Негізгі бет  /  мақалалар  /  ЕЖЕЛГІ ЗАУЫТТЫҢ ӘЛЕУЕТІ КҮШТІ

ЕЖЕЛГІ ЗАУЫТТЫҢ ӘЛЕУЕТІ КҮШТІ

Айқын-ақпарат
1378
ЕЖЕЛГІ ЗАУЫТТЫҢ  ӘЛЕУЕТІ КҮШТІ «Атырау мұнай өңдеу зауыты» – еліміздің мұнай өңдеу саласындағы ежелгі кәсіпорын.

Мемлекет басшысының ежелгі «Атырау мұнай өңдеу зауытын» қайта жаңғыртудан өткізіп, ел үшін маңызды екі жобаны, атап айтқанда хош иісті көмірсутегі шығару  мен мұнайды тереңдіктен алу жобаларын жүзеге асыру тәуелсіз елдің экономикалық қуатына қарқын қосарына сенімді болып, міндеттемелер жүктеген болатын. Мұнайлы аймақ үшін ғана емес, тұтас еліміздің экономикалық-әлеуметтік әлеуетіне серпін беретін осы жобалардың деңі бұл күнде өзінің толық қуатына қосылуға таяу қалды. Ежелгі зауыттың биыл қол жеткізген жетістігі ол – әлем рыногында сұранысқа ие, қымбат өнім бензолдың алғашқы партиясын өндірді. 

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» – еліміздің мұнай өңдеу саласындағы ежелгі кәсіпорын. Екінші дүниежүзілік соғыста өнімімен жеңісті жақындатқан зауыт, еліміз тәуелсіздік алған жылдардың алғашқы он жылдығынан соң, кезең-кезеңімен заманауи қайта жаңғыртуды бастан өткеруде. 
Елбасы ежелгі зауыттың қуатын арттырып, жаңа өнімдерді өндеу арқылы, елімізде мұнай өнімдерін өндеу саласында орасан зор жетістіктерге жетудің жол­дарын көрсетіп берді. Зауыт 2003 – 2006 жылдары алғашқы жаңғыртудан өтті. Қазіргі таңда Өңірлік индустрияландыру картасы бойынша жаңғырту мен қайта құрылу көзделген «Атырау мұнай өңдеу зауыты»ЖШС-і алдымен Жапонияның «Марубени Корпорейшн» компаниясы қайта жаңғырту жобасын ойдағыдай іске асырды. Бұдан соң зауытта Қытайдың SІNOPEC Engіneerіng компаниясы хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысын жүргізуін  қолға алды. Осыған орай «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС және «Синопек Инжиниринг» компаниясы арасында өзара шартқа қол қойылды. Жоба бойынша кешен құрылысына салынатын инвестициялық қаржының көлемі 1 миллиард 40 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл – Елбасының 2015 жылға дейінгі мерзімде мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасына орай қолға алынған алғашқы жоба болуымен ерекшеленді. Бұл жобаны сәтті  іске асыру еліміздегі мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға тың серпін береді. 
 Айталық, осы жобалар жүзеге асқанда зауыт алдымен жылына 496 мың  тонна параксилол, 133 мың тонна бензол шығаруға қол жеткізеді. Бұл екі өнім де әлемдік рынокта сұранысқа ие, қымбат өнім. Бұл жоба арқылы «Атырау мұнай өңдеу зауыты»ЖШС-де  шығарылатын тауарлы бензиндердің сапасын Еуро – 4 стандарты деңгейіне жеткізуге болады. Ел экономикасы үшін маңызды жобаның облыс үшін пайдалы жағы – бұл жоба экологиялық жағынан ұтымды. Зауыт мамандарының айтуынша, жанармай түрлеріндегі бензолдың мөлшері 1 пайыздан, хош иісті көмірсутегілер 35 пайыздан аспайды. Бензин түрлері мен дизель құрамындағы күкірт мөлшері қорша­ған ортаға зиянды әсері азаяды. Еуро – 4 стандартының талабы осындай. Осылайша, зауыт өнімі экологиялық ахуалы мәз емес өңірге таралатын зиянды шығарылымдарды азайтып, аймақтың тіршілігіне белгілі бір мөлшерде пайдасын тигізбек. Мұнайды тереңдетіп өндеу мен хош иісті көмірсутегі өндіру жобалары аясында, дизель мен авиаотын өндіру көрсеткіші де артатын болады. Сайып келгенде – бұл өз елімізде ұшақтарды шығарумен тұспа-тұс келген жақсы жаңалықтың жаршысы. Жалпы, дизель көлемін қосымша сутегі алу есебі-нен молайтуға мүмкіндік бар екен. Мотор майларының сапасы мұнай өнімдерінің түр-түрін көбейту есебінен жақсартылмақ. Соның ішінде Еуро – 2 стандартына сәйкестендірілген Регуляр – 92, Премиум – 95, Супер – 98 маркілі бензиндерінде бензол мен күкірттің мөлшерлі көрсеткіштері бойынша, сапа қоры сақталады. Еуро – 2,3,4 стандарттарымен шығарылатын қысқы және жазғы дизель отындарында қоспа қолданылмаса да, 35 градустық салқындықта да қатпайтындығымен ерекшеленеді. Экологиялық жағынан таза бұл өнімді көліктердің барлық түріне пайдалануға болады.  
  «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің хош иісті көмірсутектер шығаратын кешені мұнай өңдеу қуатының артуына  мүмкіндік береді. Бұл кешен құрылысы Францияның Axens лицензиясын иеленген Paramax BTX технологиясы бойынша іске асырылды. Жобаға кіретін каталикалық риформинг қондырғысы бензол бөліп шығаруға негізделген. Ал хош иісті көмірсутегін шығаратын кешен құрылысы аясында тұрғызылатын Eluxyl қондырғысымен параксилол өнімі алынады. Бұған қоса ксилолдарды изомерлейтін XyMax қондырғысы және толуолды тран-салкилдеуге қажетті Trans Plus қондырғысын салу көзделді. Осы қондырғылар жобаның басты артық­шылығын, қуатын  айқындайды. 
  «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысын қосу-баптау жұмыстары  өткен жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында басталған еді. Ал ағымдағы жылдың екінші жартысында осы жобадан көптен күткен бензолдың алғашқы партиясы алынды.
Ежелгі зауыт үшін ғана емес, еліміздің экономикалық көрсеткішінің дамуына үлес қосатын жаңа жобаның ресми салтанатында  «Атырау мұнай өндіру зауыты» ЖШС-нің бас директоры Қайрат Оразбаев «Қазақстандық өндіру саласында бұндай жетістік бұрын болған жоқ. Бензол – бүгінде әлем рыногында сұранысқа ие, қымбат өнім. Зауыт 103 бірлік санды октаны бар жоғары октанды компонент шығаратын болады. Бұл АИ-80 бензинінің өндірісін тоқтатып, ел экономикасы  тұтынушылар үшін аса қажетті жоғары октанды бензин өндіруге көшуге мүмкіндік берді. Осы жобаны іске асырудағы мақсат – К3 және К4 стандарттарына көшу үшін бензинінің экологиялық тұрғыдан ең зиянды бөлігі – бензолды бөліп алу. Бүгін осы мақсатқа жетіп,  егемен еліміздің  болашақ мұнай-химия кластерінің басты шикізатының біріне айналатын бензолдың алғашқы партиясы алуға қол жеткіздік» деді.
  Еліміздің мұнай-газ саласындағы осы ірі жобаның бас мердігері – «Синопек Инжиниринг» компаниясы. Аталған компания  филиалының директоры Чжэн Фуцянның айтуынша, мақсаты айқын жобаны жүзеге асыру оңай болмаған. Қиындықтарды еңсере отырып, мерзімінде әрі сапалы тапсырған жоба нәтижесінде, Қазақстанда бірінші рет К3 стандартты бензин, бензол, сығылған газды өндіруге мүмкіндік туды. 
Ендігі кезекте мердігердің жауап­кершілігінде – ағымдағы жылдың тамыз айының соңында параксилол өндіру қондырғысы іске қосу міндеті тұр. Ал 2016 жылдың соңына қарай, мұнайды терең өңдеу кешенін іске қосу жоспары діттеген мерзімінде пайдалануға берілуі керек. Маңызды жобалардың жүзеге асуы – үш жүзге жуық маманның жұмысқа орналасуына   мүмкіндік берді.   
Бензол әлемдік нарықтағы ең қымбат тұратын өнімнің бірінен саналады. Пластикалық қоспалар, химиялық талшықтар шығаруға осы бензолды қолданады. Хош иісті көмірсутегі кешенінде шығарылатын екінші өнім – параксилол деп аталады. Ол бензолдан да бағалы, қымбат өнім. 
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-і Қазақстандағы ең алғашқы мұнай өндіруші кәсіпорын болды, ал бүгін мұнай-химияның тұңғышы болып отыр.
Зауытта сапалы бензол өнімін шығару бұл ел экономикасына қосылған зор үлес. Қазіргі таңда бензолды  Ресей, Қытай нарығына экспорттау нұсқалары қарастырылуда.  Бұдан өзге Еуропа нарығына экспортталуына жол ашылады. Әлемде бензолды шикізат ретінде тұтынатын елдердің қатары көп. Сайып келгенде Қазақстанда өндірілген бензолдың әлем елдеріне тасымалдануы, біздің елеміздің экономикалық әлеуетін әлем елдері алдында паш етеді. Жаңа жобаның жетістігінен күтілетін нәтиже жетістігі де осы екені ақиқат.  
Тұрсын ҚАЛИМОВА,
Атырау облысы