БИЕ СҮТІНІҢ ПАЙДАСЫ ШАШ-ЕТЕКТЕН

Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарамановтың айтуынша, қазіргі күні ел тұрғындарының басым көпшілігі сиыр сүтінен жасалған өнімдерді пайдаланып, осы сүттің құрамындағы транс (ТЖК) май қышқылы кесірінен көресіні көріп жүр. Осыдан құтылудың жолын біраз жылдардан бері жан-жақты зерттеп, бірталай ғылыми ізденістерді жүргізген Қазақ тағамтану академиясының қызметкерлері адамзат баласын алуан түрлі ауруға душар ететін аурудың алдын алудың жолын тапты. Академик Шармановтың пікірінше, қазақстандықтар үшін қант диабеті, қан қысымы тәрізді сан түрлі аурудан құлан таза айығудың бірден-бір жолы – бие сүті. Сөйтіп, Тағамтану академиясы ғалымдарының талай жылдар бойғы ізденісі өз нәтижесін берді. Ғалымдар мен журналистер алғаш рет дәмін татқан кәдуілгі бие сүтінен жасалған айран, торт, печенье, балмұздақ және т.б. өнімдер – Шарманов бастаған қазақстандық ғалымдардың жылдар бойғы ізденісінің жемісі.
Бүгін біз сіздерге өзіміздің Қазақ тағамтану академиясының мамандарының биенің сүтінен жасаған алуан түрлі өнімдерін таныстырып ғана қоймай, тұңғыш рет қазақстандық төл өнімдеріміздің тұсауын кесіп отырмыз. Атап айтқанда, академия мамандары бие сүтінен айран, ірімшік, торт, шоколад және балмұздақ тәрізді бірқатар өнімдерді өндіріп, оның адам денсаулығын сақтауда маңызы айрықша екендігіне көз жеткізді. Өзге малдың сүтінен бие сүтінің үлкен өзгешелігі, мұнда транс май қышқылы атымен жоқ. Өзге малдарға қарағанда, жылқының майы да, белогы да өзгеше – нәзік. Сондықтан біз бие сүтінен жасалған айран мен құрғақ сүтті, торт пен печеньені, балмұздақ пен шоколадты сіздердің назарларыңызға ұсынып, пікірлеріңізді білгенді жөн санап отырмыз, – деп ҰҒА академигі, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманұлы жиналған қауымды бие сүтінен жасалған тағамдар қойылған дастарқанға шақырды.
«Жақсыны көрмекке» дегендей, ұлттық медицина ғылымының мүйізі қарағайдай ғалымдары – С. Сызғанов атындағы ұлттық хирургия институтының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жеткерген Арзықұлов, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Айхан Ақанов бастаған бір топ азаматтар Қазақ тағамтану академиясы ғалымдарының бие сүтінен дайындаған ар алуан тағамның дәмін татып, өздерінің ой-пікірлері мен тілектерін айтты.
Академик-ғалым ағамыз Төрегелді Шарманұлы біраз жылдан бері бие сүтінен өнім өндіруді жолға қою, сөйтіп, еліміз тұрғындарын ауру атаулыдан құтқару мақсатында ұзақ жылдар бойы еңбектеніп келеді. Бүгін біз сол еңбектің еш кетпегенінің куәсі болып тұрмыз. Өзіміз дәмін татып көрген мына, дәмі тіл үйретін өнімдер Төрегелді ағамыз бен осы академиядағы ғалымдардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Олай болса, еңбектеріңіз жемісті болсын, игілігін халқымыз көрсін деген тілек айтқым келеді, – деді.
Академиктің айтуынша, қазіргі күні қазақ халқы ауылда да, қалада да жылқы малын бей-берекет сойып, рәсуа етуде. Осындай оспадар іс-әрекеттен құтылсақ игі. Ал академик Шарманов академиясының мамандары алдағы уақытта бие сүтінен өндірілген өнім түрлерін Үкімет мүшелері мен Сенат пен Мәжіліс депутаттарына таныстырып, бие сүті өнімдері өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Олай болса, іске сәт!