Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ғұмыры ғибратты ана

Ғұмыры ғибратты ана

Айқын-ақпарат
717
Ғұмыры ғибратты ана Бағжан ана Мәмбетқызы 1928 жылы Қызылорда облысындағы Қорқыт стансасында өмірге келген. Әкесі Мәмбет пен атасы Кірекес жұртшылыққа танымал, ақылшы, дана кісілер болған.

Білетіндердің айтуына қарағанда, олардың әкесі Қазанбас Шонтаұлы Құнанбай қажымен дос, сыйлас болыпты. Қажымен кіре тартып жүргенде танысқан көрінеді. 

Бірде әңгімелесу үстінде Қазанбастың әйелінің аяғы ауыр екенін білгеннен соң, «інім, егер ұл туса, атын Кірекес» деп қоюын өтініпті. Содан өмірге ұл келіп, оның есімін Кірекес атапты. Сол Кірекес бабамыз кезінде ел тұтқасын ұстап, болыстық қызмет атқарған. Патша жар­лығымен 1901 жылы күміс медальмен және Станислав лентасымен марапатталған.
Бүгінгі Қармақшы ауданының құ­рылуына атсалысқан Алтыруов Тұрмахан, Кірекесов Ермахандар қайраткер азаматтар еді. Солардан тәлім-тәрбие алған Бағжан ана қазақ қызына лайық инабаттылық қасиеттерді сіңіріп, ой түзеді, бой жетті. 1946 жылы жерлесі Қонысбек Төрешұлы Қазантаев ағамызбен отау тікті. Міне, сол кезден бастап Бағжан апа Қонекеңнің бірден-бір жанашыры, қамқоршысы бола білді. Ол Қонысбек аға қызметінің жауапкершілігін терең сезініп, бар өмірін отбасына арнады. Өмірден тоқығаны мол апаның парасат-пайымы, сырбаз да сабырлы қалпы өзімен тұстас, болмаса өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге болды. Сон­дық­тан болар, Сыр елінде Бағжан Мәм­бетқызын «Сыр елінің анасы» деп бекер атамайды, бұл – аса құрмет, ел берген атақ. 
Отағасы Қонысбек Төрешұлы Қа­зантаев асқан білімді болатын. Қар­мақшы, Шиелі, Сырдария, Жалағаш ау­дандарының бірінші хатшысы ретінде адалдықтың, адамгершілік қа­сиет­тері мен тәртіптіліктің үлгісін көрсете білген қоғам қайраткері. 1952 жылдан басталған басшылық қызметі 1988 жылға дейін жалғасып, 35 жылдан астам уақытқа созылды. Үкімет тарапынан Ленин орденімен марапатталды, партия съез­дерінің депутаты, делегаты болды. Қонекең жайлы белгілі жазушылар Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетов ой-пікірін жазды. 
Қонекең мен Бағжан апаның шыққан жері текті тұқым болды. Қанмен берілген сол тектілік құстың қос қанатындай екеуін де абыройлы етті. Қонекең мен Бағжан апа да – Шөмекей руының Бозғылынан тарайтын Қаратамыры. Қаратамырдың Қожасынан тарайтын Былғақ бабамыздан Тәтәмбет батыр (елші), одан Ерназарби туған. Ерназардан Әйтілес би, одан Дайрабай тарайды. Дайрабайдан Қазантай, одан Төреш, Төрештен Қонысбек аға дүниеге келген.
Қазантайдың қосағы – Қазалы уезіндегі атақты билердің бірі әрі батыр атанған Жанай Қабаевтың қызы Жанар. Сол Жанайдан Ерімбет қажы туған. Кезінде Ерімбет Қарақ, Қуандария өзендерінің маңында мешіт салып, халқына рухани рух берген.
Бағжан апа Қонекеңнің абыройын асқақтатып отырды. Намысын қорғады. Оның қызмет істеуіне барлық жағдай жасады. Бүкіл өмірінде бірде-бір рет дауыс көтермепті, тіпті ешқашан реніште де болмаған. Қай кезде, қай мезгілде бол­сын, Бағжан апаның дастарқаны жаюлы болды. Дос-жаран, жанұялы достар ауызбіршілік, сыйластықта бір-бірін құрметтеді. 
Бағжан апа ағайынның, жора-жолдас, құда-жекжаттың тілекқоры, мейірімді қамқоршысы, ардақты анасы болды. Халық үшін, ел үшін еткен адал еңбек еленді, бағаланды, құрметке бөленді, ауыздан- ауызға түспей айтып жүретін дәрежеге жетті. 
 Адамда жақсы қасиет болмаса, бақ та, бақыт та қонбайды. Жақсы қасиет адамға ананың ақ сүтімен дариды. Отағасының абыройы үшін қонағын күтіп, дастарқанын жайып, бірлік пен берекенің ұйытқысы, әулеттің пір-құты бола білді.
Бағжан апа артық дүниеге қызықпады.Балаларына, әулетіне, ағайынға, жарына өмірін арнады. Ағайынға жасаған жақ­сылықты міндет етпеді. Адамдар аналардың барлығы «Бағжан апамыздай болса»  дейтін.
Бағжан апа бірінші кезекке байлық пен мансапты емес, адамгершілікті жоғары орынға қоя білді. Сондықтан да ел ара­сында сый-құрметке, абырой мен беделге  ие болды. 
«Тектіден нар туады, тектілік тұқым қуады» деген сөз бекер емес. Ал екі текті атаның ұрпағынан шыққан перзентінің барлығы да жоғары білімді, елге сыйлы азаматтар болып өсті. Алтын құрсақты анадан Ақкенже есімді қыз дүниеге келді, акушер-гинеколог болып 30 жыл еңбек етті, бүгінде жас мамандарға дәріс беруде. Содан соң Бегім политехникалық институт­ты тәмамдап, өз мамандығымен еңбек етуде. Мәншүк ұлағатты ұстаз болса, Ғалым Алматыда Қазақ ауылшаруашылық институтын бітірді, өз мамандығымен еңбек етуде. Ғанибек – гидромелератор, мұнай факультетін бітіріп, бүгінде Сыр өңірінде Сырдария ауданының әкімі қызметін абыроймен атқарып келеді. «Әке көрген оқ жонар» деп бекер айтылмаған болар. Ең кенже қызы Нәйла пединс­титуттың филология факультетін бітіріп, ұстаз болып еңбек етуде. 
Алты баладан он бір немере, он төрт шөбере көрген абыз ана, шындығында да, бақытты еді. Бағжан апа үлкен отбасының байсалды, парасатты да, береке дарыған қамқоршысы, әулеттің, балаларының немере, шөбересінің сүйікті, абзал анасы бола білді. Айналасындағыларға шуағын шашып жүретін еді. Ол әдемілікті, сұлулықты сүйетін, талғампаз еді. 
Бала-шағасын көргенде ата-ана­ның мерейі тасып, көңілі көтеріледі. Өмірге әр немере, шөбере келген сайын төбелері көкке жеткендей шаттанатын, ұрпағымен мың жасайтындай шүкіршілік етеді. Қонысбек Қазантаев пен зайыбы Бағжан апа тектілерден өрген, тұғыры биік, өнегелі өмір сүруді дәлелдеген жандар еді.
Амал не, қамшының сабындай қысқа ғұмыр да өте шықты. Бағжан апа сексен сегіз жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол елдің аяулы абыз анасы ретінде елдің есінде қалды.Қазір соңынан ерген бала-шағасы, немере-шөберелері бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Олар апаларының өнегелі өмір сыйлағанына қуанады. Бүгінгі тірліктеріне шүкіршілік етеді...

Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Сырдария ауданы, 
Қызылорда облысы