Негізгі бет  /  мақалалар  /  Одақтағы ортақ валюта елесі

Одақтағы ортақ валюта елесі

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
1761
Одақтағы ортақ валюта елесі Соңғы кезде Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа кіретін мемлекеттер арасында «көп ұзамай ортақ валюта енеді екен» деген алыпқашпа әңгіме көбейіп кетті. Оған себеп те жоқ емес.

Өйткені осы одаққа кіретін елдердің ұлттық валюталары күрт құнсыздануы осындай сыбыстың тууына арқау болуда. 

Рас, бұған дейін де «әлемде екі жаңа валюта шығады» деген болжам жасалған. Оның біріншісі – АҚШ долларын айырбастайтын Аmero, екіншісі Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберінде дүниеге келетін ортақ ақша – алтын. Аmero 2020 жылы айналымға енеді» деген әңгіме бар. «Доллардың нарықтағы әлеуеті күшейіп, Ресей мен Қытайдың һәм Латын Америкасы елдерінің ұлттық валюталары құнсызданып жатқанда, Аmero-ның жарыққа шығуына жол болсын» деп уәж айтып жатқандар баршылық. Бірақ доллардың орнын Аmero басуы тиіс деген пікір басым. Неге? Басты себептердің бірі – АҚШ-тың сыртқы қарызы 18 триллион доллардан асып кетті. Бұл жыл санап өсіп бара жатыр. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес. АҚШ-ты аман сақтау үшін жедел өзге қаржы тетігі керек. Ол – жаңа валюта. Ал долларды айырбастайтын жаңа валюта 1999 жылдан бастап АҚШ, тұтастай ал­ғанда Солтүстік Америка құрылы­ғында сөз болып келеді. 
Сол жылы ең алғашқы болып канадалық экономист Герберт Грубель еуропалық евро секілді Солтүстік Американың ортақ ақшасы болса деген ой тастап, оның тиімділігін талдап берген (АҚШ, Канада және Мексиканың ортақ қаржысы). Бұл валюта жүре келе айналадағы Коста-Рика, Перу, Гондурас, Панама, Бермуд және Барбадос секілді ұсақ мемлекет­тердің де негізгі қаржысына айналуы тиіс. 
Қазір осы мәселе бойынша жасы­рын дайындық жедел жүргізіліп жат­қанға ұқсайды. Ал Еуразиялық эко­но­микалық одақтың (ЕЭО) аясында өмірге келетін ортақ валюта жөнінде Кеден одағы құрылған 2011 жылдан бері айтылып келеді. Әсіресе, ЕЭО жұмысын бастаған жаңа жылдан бері бұл сарапшылар мен қаржыгер-эко­номистердің жиі қозғайтын тақы­рыбына айналды. Шынтуай­тында, ортақ ақша одақтың келісімі бойын-­ша 2025 жылға қарсы айналымға шығуы тиіс. Десек те, Ресей пре­зиденті Владимир Путин наурыз айында Орталық банк пен Үкіметке қыр­күйектің 1-не дейін Еуразия экономи­калық одағына мүше-елдердің орталық банктерімен бірлесіп ЕЭО аясында валюта одағын құру мүм­кіндігі туралы мәселені талқы­лауды тапсырғаны белгілі. 
Одан кейін Астанада өткен Ресей, Беларусь және Қазақстан мемлекет басшылары кездесуінде Путин тағы да осы ортақ валюта мәселесін қоз­ғағаны белгілі. Әрине, ортақ төлем құралын енгізу бір күндік, не болмаса бір жылда шешіле қалатын нәрсе емес. РФ Үкіметі басшысының бірін­ші орынбасары Игорь Шувалов: «Инфляцияның өлшемдері мен эко­номикадағы тұрақтылық өлшем­дері бес елдің арасында тепе-теңдік күйін таппай жатып одақ көлемінде мо­нетарлы-валюта нарығын қалып­тастыруға асығуымыз дұрыс емес. Жақсылап ойланып, бәрін есепке алуымыз керек» дейді. 
Ал қазақстандық қаржыгер-сарапшы Илияс Исаев: «ЕЭО кө­лемінде ортақ валюта енгізуге әлі ерте. Ортақ қаржылық орта болу үшін макроэкономикалық көрсеткіштер теңесуі тиіс. Мәселен, инфляциялық деңгей, мемлекеттік бюджет тапшы­лығы, ақша-несие саясаты, пайыздық ставкалардың деңгейі, салықтар деңгейі, валюталық заңдар т.б. бірдей болуы шарт. Мәселен, Еуропа ортақ қаржылық нарыққа 50 жыл жүріп жетті. 1950 жылы ең алғаш рет ортақ ақшаға жету үшін Еуропалық төлем одағын құрды. Сегіз жыл өткен соң, яғни 1958 жылы оны Еуропалық валюталық келісім деп өзгертті. Ал 1970 жылдары Еуропалық валюталық одақ деп тағы өзгерді. Одан кейін Еуропалық есеп айырысу бірлігі деп аталып, осы жылдары ең алғашқы ортақ ақша экю дүниеге келді. Бірақ ол тұста Еуропа елдерінің экономи­калық деңгейі әртүрлі болды. Бұдан кейін доллардың қысымы да жоғары еді. Осы факторлар экюге әсер етті де, ортақ қаржы айналымнан шығып қалды. Осы кемшіліктердің бәрін реттеген соң ғана, Еуропа елдері 2000 жылы евроны айналымға енгізді. Яғни, Еуропа мемлекеттері ортақ валютаға 50 жылдан кейін ғана қол жеткізе алды. Ал біз Еуразиялық эконо­микалық одақты биыл ғана айналымға енгізіп, арада 5-6 ай өткен соң, ортақ қаржы нарығын құрам деу, ақылға сыйымсыз» дегенді айтады. 
Тіпті кейбір сарапшылар «Ресей ортақ ақшадан бұрын құнсызданып кеткен рубльді қалыпқа келтіріп алғаны жөн. Қажет етсе, рубльдің орнына өзге төлем құралын енгізсін» деседі. Жалпы, ортақ валюта туралы пікір, болжам көп. Саяси ғылымдар докторы, профессор Сейілбек Мұсатаев: «Мәселе ақшада тұрған жоқ. Экономиканың нақты салала­рының әлсіздігі. Ресейге қарсы Батыс санкция салып, мұнай бағасын құ­латып еді, не болды? Тек мұнай мен газға ғана сүйенген экономикасы шатқаяқтап сала берді. Күйзеліс басталды. Банктер тығырыққа тірелді. Рубль дем де құнсызданып шыға келді. Мұндай жағдайда ешқандай жаңа ақша Ресейді де, Еуразиялық экономикалық одақты да құтқара алмайды» десе, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Аккре­дитация, рейтинг және сапаны басқару орталығының директоры, заң ғылымдарының кандидаты Шыңғыс Ергөбек: «Валюталық одақтың кем­шін тұстарының бірі мынада: ва­люталық одақ экономикалық еге­мендікті шектейді. Интеграцияның жеткілікті дәрежесіне көтерілмеген мемлекеттердің ортақ валюта енгізуі, ұлттық экономикаларды реттеудің маңызды құралы болып табылатын валюталық реттеуден айырылып қа­лады. Бұған Еуропалық одақ елде­рінің ішінде болып жатқан дағдарыста ұлттық үкіметтің әлсіздігі көрінді. Мұнда аталмыш елдер өз тауарла­рының бәсекеге қабілеттігін валюта бағамын құнсыздандыру арқылы арттыру мүмкіндігінен айырылған. Дағдарысты басынан өткеріп отырған елдер бүгінгі күннің өзінде жалақылар мен әлеуметтік төлемдерді, даму бағдарламаларын, яғни мемлекеттік шығындарды қысқарту арқылы ғана экономиканы реттеп отыр. Бірақ бұл саясат мәңгілік жалғасуы мүмкін емес. Себебі, мемлекет өзінің әлеу­меттік міндеткерліктерін тұрақты түрде қысқарта алмайтындығы белгілі. Ол әлеуметтік дағдарысқа әкелуі мүмкін. Нәтижесінде, бүгін Еуроодақтың көлемінде еуроаймақ ыдырауы кәдік. Тіпті Еуропалық одақтың өзінде еуроаймақ ұғымы бар. Бұл – евроны валюта ретінде қа­былдаған аймақ. Ал кейбір Еуропа­лық елдер Еуроодаққа мүше болғанымен еуроаймаққа кіруді көздемейді. Бұл өз кезегінде валюталық реттеу мүм­кіндігінен бас тартқысы келмейтін елдер. Ал енді осындай дағдарысты басынан кешіріп отырған Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық деңгейін салыстырар болсақ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ортақ валютаның енгізілуінің әлі алыста екендігін түсінеміз. Сондықтан бүгінгі күні саяси мүдденің жетегінде жүрген Ресейдің артына еріп ортақ валюта енгізу экономикалық бодандыққа алып келуі мүмкін екендігін ұмыт­паған орынды болар» дейді. 
Дәл осындай пікірді бұдан біраз бұрын «Қазақстан xалық банкінің» басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова да айтқан болатын. «Біз алтындық-валюталық қорлары, салықтық, қар­жылық саясаты әртүрлі елдердің бірігуі кезінде көптеген сауал мен мәселе туындайтынын көріп отырмыз. Алдымен осындай мәселе­лер шешімін тауып алуы тиіс. Содан кейін ғана ортақ валютаға қатысты реформалар жүргізуге болады. Сон­дық­тан бұл тұрғыда Қазақстан өз мүд­де­сін қорғауы тиіс деп ойлаймын» де­ген «Қазақстан xалық банкінің» бас­шысы. 
Қысқасы оның айтуынша, ортақ валюта енгізу үшін, ортақ талқыға салынып, ортақ қағидаттар енгізілуі тиіс. Ал онсыз жасалған тірлік валюталық тәуелсіздікті жоғалту, одан әрі саяси тәуелсіздікті жоғалтуға тура келетін көрінеді. Жалпы, кім қалай айтса да, ЕЭО кіретін мемлекеттердің ұлттық валюталары құнсызданған сайын ел арасында «көп ұзамай ортақ валюта шығады екен. Жаңа жылды жаңа валютамен қарсы аламыз» деген сөз көбейіп барады. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» деген­дей, бұл болжамдардың да өзегінде бір шындық жатуы мүмкін.