Негізгі бет  /  мақалалар  /  Еуропаның екінші рет ұрлануы

Еуропаның екінші рет ұрлануы

Төреғали ТӘШЕНОВ
1114
Еуропаның екінші рет ұрлануы Әлем елдерінің басым көпшілігінің Еуропаға ертегі еліндей еліктеп, үлгі тұтатыны бесенеден белгілі. «Еуро­жөн­деу», «еуростандарт» деп сөйлемесек біздің де тіліміздің құшыры қанбайды.

 Бәріміздің жолбастаушы жұлдызымыздай болған сол кәрі Еуропа әлемнің көз алдында екінші рет ұрланғалы жатыр. Біріншісі – «Еуропаның ұрлануы» деген әйгілі картина, оған негіз болған көне грек аңызын білеміз. Ал Еуропаны екінші рет тапа тал түсте, әлем жұртының көз алдында босқындар ұрлап кеткелі отыр. Дұрысы, босқындардың өздері емес, олардың артында тұрған көрінбейтін әлеуеті күшті қолдар. Саясат серкелері солай деп отыр. 

Еуропа бүгінгі мамыражай тоқ күйіне тегін жеткен жоқ. Көне тарихы қан са­сиды. Оба ауруы, инквизация, крест жорық­та­рынан көз ашпаған. Адамзат тарихындағы екі дүниежүзілік соғыстың да оты Еуропада тұтанған. Еуропа тарихы дегенде Наполеон, Гитлер, Варфолемей түні, концлагерь, фашизм, гетто еріксіз еске түседі. Бір еуро­палық ел екінші еуропалық елді аяусыз бомбаның астына алған. Англия мен Франция үздіксіз жүз жыл соғысқан. Германия бүкіл Еуропаны басып алған. Балқан елдері ХХІ ғасырға қан сасыған соғыспен жетті. Екінші дүние­жүзілік соғыстан соң ғана бейбіт өмірге қол жеткіз­гені болмаса, Еуропаның өткен тарихында қантөгіссіз күн болмаған. Ендеше, бүгінгі мамыражай тоқмейіл Еуропа қанша жерден сұлу көрінсе де, бетпердесін ысырсаң, ар жағынан жасандылығы көрініп қалатын кексе сылқымдай. Неліктен? Өйткені Еуро­паның халқы өте тығыз орналасқан, оның үстіне жерасты байлығына өте кедей. Сондықтан да Еуропа ежелден бір-бірінің, ал соңғы елу жылда Азия мен Африканың және Таяу Шығыстың есебінен гүлденіп келді. 
Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Батыс Еуропаны КСРО-ға қарсы пай­далану үшін АҚШ пен Ұлыбритания барынша дамытуға күш салды. Со­циа­лизмге қарсы капитализмнің күш-қайратын осылайша, әлемге танытты. КСРО-да өзіне қарасты Шығыс Еуропа елдеріне қолынан келгенше донор болды. Осылайша, Еуропа соңғы елу жылдағы ересен байлыққа өзгенің есебінен қол жеткізді деуге болады. 
Социалистік лагерь жойылған соң, енді АҚШ пен Ұлыбританияға Еуропаны гүлдендірудің түкке керегі болмай қалды. Керек болған күнде де, оны гүлдендіретін ресурс жоқ. Африка тоналып біткен. Таяу Шығыстың тең жартысы тоналып, қан қасап соғыс жүруде. Өндірістің бәрі арзан жұмыс күші көп Азия елдеріне көшірілген. Енді не істеу керек? Енді Еуропаның капиталы, құндылығы, мықты ғалымдары мен оқымыстыларының АҚШ-қа барып тығылғаннан басқа қайраны жоқ. Қалғандары Англияға немесе Германияға жұмыс істеуі тиіс. Оның ар жағында, әрине, алпауыт АҚШ тұр. 
Еуропаны екінші рет ұрлағалы отырғандар – Еуроодаққа миллиондаған босқындарды бұрып жібергендер. Әрине, Еуропаның өзінің колониясы болған елдерден мигранттарды қабылдауына тарихи процестің де тамшыдай болсын үлесі бар. Дегенмен, босқындардың мұншалықты босуында өздеріне жайлы да жұмақ жер іздеуден де басқа мүдде жасырулы жатқандай. Неге дейсіз бе? Ирак пен Ливия, Сирия өздігінен қираған жоқ, ИГИЛ жоқ жерден пайда болған жоқ. Каддафи өзін-өзі өлтірген жоқ. Енді міне, Еуропаға миллиондаған босқындар төгі­ліп жатыр. Бұл әлі басы ғана сияқты. Енді оны тоқтату қиын. Оның бәрін кәрі құр­лық қабылдауға дайын ба? Бос­қын­дарды тоқтату үшін Сирия мен Иракта, Ливияда бейбітшілік орнауы тиіс. Ал оның орнағысы, дұрысы, ор­натқысы жоқ. 
Сырт елдерден келген мұсылман­дар­дан құтыла алмай жүргенін бұрын да қақсаумен жүрген Еуропа енді одан он есе көп босқынды қабылдауға мәжбүр. Дәл сол кезде толеранттылығымен танылған Еуропаның бетпердесі ашылып, тарихтан таныс жүзі жарқ ете қалуы әбден мүмкін. Өйткені Еуроодақты мигранттар аралына айналдыру әлдекімдердің көптен көк­сеген арманы екені айқын аңғарылып келе жатқандай. Ал Еуропаның ежелгі халқы Гитлер мен Муссолинидің идеясын қайта есіне түсірсе, жетіп жатыр. 


Еуропа елдері қазір қай ел қанша бос­қын қабылдауы керек деген мәселемен басы қатып жатыр. Сарапшылар босқын­дардың ағылуын Ротшильдердің еуро­палық халықтардың мәдениетіне қарсы жариялаған соғысы деп бағалауда. Босқындардың Еуроодаққа жету жолын қаржыландырып отырған сол Ротшильдер екені анық. Олардың көздегені – ха­лық­тарды бір-бірімен мидай сапы­рылыс­тырып, тамырынан, ұлттық құндылы­ғы­нан, отанынан айыру. Сонда қарны тоқ болса болды, адамзатты момын қой секілді басқару өздеріне оңайға түседі. Әйтпесе, араб пен немісті байланысты­ратын ортақ нәрсе бар ма? Біздіңше, жоқ. Оның үстіне Еуропаға келіп жатқандар­дың сексен пайыздайы жас жігіттер. Олардың арасында босқын мәртебесін иеленген күдікті баскесерлер толып жүруі мүмкін. Ендеше, босқын­дарды Еуропаға ағылту арқылы бірыңғай мәдениетті, дінді жою, сол арқылы ұлтты жою жос­пары жасалынып қойылған, – дейді еуропалық сарапшылар.