Негізгі бет  /  мақалалар  /  Іргеде іріткі тұр ма?

Іргеде іріткі тұр ма?

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
1835
Іргеде іріткі тұр ма? Бүгінде Орта Азия республикалары көкпарға тартылған лақтың күйін кешуде деуге болады. Бұлай айтуымыздың өзіндік мәнісі бар.

Біріншіден, бұл аймақ – АҚШ, Ресей, Қытай, Түркия, Үндістан, Иран, Пәкстан секілді ірі мемлекеттердің үлкен мүдделері тоғысқан жер. Бұлардың қай-қайсысы да өткен ғасырдың 90 жылдары ғана тәуелсіздікке ие болған Орта Азияның жас мемлекеттеріне ықпал жүргізуге бейіл. Себебі 60 миллионға тарта адам ресурсы һәм ұшан-теңіз табиғи байлыққа ие бұл өңірдің осындай «сиқыры» бар. 

Екіншіден, бүгінгі күні алпауыт елдердің өзара аймаққа ықпал ету күресінен тыс радикалды исламдық топтардың тартысы асқынып барады. Мақсат – Ислам халифа­тын құру. Содырлардың әр жылдардағы қырғыздың Ош облысы, өзбектің Ферғана аймағындағы жанжал, теке тірестерінің өзе­гінде осындай қатерлі ой жатыр. Кешегі Ауған және Пәкстан жерінде әрекет етіп келген тәліптермен «әл-Қаида» содырлары­на енді Таяу Шығысты қанға бояған «Ислам мемлекеті» (ИМ) тобы қосылды. Қазірдің өзінде қанды жорықтарымен әлемді үркіткен бұл топ Ауғанстандағы 25 провинцияны өз бақылауына ала бастаған. Бұл үлкен қауіп-қатердің басы болса керек-ті. Көптеген са­рап­шылар «Ислам мемлекетінің» түпкі мақ­саты ауған жерін плацдарм ретінде пайдалана отырып, Орта Азия республикаларына, Қытайдың Шыңжаң өлкесіне, Кавказға һәм Қазақстан мен Ресейдің Башқұрт, Татарстан өңірлеріне «қазық» қағу, яғни бақылау орнату, халифаттық идеологияны жүргізу» дейді. ИМ-нің бүгінгі әрекетіне қарап, болжамды жоққа шығаруға болмайды. Өйт­кені Сирия мен Ирактағы ИМ тобында мың­даған Ресей, Орта Азия, Кавказ елдері­нің азаматтары жүр. Олардың бәрі ИМ-нің идеологиясымен уланғаны мәлім. Ертең олар елге оралған соң әсте тыныш жатпасы белгілі. Халықты іштен ірітудің қамына кірісері хақ. 
Осыдан біраз бұрын ауған аймағынан төнетін қатер жөнінде Тәжікстан президен­тінің ұлттық қауіпсіздік мәселелер жөніндегі көмекшісі Шерәлі Хайруллоев, Тәжікстан шекара әскері қолбасшысы Раджабали Рахмо­нали мәлімдеме жасаған-ды. Олардың айтуынша, «Ауғанстанның солтүстігіндегі Құндыз провинциясындағы Дешті Арчи және Имам Сахиб уездерінде ішінде «Ислам мемлекеті» террористік ұйым мүшелері бар бір жарым мың содыр шоғырланған» көрінеді. Келтірілген деректерге сүйенер болсақ, содырлар арасында «Талибан», «әл-Қаида», «Ислам мемлекеті», «Өзбекстан ис­лам қозғалысы» және «Ансаруллох» ұйы­мы мүшелері бар. Мәліметке қарағанда, содырлар «Тәжікстан шекарасының тура іргесінде Ауғанстан үкімет күштеріне қарсы соғысып жатыр». Яғни соғыс қимылдары Тахар, Құндыз және Бадахшан провинция­ларындағы үздіксіз жүріп жатыр деген сөз. 
Алда-жалда бұл қақтығыс шекараның бергі бетіне ауыспасына кім кепіл? Кейбір деректер «содырлар Тәжікстан бағытында 4-5 мың, ал Түрікменстан шекарасының маңына 2-3 мың қарулы топты жинақтай бастады» деседі. Демек, Орта Азия елдеріне бір қауіптің төне бастағаны анық. Мәселен, шілденің 16-сы күні қырғыз билігі Ораза айт басталатын 17-шілде күні адамдар көп жи­нал­ған жерде және Қант қаласындағы ре­сейлік әуе базасына шабуыл жасамақ болды» деген күдікке ілінген содырлар тобын жой­ды. Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мем­лекеттік комитетінің (ҰҚМК) ақпараты бойынша, топ «Ислам мемлекеті» халықара­лық террорлық ұйымына қарайды екен. Осының өзі-ақ ИМ-нің диверсиялық топта­ры Орта Азия елдеріне біртіндеп ене баста­ғанын көрсетеді. Бұдан біраз бұрын осы өңірде ИМ-нің бақылауындағы «Мауренахр» тобы құрылып жатқаны жөнінде дабыл қағылған. Тіпті осы ұйым үшін ИМ 70 мил­лион доллар аударғаны жөнінде сыбыс та естіліп қалған. Егер бұған осы аймақты үрей­ге батырып отырған «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Шығыс Түркістан ислам қоз­ғалысы», «Ислам жихад одағы», «Хизб ут-Тахрир», т.б ұсақ топтар қосылатын болса, қаһарлы күшке айналары хақ. Бұлардың қармағында қазірдің өзінде қарулы 2-3 мың адам бар көрінеді. Ал оған осы топтарды іштей болса да жақтап жүрген ондаған мың адамды қосыңыз, онда Тәжікстан, Қырғыз­стан секілді армиясы шағын елдер төтеп беруі екіталай. Өйткені мұндай ұйымдар еш уақытта қарсы келіп, майдан алаңында кездеспесі белгілі. Тек жарып кету, атып кету секілді партизандық соғыстың көрігін қыздыра алады. Еске сала кететін бір жайт, 1999 жылы құрамында мыңға тарта содыры бар «Өзбекстан ислам қозғалысы» Қырғыз­станның оңтүстікте жатқан аудандарына басып кіріп, қанды қырғын болған. Ал қазір бұл қозғалыс өкілдері ол кезге қарағанда бір­шама жаттыққан, ысылған. Көбі Таяу Шы­ғыс­тағы Ирак, Сирия жерінде жүріп жатқан соғысқа қатысып тәжірибе жинақтағандар. «Егер Орта Азияда жасырын түрде әрекет етіп жүрген осы ұйымдардың бәрінің басын ИМ өз туының астына жинайтын болса, бұл – өте үлкен күш. Онымен күресу өте қиынға соқпақ» дейді сарапшылар. Расында, бұған дейін де «Ислам мемлекеті» тобының содыр­лары Орта Азияда өзіндік халифат тұрғызуға күш салатындықтарын мәлімдеген болатын. Енді сол айтқандарын іспен дәлелдеуге тырысып жатқанға ұқсайды. Олай болатын болса, Орта Азия елдері қандықол содыр­лардың дегеніне көніп отыра бере ме, әлде оларды ауыздықтау үшін әрекет ете ме?