Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жаңа технологиямен жабдықталған зауыт

Жаңа технологиямен жабдықталған зауыт

Айқын-ақпарат
1358
Жаңа технологиямен жабдықталған зауыт Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірдегі ауыл шаруашылығы алға басқан, өндірісі өркендеген аудандарды арнайы жұмыс сапарымен аралауын жал­ғастыруда.

Бұл жолы Алматы қаласының іргесіндегі Талғар ауданына атбасын бұрған өңір басшысы бірінші кезекте балаларға арналған сүт және сүт тағамдарын шығаруда көптің көңілінен шығып, бәсекеге қабілетті өнімдерімен басқа өңірлерді де жаулай бастаған Қазақ тағамтану институтының «Амиран» зауытына барды. 
Кәсіпорын жетекшісі Алла Пактың айтуын­ша, 2010 жылы іске қосылған зауыт­тың өндірістік қуаты жылына 1500 тонна балаларға арналған тағамдар шығаруға қабілетті. Өндіріс орнын іске қосуға дейінгі шаруаларға 1300,0 млн теңге жеке қаражат жұмсалыпты. «Амиран» биылғы алғашқы төрт айда ғана 203,8 млн теңгенің түрлі өнім­дерін шығарыпты. Сонымен қатар зауыт шикізат үшін сыртқа тәуелді болмау, кәсіпорынды өз шикізатымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 2014 жылы сүт-тауарлы фермасын құрған. Зауыттың өн­дірістік желілерінің жағдайымен танысқан облыс әкімі сүт-тауарлы ферманың жұмы­сына да баса назар аударды. Мал тұратын арнайы орындарды, сиыр сауатын цехтарды аралады. Кәсіпорында Канададан әкелінген асылтұқымды қара ала сиырдың 800 басы өсіріледі. Сиырлар америкалық Baumatic фирмасының автоматты құрылғысымен са­уы­лады. Қазіргі кезде бір сиырдан орта есеппен күніне 27 келі сүт сауылады екен. 
Жоғарыда айтқанымыздай, Талғарда тірлігі көз қуантатын кәсіпорындар мен шаруашылықтар бар. Солардың бірі «Фреш Фруд Казахстан» ЖШС-нің 2000 тоннаға лайықталған жеміс-жидек сақтау қоймасы австралиялық технологиямен жұмыс істейді және мұнда жеміс-жидек жыл бойы балғын күйінде сақталады. Серіктестік директоры Насыр Камалов «Агробизнес – 2020» бағ­дарламасы шеңберінде кәсіпорынның ин­вес­тициялық салымы 68,6 млн теңге сомаға субсидияланғанын айта келе, үлкен трас­садан Гүлдала ауылына қарай өтетін жол­дың қоймаға дейінгі 30–40 метрлік жолына асфальт төсеуге көмек сұрады. А.Баталов аудан әкімі Р.Садықоваға тек қана 30–40 метрді емес, үлкен жолдан Гүлдала ауылына дейінгі жолды тұтасымен жөндеу туралы тапсырма берді. 
Облыс әкімі бастаған топ мұнан кейін осы серіктестіктің Еңбекшіқазақ ауданы­ның аумағындағы 45 гектар жерді алып жатқан алма бағы – AMAL BIO ЖШС-де болды. Тамшылатып суару әдісімен өсірі­летін бақта алма, алмұрт, шие көшеті отыр­ғызылған. Нәтижесі жаман емес, жемістер көз қуантады. Биыл бақтағы алманың ин­тенсивті сорттарынан 400 тоннаға жуық өнім жинау жоспарланған. Мұндағы же­містер өңделіп, нарыққа дайын өнім түрінде де ұсынылады екен. 
Жұмыс сапарын қорытындылаған әкім Амандық Ғаббасұлы: 
– Мемлекет басшысының Алматы қала­сының маңында азық-түлік белдеуін қа­лып­тастыру және дамыту жөніндегі тапсыр­масына орай қазіргі кезде ауыл шаруа­шылы­ғында кластерлік жүйені қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. «Амиран» зауытының сәбилердің құнары бай сүт та­ғам­дарын өз шикізатынан өзі өңдеп тұты­нушыға жеткізуі, «Фреш Фруд Казахстан» ЖШС қалыптастырып отырған өсіру, сақ­тау, көліктік логистиканы дамыту, өнім­де­рін Алматы нарығына шығарудағы клас­терлік жүйесі бағытымыздың дұрыстығын көрсетіп отыр. Біз жаңа технологиямен жұмыс істейтін, әлеуеті зор, құлшынысы жоғары, ұсынған жобасы өміршең кәсіп­керлерге субсидия беру, инфрақұрылым жүргізу, жер бөлу мәселелері жағынан ба­рынша қолдау жасауды жалғастыратын боламыз, – деді. 
Болат АБАҒАН, 
Алматы облысы