Негізгі бет  /  мақалалар  /  Өзіміздің тоқыма фабрикамыз болады

Өзіміздің тоқыма фабрикамыз болады

Айқын-ақпарат
1496
Өзіміздің тоқыма фабрикамыз болады Атырауда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жеңіл өнеркәсіпті дамытатын тың жоба қолға алынды.

Күзде облыс орталығында жылына бір мың тоннаға дейінгі шикізатты кәдеге асыратын түйе және қой жүндерін өндеу және тоқыма фабрикасының ашылмақ.

Осыдан үш жыл бұрын аймаққа бас­шы болып келгенде Бақтықожа Ізмұхамбетов: «республика көлемінде төрт түлік малдың жүн-тері өнімдері өңделмей, пайдасыз бо­лып қалуда. Халықпен жүздесуде ауылша­руа­шылығы өндеушілері тарапынан осы өзекті мәселе қозғалды. Олар өздерінің ұсы­ныстарын, бизнес жобалары туралы айтты» деп өзіміз істей алатын шаруаны қолға алу енді уақыт күттірмейтінін айтқан болатын. Шикізаты мол аймақта осы жо­баны жүзеге асыруға «Достан ата» қожа­лығы тәуекелге бел буды.
Атырау қаласында түйе мен қой жүн­дерін өңдеу және тоқыма кешенінің құ­ры­лысы өткен жылы күзде басталды. Құны 780 миллион теңге болатын жобаны Аты­-рау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен жергілікті «Достан ата» шаруа қожа­лы­ғы бірлесіп жүзеге асырады. Тараптардың қатысуымен «АтырауПОШ» БК» серіктес­тігі құрылды. Ауылшаруашылығы кешенді дамып келе жатқан облыс үшін бұл – өте тиімді бастама. Себебі, күні бүгін өңірде 
670 мың бас ұсақ мал мен 32 мыңдай түйе өсірілуде. Демек, шикізаттан таршылық бол­майды. Кешен моңғолиялық әріптес­тер­дің тәжірибесімен негізделген. Жеңіл өнеркәсіпке қажетті басты шикізат – мал жүнін алғашқы өңдеуден өткізетін кешен­ді жобалау міндетін «ТуранСтройПроект» серіктестігі атқарып, құрылыс жұмыста­-рын «Ғимарат» серіктестігі жүргізуде. Бү­гінде фабрика құрылысының 80 пайызы орындалған.
Аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхам­бетовтың Моңғолия елінің жеңіл өнер­кә­сібімен жергілікті кәсіпкерлердің таны­суына, тәжірибе алмасуына қолдау біл­ді-
­руімен бірге, фабрикаға қажетті құрал-жабдықтардың Италиядан алдыртуға ке­-ңес беруі отандық өнімнің сапасына мән бергендік деп түйсіндік. Жуырда аймақ басшысы Б.Ізмұхамбетов облыстағы жүн өндеу фабрикасын қажетті құрылғы-қон­дырғылармен жабдықтаушы итальяндық VICOTEXSRI company компаниясының өкілдерімен кездесті. Екі тараптың кезде­суінде фабрикаға құрал-жабдықтарды жет­кізіп, оларды іске қосып, фабриканың пайдалануға беру туралы айтылды. Еуропа елдері технологиясымен киім тігуді қолға алу жолдары қарастырылған жоба үшін Франция, Италия, Бельгия және Моңғолия секілді елдердің жетекші мамандарынан кеңес алу жоспарланған. Қазірдің өзінде Атырауда алғаш рет өндірісін бастайтын түйе мен қой жүндерін өндеу және тоқыма фабрикасының өнімдеріне Моңғолия, Ресей мен Қытай елдері қызығушылығын білдіруде. 
Атырауда түйе мен қой жүндерін өндеу және тоқыма фабрикасын ашып, түйе мен қой жүнін өндеуді, трикотаж өнімдерін шы­ғаруды мақсат етіп отырған «АтырауПОШ» БК» серіктестігінің директоры Әлімжан Бал­жігітовтің айтуынша, күзде пайдала­ну-ға берілуі жоспарланған фабрикада алғаш­қы кезеңде 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүні өңдеуден өткізіледі. Тарқатып айт­қанда, малдың жүнін алғашқы өңдеу кешені 2 цехтан тұрады. Біріншісі – малдың жүнін жуып-тазалау, бояу, екіншісі – таза­ланған жүнді тарап, түбітін алу. 
Түйе мен қой жүндерін өндеу және то­қыма фабрикасы туралы сөз қозғалғаннан-ақ, облыс орталығы мен жеті аудан халқы түйе мен қой жүндерін жинап, фабрикаға өткізуге дайындық жұмыстары басталып 
та кетті. Алғашында бастапқы өндеу саты­ла­рынан өткен шикізат тоқыма цехына жө­нелтіледі. 
«Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Ал­дымен текстиль саласында жылына 400 мың жұмсақ жамылғы көрпе шығарамыз. Келесі кезеңде бұл жұмыстар күрделеніп, нарыққа бейім өнім түрлерін көбейту мақ­сатымыз бар. Осы жобаны сараптау кезінде біз, трикотаж бұйымдарын шығаратын цехы­мызға лайық мамандардың облыста жоқ екенін білдік. Трикотаждан өнім шы­ғару өте күрделі жұмыс екен. Дегенмен біз трикотаждан костюмнен бастап шұлыққа дейін сапалы өнім шығаруға бел буып отыр­мыз. Биылғы оқу жылына Мәскеудегі уни­верситетке 8 адамды оқуға жібереміз. Олар оқудан тыс кезде фабрикамызға келіп, Мәскеуден өткен практикалық тәжіри­бе­лерімен бөліседі әрі оқуды аяқтаған соң кәсіби маман болып ысылып келер деген үмітіміз бар. Фабрика пайдалануға беріл­-ген соң, жергілікті жерден 150 адам жұмысқа қамтылады деп болжап отырмыз» деген Әлім­жан Қапанұлы қазіргі уақытта күзде фабриканы іске қосуға қауырт жұмыс жү­руде деді. 
Мамандардың айтуынша, жеңіл өнер­кәсіп саласы қайта жанданатын болса, біз­дің жетістігіміз ұшан-теңіз болады. Аймақта түйе мен қой жүндерін өндеу және тоқыма фабрикасының ашылатыны туралы жақсы жаңалықтан хабардар болған өңірдегі ди­зай­нерлер де «Ұлттық брендке жол ашыл­ды» деп қуануда. 

Гүлмаржан МАХАМБЕТ, «Гүлмаржан сән үйі» серіктестігінің директоры: 
– Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ауылшаруашылығын дамыту, жеңіл өнер­кәсіпке ден қоюды жүйелі іске асыратын мемлекеттік бағдарламаларды өңірлерге басым бағыт беріп, тапсырма беруін қуана қолдаймыз. Расында да, еліміз шикізатқа бай. Бізде ауылшаруашылығы саласында төрт түлік малда өсім бар. Олардың терісі мен жүнін сапалы өндей алсақ, өзге ел­дер­мен бәсекелесе аламыз. Қолымызда бар шикі­затты өндіре алсақ, біз жеңіл өнер­кә­сіпке қажетті материалдарды ала аламыз. Облысымызда түрт түлік малдың жүндерін өндеу және тоқыма фабрикасының бо­луы, ұлттық бренд өнімді әлем рыногына шыға­руды мақсат етіп жүрген біз үшін өте қуанышты жаңалық. Енді біздің елдің Монғолия, Ресей, Қытайға кетіп жатқан шикізаттарымыз өз халқымыздың тұты­на­тын сапалы киімі, тұрмысқа қажетті бұйы­мы болатын уақыт келді. Жүннен тоқылған бұйымдар табиғи, жеңіл әрі ыңғайлы. Таза киізден жасалған мойынорағыштар, сәнді бұйымдар, баскиімдер қазірдің өзінде әлем саудасында өтімді. Тері де солай. Өндеуді жолға қойсақ, пайдасы шаш етектен. Бұ­лар­дың барлығын біз өзіміз де істей ала­-мыз. Ең бастысы, қаражат табылса, шикі­затты өндеуде қажырлы еңбектенуге жал­қау­­ланбасақ болды. Мен өз қызметімде тоқ­саныншы жылдардың аяғында, өндел­ген теріні кәдеге жаратумен айналыстым. Бірақ оны брендке айналдыруға қаражат қолбайлау болды. Қазір Үкімет қаржылай қолдап отырған заманда Қазақстанда тігілген киім сапалы әрі әлемдік брендке бәсекелес бола алады. 
Ең бастысы, өңірлердегі Үдемелі ин­дустриалық-инновациялық даму бағдар­ламасы аясында шағын және орта бизнес аясында жүзеге асқан жобалар келешекте толық қуатына қосылып, ірі кәсіпорын болып іргесі қаланатындай деңгейге жету үшін талмай еңбек ету қажет. Сонда ғана шетелдіктерді ұлттық брендпен таңғалдыра аламыз.

Тұрсын ҚАЛИМОВА