан ойларымды жинақтап, бас-аяғын бір қалыпқа келтіріп, жаңа форма ойлап таптық. Сөйтіп, сценарийіміз моноспектакльге айналды. Қазір елді ой­ландырып, ұлтты толғандыратын мәселелер діңкелеп тұр. Қарасаңыз, қаптаған концерт, жеңіл шоу, арзан күлкінің жетегінде кетіп жатыр. Есті көрерменге ой салайыншы, кеше қандай едік, бүгін қандай болып ба­рамыз дегенді айтқым келді. Әнді де тектен-тек айта салмаймын. Ол әндерді таңдап, талғап алуымның да өз себебі бар. Бірінші орындайтын әнім – «Сәби болғым келеді». Ол әнге келуіме де Мағжан екеуміздің арамыздағы диалог себеп болады. «Біздің елдің иттері де қазір қонақ келе жатса, үр­мейді. Өйткені ол – малыңды күзететін қо­раң­ның иті емес, қатты сөз айтуға бол­май­тын зайырлы қоғамның иті» десем, Мағжан менімен мақал жарыстырып: «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» дегенді айтады. «Бұл баяғыда солай еді. Қазір бәрі де тойған жерінде жүре береді. Отан деген ұғымды ұмытқан. Шіркін, үш қасиетті ұғымның ұлылығын ұғынатын ұл көп болса, қанеки! Шерхан ағам айтпақшы: «Бабаларымның қанымен, сүйегімен құнарланған қасиетті топырақтың сүйем жерін сүйіп өсуге бәріміз де міндеттіміз!» Кіндігін туған жердің топырағына байлаған бабаларымыздың тектілігінде ұлт болып ұйысудың пәлсапасы жатқандай. Елім деп еміреніп, ұлтым деп тебіренген кешегі бабаларымның, әлемді әнімен нұрландырған даналарымның бәрі­нің кіндігі топыраққа байланған. Сенің де кіндігің топыраққа байланған еді. Шешем немерелерінің кіндігін перзентханадан сұра­тып алып, топыраққа көміп жататын» деймін. Мағжан менен: «Ал қазір ше?» деп сұрайды. «Қазір күніне дүние есігін ашып, қаншама сәби туылады. Сол бейкүнә сәбилердің кіндігін кімдер кесті? Менің кіндігім қайда тасталып жатыр? Әрине, сұрауы жоқ дүниелер. Топыраққа көмілетін тектілігің қан-жын араласып, қасиеттен жұрдай боп жатыр. Олардың келешегі не болмақ? Осыны ойландық па? Бесіктей жеңіл дүниені неге табыттай ауырлатып алдық?» Осындай сөздермен «Сәби болғым келеді» әніне келеміз. Осы ән арқылы театрдағы аналарымның бейнесін көрсете алсам деймін. Бұл ән – сол кісілерге деген сағынышым, балалық құрметім болады. 
– Сіздің кешіңізге өзге әншілер де қаты­сып, ән сала ма?
– Өзгелер қатыспайды. Тек Мағжан екеу­міз. Театрда көпшілік сахнасына шыға­тын, аналар туралы ән айтқанымда, елес болып ән айтатын актрисалар бар. 
– Өнер адамдарының көпшілігі театр сахнасындағы рөлдерімен, кейіпкерлерінің сөздерімен ұлттың дамуына өзіндік пікірін білдіріп жатады. Сіздің де осы театрдың сах­насында ойнаған рөлдеріңіз жетерлік. Соған қарамастан, ұлттың жайына көп алаңдайсыз. Өнер адамының қоғамға алаңдауы қажет пе? 
– Әрбір өнер адамының сахнадан бөлек өмірі бар емес пе? Ол да – қоғамның бір мү­шесі. Ол да қоғамға алаңдайды. Өзімізден үлкен аға-апаларымыздың көзін көріп өс­тік. Елубай Өмірзақов, Нұрмұхан Жан­тө­рин, Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғай­баев және тағы басқа кіл мықтылардың өнерін тамашаладық. Олардың өнерге адалдығын, қоғамға адалдығын көріп өстік. Соларға еліктедік. Ол азаматтардың еліне, халқына сүйіспеншілігі болмаса, ұлттың тазалығына алаңдамаса, өнерде мықты болуы мүмкін бе еді? Жоқ. Қоғамның дертін сөзбен, өнерімен емдеді. Менің де алаң­дайтыным сол – салауатты ұрпақ өсіп-жетілсе деймін. Диоген қолына шам алып, базардағы адамдардың бетіне түсіріп жүр дейді. «Не істеп жүрсің?» десе, «Адам іздеп жүрмін» деген екен. Сол сияқты мен де – мың қазақтың ішінен қазақ іздеп жүрген жанмын. Осы сөзімді Бақыт әдемі өлеңмен өрбітіп берді.
– Баяғыда қандай едім?
Қазақ едім, ғажап едім.
Ал бүгін...
Бос шелектей даңғырлап,
жұртта қалды зар-мұңым.
Қанталапай тағдырым,
тоналғанда сандығым,
ауып түсіп әнекей,
артта қалды бар жүгім.
Тұлдыр тұлып секілді,
сыртым бүтін көрініп,
ішім іріп кеткендей,
Ет-жүрегім елжіреп. 
Қарай берем айнаға,
Келбетімді көре алмай,
Мынау қазақ дегенге,
Секем алып, сене алмай.
Түрім қазақ, ділім дүмбілез һәм дүбәра.
Батып жатқан күнәра,
Батпан-батпан күнәға.
Таң ағарып атқанмен, 
Күн қызарып батпай ма?
Біреу келіп жұртымның,
Жұқанасын жоқтай ма?
Аманатта обал,
Салауатта сауап жоқ.
Күнім өтіп барады,
Сауалым көп,
Жауап жоқ.
...Мың қазақтың ішінен 
қазақ іздеп жүремін,
Мың азаптың ішінен азап іздеп жүремін.
Өз жерімде өзімді іздеп жүремін,
Қорынғанда қор болған 
сөзімді іздеп жүремін, – деймін. 
Шіркін-ай, қазақтың бойындағы тек­тілікті тірілтсек қой. Кешке дейін бір балаға айта бергеніммен, тірілте аламыз ба? Дәл қасыңда тұрып, теріс айналып кете­тіндер қаншама! Адам мүсіндердің арасында өмір сүріп жүрмін бе деп қорқамын. Бала­ла­рым­ның болашағынан қорқамын. Жаһан­дық мәдениеттің жетегінде кетіп, қазақы құндылықтардан айырылып қала ма деген қауіп басым. 
– Сіз іздеген қазақ мүлдем жоқ па ара­мызда?
– Мүлдем жоқ деп айтуға болмайды. Тым, аз. Ол – шындық. Біз ұстыны бөлек, еш­кімге ұқсамайтын ел едік. Қазақтың кө­кірегі мейірімге толы еді. Қазақтың көкірегі жыр мен сырға қанық еді. Түрмесіз далада қорасыз қой баққан қазақ едік. Ешкімнің ала жібін аттамай, ешбір елге ұқсамайтын ел болудың үлгісін көрсеткен халық едік. Қазіргі адамдардың кейпі, сыйқы бөлек. Тіпті өзімнің айналамдағы өнер адам­дарының көбі атақ пен танымалдылыққа ғана қызмет етеді. «Бекжан атағын алғаннан кейін кешке дейін осы сөздерді айтады» деп кінәлайтын да шығар. Бірақ олар менің атақ алмай тұрғанға дейінгі сұхбаттарымды да оқып көрсін. Альберт Камюдің: «Атақ деген – әшейін қоғамдық-саяси ортаның ойлап тапқан ойыншығы» дейді. Тарихты жасай­тын тұлғалар емес пе? Кейде өнер адамдары туралы жазғанда: «Алаштың қай­раткері», «Алаштың арда ұлы» деп жазады. Сол сөз­дерді оқығанда, ұяламын. Апырай, осылар осы сөзді жазған кезде ойланды ма екен деп. Рас, алаштың қайраткер ұлдары болған. «Жалғанның қадірін» білетін алаш­тың ұлдары жалпақ дүниеден өтіп кетті. Олар ұлт үшін қызмет етті. Біз солар сияқты бола аламыз ба? Өнерде жүрген адамдар өзінің өнерінің төңірегінде қалып қояды. Түскен киносымен, ойнаған спектаклімен, сахнада салған әнімен қалып қояды. Қазіргі телеар­наларды қараңыз. Жаның рахаттанып көре­тін, құлақ құрышың қанатын ештеңе қалған жоқ. Айдаладағы бораттарға қиналып жүр­генде, жанымыздағы бораттар қысыр сөз­бен көрерменді алдап көрерменді таныс­тықты жең ұшынан жалғап, өз ба­сымызға өзіміз қоқыс төгіп жатыр. Қазақ­тың экраны қазақтан басқаға керек емес екенін ұғатын кез жетті. Соны біле тұра, арзан шоуларға, жеңіл думандармен өзі­мізді-өзіміз алдап отырғанымыз. 
– Жаһандануға қарсы тұра алмайтынымыз белгілі. Өйткені қазір жаңа технологияның заманы. Осындай ғарыштық жылдамдықпен дамып отырған кезеңде қазақтың қасиетін сақтап қалу мүмкін бе?
– Өнер адамы болсын, мұғалімдер болсын, кез келген қоғамның мүшесі бәріміз бірігіп қызмет етуіміз керек. Құр жылай бергеннен ештеңе шығара алмаймыз. Қандай болуымыз керек? Қазір қандай болу керектің тетігін сырттан іздейді. Сырттан іздеудің қажеті шамалы. Өзіміздегі бар қас­иеттерді жаңғырта алсақ, соның өзі жет­кілікті. «Сақтардан қалған салтымды, ғұндардан қалған ғұрпымды, түркіден келе жатқан жұртымды қазақы қазыққа байлаған едім. Қазақтың діні мен ділі діңгегі еді, ілімі ілкі жұрттан да ілгері еді» дейтін сөзім бар кешімде. Өйткені бүгінгідей дәрежеге емес, даланың далалық заңы менен салт-дәстүрге бағынып жүрген ел екенімізді еске алсақ, өткенді жаңғыртсақ, ұтарымыз көп. 
– Жоқты іздеп жүрген сияқтысыз. Барға үміт арта аласыз ба?
– Неге артпасқа? Сол аздық етіп жатыр. Содан қорқасың. Барымыз – тарының қауызындай ғана. Үміт арту үшін текті қазақтар көп болуы қажет. Үмітті жоғалтқан адам – ғаріп. Үмітті үзуге болмайды. Тек, бір қорқынышым бар, намысшыл ұрпақ кө­бейді. Намысына тиіп жатсаң да, мыңқ етпейді. Өткен жылы Мәскеулік режиссер біздің театрдың сахнасында «Отилланы» қойды. Ол «спектакльді орысша қоямын» дегенінде, «Бабаларымыз аманат етіп кеткен театр еді бұл. Сахнада қалай орысша сөйлеймін?» деп бас тарттым. Шынымды айтсам, намыстандым. Өз сахнамда неге орысша сөйлеуім керек деп ойладым. Сол режиссер кейін қазақ театры туралы қандай әңгіме айтып кетті. Оны өздеріңіз де оқыдыңыздар. Намыстандық па? Міне, бізге осындай өршіл рух жетіспейді. Ұл рухынан, қыз қылығынан айрылған кезеңде намыстың да бәсі төмендейді. 
Әңгімелескен 
Гүлзина БЕКТАС