Негізгі бет  /  мақалалар  /  Нарықта бізді не күтіп тұр?

Нарықта бізді не күтіп тұр?

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
1022
Нарықта бізді не күтіп тұр? Қытай мен Ресей секілді қос алып елдің ортасында отырған Қазақстан үшін юань мен рубльдің күрт құнсызда­нуы жақсылықтың нышаны болмай тұр.

Теңге қанша тегеурінді деп мақ­тансақ та, оның да тәлтіректей бас­тағаны аңғарыла бастады. Десек те, бізге қарағанда қос алып көршіміздегі жағдай онша мәз емес. Батыстың санк­циясына ұрынған Ресей экономика­сының көбесі сөгілді. Керу кету көп. Көп­теген кәсіпорындар банкроттық жағдайда. Жұмыссыздық артуда. Бұған мұнай бағасының төмен құлдилауын қосыңыз. Қара алтынның бағасына тәуелді бұл ел үшін нағыз қиямет- қайым осы. Мұнай бағасы төмендеген сайын, рубль құнсыздануда. Демек, Ре­сейді алда қиын күндер күтіп тұр деу­ге болады. Ресейлік сарапшы Владислав Жуковский осындай пікірде. Тіпті ол «Біз жойқын дауылға енді ғана беттеп келеміз. Қазірдің өзінде 5 аса ірі дағ­да­рыс жағдайында тұрмыз. Олардың екеуі – ресейлік, үшеуі – ғаламдық. Оларға тоқтау салу мүмкін емес» деп, жұртты қарадан қарап үркітуде. Жағ­дайдың бұлай ушығуын мұнай баға­сының арзандауымен түсіндірген қар­жыгер «қазіргі кезде Ресей рублінің құнсызданатыны сөзсіз» дейді. Жуыр­-да ол «долларына 85 рубль болады» деген болжам жасауда. Кім не десе де, Батыстың салған санкциясымен мұнай бағасының арзандауы Ресейге соққы үстіне соққы болып тиіп жатқаны бел­гілі. Бұл қаншалыққа созылады? Белгі­сіз. Ал экономикасы әлемде АҚШ-тан кейін орын алатын Қытайдың жағдайы Ресейден оқ бойы алда. Соған қара­мас­тан, соңғы апталарда бұл елдің қаржы және қор биржаларында жағымсыз оқиғалар белең ала бастады. Алдымен ішкі қор нарығында құнды қағаздардың құныздануы орын алды. Бұл – бір. Екін­шіден, миллиардтаған (800 мил­лиард) капиталдың сыртқа жылыстауы кү­шею­де. Үшіншіден, экономикалық өсім тежелді. Төртіншіден, соңғы 
20 жыл­­дан кейін үш күн ішінде ұлттық валюта юань бірнеше пайызға деваль­вацияға ұшырады. Мұның бәрі «ға­жайып өсім беріп тұрған» Қытай эко­номикасында да үлкен түйткілдер орын ала бастады деген сөз. Қазақстан осы екі елмен де ты­ғыз байланыста. Әскери-саяси қа­рым-қатынас өз алдына, ма­ңыздысы сау­да-саттық жағы. Егерде Қытай мен Ресей экономикасы тұралап жатса, ақшалары құнсызданса, оның әсері Қазақстанға да тиері хақ. Қо­ғам­дық проблемаларды талдау орталы­ғы­ның директоры Меруерт Махмутова бас­пасөзге берген пікірінде былай дейді: «Девальвация – Қытайдың экспорт позицияларын жақсартуға тырысқан амалы. Бұл – экономика өсімінің баяулауымен күресу әдіс­терінің бірі. Бұлар – әлемнің ең ірі экономика­лары арасындағы тартыс. Ал біз үшін Қы­тай – минералды ресурс­тарымызды тұтынушы ретінде маңыз­ды. Қытай эко­номикасы өсімінің баяу­лауы біздің шикізатқа сұраныстың азаюы­на ұла­сады. Ресей рублінің құл-
дырауы, мұнай бағасының арзандауы, Қытай эконо­микасы өсімінің баяулауы және юань бағамының түсуі теңге курсына әсер етеді.Мұның бәрін ес­керсек, Қазақ­станды қиын кезең күтіп тұр, экономика өсімі баяулап, экспорт пен импорт кө­лемі азаяды, сондықтан жағдай мәз емес». Ал қаржыгер-са­рапшы Iлияс Исаев өзге валюталар­дың теңгеге, біз­дің елдің экономика­сына әсерін былай жеткізді: «Юаньның тең­геге еш әсері жоқ. Өйткені Қытай­мен сауда-саттық тек доллармен ғана жү­реді. Сондықтан бізге келіп кетер әсері шамалы. Оның үстіне Қазақстан­ның резервтік валю­тасы доллармен, евромен сақталған. Сол секілді рубльдің құн­сыз­дануынан қорқудың қажеті шамалы. Соңғы кез­де Ресеймен сауда-саттық көп төмен­-деп кетті. Қысқасы, көрші елдердің ұлт­тық валюталары құлады екен деп, біз теңгеге қысастық жаса­мауы­мыз керек. Мәселен, 1970 жыл­дары Жапон елі иен­ді қымбаттата отырып, ішкі өндірісін жақсартты. Ин­вестициялық климат жасады. Соның арқасында озық техно­логияға ие бол­-ды. Қазақстан да сол жол­мен жүруі 
тиіс. Біз теңгені девальва­цияға ұшы­ратпай, керісінше, импорт ка­питалына жол ашуы­мыз керек. Бұл жаңа техника, жаңа технология және зәру мамандық иелері. Бізге керегі осы. Сондай-ақ Қазақстан экономикасы Ресейдікіндей пұшайман халде деп айта алмаймын».