Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қытай экономикасына қауіп қайдан?

Қытай экономикасына қауіп қайдан?

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
1337
Қытай экономикасына қауіп қайдан? Бүгінде Қытай елі, оның үздіксіз дамып келе жатқан экономикасы, мысық табандаған саясаты жайында жиі айтылады.

 Тіпті былтыр Қытайдың экономикалық әлеуеті АҚШ-пен теңелгені жөнінде де ақпараттар тарады. Сөз жоқ, аждаһа елінің әлемдік экономикада, саясатта алатын орны ерекше. Тіпті алдағы уақытта Қытайдың қаржы құралы – юань долларды алмастыруы мүмкін дегенде болжамдар жасалды. Рас, бүгінде күн тәртібіне жиі шығатын тақырыптардың бірі – әлемдік валюта доллардың бүгіні мен болашағы. «Ғаламда доллардың үстемдігі жүре бере ме? Әлде оның орнын басқа ақша баса ма? Ол қай елдің қаржысы болмақ?» деген сарапшылардың болжамы көп. Сол айтқыштардың басым көпшілігі «әлемде жаңа бір қаржы жүйесі қалыптасып келеді. Бұдан былай резервтік валюта ретінде доллар, евро және юань жүретін болады» деседі. Әрине, олардың айтып отырғандарында шындық бар. 2000 жылға дейін жер шарындағы мемлекеттердің резервтегі валютасы ретінде доллар ғана сақталып келген. Ал сол 2000 жылдан бастап Еуропа мемлекеттерінің ортақ ақшасы евро дүниеге келісімен, көптеген елдер сақтық валюта қорының тең жарымын евроға ауыстырған еді. Енді көп ұзамай юаньға да орын бермек. Мұның алғы шарттары бүгіннен қалана бастады деуге болады. 

Мәселен, Азия инфрақұрылым инвес­тиция банкі (АИИБ), БРИКС даму банкі және Жібек жолы қоры секілді қаржы жүй­лері Қытай юанінің бағын ашайын деп отыр. Өткен жылы Азияның 24 мемлекеті АИИБ-ның құрылуы жөніндегі меморан­думға қол қойған еді. Енді осы банкпен жұмыс істеуге Еуропа елдері де құлшыныс та­нытуда. «Әлем экономикасына үстемдік жүргізуге байланысты Вашингтон мен Бей­жің арасындағы бәсекелестік уақыт өткен сайын күшейіп келеді.  АҚШ II Дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін, кешеге дейін әлемге үстемдік жүргізіп келді. Өйткені Дүние­жүзілік банкпен Халықаралық валюта қо­ры­ның штаб-пәтері Вашингтонда орналас­ты. Енді сол қатып қалған Бреттон-Вуд жүйесін жаңа қаржылық институттар құру арқылы Қытай бұзуға ұмтылуда. Бұл жүйе Қытайға Азия-Тынық мұхит және өзгеде өңірлерге саяси, экономикалық ықпалын жүргізуге көмек бермек» деп жазады Financial Times басылымы. Дегенмен, соңғы ап­та­ларда Қытай экономикасы шайқала бас­тады. Оған бір себеп – осы елдің бир­жа­ларындағы құнды қағаздардың құн­сыздануы. Еске сала кетсек, жуырда Қытай­дың бағалы қағаздар нарығында үлкен дүрбелең болды. Соған сәйкес Қытайдың мемлекеттік компанияларына өз акциялары бойынша, операция жүргізуге қатаң тыйым салынған. Жергілікті биржалардың индексі 7-ден 40 пайызға дейін құлаған, ал ҚХР қор нарығын капитализациялауы бірден 3/1 бөлікке омақаса жығылған. Болжамдар бойынша, 2015 жылғы Қытай экономика­сының өсімі 7 пайыз. Бұл — 20 жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш. Қалай айтсақ та, қалай мақтасақ та, соңғы кезде Аспан асты елінің әлеуеті елді қуантып отырған жоқ. Керісінше, үрей шақыра бастады. Егер Қытай экономикасы дағдарысқа ұшырап, кері кететін болса, әлем экономикасы опырыла құлары сөзсіз. Бұған себеп жоқ емес. Мәселен, соңғы жария болған дерек­терге қарағанда, бұл елдің корпоративтік қа­рызы 16,1 триллион долларға жеткен. Stan­dard & Poor’s (S&P) орталығының болжамына қарасақ, бұл жалпы ішкі өнім­нің 160 пайызы. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш екі есе аз. Демек, Қытайдың тұрақты деп келген экономикасы алдағы уақытта шатқаяқтай бастайтыны анық. Тіпті кешегі биржада құнды қағаз құны құлай бастағанда, оны сақтап қалу үшін ел қазынасынан 480 миллиард доллар жұмсалды. Бұл да аз қаржы болмаса керек-ті. Тағы да сондай бір биржадағы қопарылыс қайталанбасына кім кепіл? Оның арты не болмақ?

Ілияс Исаев, қаржыгер-сарапшы: 
– Қытай экономикасының іргесі сөгілді дегенше, әлемді аса ауыр экономикалық дағдарыс қыспаққа алды дей беруге болады. Өйткені Қытай – әлемдегі аса ірі инвестор. Мәселен, Африка, Латын Америкасы, Ресей, Орта Азия елдері, Таяу Шығыс өңірі осы елдің инвестициясының арқасында өмір сүруде. Демек, Қытай экономикасы бөгелсе, бұл елдерге де қиын тимек. Мәсе­лен, Иран мұнайының 60 пайызын алып келді. Былтыр Ресеймен 400 миллиард дол­лар көлемінде келісімшарт жасады. Сол секілді, біздің елдің де ірі инвесторы осы Қытай. Мұны ұмытпаған жөн. Қытай мен АҚШ арасындағы жылдық сауда-саттық 500 миллиард доллар. Демек, Қытайдағы дағдарыстың АҚШ-қа да ықпалы болмақ. АҚШ тұтыну нарығында тапшылық туын­дайды. Қысқасы, аждаһа елі арам қататын болса, өзгелерде соның кебін киері сөзсіз.