Басты  /  мақалалар  /  Павлодар тілшілеріне сұраныс көп

Павлодар тілшілеріне сұраныс көп

Айқын-ақпарат
1689
Павлодар тілшілеріне сұраныс көп Бауыржан АХМЕТХАНҰЛЫ, «Қазақстан» РТРК» АҚ Павлодар филиалының директоры:

– Биыл «Қазақстан-Павло­дар» телеарнасына мерейлі 50 жыл толып отыр. Арнаның өткені мен бүгініне тоқталып өтсеңіз...
– 1961 жылы Павлодарда биіктігі 160 метр болатын алып телемұнараның құрылысы басталды. Нысанды салуға Кеңес Одағының сол кездегі ең мықты инженерлері мен жобалаушылары қатысты. Телеорталық стратегиялық объектілердің қатарына жат­қызылғандықтан, құрылыс жұмыстары тікелей орталық партия хатшылығының қатаң бақылауында болды. 1965 жылы 7 қарашада Павлодар теле­студиясының алғашқы бағ­дарламасы көрерменге жол тартып, облыс тарихына алтын әріптермен жазылған айтулы оқиға орын алды. Сөйтіп, өз телестудиясы бар Павлодар қаласы еліміздің басқа да шаһарларымен иық теңестіріп, телевизия саласының қалып­тасуына, өркендеуіне өз үлесін қоса бастады. 
Телеарна студиялары кейінгі жылдары бой көтерді. Әуелгі кезде телеорталықтағы тех­никалық жабдықтар небәрі 100 метрлік павильонда орна­ласты. Ол кездегі аппаратураларды қазіргі техникалық жабдық­тармен салыстыруға келмейді. Ол кезде студиялық каме­ра­ларды бірнеше адам жабы­лып жүріп, орнынан әрең қоз­ғайтын. Оператордың бір өзі алып жүретін ықшам техникалар жоқ еді. Студия құруға, сапалы хабарлар жасауға жоғары білікті мамандар қажет болды. Сол кезде Рахат Балтабаев, Әнуар Қалиев, Юрий Петров, Қабиден Оспанов, кейін Жұмасейіт Бижанов, Сұлтан Жолдасов, Шолпан Байғалы сияқты бір топ жалынды қыз-жігіттер келді. 
– Облыстық арна қазіргі на­рықтық заманның талап-үдесінен қаншалықты шығып жүр? 
– Бүгінгі көрермен респуб­ликалық телеарналардан бө­лек, әлемнің кез келген телеарна­сын емін-еркін көре алатын деңгейге жетті. Сол себепті, қазіргі теле­визиялық нарықта бәсекеге қабілетті арнаға айналу оңайға түспейтіні хақ. Кабельдік, спутник жүйелерде жүздеген заманауи телеарна өз өнімін ұсынуда. Солардың тасасында қалып қоймай, аудитория қалыптастыру қажыр-қайрат, еңбекқорлық пен заманауи ойлауды қажет етеді. Бізде контентті күшейтуге қызмет етіп келеміз. Айталық, «Ертіс Inform» жаңалықтар қызметі тәулігіне 10 мәрте қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады. Көрермен қалаған уақытта аймақта орын алған оқиғалар легінен хабардар бола алады. Соңғы 2 жылда жаңалықтар шығарылымының мазмұны мен құрылымына елеулі өзгерістер енгіздік. Бүгінде тілшілердің көбі оқиға орнынан хабар тарады, эфир толықтай Live тәртібінде өтеді. Студияда екі тілді еркін меңгерген кәсіби дикторлар жұмыс істейді. Әрине, кейбір шетелдік теле­арналардағыдай жекеменшік тікұшақ немесе жер серігі жоқ. Десек те, телеарна толықтай сандық жүйеге көшірілген. Ескірген жабдықтар әлемдік деңгейдегі телевизиялық тех­ника түрлерімен алмас­тырылды. 300 шаршы метрлік үлкен студияда соңғы үлгідегі жа­рықтандыру құралдары орна­тылған. Студиялық бағдар­ламалардың барлығы көз­тар­тар­лықтай әдемі зас­тавкалармен, көрнекі баннер­лермен безендірілген. Облыс­тық телеарна бүгінде соңғы үлгідегі технологиялармен жа­рақталған десем болады. Мәселен, биыл 4 жаңа XDCAM форматындағы камералары алынды. Мұндай заманауи камералардың нарықтағы бағасы – 25 мың АҚШ доллары. Бұрын операторлар түсірілім кезінде кассета ауыстырып әуре-сарсаңға түссе, қазір оның орнын флэш-карталар алмас­тырды. Кеңформатты камера­лардың келуімен түсірілім сапасы да арта түсті. Телеарна­ның автопаркі де жаңару үстінде. Журналистер шалғай­дағы аудандарға жиі іссапарға шығатындықтан, жол талға­майтын жаңа көліктер алынды. Бұдан бөлек, телеарна жұмы­сына қажет басқа техникалық құрылғылар алынуда. Мұның бәрі эфирдегі көрсетілім сапа­сын арттыру үшін жасалып жатқан дүние. Осы арқылы біз мыңдаған көрерменді экран алдына жинап отырмыз. 
Бүгінде көптеген рес­пуб­ликалық телеарналар аутсор­сингке тәуелді. Бізде тәулігіне 14 сағат эфир жасалады, оның 6 сағаттан астамы – отандық өнім.
– Сіздің арна өндіріп отырған отандық бағдарламалардың сапасы талғамы биік көрермен сұранысына сай ма? 
– Телевизия саласының қыр-сырын меңгерген кәсіби маман ретінде жергілікті телеарналардың көрерменге көп-көрім дүниелер ұсынып отырғанын айта аламын. Мәселен, телеарнада көптеген ақпараттық-музыкалық бағ­дарламалар бар. «Ертіс таңы» атты сазды ойын-сауық бағ­дарламасын алайық. Дүйсенбі-жұма күндері таңғы сағат жеті мен тоғыз аралығында эфирге жол тартатын бағдарлама көрерменді сергітуге, жақсы көңіл күй сыйлауға бағытталған. Жобаның көрермен тарапынан жақсы қабылданғаны сон­шалық, күн сайын жүздеген адам хабарласып, тақырып аясында ой-пікір бөлісіп жатады. Бұл бағдарламаға былтыр мыңға жуық қонақ келіп қатысқанын ерекше атап өткім келеді. 
«Біздің қала 718» жобасы қаладағы өзекті мәселелерді қамтуға бағытталған. Жақында көрерменге «Однажды вечером» атты тамаша жоба жол тартты. Түнгі сағат онда тікелей эфирде шығатын бағдарламада ға­шықтар арасындағы қарым-қатынас, жұбайлар өмірінде туындайтын түрлі келеңсіз жағдайлар сөз етіледі. Бағдар­ламаның көрермен үшін қы­зықты, тартымды, мазмұнды болуы үшін журналистерге қа­таң талаптар қойылады. А­п­талық-сараптамалық бағ­дарламалардың да аудитория­сы қалыптасты. «Уақыт керуен», «День за днем» сияқты апталық қорытынды бағдарламаларда журналистік зерттеулер, са­рапшы мамандардың пікірлері келтіріледі. Өңірімізге гас­трольдік сапармен ат басын тірейтін эстрада жұлдыздары, кино өнерінің майталмандары, ұлтымыздың аяулы ақын-жазушылары үнемі арнамызға келіп, бағдарламаларға қатысып тұрады. Осы ретте «Жұлдызбен жүздесу» атты бағдарлама бар. 
Кей телеарналар сияқты бағдарламаның бір шығары­лымына қыруар қаржы бөле алмаймыз. Десек те, білікті де іскер жандардың арқасында көштен қалмай келеміз. 
– Телеарнаның 50 жылдық мерейтойына орай қандай ілкімді жобалар жүзеге асыры­луда? 
– Телеарнаның 50 жыл­дығына «50 игі іс» атты жоба жасап жатырмыз. Жоба аясында түрлі қайырымдылық шара­лары, спорттық жарыстар, флэшмобтар өткізілді. Мәселен, көктем айында 85 түп ағаш көшетін отырғызып, Павло­дарда алғашқы журналистер саябағын аштық. «Неге 85 түп?» десеңіз, бүгінде «Қазақстан – Павлодар» телеарнасында 85 қызметкер еңбек етеді. 
Телеарнаның өткені мен бүгінінен сыр шертетін мұражай ашылды. Мұражайға «Қазақ­стан – Павлодар» арнасында еңбек еткен еңселі азаматтар жайлы мәліметтер мен заттай мұралары, сондай-ақ алғашқы камералар, мик­шерлік пульт, лампалы теле­дидар және тағы басқа зама­нында бірегей телеви­зиялық техника саналған заттар қойылды. Телеарна кезінде стратегиялық нысандар қа­тарына кіргендіктен, бұл аумақта құпия бункер сақталған. Болашақта оны да қалпына келтіріп, экскурсия өткізетін орын ретінде пайдаланамыз. Арнаның 50 жылдығына орай ғылыми-практикалық конфе­ренция, жартығасырлық тарихымызды таразылайтын, болашаққа бағдар салатын алқалы жиын өткізу де жоспарда бар. 
Облыстың басты арнасы әрдайым қайырымдылық ша­раларға ұйытқы болады. Жыл сайын телемарафон өткізіп, мүгедек балаларға қаржылай көмек көрсетеміз. Бүгінге дейін телеарна ұжымы жиырмаға жуық кемтар баланың шетелде емделуіне көмектесті. Сондай-ақ 1 маусым – Халықаралық ба­лалар күніне орай, жалғыз­басты әке Ержан Ыбыраевтың үйіне барып, алты баласын мерекесімен құттықтап қайтты. Телеарна атынан плазмалы теледидар мен бүлдіршіндерге тәтті-дәмділерге толы базар­лықтар сыйланды. 
– Дүниежүзілік дағдарыс еліміздің экономикасын айналып өтпеді. Осындай экономикалық қыспақтар облыстық телеарна жұмысына қаншалықты әсер етуде? 
– Павлодар облыстық те­леарнасы елу жылдық тари­хында небір қиын кезеңдерді бастан өткерді. Сонау аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдары ұжым­дағы қызметкерлердің жартысына жуығы қысқартуға ұшырады. Бір жылдары, тіпті адамдардың айлап жалақы алмаған кездері де болған. Алайда облыстық телеарна эфирі бір сәтке де үзілмеді. Өз жұмысына адал жандардың арқасында барлық қиындық­тарды еңсере білді. Қазіргі уақытта «Қазақстан» телера­диокорпорация басшы­лығы тарапынан жан-жақты қолдау көріп отырмыз. 
Телеарнаға жетекшілік ету оңай шаруа емес. Ал дағдарыс кезеңінде бұл міндет одан да ауырлай түседі. Қалай болғанда да, телеарнаның туын жықпай ұстайтынымыз белгілі. Қызмет­керлердің жақсы жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, арнада шығармашы­лық еркіндік бар, оны журна­листердің өздері де, жергілікті басшылық та біледі. «Қазақстан – Павлодар» телеарнасын кадр­лар ұстаханасы деп атайды. Астана, Алматы қалаларында Павло­дардан келген мамандарға сұраныс көп. Осындай жағымды имидж қалыптастырған меке­меде ешқандай қиындықтар болмайды деп сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет. Мерей­той құтты болсын!

Қуандық ТАНАБАС