Негізгі бет  /  мақалалар  /  Сүт кластеріне инвестор қажет

Сүт кластеріне инвестор қажет

Айқын-ақпарат
1422
Сүт кластеріне инвестор қажет Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған Ұлт жоспарын­дағы 100 нақты қадамның біріне сүт өндірісінің енуі саланың өзектілігін көрсетеді.

Біз алдағы үш жылда инвесторлар тарту арқылы ТМД елдері нарығына шығарылатын өнімдердің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз етуіміз керек. Оны жүзеге асырудың нақты тетіктері Ұлт жоспарындағы 60-қадамда «Бұл үшін селода кооперативтік өндірісті дамыту арқылы жаңазеландиялық Fronterra және даниялық Arla үлгісімен ұйымдастырылады» деп көрсетілген. 

– Мамандар Ұлт жоспарында көр­се­тілген міндеттерді орындауға мүмкіндігіміз бар деп отыр. Себебі, осыған дейін «Агро­бизнес – 2020» бағдарламасы бойынша тауарлы – сүт фермалары желісін құру және қолданыстағысын дамыту» инвестициялық жобасы қабылданып, оған тиісті қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде, елде сүт өнім­дерін дайындаумен айналысатын ірі-ірі шаруашылықтар құрылды. 2014 жылдың қорытындысы бойынша, жалпы көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға артып, 30–35 пайыз сүт өзімізде дайын­дал­ды. Демек, алдағы жылдарда ауылда коо­пе­ративтік өндірісті дамыту арқылы Ұлт жос­парында атап көрсетілгендей, жаңа­зе­­ландиялық Fronterra және даниялық Arla үлгі­сі­мен дамыта алсақ, нақты нәтижелерге қол жеткізетініміз анық. 
Экономика ғылымдарының докторы, профессор Санат Құрманғалиев әлемде сүт өнімдерін өндіру жылына орташа есеппен 1,8–2,2 пайызға артқанын айтады. Мұндай жағдайда сүт өнімінің көлемі ғана емес, со­ны­мен қатар оны өңдеу көлемі де баға­ла­нады. Әлемдік нарықта құрғақ емес, та­биғи сүт өнімдеріне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Мұндай жағ­дай­да өзі­міздің қажеттілігімізді өзіміз қамта­масыз етпесек, онда біздің нарықта Бела­русь, Ресей, Қырғызстан, Украина, ЕО–27 өнім­дері басып алуы мүмкін. Осы тұста «біздің ел осыдан аз-ақ уақыт бұрын өзіміз­ді сүт өнімдерінің барлық түрлерімен қам­тамасыз етіп, сонымен қатар экспортқа да шығарып отырдық. Бірақ соған қарамас­тан, 2000–2013 жылдар арасында күшімізді ыдыратып алдық. «Мұның себебі не?» де­ген сұраққа профессор былай деп жауап берді: 
– Қазақстанда сүт өнімдері шикі­за­ты­ның 88 пайызы жеке қолда қалып отыр. Ауыл шаруашылығы құрылымында 2 мил­лион­ға жуық жеке қосалқы ша­руа­шылық бар. Сондықтан олармен көп жұ­мыс істеу керек, себебі, жеке қосалқы ша­руашылық пен өңдеуші салалар кооператив құруда бірдей көзқарас танытқаны жөн. Екінші жолы – ерікті негізде біріккен коо­пера­тив­тер құру. Сүт өндіруші және өң­деуші коо­перативтерді қалыптасқан жүйе бойынша қолдауды енгізу керек. Осыған қоса, коо­перативтер бұрынғы жеңілдетіл­ген несие жүйесіне көшуі, ал май, ірімшік, құр­ғақ сүт өндіретін өңдеуші кәсіпорындар коопера­тивтерінің жұмысын мемлекет кө­мегі ар­қы­лы жандандыру қажет. Олар ЕО–27 ел­дері деңгейінде сүттің құнды­лы­ғын, тауар­лылығын көтеруге көмектеседі, – дейді. 
Профессор «ауыл шаруашылығы қыз­метін жүргізуде несие алу үшін кепілдік базасын кеңейтіп, ауылшаруашылық кә­сіпорындары үшін несие бойынша пайыз­дық төлемдерді төмендету керек» деген ойға басымдық береді. Сонымен, бір мез­гіл­де сүт, мал шаруашылығы үшін қажетті құ­рылғыларды алу үшін тікелей қаржылық көмек беруді өндіру, тауарлық сүтті өндіру көлеміне байланысты сүт өндірушілерді қол­дауы қажет. 
– Шикі сүтті өңдеуші кәсіпорындарға өткізу кезінде олардың құндылығын дәлел­деу арқылы тауарлық сүтке дотация берілуі тиіс. Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне байла­нысты сүт және сүт өнімдерін тұтыну дең­гейі­нің күтілетін төмендеуін ескере оты­рып, сүт өнімін өндірушілерді, сонымен қа­тар Қазақстан нарығын Ресей, Беларусь, Қырғызстан және басқа ел кәсіпорын­да­рының тарапынан төніп тұрған бәсеке­лес­тікте қолдау қажет. Сондықтан мамандар «сүт өнімін адал өндірушілерді әділетсіз бә­секеден қорғау, яғни тропикалық май­лар­ды сүт өнімі құрамына қосатын өнді­ру­шілерді жауапқа тарту талабын қатаңдату керек» деген ойға басымдық беріп отыр, – дейді Санат Құрманғалиев. 
Қазір біз үшін сүт және сүт өнімдері өн­дірісінің де көлемін арттыру, сүт өнімін өндірушілерге барынша қолдау көрсету де өте маңызды. Себебі, Ресей жағы бірер жыл­дан бері өз жеңiлдiктерiн ескере оты­рып сүт жайында техникалық регламент құ­жатын заңдастырды. Бұл құжат Ресейде жасалғандықтан олар өз сүт өндірушіле­рінің мүддесін қорғауда. Ал енді Қазақстан жағы өз мүддесін қорғамаса елдегі сүт өнімін өндірушілер де, оны тұтынушылар да зардап шегуі әбден мүмкін.
Жалпы, 2013 жылы сүт өнімдеріне қа­тысты біздің iшкi нарықтағы ресейлік өнiм деңгейi 2012 жылмен салыстырғанда биыл едәуір өсім бергені байқалған еді. Алайда өткен жылы Ресей мен Батыс елдері ара­сын­дағы жағдайдың қиындап кетуіне байланысты Ресей импортының деңгейі төмендеген. Бұл біздің ұсақ шаруашы­лық­тардың тыныс алып, ішкі қажеттілікті өз күшімен қанағаттандыруға мүмкіндік берді. 2013 жылдың екінші жартысы мен 2015 жылдың алғашқы жартысында біз қа­жетті­ліктің 30–35 пайызын өз күшімізбен то­лықтырдық. Академик Көпмағамбет Еле­месов қолайлы сәтті уыстан шығарып ал­мау қажет деген ойға басымдық береді. Ресейдің өзі Еуропа сүтінен бас тартып отырғандықтан бізге сүт және сүт өнімдерін импорттауға ықылас таныта қоймайды. Қа­зір біздің ел сүт өнімдеріне деген қа­жетті­ліктің 30 пайызын өз күшімізбен өндіреді. Бұл қолдағы бар күш емес, ірілендірілген шаруашылықтардағы 20 пайыз малдың өнімдері. Сондықтан 80 пайыз малды жеке қорасында байлап отырған жекелеген ша­руалар да Үкіметтің назарынан қалыс қал­мауы тиіс. Мұндай қолайлы сәт бізге күнде туа бермейді. Егер, әрбір қазаққа қажет­тілігінен артылған сүт өнімдерін өткізуге мүмкіндік туса, біз өзімізді ғана емес, ТМД елдерінің қажетілігінің тең жартысын им­порт­тауға шамамыз жетеді. 
– Бірақ біздегі отандық кәсіпорындар тұтынушының сұранысын өтеуге қабілетті емес. Себебі, ірі шаруашылықтар мен жеке­меншік арасындағы байланыс нашар. Сондықтан тек ірілендірілген шаруашы­лықтар емес, барлық мүмкіндікті жұмыл­дыруымыз керек. Сүт өткізуге ықыласты шаруаларға қосымша жеңілдіктер қарас­тыратын кез келді. Келешекте алыс-жақын шетелдердің сапасыз арзан сүті нары­ғы­мызға қымбат бағамен жол тартып кетпеуі үшін сүт және сүт өнімдерін өндіруде қатаң техникалық регламент енгізуіміз керек. Біз сол кезде ғана Ұлт жоспарында көрсетілген тапсырмаларды орындай аламыз. Оған мүм­кіндігіміз де бар. Оған екі тараптың ықы­ласы ғана қажет, – дейді академик.

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ