Негізгі бет  /  мақалалар  /  Тағы да базар жыры...

Тағы да базар жыры...

Серікбол ХАСАН
1203
Тағы да базар жыры... Олай дейтініміз – Алматыда тағы да базарлар сүрілетін болды.

Қала тұрғындарына қолайсыздық тудырып тұрған базарлардың орнына заманауи сауда кешендері салынады. Бұл туралы «Алматы» арнасына сұхбат берген Алматы қала құрылысы және сәулет басқармасы бастығының орын­басары Жанат Айтілеу мәлім етті.

Жанат Айтілеудің айтуынша, бүгінде қаланың Түрксіб, Медеу, Бостандық аудандарында және Алматының батыс бө­лігінде 74 базар есепке алынған. Соның 40-ының «қызыл сызық» шегінен тысқары екені анықталған. Сондықтан олар қайта салынады. Ал «қызыл сызықтың» үстінде орналасқан 34 базар сүріледі. Бүгінде қала бойынша 26 базар архитектуралық жос­парлау тапсырмасын алыпты. Соның 19-ы эскиздік жобаларын бекіткен. 
Әзірге бес базардың сүрілетіні нақты­ланды. Олар – Алтынсарин даңғылы мен Ұлықбек көшесінің қиылысындағы «Са­ры­арқа» базары, Момышұлы мен Жұбанов көшелерінің қиылысындағы «Арыстан» базары, Абай мен Алтынсарин даңғыл­да­рының қиылысындағы «Тигрохауд» базары, Төле би даңғылы мен Брусиловский көше­сінің қиылысындағы «Тастақ» базары 
және Райымбек даңғылы мен Розыбакиев көше­сінің қиылысындағы «Жұлдыз» ба­зары. Қала басшысының қаулысы шық­қаннан кейін бұл базарларда сүру жұ­мыс­тары басталады.
Қазіргі уақытта осы аталған сауда нүк­телерінің басшылығына қайта құрылым­-дау құрылысын бастау жөнінде хабарлама бе­рілген. Сондай-ақ архитектуралық жос­парлау тапсырмасы жүктелген. Яғни, архи­тектуралық жоспарлау тапсырмасына сәй­кес, базар иелері өздерінің сауда нүктелерін өздері жаңғыртулары керек. Нақты айт­қанда, базар иелері ескі базарларын бұзып, орнына жаңа базар салады. Ал қала әкімдігі тиісті қызмет көрсетеді. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мәселен, «Тастақ» базарын қайта құру, жаңғырту бойынша ендігі жоба нобайы мақұлданған. Ел «Оптовка» атап кеткен «Жұлдыз» базары да архитектуралық жос­парлау тапсырмасын өткізіп қойыпты. Енді көтерме базардың орнына 2-3 қабатты жаңа заманауи кешен тұрғызылады екен. Сәулет­шілердің сызбалары мақұлданса, құрылыс басталғалы тұр. Бұрын «Жұлдыз» базары­ның жағдайы қиын еді. Шатыр бастыр­ма­ның астында тұрғандықтан, қыста суық, жазда ыстық болатын. Сөйтіп, сатушылар үшін де, тұрғындар үшін де ыңғайсыздық тудыратын. Енді сол олқылықтың орны толтырылғалы тұр. Сондай-ақ «Жұлдыз» ба­зарының сүрілуі осы маңдағы кептелісті азайтады деп күтілуде. Жаңа сауда нүктесі салынғаннан кейін, жолдың ені кеңеймек. Ал кешенге келген автокөліктер үшін ар­найы паркинг салу көзделген.
Әуезов ауданына қарасты «Тигрохауд» базары да сүріледі. Естеріңізде болса, был­тыр осы базардан шу шыққан болатын. Базар бастығы саудагерлерден 6 ай бұрын алдын ала төлем алып, ізін суытқан еді. Сөй­тіп, сатушылардан төлем мерзімі біт­кенше ақы талап етілмейтін болып, сәл ты­нышталған. Енді міне, «Тигрохауд» ба­зары­ның саудагерлерін тағы бір сын күтіп тұр. Базар әкімшілігі су жаңа сауда орны­ның нобайын жасауды бастады. 
Ал «Сарыарқа» базарының орнына за­ман талабына сай «Маркет плаза» деген сауда нүктесі салынады. Бұл сауда үйінің жарық, жылуы түгел, одан бөлек арнайы көлік тұрағы болады. Негізінде «Сарыарқа» базары 1 гектар аумақты алып жатыр. Со­ның 40 сотығы «қызыл сызықта» орна­лас­қан. Сондықтан бұл жер мемлекет менші­гіне қайтарылады. Осы жердің есебінен көлік жүретін жолды кеңейтіп, жаяу жүру­шілер жолағын салу көзделген.
Базарлар неге сүріліп жатыр? Себебі, көбінің құрылысқа қатысты заңдарды өрес­кел бұзғаны белгілі болды. Көпшілігі «қы­зыл сызықтың» ішінде орналасқан. Яғни, сауда нысаны шектеулі жерден асып кеткен. Ол аздай, ережеге сәйкес көлік тұрақтары мүлдем салынбаған. Оны айтамыз, бұл ба­зарлардың маңында көліктердің еркін жү­руінің өзі мұң болып қалды. Сондықтан қала әкімдігі тізеге батырып болса да базар реформасын жүргізуді қолға алды. Егер осы реформасы сәтті іске асса көлік тығыны азайып, Алматының ажары қайта қалпына келгелі тұр. Сапасы сын көтермейтін базар­лардың орнында сәнді де сәулетті сауда нүк­телері ашылғалы тұр.
Айтпақшы, Алматыда сүрілмейтін, та­лапқа сай келетін бір ғана базар бар екен. Ол – «Көк базар». Алайда, бұл базардың да бір кемшілігі – көлік қоятын жері жоқ. Сондықтан алдағы уақытта «Көк базарда» жерүсті және жерасты көлік тұрақтарын салу құрылысы жүреді. Ал қалған базарлар рет-ретімен сүріледі.