Басты  /  мақалалар  /  «Өмірдің сынағы» көп

«Өмірдің сынағы» көп

Айқын-ақпарат
2085
«Өмірдің сынағы» көп Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдар саны 700 мыңға жуық екен. Қайырымдылық көмектен бөлек, ондай жандардың қоғамда еш кемсітусіз өмір сүре алуына жағдай жасалып, көңіл бөлінуіне бүкіл дүниежүзі мән беруде.

«Ол адамның сенен бар айырмашылығы – сен өз бетіңмен істей алатын әрекеттерді орындау үшін оған сенің көмегің керек». Ал басқа қасиеттері жағынан ол адам сенен еш кем емес, кейде артық болуы да мүмкін. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпарат және ақпараттандыру комитетінің тапсырысымен түсірілген «Өмір сынағы» сериалының да басты айтары – осы. Ал телехикаяны түсірген режиссер Қанағат Мұстафиннің ұстанымы – «Біреуге жәрдеміңді тигізе алатын болсаң, неге көмектеспеске?».

– Телехикаяны түсіру барысында режиссер ретінде сценарийге қаншалықты өзгеріс жасай алдыңыз?
– Режиссер ретінде бұл хикаяға ешқандай өзгерту енгізген жоқпын, өйткені сценарий өте кәсіби жазылған. Телехикая сюжетінің желісі – кәсіби биші қыздың аяқ астынан мүгедек болып қалып, қоларбаға таңылғаннан кейінгі өмірге қай­та бейімделуі, үйренуі туралы. Басты мақсат – біздің қоғамда мүгедек жандарға өмір сүру қан­шалықты қиын екенін көрсету. Біздің елімізде мүгедектерге көңіл аз бөлінетіні рас қой. Осы телехикаяда соны мүмкіндігінше көрсетуге ты­рыстық. Шынымен, мүмкіндігі шектеулі жандар кинотеатрға барса да, дүкенге кірсе де, біздің қоғам оларға дағдыланбаған, өзіне тең көрмейді. Бұл жағынан, телехикая – маңызы зор әлеуметтік драма деп айтса болады. 
– Телехикаяда мүгедек адам образы көп: қоларбаға таңылғандар, зағиптар. Әрқайсысы – бөлек тағдыр, бөлек бейне. Әр образдың дамуы бар, ішкі күйзелісі бар. Осы тұрғыдан өзіңіз үшін адам психологиясының қандай қыр­ларын аша алдыңыз?
– Қатыгездік. Сондай адамдарға қоғамдағы қатыгездік. Дені сау он адамның мүгедек бір жан­ға немқұрайдылықпен жәбір көрсетуі – адам психологиясының маған түсініксіз болып қала беретін тұсы. Бір серияда бас кейіпкер мүгедек­тер арбасымен автобусқа мінетін көріністі түсірдік. Сол сәтте, мүгедек болсаң, жағдайың қиын екенін түсіндім. Қоларбамен автобусқа кіруге мүмкіндік жоқ бізде. Шетелде әр автобус сондай арбамен кіруге арналған пандустармен жабдықталған. Ол автобусқа міне алмады, автобус есігін жауып кетіп қалды. Кейіпкердің сол кездегі дәрменсіздігі, шарасыздығы мүгедек адамдардың біздің қоғамдағы қаншалықты төменшік халде екенін көрсетеді. Мүгедектер арамызда бар. Аз емес, әрине, оларды көп көре бермейміз, өйткені олар көшеге аса бір қажеттіліксіз шыға бермейді. Ал шыға қалса – немқұрайдылық пен кемсітуден зардап шегеді. 
– Мүгедектер тағдырынан бөлек, сериалда отбасылық желі де бар. Ері мен әйелінің қарым-қатынасы, екі-үш ұрпақтың өзара қарым-қа­тынасы. Осы жағынан телехикая қандай жүк арқалап тұр?
– Телехикаямыз тек мүгедектер өмірі туралы ғана емес. Бірнеше отбасылық сюжет бар. От­ба­сын­дағы сыйластық, ұрпақтар сабақтастығы – сериал желісінде қатар өріліп отыратын идея. Ерлі-зайыптылар арасындағы адалдық, әйел адам­ның отбасының ұйытқысы ретіндегі рөлі, от­басы­на адалдығы, бала бақыты жолында қандай да қиын­дыққа төтеп беруге деген әзірлігін көрсет­кіміз келді. 
– Мүгедек адамның санасындағы өзгеріс­терді қалай жеткізе алдыңыздар? Қалыпты өмірден айрылған адамның бойында жүретін өзгерістер қаншалықты ашылды?
– Бұл – мықты әйелдің оқиғасы. Ішкі жігері берік, қайсар, қайратты әйел. Не болса да өзіне адал болып қалу, өмірде қандай қиындыққа тап келсе де мойымай, қайта тірілгендей болып, тіпті бұрынғы өміріне қарағанда белсенді қызметтер атқарып, өзі үшін ғана емес, айналасындағылар үшін де жақсы істер атқаруға ұмтылу – кейіпкер мінезіндегі өсудің көрінісі дер едім. Оқиға бас­тал­ғанда жұбайының сатқындығынан азап шегіп, тек баласының бақыты үшін ғана соған көніп жүрген әлсіз, бақытсыз келіншек соңында батыр, өр кеу­делі тұлғаға айналып, ерінің сыйластығын, махаб­батын қайтарып ала алады. Осының өзі тек адам ішкі жігерін жанығанда ғана мүмкін болатын нәрсе ғой. 
– Телехикаяны түсіру барысында орында­луы қиын көріністер болды ма?
– Бұл – менің алтыншы телехикаям. Сцена­рийді оқыған бетте осы жобаға қызықтым, өйт­кені бұл тақырыпты түсіріп көрмегенмін. Ең қиын көрініс – кейіпкерді қаскүнемдер таудан лақтырып жіберетін тұсы болды. Оны Үшқоңыр жақта түсірдік. Сегіз сахна. Бір күннің ішінде түсіруіміз керек болды және бәрін жарықта ат­қарып шығуымыз тиіс еді. Таңғы алтыдан кешкі алтыға дейін түсіріп шығуымыз керек. Көріністің бәрін каскадерлар ойнады. Бауыржан Әбішевтің командасы кәсіби тұрғыда шебер орындап шық­ты. Менің де кәсіби шеберлігім сынға түскен сәт болды. Сол сыннан сүрінбей өттік деп ойлаймын. 
– Сіз үшін «Өмір сынағы» не және өмірдің сынағы не?
– Өмірдің сынағы... Өмірдің өзі мен үшін үлкен құпия. Шын айтса, екі сағаттан кейін қайда болатынымды білмеймін. Қазір жол жүріп бара жатырмын, сол сапардан қайтамын ба, қайт­пай­мын ба – құдай біледі. Өмірдің сынағы – адам­ның мақсатына жету жолындағы әрекеттері шы­ғар. Әр адам алдына бір үлкен мақсат қояды да, оған жететін саты іспеттес кішкентай мақсаттары болады. Осылайша ғана өмір сүру керек деп ойлай­мын және өзім де солай өмір сүруге тыры­самын. «Өмір сынағы» мен үшін сондай мақсат­тардың бірі, яғни үлкен мақсатыма жету жолын­дағы баспалдақ болды. 
Әңгімелескен 
Гүл БЕКЗАТ