Басты  /  мақалалар  /  «Балапан» – тәрбие құралы емес

«Балапан» – тәрбие құралы емес

Айдана НҰРМҰХАН
2949
«Балапан» – тәрбие құралы емес Ләйла СҰЛТАНҚЫЗЫ, «Балапан» телеарнасының директоры-жүргізуші:

– Телеарнаның 5 жылдық мерейтойы құтты болсын! Осыдан 5 жыл бұрын «Балапан» қандай еді? 
– Осыдан 5 жыл бұрын отандық өнім 30% құраса, бүгінде 70 пайыз. Демек, отан­дық өнімнің жоғары деңгейде дамығанын байқаймыз. 2010 жылы бағдарламаларда 3 жанрлық бағыт қамтылды, бүгінде 15 жанрға бағытталған 30 бағдарламаға тапсырыс берілді. Әлемдегі ең ірі анимациялық Disney, DreamWorks сияқты ірі компания­лардың өнімдерін беріп жатырмыз. Осы жылдар аралығында бірнеше шетелдік көрмелерге қатысып, бағ­дарламаларымызды ұсындық. Соның ішінде балаларға арналған алғашқы телехикаялар «Санжар мен Қайсар», та­нымдық бағдарлама «Кәсібің-нәсібің» бағдарламасы ағылшын тіліне аударылып, түрлі байқауларға қатысты. Тұңғыш рет телеарна тапсырысы бойынша Motion Capture жанрында үш сериядан тұратын «Батырлар» анимациялық сериалы көрсетілді. 2012 жылдан бастап, бағдарламалар жоспарын құру мақсатында Қазақстанның барлық өңірлерінің көрермендері арасында сауалнама жүргізу, фокус-группа өткізу қолға алынды. 1500-ге жуық балақай қатысқан сауалнама 2015 жылы 15 мыңға дейін жетті. Фокус-группа жылына екі рет өткізіліп тұрады. Алматы, Астана қала­ларындағы қуыр­шақ театрлары, Білім ми­нистрлігі, Оқушылар сара­йымен жұмыс жасадық. 
– «Балапан» телеарнасы қанша пайыз аутсорсингте? Және аутсорсинг компаниялар жасайтын өнімдер телеарна тарапынан қалай қадаға­ла­нады? 
– «Балапан» – 100 пайыз аут­сор­сингте. Жобаларды жа­сайтын барлық қызметкерлер­дің басын қоссақ, 300-400-ден асып кетеді. Өйткені кемінде жылына 25-30 бағдарлама шығады. Әр бағдарламаның артында аз дегенде 10-20 адам істейді. Мәселе – олардың ресми түрде «Балапан» арна­сында істейді деп тіркелмеген­дігі ғана. Жиырма бір адам деп отыр­ғанымыз – бұл негізі әкімшілік қызметкерлер. Яғни ол бас­шысы, бас редакторы, бас ре­жиссері деген сияқты. Және осы ресми топ қадағалайды. А-дан бастап я-ға дейінгі инстанцияның бәрі біздің тараптан қадағалауда болады. Рәсімделуі, студиясы, жарығы, дыбысы, сценарийі барлығын тексереміз. Түсірілді деген аты болмаса, қалғаны бізге келгенде қате табылып, 5 рет қайтып кетуі мүмкін. Оның жұмыс ауқымы өте үлкен. Мәселен, бес адам қабылдап алуға жауапты болса, сол бес адам күндіз-түні әкелінген өнімді қайта-қайта қараумен болады. Сыртта жасалған өнімнің өзіндік қиындығы бар. Сырт сенің тіліңді түсінбеуі мүмкін, сенің бекітіп берген сценарийіңмен жұмыс істемеуі мүмкін, түсіріп қойғаннан кейін «көк көйлек ки» деген адам қызыл көйлек киіп шығуы мүмкін. Өзіміз жасай салған жеңілірек көрінеді кейде.
– «Балапанның» өз жобала­ры – көбіне тікелей эфирлер. Бұдан бөлек қандай бағдарла­маларды арна өзі жасайды? 
– «Балапан» телеарнасы аптасына бес күн екі реттен тікелей эфирге «Ойлан, тап!» бағдарламасы, сенбі, жексенбі күндері «1000 түрлі сұрақ» бағдарламасын береді. Бұдан бөлек әртүрлі конкурстар ұйымдастырып, түсірілімін эфирден береді. Еліміздегі ме­реке, мейрам күндерінде іс-ша­ралар өткізіп, эфирден береді. 
– Телеарнадағы шетелдік және отандық өнімдердің рей­тингі қандай? Отандық өнімдерге сұраныс бар ма? 
– Биыл отандық өніміміз 70%- ға жетті. Олар телехи­каялар, бағдарламалар, мультитоптамалар. Рейтингі жаман емес. Дегенмен, «тыйым салынған жеміс дәмді болады» демекші, баланың оған деген қызығушылығы одан бетер артуы мүмкін. Біз ақпараттық алаңды жаба алмаймыз. Nickelodeon мен Cartoon-ді көргені көрген. Бірақ мәселе тағы да ата-анаға келіп тіреледі. Ата-ана түсінуі керек. «Спанч бобты» көрмесін деп айтпайық. Балаңыз «Спанч бобты» көрсін. Бірақ оның жақсы жақтарын алсын. Мен де баламның «Спанч бобты» көргенін қаламаймын. Бірақ ол тығылып көреді. Бала соны көре отырып, сенімен бірге талқылайтын жағдайға жетуі керек. Баламен бірге көрген соң, бала «анашым ол неге олай ойлайды?» деп сұрау керек. Бала сенімен тал­қылаған жағдайда сен оның дұрыс-бұрыстығын бақылап отырасың. «Қарашы мына жерде, Спанч боб дұрыс істемеді ғой, досын сатуға бола ма?» десе, бала өзі ілесіп алып кетеді.
– Ұсынылатын өнімдер ба­лалардың жас айырма­шылы­ғына байланысты бөліне ме? Телеарнаның блогтық сеткасы туралы айтып өтсеңіз? 
– Біз басқа да шетелдік арналардың хабар тарату сеткасымен таныса келе, бала назарын психологиялық тұр­ғыдан зерттей отырып, инте­рактивті бағдарламаға сұра­ныстың көбеюі нәтижесінде, орыстілді аудиторияны тарту мақсатында сеткаға үздік деген толықметражды анимация­ны қосу арқылы телеарнаның ха­­бар тарату сеткасын 2014 жылдың қаңтарынан бастап блогтық жүйеге көшірдік. Блок арасын интерактивті тікелей хабар байланыстырады. Эфир жабу өте қиын. Бір күнде 14 сағат эфир болса, 14 сағат баланың жасына байланысты 3 блокқа бөлінеді: түске дейін оқитындар, түстен кейін оқитындар және отбасымен бірге көретін дү­ниелер. Яғни бір күндік хабар тарату сеткасы: 4 сағат 55 ми­нуттан 2 блок және 4 сағаттан 20 минут 1 блоктан құралады.
– Телеарнада кейбір бағдар­ламалар қайталанып жатады. Неліктен?
Негізі, жылына біз 3-4 ай ғана жаңарамыз. Қалған ай­ларда қайталаумен өтеміз. Бұл – әлемдегі барлық балалар арнасында бар құбылыс. Кейде бас салып сөгу оңай. Біздікілер «ой, мен көріп қойдым мұны» деп сынай салады. Мәселе онда емес, сіз балаңызға таңнан кешке дейін «Балапанды» көрсетіп қойғаныңыз дұрыс емес. Бала ешуақытта таңнан кешке дейін теледидар қарамауы керек, ата-ана соған жауапты. Сіз балаңызға 1 сағат көрсетіңіз соның өзі жеткілікті, ары кетсе 2 сағат көрсетіңіз, бірақ одан көп көрсетпеңіз. «Балапан» сізге тәрбие құралы емес, біздің бар мақсатымыз – балаңыздың тәрбиесіне әйтеуір бір ықпал ететін бағдарламалар жасау. Біз ата-аналарға дұрыс түсіндіргіміз келеді. Бұл – телеарна.
– Арнада шетелдік мульт­фильмдер көп. Бұл мәселе қалай қадағаланады?
– Шетелдік продукциялар­дың әрқайсысын қарап отыра­тын телеарнада арнайы бөлім бар. Кино бөлімі деп аталады. Менің өзім де қатысамын бұл жұмысқа. Бізде арнайы бекі­тілген тиым салынған сөздеріміз болады. Мысалы, «есуас», «топас», «ақымақ», жасөс­пірімдерге арналған сериалдарда «гей», «гармоның басыңа шығып кетті ме?» деген сияқты сөздерге тиым бар, біз мұндай сөздерді синоним сөздермен алмастырып, жеңілдетеміз. Одан бөлек, ұлтаралық, діни тақырыптарда өте мұқият боламыз.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай? 
– Жоспарымыз көп. Жас буынның «интеллект» иесі, білімді, мәдениетті, саналы, еңбексүйгіш болып өсуіне жұмыстар жасау. 

Сұхбаттасқан
Айдана НҰРМҰХАН