Негізгі бет  /  мақалалар  /  Үздік маман иелерін анықтады

Үздік маман иелерін анықтады

Айқын-ақпарат
1242
Үздік маман иелерін анықтады Биыл да дәстүрлі түрде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес ұйымдары мен бірлескен кәсіпорындары қызметкерлерінің негізгі мамандықтарының арасында «Үздік маман – 2015» кәсіби біліктілік байқауы ұйымдастырылды.

Сегізінші рет ұйымдастырылып отырған байқау «Өзенмұнайгаз» АҚ өндірістік базасында өтті. Мұнайшылардың шеберлік байқауына «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ және «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС мен «КРУЗ» ЖШС мамандары қатысып, бақтарын сынады. Байқауға қатысқан 58 қызметкер 11 мамандық бойынша өз біліктіліктерін сынға салды. Олардың барлығы да әрбір цехта алдын ала өткізілген іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары болатын.Байқаудың ашылу салтанаты Ақтау қа­ласындағы «Нұр Плаза» қонақүйінде өтті. Шараның ашылуында сөз алған «ҚазМұ­найГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас дирек­торының орынбасары Қайырбек Елеу­сінов, шараның маңыздылығына тоқ­­­талып, байқау қатысушыларына сәт­тілік тіледі. Әр мамандық бойынша байқау жеңімпаздары «Үздік маман» төсбелгісімен марапатталып, бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақыға ие болатынын атап өтті. Бірінші, екінші және үшінші жүлделі орын алған жеңімпаздардың жалақысына бір жыл бойы тарифтік мөлшерлеменің 30%, 20% және 10 % көлемінде қосымша ақы төленетінін жеткізді. 
– Еншілес кәсіпорындардың қызмет­керлері бұл байқауға жыл бойы дайын­далады. Білімі мен тәжірибесін жетілдіріп, жұмысын жақсартуға тырысады. Себебі, байқау әр қызметкерге өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жұмыскерлердің жеңіске талпынысы компания сапасын жақсартады. Бұл байқау мұнай-газ саласындағы жұмысшы маман­дықтардың мәртебесін көтереді. Олар –компанияның беткеұстар мамандары. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ мекемесінің биылығы күнтізбесі «Үздік маман» жеңімпаздарына арналған. Біз өз ісінің хас шеберлерін қаншалықты құрмет­тейтініміз осыдан-ақ білінеді. Барлық байқау қатысушыларына сәттілік тілеп, жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектес­пін», – деді өз сөзінде Қайырбек Елеусінов.
Бұдан кейін байқау қатысушылары теориялық тапсырмаларды орындады. Жалпы, байқау 11 мамандық бойынша өт­кізілді. Кәсіби сынаққа мұнай компания­ларының мұнай мен газ өндіру опера­тор­лары, ұңғымаларды зерттеу опе­ра­торлары, хи­миялық талдау лаборанттары, мұнай дайын­дау операторлары (тауар опе­ра­торы), қабат қысымын қадағалау опе­раторлары, ұңғымаларды жерасты жөндеу опера­тор­лары (бригада), мұнай кәсіп­шілігі құрыл­ғыларын жөндеу слесарі, газ-электр дә­не­керлеушісі, темір жонушы, элек­тро­монтер (бригада), автомтика және бақылау-өлшеу құрылғыларының сле­сарьлары қатысты. 
Байқаудың екінші күні «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнай-газ өндіру басқармасының оқу-жаттығу полигоны мұнайшыларға толы болды. Мұнда байқау қатысушылары тәжірибелік тапсырмаларды орындап, өзара сынға түсті. Оқу-жаттығу полиго­нын­да тәжірибелік тапсырмаларды орын­дауға арнайы жұмыс орындары, құрыл­ғы­лар мен құрал-жабдықтар түгел дайын­далып, орнатылған. Ауа райының қолайлы болуы да мұнайшылардың сайысты ойдағыдай өткізуіне жағдай жасады. Бәсекеге түскендердің жұмысын арнайы құрылған комиссия мүшелері бағалады. Олардың ішінде жұмысшының кәсіпқойлығы, теориялық әзірлік деңгейі, тәжірибелік бейімдігі, техника қауіпсіздігі ережесін сақтауы қадағаланып, тапсыр­маны орындау сапасы мен уақыты баға­ланды.
– Жұмысшылардың еңбекке ынтасын арттыру және еңбек өнімділігін анықтау, олардың кәсіби дағдысын жетілдіру, озық тәжірибе мен өндіріс мәдениетін игеру мақ­сатында байқауды жыл сайын ұйым­дастыру дәстүрге айналған. Байқау мұнай­шыларымызға дайындық серпінін беріп қана қоймай, сайыста мамандар білігін шыңдап, жарысу арқылы бір-бірінен үйреніп, тәжірибе жинақтайды. Алдымен байқау әр мекемеде өткізіліп, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандар компанияаралық байқауға қатысып, бақтарын сынайды. Осылайша, жыл сайын үздік мамандарды саралауға мүмкіндік жасалады. Осы байқауға біз 4-5 ай дайын­далдық, оқу-жаттығу полигонын әзірледік. Байқау ашық түрде, жақсы деңгейде өтіп жатыр. Сайысқа қатысушылардың бар­лығына сәттілік тілеймін, – дейді журна­листерге берген сұхбатында «ӨзенМұ­найГаз» АҚ бас директоры Мақсат Ибағаров. 
Білім мен білік сыналатын байқаудың талабы бойынша тапсырма сапалы әрі белгіленген уақыт мөлшерінде орындалуы тиіс болатын. Ұңғымаларды зерттеу операторлары сораптардың дұрыс жұмыс жасауын, ұңғымалардағы сұйықтық көлемін анықтаса, мұнай және газ өндіру операторлары ұңғыларға тығырық соғып, өздеріне берілген тапсырманы тыңғы­лықты орындауға талпынды. Осындай сынақтан әрбір маман сүрінбей өтуі қажет, бір ісінде қате кетсе, балы төмендейді. Сондықтан байқау қатысушылары сапалы жұмыс нәтижесін көрсетуге тырысты. 
– Теориялық білімді өндірістегі ең­бекпен ұштастыра білудің маңызы зор. Екеуі астасқанда ғана ісің алға жүреді. Қазір тәжірибелік тапсырманы орындап шығып отырмын. Сайысқа бұрын да қатысып жүрмін, аса қиын болды деп айта алмаймын. Жалпы, мұнай саласында темір жонушы болып, 1979 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Осы байқаудағы әріптес­терімнің барлығына сәттілік тілеймін. Жүлделі орыннан үміттімін, – дейді байқауға «Ембімұнайгаз» АҚ-тан қатысқан темір жонушы Гурьев Латиф. 
Байқауға екінші жыл қатарынан қа­тысып отырған Әліп Ақжігітов мұнай­шылар отбасынан шыққан жас маман. Ол «Өзенмұнайгаз» АҚ мекемесінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 
– Өткен жылы да байқауға қатыстым. Алайда бұл жолы маған жүктелген жауап­кершілік зор. Өйткені өзімнің туған же­рімде өткізіліп жатқан сайыс болған­дық­тан, қобалжу да бар. Қазір ұңғыға тығырық соғамын. Күнделікті жұмыс болғанымен, сайыстың жөні бөлек. Мұнда ерекше ынта-жігер жұмсалады. Бізге берілген тапсырма уақытпен ғана өлшенбейді, шеберлік пен дәлдікті қажет етеді. Тапсырманы жоғары деңгейде орындап, бірінші орыннан көрі­немін деген сенімдемін, – дейді «Өзен­мұнайгаз» АҚ операторы Әліп Ақжігітов.
Екі күнге ұласқан сайыстың жүлде­гер­лерін марапаттау салтанаты кешкісін «Нұр Плаза» қонақүйінде қорытындыланды. 11 аталым бойынша озаттардың аты аталып, марапаттары табыс етілді. Біз тек бірінші орын алғандардың есімін атағанды жөн көрдік. Сонымен «Үздік мұнай және газ өндіру операторы» аталымы бойынша бірінші орынды «Өзенмұнайгаз» АҚ опе­раторы Әліп Ақжігітов иеленсе, «Ұңғы­маларды зерттеу жөніндегі үздік оператор» аталымы бойынша жүлделі бірінші орынды «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері Бауыржан Жоламанов жеңіп алды. «Ұңғымаларды жерасты жөндеу жөніндегі операторлардың үздік бригадасы» атағын «Өзенмұнайгаз» АҚ-тан Мақсат Айдарханов, Зұлқарнай Мырзабеков, Нұрлыбек Наукебаев ие­ленді. 
– Бүгінгі байқауда жеңімпаз атанып, жүлделі орынды қанжығаға байлағанымыз үшін өте қуаныштымын. Сайысқа ұңғы­маларды жерасты жөндеу бойынша қа­тыстым. Байқауға сегіз жылдан бері қа­тысып келемін, екі жыл қатарынан 2-орын­ды иелендік. Сайысқа қатысу арқылы біраз тәжірибе жинақтадым. Мәселен, Ембімұнайгазда барлық жұ­мысты қолмен жасаса, бізде барлығы заманауи құрылғылармен орындалады. Жалпы, мен «Өзенмұнайгаз» АҚ-та 20 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Отба­сымызда әкем де, апам да мұнайшы, – дейді Зұлқарнай Мырзабеков. 
Сондай-ақ «Үздік мұнай дайындау жөніндегі операторы» (тауар операторы) аталымы бойынша жүлделі бірінші орын «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері Жұмагүл Чонтыбаеваға, «Үздік жер қабаты қысымын сақтау операторы» аталымы бойынша жүлделі бірінші орын «Өзенмұнайгаз» АҚ-тан Жасұлан Қаракуловқа бұйырды. «Үздік мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеу жөніндегі слесарь» аталымы бойынша бірінші орынмен «Өзенмұнайгаз» АҚ слесары Марат Демеубаев марапатталса, «Үздік химиялық талдау лаборанты» аталымы бойынша жүлделі бірінші орын «Өзенмұнайгаз» АҚ лаборанты Ақкенже Кожанепесоваға берілді. «Үздік электро газбен дәнекерлеуші» мамандығы бойын­ша бірінші орынға «Өзенмұнайгаз» АҚ дәнекерлеушісі Кенжебай Қаракаев лайық деп танылса, «Үздік темір жонушы» ата­лымы бойынша бірінші орынға «Өзен­мұнайгаз» АҚ Ерхан Сүгіров тұрақтады. Сонымен қатар «Үздік электр монтері» аталымы бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ басқармасынан Мирам Жауымбаев, Мұхамбет Сабуров, Ғалымжан Үсеновтер жеңімпаз атанды. «Мұнай кәсіпшілігі құрылғыларын жөндеу слесарі» аталымы бойынша бірінші орынды «Өзенмұнайгаз» АҚ-тан Амангелді Тасимов қанжығаға байлады. 
– Біз байқауға Атырау қаласынан келіп, қатыстық. Биыл байқаудан электр монтері мамандығы бойынша екінші орынды иелендік. Сайыстың ұйымдастырылуы жоғары деңгейде өтті. Теориядан 100 балл жинадық, тәжірибелік сынақта тап­сыр­маны орындаған кезде 5 минутқа кешіктік. Сол себептен екінші орынға тұрақтадық, – дейді «Ембімұнайгаз» АҚ-тан Әлібек Төлепов. 
Сайыстың қорытындысында коман­далық есеп бойынша бірінші орынды «Өзенмұнайгаз» АҚ командасы иеленді. 2-орынға «Ембімұнайгаз» АҚ лайық деп танылса, 3-орынға «Қаражанбасмұнай» АҚ тұрақтады. 
Венера МИРЛАН,
Маңғыстау облысы