Басты  /  мақалалар  /  Берік УӘЛИ: Басты мақсат – ұлттың ортақ құндылықтарын жүзеге асыру

Берік УӘЛИ: Басты мақсат – ұлттың ортақ құндылықтарын жүзеге асыру

Серікбол ХАСАН
2939
Берік УӘЛИ: Басты мақсат – ұлттың ортақ құндылықтарын жүзеге асыру Таразда өтіп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік шаралар жалғасын тапты.

 Соның негізгілері ретінде «Нұр Отан» партиясының тікелей қолдауымен Мәңгілік ел ақындар айтысы және халықаралық «Еуразия Барысы» турнирі болды. Осы орайда біз «Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәлимен сұхбаттасып, Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған іс-шаралардың маңыздылығы туралы сұрадық. 

– Берік Құрманғалиұлы, Тараз төрінде өтіп жатқан халықаралық ақындар айты­сының шымылдығын өзіңіз ашып бердіңіз. Мұндай шараның Тараз шаһарында өтуінің де бір мәні бар шығар?
– Әрине, бұл шараның Таразда өтуінің өзі тарихи мән-мағынаға ие. Себебі Шу мен Қозыбасы өңірі Ұлы даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, біздерге аманат еткен бабалары­мыздың алғаш ту тіккен жері екені барша­ңызға аян.  Мемлекеттігімізге негіз болған осынау тарихи оқиғаға 550 жыл толуын биылғы жылы Елбасының бас болуымен барша ел болып, кең көлемде атап өтудеміз. Сондай шаралардың бірі – осы ақындар айтысы. Бұл ақындар додасына еліміздің түкпір-түкпірінен және көрші Қытай, Моңғолия елдерінен келген 26 жүйрік ақын қатысты. 
– Жасыратыны жоқ, Елбасының қамқор­лығының арқасында айтыс өнері жаңа белеске көтерілді. Айтыс бұқара мен билік арасындағы алтын көпір болды десек те қателеспейтін шығармыз. 
– Әрине, төл өнеріміз мемлекеттің қам­қорлығымен даму биігіне көтеріліп, елге рух беретін, ынтымағын нығайтатын, сон­дай-ақ әлеуметтің көкейкесті мәселелерін ашық айтып, оның шешілуіне ықпал ете алатын тетікке айналды. Тәуелсіз ел болған 24 жыл бойы жер-жерде ұйымдастырылған үлкенді-кішілі айтыс елдігімізді, бірлігімізді жырлады. Қазақтың айтыс өнеріне, ұлттық спортына, басқа да рухани шараларға жүйелі қолдау көрсету – «Нұр Отанның» елі үшін атқарар қызметінің ажырамас бөлігі. «Нұр Отан» үшін айтысты қолдау – ұлттық өнерге қамқорлықпен қатар, халқымыздың мұң-мұқтажынан тікелей ақпарат алудың, елге жақын болудың жолы. 
– Бұл жолғы айтыстың тақырыбы, Мәңгілік ел тақырыбында өрбіді. Қалай ойлайсыз, айтыскерлеріміз осы зор тақырыптың аясын аша алды ма? 
– Иә, айтыстың тақырыбы сонау Тоныкөктен бері келе жатқан, Елбасы сарабдал саясатына өзек еткен – Мәңгілік ел идеясы. Сондықтан да ақындарымыз елімізді әлемге танытқан жасампаз істердің баянды болуын жырларына арқау етті. Сөз майталмандары екі күн бойы өнерсүйер қауымды рухты жырымен сусындатып, елдігімізді, бабаларымыздың теңдессіз ерлігін, тәуелсіздікті жырлады. «Нұр Отан» партия­сының қолдауымен ұйымдас­тырылған бүгінгі халықаралық айтыс – Қазақ хандығының 550 жыл­дығына арналып, жер-жерде өт­кізілген ақындар додасының қоры­тындысы болды. 
– Сонымен қатар Таразда «Еуразия барысы» халықаралық турнирі өтті. Бұл шараға да «Нұр Отан» қолдау білдірді. Жетекші партияның қазақ күресінің жана­шырына айналғанын елдікті, патриотизмді қалып­тастыруға арналған қадам деп түсінуге болады екен.
– Халқымыздың өнері мен мәдение­тін, руханиятын қолдауды өзінің саяси доктринасында басымдық ретінде белгілеген «Нұр Отан» партиясы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстарды қолға алуда. Осы орайда партия бірнеше жылдан бері қазақ күресінен Елбасы жүлдесі үшін болатын «Қазақстан Барысы» жобасына қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде қазақ күресі Қазақстандағы ең танымал әрі жұрт жаппай айналысатын спорт түріне айналды. 2011 жылдан бастап биылғы жылға дейін онымен шұғылданушылар саны екі есеге артып, 120 мың адамға жетті. Жобаның телевизиялық ау­диториясының жиынтық көрсеткіші шамамен 1,3 миллиард адамды құрады. Сонымен бірге турнир әлемнің 126-дан астам еліне тікелей трансляция­ланады. Осынау жобаның арқасында ұлттық күрес елімізде ғана емес, сырт елдерде де, атап айтқанда, Литва, Польша, Эстония, Ресей, Грекия, Түркия, Иран, Ұлыбрита­ния сияқты мемлекеттерде де қанатын жая бастады. Қазіргі күні қазақ күресін олимпиадалық спорт түрлері тізіміне қосу жөнінде іс-қимылдар қолға алынып жатқаны да көңілге қуаныш ұялатады. 
– Рас, «Қазақстан Барысы» жобасы қазақ күресінің атын жаһанға жайып, еліміздің ұлттық брендіне айналды. Болашақта да осы бағытынан таймауын тілейміз! 
– Биылғы жылы елордада Астана күні қарсаңында «Қазақстан Барысының» 5-мерейтойлық турнирі өтті. Ата заңымыз бен Қазақстан халқы ассам­блеясының 20 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты айтулы мерекелерге арналған дүбірлі додаға Елбасының өзі қатысуы жобаның маңыздылығын одан әрі арттыра түсті. 2013 жылдан бері халық­а­ралық «Еуразия Барысы» турнирін өт­кізудің арқасында «Қазақстан Барысы» еліміздің брендіне айналды десе де бо­ла­ды. Осынау шараларды қолға алудағы бас­ты мақсат – ұлтқа ортақ құн­дылық­тар­ды жүзеге асыра отырып, Елбасы ұсынған Халықтық 5 реформада айтыл­ғандай, болашағы біртұтас, жасампаз ұлттың негізін қалыптастыру, Мәңгілік елге көш түзеу. Сол себепті осы жобаны ұйым­дас­тырудың басы-қасында жүрген азамат­тарға үлкен алғыс біл­діремін.

 

Сұхбаттасқан Серікбол ХАСАН